Әлем әдебиеті

Милорад ПАВИЧ. ТЫМ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН ТҮНГІ ЖҮЗУ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Милорад ПАВИЧ

 

ТЫМ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛҒАН

ТҮНГІ ЖҮЗУ

 

 

              Милорад ПАВИЧ (1929-2009) – әйгілі серб жазушысы, ақын, әдебиеттанушы. Ол Белградта мүсінші мен философия пәнінің оқытушысының отбасында дүниеге келді. 1949-1953 жылдары Белград университетінің философия факультетінде оқыды. Көптеген газеттерде қызмет істеп, сыни мақалалар жазып, аудармамен айналысты.

Милорад Павич орыс, неміс, француз және бірнеше көне тілдерді меңгерген, Пушкин мен Байронның шығармаларын серб тіліне аударған. Көне серб әдебиеті мен поэзиясының тарихы бойынша монографияның авторы. Бестселлерге айналған «Қазар сөздігі» оған үлкен танымалдылық әкелді. Оның кітаптары көптеген тілдерге аударылды. Ол Париждің, Венаның, Фрайбургтың, Регенсбург пен Белградтың университеттерінде дәріс оқыды.

 

* * *

 

        – Мылтығыңның дауысы кемі үш мемлекеттің аспанын жаңғырықтырмаса, оқ атып әуре болудың қажеті жоқ!

           Суреттегі әулиедей көрікті һәм көрмегені жоқ көн етіктей кеңірдегінен қанға малшынған Жібекшашты Павле осындай сөздермен екпіндей келіп үлкен жолға түскен еді. Ол Күннің көзін сиырдың жапасынан артық бағаламайтын алып теңіз маңындағы Венеция, Түркия және Австрия секілді үш мемлекеттің ауқымында мал ұрлап, тәтті-пәтті тиеген керуендерді тонап, әбден әулекіленіп-ақ бақты. Бірде сенбі күні әлдебір көпестің оның аузына мылтықтың ұңғысын салып тұрып шүріппесін басып жібергені де бар. Қырсық қылғанда оқ атылмай қалды да, сәл тұтанғандай болған оқ-дәрі бар болғаны Жібекшаштының тілін күйдірумен ғана шектелді. Осыдан кейін дәм айырудан қалған оған аузындағысы әйелдің емшегі ме, әлде бұршақ не тұздалған қияр ма, бәрібір болып қалып еді. Ендігі жерде ол балықты өлтірмей тазалайтын және отқа қақтайтын әдет тапты. Яғни, қылышқа шаншылған нән шабақтың талайы тірідей шыңғырғаны да анық болатын. Басы қолақпандай болып менмұндалайтын бұтындағы мүшесін қылышымды қынабына салған күні ғана шалбар ішіне қайтарамын деп салтанатты түрде ант еткені де осы кез.

          Әулие Юрий мерекесі күні ол сыр мен нанға қарнын нығап алды да, еркектің ойы сыр мен наннан ғана туындайды емес пе, жеген сыры мен наны енді қандай ойға айналатындығын күтуге кірісті. Сол күні тауда ол әкесі жоқ, анасы және сіңлілерімен бірге өмір сүріп жатқан, қойдың жұмыртқасы болмаса, оның өзінде де майға қуырылғанын ғана, еркектің жұмыртқасын ешқашан көрмеген, тіпті тірі еркектің өзін тек теңгенің бетінен білетін бақташы бойжеткен Велучаға кездесті. Шашын желкесіне түйген, мұрты қылыштай қайырылған Жібекшашты Павле орманның ішінен шыға келгенде, қызға қарсы алдында бейнебір күннің өзі тұрғандай болып көрінді. Оның алдында шартарапты кезіп шарқ ұрған, терідей созылған және түк көрінбейтін түн секілді беймәлім де алып жан дүние тұр еді. Бірақ түннің бос болмайтыны секілді бұл жан дүниеде де қалалар мен ормандар, өзендер мен теңіз бұғаздары, әйелдер мен балалар, көпірлер мен кемелер бұғынып жатқан-ды. Ал түбінде, ең түкпірінде бұл қыздың да жаны, сосын бұл қыздың сол тастай ауыр жанды қайтсем биікке көтеремін деп талпынып жатқан талдырмаш та тартымды тәні де бар болатын. Тек нұр секілді жарқ ете қалған жымиыс қана бұл түннің құр түнек емес екендігін, тән арқылы жанға кіруге болатындығын хабарлап тұрғандай. Еркек болса жымиысты тү-у алыстан, тек күліп қана жан бағуға болатын қатыгез әлемнен тауып алған-ды. Міне, енді сол жымиысты мұнда, тау етегіне, Велучаға дәмін татуға тиіс немесе өлуі қажет баға жетпес асыл жеміс іспетті әкеліп тұр.

          Велуча жібекшашты Павленің жүзіндегі жымиысқа таңғала қарады және бұл оның жарық әлемнен көрген соңғы көрінісі болды. Есімің кім деп сұрап еді, бұл да леп-лезде оның құлағы естіген соңғы сөздерге айналып шыға келді. Еркек оны мылтықтың дүмімен құлақ шекеден бір ұрып, тырапай асырды және тірі балықты шыңғырта жұтқыншағынан өткізетін кезіндегідей әп-сәтте-ақ тыр жалаңаш шешіндіріп, жәукемдеп тастады. Сосын, сол күннің таңертеңінде-ақ бойжеткенді порттан портқа жеңіл жүрісті әйелдерді таситын кемеге сатып жіберді. Осыдан кейін ештеңе де болмағандай түнектен ғана көрінетін жымиысты іздеп асығыс кете барған. Велучаны содан кейін өзі түскен соқпақ жолдардың бірде-бірінде қайта ұшырастырған жоқ. Ал қыз шіркініңіз үрейден, кенеттен оянған нәпсі мен қорқыныштан ауыш болып қалып еді. Ауыр соққы да ізсіз кеткен жоқ, енді бүр атып келе жатқан бойжеткенді өмірлік зағип һәм тас кереңге айналдырды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.