Әлем әдебиеті

Нодар ДУМБАДЗЕ. ТЕМІРЛАН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Нодар ДУМБАДЗЕ

 

ТЕМІРЛАН

      

  Нодар ДУМБАДЗЕ (1928-1984) – грузин жазушысы. Тбилиси университетін тамамдаған. Кейін Грузияның жастар журналында әдеби қызметкер, «Грузияфильм» киностудиясында алқа мүшесі, «Нианги» сатиралық журналының бас редакторы болған. 1973-84 жылдары Грузия жазушылар одағы басқармасының хатшысы, төрағасы болды. Шығармалары 1948 жылдан жариялана бастады. Алғашқы «Ауыл баласы» әңгімелер жинағы 1958 жылы жарық көрді. «Мен, әжем, Илико мен Илларион» повесі, «Күн сөнбесін» романы (Ленин комсомолы сыйлығы, 1967) грузия ауылының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңін суреттеуге арналған. «Түнде түскен күн сәулесі», «Алаң болма, апа» романдарына өз заманындағы жастар өмірі арқау болған. «Ақ жалаулар» (Грузияның Мемлекеттік сыйлығы, 1975), «Мәңгілік заңы» (Лениндік сыйлығы, 1980) романдарында адам сезімінің нәзік қырларына терең бойлай білді. Думбадзенің «Мен, әжем, Илико мен Илларион» повесі, «Алаң болма, апа» романы, «Нұрлы түн» шығармалар жинағы қазақ тілінде жарық көрген.

 

* * *

         Соғанлұқтық Сүлеймен Әлі Османоғлы аңсызда Тарағайдың әлі бүлдіршін баласы Темірдің аяғын сындырып алды. Ізінен қалмай андыздап жүрген тынымсыз балақайларынан бір сәтке құтылғысы келіп, таяғын сілтеп қалып еді, онысы Темірдің жіп-жіңішке нәзік сирағына сақ ете қалғаны. Тарағайдың баласы өкіре ыңырсып, жанұшыра шыңғырды. Осы шыңғырғаны шыңғырған, енді ешқашан тоқтамайтындай болып көрінді.

– Сирағына қоса басын да жұлып алсаң әп-сәтте тынышталады, – деп кеңес берді қонаққа келіп отырған Мұстафа үй иесі Сүлейменге.

– Қой, байғұсқа обал емес пе?! – деп жауап қатты үнінен реніш байқалған қожайын. Сосын Темірді қолына алып, сүйегі үгітілген сирағын алабажақ шүберекпен таңды да, балконға қамап қойды.

– Қарашы, қан толған көздері қандай!? Осыдан аман-есен сауығып кететін болса, әрине, ақсақ болып қалатындығы анық, бірақ ешкімге кеудесін бастыра қоймас, – дегенді үстеме ретінде қосқан Сүлеймен бұдан кейін қонақты ішке кіруге шақырған.

– Леван! – айқай естілді.

– Келіңіз, келіңіз, құрметті Нуца! – Нанули көрші әйелдің даусын бірден таныды.

Аулаға ауыр сөмкені, мектеп дәптерлері мен раушан гүлдерін артынып-тартынған әйел кірді де, бамбуктен жасалған күркенің көлеңкесіне жайғасты.

– Несіне мазасызданасыз, құрметті Нуца, күн сайын – кіш, оңбаған, – раушан гүлде раушан гүл, – жоғалыңдаршы бұл жерден!

– Мұныңыз не? – Кіш, тауық! – Қайдағы мазасыздану, қадірлі Нанули! Кіш, кіш! Оларды қамап қою керек, әйтпесе еккен көкөнісіңіздің бәрін тапап бүлдіреді. – Кет деймін, сайтан алғыр.

– Қамауына қамап жатырмыз, бірақ бәрібір амалын тауып шығып кетеді қарғыс атқырлар, әйтеуір… Кіш, кіш!

– Құйрығын жұлып, қанатын кесіп тастау керек, қадірлі Нанули, – Жоғал деймін! Нағыз қораз! Сілкінуін қарашы, оңбағанның! Сұлу-ақ қой!

– Қашанғы соңдарынан салпақтай беремін – менің жұбайым қолын бір сілтеді.

– Бұл аптада сәті түсе қоймас, бірақ келесі жексенбіде, сәл тынышталсын, міндетті түрде сабаларына түсіремін.

– Қаныпезерлерден құтқара көріңіз, құрметті Нуца! – үні жалынышты шыққан Нанули келесі сәтте салиқалы сауал қойып үлгерді: – Өзіңіз қалайсыз, күні бойғы мектеп шаруасы шаршатпай ма?

– Шаршатқанда қандай? – Құрметті Нуца күрсініп қойды, – Қараңызшы, қаншама дәптер! Оқы да қатесін түзе! Міне, Циклаури екі жердегі екі төрт болуы да, бес болуы да мүмкін деп жазады! Төртінші сыныпта оқитын Апциаури болса жеті жердегі бес қанша болатынын білмейді! Ал сұрай қалсаң, ғарышкер болғым келеді деп көсіледі ғой!

Басымда «жеті жердегі бес қанша болады?» деген сауал жылт ете қалды. Қызарып кеттім. «Қандай масқара! Тоқта, тоқта!.. Үш жердегі бес – он бес. Тағы үш жердегі бесің он бес… он беске он бес – отыз… Соңғы – жетінші – бестік қана қалды. Отыз қосылған жетінші бестік – отыз бес бестік… Әлде жетілік пе? Есім ауысатын шығар шамасы!? Жоқ, жетілік емес! Отыз да бес – бұл отыз бес болады!..» Маңдайымды жуған суық терді сүрткен мен аулаға шықтым.

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.