Әлем әдебиеті

Александр ТВАРДОВСКИЙ. КӘНЕ, ҚҰРДАС,СЫРЛАСАЙЫҚ

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Александр ТВАРДОВСКИЙ

 

КӘНЕ, ҚҰРДАС,СЫРЛАСАЙЫҚ

 

          Александр ТВАРДОВСКИЙ (1910-1971) – әйгілі орыс ақыны. Ол көптеген жылдар бойы «Новый мир» журналының бас редакторы қызметін атқарған. Оның «Василий Теркин» поэмасы Ұлы Отан соғысы кезіндегі барша халық сезімінің, орыс мінезінің жалпы көрінісі. «За далью – даль» поэмасы мен лирикасында (Лениндік сыйлық) – уақыт қозғалысы, суретшінің міндеті, өмір мен өлім туралы ойлар суреттеледі. Твардовскийдың лирикалық эпосы орыс классикалық поэзиясынның дәстүрлерін қайта жаңғыртып, байытты.

 

 

АҒАЛАР

 

Осыдан он жеті жыл бұрын

Балауса бала едік

Балдырған.

Сүйдік біз селоның тірлігін

Емеспіз құр босқа сән құрған.

 

Беріліп кететін ойынға

Бала деп қараған емес-ті.

Болашақ, тіршілік жайында

Ұлындай сырласып, кеңесті.

 

Сол – енді шын бақыт, нағыз бақ

Еңсеңді тұратын түсірмей

Көріндік сол кездің өзінде-ақ

Үйленген,

Үп-үлкен кісідей.

 

Түн бойы сарайда тыным ап,

Таусылмас жастықтың бір жыры

Таң ата шегіртке шырылдап,

Білінер шөптің де сыбдыры.

 

Көп теріп саңырауқұлақты

Жүгірдік жаңбырдан кейін біз.

Дәміне көңілім құмартты,

Жастықта тәттіге бейімбіз.

 

Осыдан он жеті жыл бұрын,

Достыққа тарттық біз жаңа арна.

Сол аға қай жақта жүр бүгін,

Бәлкім, ол Беломорканалда?!

 

* * *

 

Хабарсыз кеткен, досым-ау,

Қалып бір қойдың қай жақта.

Көгілдір дала. Жасыл бау.

Мен болсам кеттім аулаққа.

 

Қалдың сен қайсы майданда?

Көз жұмдың, бәлкім, ел үшін.

Берілдім талай ойларға,

Тарыла түсті өрісім.

 

Жалғызбын тағдыр жолында,

Сейіліп мұнар ой демде.

Жап-жасыл гүлді

Қолыңда

Қуратып алдың қай жерде.

 

Өзіңе өлең толғасам,

Кеудеде жүрер сазы қап.

…Өмірге керек болмасам,

Өліп-ақ кетем қазір-ақ.

ЖАСАНДЫ КӨЛ

 

Ақ айдын асу алқымы

Алаулап бойдан от қаны.

Көктемнің асау толқыны

Көпірге келіп тоқтады.

 

Толқытып жел де көл бетін,

Сыйдырған бәрін сағаға.

Келтіріп тұрған ел көркін

Қызықтап қалдық жағаға.

 

Айнала тұтас көкжиек

Жақындап бәрі қалғандай.

Ақ төсін келдің езгілеп,

Қайықтың бағы жанғандай!

 

Қайыңдар қатар тізіліп,

Тұрғандай бейне күзетіп.

Бір тамшы аппақ үзіліп,

Сезімге тиді дыз етіп…

Қартың да тіпті жасарып,

Жарқырап, жайнап кеткендей.

Айтсаң да нені хош алып,

Діттеген жерге жеткендей.

 

Ғажайып мынау ғұмырдың

Қызығы көп қой әлі де.

Бұл жерде тартқан шылымның

Бөлектеу болар дәмі де.

 

Жөні бір бөлек білдің бе,

Тоғысқан тарау жолдардың:

Жасаған қолдан көлдің де,

Өсірген қолдан орманның.

ТАҢ

 

Еруге кейде шақ қалған,

Аязға сәл кем дағдарып,

Түндегі түскен ақ қардан

Бөлменің іші жап-жарық.

 

Қатыгез,

Қатал қыс күні

Ақ түбіт жауып жатқандай.

Көңілге қуат,

Күш кіріп,

Жаңа жыл келді ақ таңдай.

 

Әр таңым солай арайлар,

Өшті де, жанды қанша арман.

…Біздерге дейін

Талайлар

Осынау таңды қарсы алған.

 

* * *

 

Тербеліп ақ қайың

Бір дүркін.

Кеудеде от-жалын бұрқайды.

Жағада жас қыздар – бүлдіршін

Гармоньға қосылып шырқайды.

 

Бәрі де таныс жыр,

Таныс ән.

Жатталып көңілде қалғандай.

Жастықта бәрі жөн,

Бәрі сән,

Бәрі де жап-жаңа болғандай.

 

Біреуі гармоньмен ортада,

Басқалар әлгіні қоршаған.

Ақ жалын алаулап жанса да,

Ешкім жоқ болдырып шаршаған.

 

Бұл жерде көп думан,

Көп қызық.

От болып тулайды көңілде.

Бір үлкен мереке өткізіп,

Әндеткім келіп тұр менің де.

 

Туған ел қорғаныш

Пана да.

Бірге өтсін әр күнім,

Әр айым,

Шеті жоқ, шегі жоқ далада

Шырқатып әнімді салайын.

ПЕРЗЕНТ

 

Алысқа сапар шегерде

Айналып төмен ол ұшты.

Қайтып бір енді келер ме,

Қимай жүр ата қонысты.

 

Үстімен өзен, селоның

Ұшты бір дерсің жақындап.

Анаға тастап сәлемін,

Достарға жазған хатын да.

 

Жоқ болды кенет аспанда,

Жүр еді самғап жаңада.

Шамасы келмей «қош бол»-ға,

Қарайды үнсіз кәрі ана.

 

Қайда бір кеттің деместен

Қарайды үнсіз телміріп.

Ұлынан іштей дәме еткен

Жүрсе деп атын ел біліп.

 

Ал ұлы биік ұшады,

Көз алды – әлем көкпеңбек.

Адамның жетпес құшағы

Ормандар кеткен шөптей боп.

Таулар мен терең теңіздің

Зымырап арғы жағына.

Сорабына көп іздің

Сүзеді көзін тағы да.

 

Оң жақта – шырша,

Сол жақта, –

Бау-бақша, сарай – бәрі анық.

Самолет ұшып –

Аулақта

Барады қалып балалық.

ЖОЛАУШЫ

 

Жазықта село

Өңірді

Өңгерген өңкей гүлге де,

Келемін жолда көңілді

Адымдап жарық дүниеде.

 

Адымдап өзім келемін,

Шығады жарқын үнім де.

Қабылдап елдің сәлемін

Әлемнің барлық тілінде.

 

Әлемнің барлық тілінде

Туыстай бірге саналып.

Жарқырап, жайнап, күлімдеп,

Қауышып қалдық қол алып.

 

Қай кезде тіпті келейін,

Бәрі ашық – есік, төрінің,

Қай жерде тіпті өлейін,

Сол жерде болар орыным.

 

Қай жерде, мейлі, жерлендім,

Өзімнің туған атырабым.

Қай жерде жатсам сол жердің

Жеп-жеңіл маған топырағы.

 

* * *

 

Кересің ашып төсіңді,

Бүкпесіз айтып сырыңды.

Бересің жақсы есімді,

Тілейсің ұзақ ғұмырды.

 

Ұсынып сезім-гүліңді,

Жайқалсын дейсің желегі.

Қалайда, ана, ұлыңды

Мақтаныш еткің келеді.

 

Қорғанып, кейде сақтана,

Батасың ойға сәл кенет.

Өзімнің емес, тек қана

Халқымның ұлы болса деп.

 

Қалада үлкен, іргелі,

Қалуға сен де құмарсың.

Мақтаныш қылып бір мені

Былай деп сонда тұрарсың.

 

– Ол менің ұлым, сүйкімді

Түн бойы бөлген ұйқымды.

Ақ сүтін берген анамын,

Сүйсін деп елім, жұртымды.

ПОЧИНОК СТАНЦИЯСЫ

 

Ойласам, тегі, шынында

Қай жаққа тіпті бармаппын.

Осынау қысқа ғұмырда

Қиырды талай шарлаппын.

 

Қайда да дайын баспанам,

Егіз ғой, сірә, жер мен көк.

Қарсы алып кілең дос-жаран

Кеудеден қағып көрген жоқ.

 

Бәрі де солай болсашы,

Тартсаң да, мейлі, қияға.

Түсе бір қалды жол сәті

Өзімнің станцияма.

 

Бойымды билеп тәтті арман,

Ойымды талай шыңдадым.

Балбырап тұрған бақтардан

Бұлбұлдың әнін тыңдадым.

 

Сәлемін жолдап,

Расында,

Сирек те болса кел деді.

 

 

Он алты жылдай осында

Сағына күтті ол мені.

 

Бақытты жанмын, тегінде,

Құттықтап кілең қолымды ал.

Кең-байтақ менің елімде

Құп-құйттай туған жерім бар.

 

Келемін мұнда жиі мен,

Көрмессің әбес сен мұны.

Білмей-ақ қойсын күллі әлем,

Өзіме ғана белгілі.

 

Берілем терең сезімге,

Қуаныш оты жанғасын

Өзімнің туған жерімде

Ештеңе ұмыт болмасын.

 

Еселі еңбек – елге сын,

Өмірдің заңы ол дағы.

Алыста жүрген жерлесім,

Мақтаныш етсе болғаны.

 

Болса да алыс

Бірыңғай

Қадірін жақын, дос білмек,

Өзінің туған ұлындай

Қарсы алар ылғи Починок.

МҰЗ ЖАРҒЫШ КЕМЕ

 

Сөгіліп теңіз көк мұзға,

Енді-енді жылжи бастаған.

Жағаға дейін жеткізіп,

Ақ жолақ сызып тастаған.

 

Таңертең тұрып қараймын

Тұманды теңіз төсіне.

Жолындай қысқы даламның

Түседі менің есіме.

 

Теңіздің төсі тербелген,

Ұмытпан оны әлі мен.

Сол жолмен,

 

Ие, сол жолмен

Үйіңе талай барып ем…

Белгісі қалмас көп іздің

Болса да талай қызығы.

Бұзылған сеңдер теңіздің,

Мойынға салған жүзігі.

 

Ағынды судай жет деген,

Екі күн өтті, не етесің.

Алғашқы пароходпенен

Алыстап менен кетесің.

 

* * *

 

Балақ, жеңді түрініп,

Шығушы едік сайланып

Жалаңаяқ жүгіріп,

Үй сыртында ойнадық.

 

Суға малтып,

Бір еркін

Қарымыз да қарысқан.

Жұлып жасыл үйеңкі,

Камшы істедік қамыстан.

 

Бала кезде ойынның

Бәрі жанға қошемет.

Қабығына қайыңның

Жазып едім САША деп.

 

Кезіктірмен мен енді

Жақын жолды – достардай.

Шарласам да әлемді

Жер табылмас тап сондай.

 

 

* * *

 

Жауады жаңбыр алқына,

Төбеден бұлттар төнеді.

Қолыңды тосып тамшыға

Уыстай алғың келеді.

 

Ойынды сүймес қай бала,

Өтеді уақыт амалсыз.

 

Ештеңе тіпті ойламай

Болды ма, мейлі, үскірік,

 

Еркелеп маған асылған

Қалпың-ай,

Тағы жымишы.

Сарғыштау тартқан шашыңнан

Бұрқырап шығар күн иісі.

 

Көре алмай қалсам бір жұма

Бір айға оны балаушы ем.

Сүйкімді қызға, құрбыма,

Мұңайып мен де қараушы ем.

 

Сүйемін шексіз мен оны,

Қайтемін көңіл құмартса,

Бірдеңе айтқым келеді,

Айта алар емен, бірақ та…

ШОФЕР

 

Шашпайды жұртқа босқа сыр,

Жүйткіп бір талай өткенде.

Рульде отыр жас шофер

Көз салып өткен-кеткенге.

 

Бір жаққа тағы жөнеді,

Ішімен таудың, тастардың.

Алысқа сапар шегеді,

Астымен ашық аспанның.

 

Болды ма, мейлі, үскірік,

Жарқырап жаз да жетті ме?

Келеді кейде қыстырып,

Даланың шебін кепкіге.

 

Құдықтан бір қыз су алып,

Қозғала берген кезінде.

Жас шофер іштей қуанып

Бергендей ерік сезімге.

 

От ойнап алау жанында,

Қызарып, бірде қуарып.

– Бола ма, – деді, – алуға

Атымды сізден суарып?

 

– Болғанда қандай?! – деді қыз –

Шелектің суға толы іші.

Сөзіме әбден сеніңіз

Алмаймыз ақша ол үшін.

Жоқ жерге көңіл тарылмас,

Түсінсең бәрін пейіліңмен.

Сәлден соң жігіт: – Қарындас,

Бір жерден көргендеймін мен, –

 

Деді де келді орнына,

Жылжиды жеңіл машина.

Көңілі қызға толды ма,

Қарады аяқ, басына.

 

Жөнелді жүйткіп бөгелмей,

Созылып соңнан із қалды.

Келер ме қайтып дегендей

Қарайлап артта қыз қалды.

АНАСЫ МЕН БАЛАСЫ

 

Өзінің туған ұлына

Анасы үнсіз қарайды.

Баласы білсе ұғына

Айтпақ бір тілек бар ойы.

 

Бақытты болсын дегенмен,

Бақытсыз емес баласы.

Онсыз да өзі өлермен,

Жетеді күші, шамасы.

 

Бергенмен түрін тағамның

Дайындап бәрін анасы.

Әскерде жүрген адамның

Татуға келмес шамасы.

 

Бәрін де өзі біледі,

Болмаса жағдай бір тетен.

Жалғыз-ақ ана тілегі

Хат жазып ұлы тұрса екен.

 

Тоңып бір әлде жүр ме екен?

Осы ғой нағыз қиыны.

Баласы бірақ,

Күнбе-күн

Жүреді жылы киініп.

 

Бар ма екен, сірә, сүйгені?

Табар-ау, бірақ өзі де.

Көңілге болса түйгені,

Көрсетіп қойса көзіне.

Өзінің туған ұлына

Қарайды үнсіз анасы.

Қанығып өмір сынына

Қалса деп ойлар шамасы

 

Үйренді ұлы ұшуды

Үлгерді бәрін білуге.

Қыр-сырын бүгін түсінді,

Қорғанып қалай жүруге.

 

Қорғаса тұрақ, мекенін

Ерлікке бәрі пара-пар.

Жағдайдың қиын екенін

Білмей-ақ қойсын аналар.

 

Мақсат қой биік

Бұл да айқын

Қияға талай самғайсың.

Шыдамай тағы тұрмайсың,

Үндемей тағы қалмайсың.

 

Жағаласып жауға әлі,

Жоғалтпаймыз сенімді еш,

Жекпе-жекте

Ол дағы

Оңайлықпен берілмес.

 

Білмесінші мұны да,

Қандай халде шамасы…

Өзінің туған ұлына

Қарайды үнсіз анасы.

СЕЛОДА

 

Көлеңкесі бағанның қарауытып,

Кеш көңілге құйғандай нұр-шырайды.

Жота-белде жүйткіген жол бойында,

Дәннің иісі бір ауық бұрқырайды.

 

Тыныш дала,

Көңілге, ойға жайлы

Ағын судай ағады аулаң сағым.

Радио бұл жерде сайрамайды,

Тек сыбдырын естисің бау-бақшаның.

 

Өзен ағып таулардың етегімен,

Сәл-сәл ғана толқыны қозғалады.

Сорабымен сайлардың жетегімен

Онсыз да кең құшағын созған әрі.

 

Бақыт нұры шашырап терезеден

Көңілдің кеш – бейбіт күн құшағында.

Төккен тердің жемісі – терең өзен

Ағытқандай шабыттың тұсауын да.

 

Бірі – инженер, ал бірі – агроном,

Бірі шықты теңізге корабльмен.

Шекарада тұр бірі,

Бәрі де арман

Туған жерді шолады жанарымен.

 

Қалада да,

Селода, ауылда да

Үлкен істен үмітті ел байлық тасқан.

Төтеп беріп

Боранға да,

Дауылға да

Жүрді біздің жігіттер қаймықпастан.

 

Бара жатыр зулап күн, жыл желдіріп,

Ойлы, нұрлы кейіпте – терезелер.

Тұнық ойға кетіпсің тым беріліп,

Жалғыз болсаң ой қаптап келе берер.

 

Бәлкім, бүгін алыстан хат келеді,

Сағындырып, тауысып тағатыңды.

Есіңе алып осындай шақта әр нені,

Тұрсың ба әлде жаймақ боп қанатыңды?

 

Қарап тұрсың аулаға

Үйге, жайға

Өзің де толқырсың, түрленерсің.

Бәлкім,

Бәрін осының алып ойға

Ұйықтап жатып түсіңде бір көрерсің.

 

* * *

 

Жол бойында жасыл емен,

Жапырағы, шулайды.

Жауатындай жаңбыр әрең

Бермей қойды ыңғайды.

Теңіздердің ар жағында,

Найзағайлар жатыр ойнап.

Қап-қара бұлт тау жағында,

Шығандайды шыңға бойлап.

 

Бұршақ жауып салды әлекті,

Өтті-кетті – білдік әлін

Ырыздық қып жаз да жетті,

Жасыл шөбін, асыл дәнін.

 

Бұлт қанатын кеңге жайып,

Жақындады жерге қарай,

Тамшылары болып ғайып,

Бусанғандай барлық маңай.

 

Салқын дала тынышталып,

Ғажап күйге бөленгендей.

Бір машина зулап ағып,

Қырға қарай жөнелгендей.

ҚҰРДАСТАР

 

Кәне, құрдас, сырласайық,

Бала күнге бір барып.

Бірге жүріп,

Бір жасайық

Үміт оты нұрланып.

 

Гүл жамылған бұл далада,

Өзен, көлге үңілдік.

Жасыл алқап,

Жылғаларда

Жалаңаяқ жүгірдік.

Жан шырағын жарқыратып,

Жалын-отты лаулаттық.

Ән бұлағын сарқыратып,

Қырда тұлпар заулаттық.

Көпірлерде көлбеп жатқан

Көбелектей жүгірдік.

Сол бір кездер болған мақтан,

Бәрін кейін ұғындық.

 

Ескі баққа барайықшы,

Есіл досты еске алып,

Лаулап тағы жанайықшы

Жүрмей босқа жасқанып.

Данил қартым қайда кеткен

Күзетшісі орманның.

Жылдар өткен,

Айлар өткен

Қиыр-шиыр жолдардың.

 

Атамекен аясында,

Адам болдық, ержеттік.

Жасыл орман саясында,

Ойнап, күліп әндеттік.

Айналды енді еңселі үйге,

Жатағандау жертөлеміз.

Қызығамын ертеңіме,

Ағаш кесіп,

Дән себеміз.

 

Тың далада жер жыртамыз,

Жүргіземіз машина.

Болсын ақпан,

Болсын тамыз,

Болсын жауын-шашын да.

 

Қиындықтан қаймықпаймыз,

Қай істен де қашпаймыз.

Жол ашамыз

Байлыққа біз,

Жауларды да жасқаймыз.

 

Кірпік қақпай күзетеміз,

Бұл даланың тау-тасын.

Ерлік жасап

Біз өтеміз,

Жүрек сүйіп, аңсасын.

 

Қане, досым, сырласайық,

Бала күнге бір барып.

Жалаңаяқ қырға асайық,

Жан отымыз нұрланып.

СЕЛО ТАҢЫ

 

Көрік үйден шыққан үн,

Шартарапқа тарайды.

Алаулаған от-жалын

Әрі әсем, арайлы.

 

Сыбдыр-сыбдыр самал жел,

Сыңғырлайды шыныдай.

Көп соқпайды амал не?

Бір жарқ еткен ғұмыр-ай!

Ауа тұнық көк мұздай,

Жұта бергің келеді.

Айналаны бір бейжай,

Рахатқа бөледі.

 

Күйіндей бір қиырдың,

Сүт әуені – бөлекше,

Емшегінен сиырдың,

Сорғалаған шелекке.

 

Дала жайнап жатады,

Тұнып тұрған көлшіктей.

Таңның өзі атады,

Аппақ болып сол сүттей.

БАЛАЛАР

 

Мол дастарқан,

Бүгін бір

Күн демалыс болады,

Белгілі ұшқын бұл үйдің,

Туған ұлы – қонағы.

 

— Сырықтай боп кетіпті…

Дейді шалың қағытып.

Ашып-жауып есікті,

Жатқан құшақ қабысып.

 

Үй, машина маңынан,

Қусадағы шықпаймыз,

Әңгіме естіп, бір уақ

Үлкендерге ұқсаймыз.

 

Әзілдесіп, ойнаймыз,

Кете алмаймыз алшақ көп.

Өзімізше ойлаймыз,

— Біз де осындай болсақ, – деп.

 

* * *

 

Аумай үлкен кісіңнен

Ұлым ұйықтап жатыр жай.

Бәрін жайғап бітірген,

Баяғы алып батырдай.

 

Алып-ұшып көңілі,

Ұтар талай уақытты.

Бәлкім, оның өмірі,

Бізден гөрі бақытты.

 

Берілмейтін жауына,

Батыр болар, ірі, алып.

Тауды қосып тауыңа,

Таңырқатар бұл анық.

 

Қалар жаны биікті,

Жетсін соған ғұмыры.

Отанының сүйікті,

Ол да болар бір ұлы.

 

Ойлағаның ел қамы,

Күндер жетсін күлімдеп.

Мақтанайын мен дағы,

«Осы менің ұлым» деп.

 

Болашаққа мұрагер,

Бола алмаспын жалғыз мен.

Куә болсын мына жер

Алып белгі сол күннен.

 

Бәрі де болар кезінде,

Демейді бөтен ел оны.

Сенімен бірге өзім де,

Шайқасып кеткім келеді.

ӨСТІК БІЗДЕР СЕЛОДА

 

Өстік біздер селода,

Әкеміздің қолында,

Таршылықта біздерді

Тартып өсті бауырға.

Қарсы тұрдық қарысып,

Боранға да, дауылға,

Жібек желмен жарысып,

Қалдық талай жауында.

Алма бағы бар еді,

Ар жағында бір таудың,

Жігіттері нар еді,

Сыңарындай тұлпардың.

Жемістері мол еді,

Үлкен-кіші іңкәр кіл.

 

Арғы жағын сол таудың,

Алып жатқан көк орман.

Қиялдармын, аңсармын,

Ойға түссе – көп арман.

 

Таң нұрына

Күн нұры

Араласып кететін.

Ашып қауыз гүл бүрі

Далаға асып кететін.

 

Кең даланың еркесі

Самал жел ғой қашаннан.

Ақ қайыңдар өлкесі

Деп атанған қашаннан.

 

Жасыл желек жайқалған

Оңың менен солыңда.

Емес ешкім тайсалған

Нағыз бақыт жолында.

Өстік біздер ауылда,

Әкеміздің қолында.

 

Бесеуіміз бірігіп,

Сиыр бақтық, сырластық.

Етек-жеңді түрініп,

Кетпен алып қырға астық.

Билеп бізді бір үміт

Жасытпайды бұл жастық.

 

Сүйеніші біз болдық,

Сидам талдай ауылдың.

Күн көрісі біз болдық,

Қоғамдасқан қауымның.

Біз тындырдық көп ісін,

Бөліп бердік егісін,

Салып бердік қақпасын,

Қолы тимей жатқасын.

 

Бірге тұрдық,

Бір жаттық.

Талай күнді зырлаттық,

Бір-бірімізге сый беріп,

Бір-бірімізге құрмет қып,

Талай жолдан бірге өттік.

Бір ғажайып күн кештік.

 

Жанды отымыз өшпестен,

Бөлдік бәрін бес-бестен.

Беске бөлдік бар затты,

Беске бөлдік бау-бақты.

Беске бөлдік,

О, пәлі!

Күректі де, соқаны,

Бүгін бәрі күлкілі.

 

Беске бөлдік жылқыны.

Беске бөлдік сиырды,

Бір-бір қамыт бұйырды.

Күттік, сөйтіп, әр таңды,

Беске бөлдік арқанды.

 

Алға қарай ұмтылдық,

Еттік үміт ертеңнен.

Болмады тек мүмкіндік,

Арба тиді төртеуге.

 

О, балалық,

Бар сенің

Бақытың да, қайғың да.

Әр нәрсенің өлшемін,

Жайдақ қылма, жай қылма.

 

Ақылды екен,

Ойлы екен,

Еңбек күші, тер күші.

Қайда қалып қойды екен,

Балалықтың белгісі?

 

Билеп кетті

Бүгінім,

Балалықтың жібінің

Ұстатпайды енді ұшы.

Баяғы ескі қақпаға,

Қайта келіп тұрмын мен.

Қайда, шіркін, жақсы аға,

Өткен күндер құрбыммен?

Мені мәңгі дос сана,

Жастық дәурен бір жүрген.

 

Ертегідей сен менің

Кетпей қойдың есімнен.

Жөні бөлек пенденің,

Өсіп-өнген төсіңнен.

Жан дертімді емдедің,

Жүрегіме көшірген.

Айналақтап қараймын,

Оңыма да, солыма.

Қасиетін даламның

Қондырыпсың қолыма.

 

Парызым бар менің де,

Басым есен, аманда.

Күдік алмай көңілге

Еркін өстім заманда.

Сен айдасаң өлімге

Бас тартпаймын одан да.

 

Ескі үйімді еске алып,

Жалғыз келіп тұрмын мен.

Жабықтым ба, кеш қалып,

Жолыға алмай құрбыммен.

Сәл кідіріп, жасқанып,

Солай қарай жүрдім мен

Басқа бір жол басталып,

Бағытымды бұрдым мен.

 

Шаңды басқан жаңбырдай,

Өтті, кетті балалық.

Айтып кеткен ән-жырдай,

Бір елеске саналып.

Жаутаң қағып гүлдерім,

Көз алдымда тұр менің,

Жарық дүние жаңарып.

 

* * *

 

Қайтқан күннің аптабы,

Бозғылт жердің реңі.

Тозып, әбден тапталып,

Шаң басыпты бір елі.

 

Жатыр дала дамылдап,

Қатпаған кез тоң әлі.

Күз қырауы қалыңдап,

Салқын тартқан самалы.

Баяу ағып өзен де,

Буын атып аспанға.

Күз келгенін сезер ме,

Жапырақтар, жас тал да.

 

Көз жіберіп қақпадан,

Кеңістікке қарасаң.

Жаздай түлік қаптаған,

Жердің үсті ала шаң.

 

Қазір дала тып-тыныш,

Қаптап жатқан мал да жоқ.

Күз ығысып,

Кетті қыс,

Сары адырда салды әлек.

 

Қаудырлаған жапырақ,

Желпілдейді желменен,

Тоңып, мұздап атырап,

Мұндай «сұмдық» көрмеген.

 

Дауысынан тырнаның,

Танылады біткен іс.

Машиналар қырдағы,

Кейін қайтты теп-тегіс.

 

* * *

 

Ерте тұрдым,

Күн ашық.

Шыдатпайды шөл деген,

Арпа-бидай ұласып,

Көз алдымда көлбеген.

 

Жақсы күнге жан іңкәр,

Көңіліңді тербейді,

Хат әкелген санитар

Бір билетпей бермейді.

 

Мейлі, қанша қусаң да,

Ұстатпайды ол енді.

Қалмас сенің мұршаң да,

Айтпасқа бір өлеңді.

 

Күліп-ойнап сол жерде,

Болып алды таныс та.

Енді тарқай бергенде,

Жалт қарады дауысқа.

Тым асығыс санитар,

Тартып кетті алысқа…

 

 

 

 

* * *

 

Қыс күні.

Сайдың ішінде.

Ортаға алау от жағып.

Отырар ойлы пішінде,

Солдаттар ылғи топтанып.

 

Шап-шағын шатыр кеңейіп,

Ақ жалын шалқып, маздайды.

Азайып, бірде көбейіп,

Сөніп бір қала жаздайды.

 

Болса да сыртта бораны,

Шатырдың іші тым ыссы.

Тарылтып мүлде барады,

Түтіннің иісі тынысты.

 

Жамырап сөзі жан-жаққа,

Бәрі де жарау құр аттай.

Шинельді шіркін, солдатқа,

Осының бәрі жұмақтай.

 

Түн бойы бәрі дүрлігіп,

Қызық пен думан қызады.

Өңі жап-жас жауынгер,

Гармонын жайлап созады.

 

Бас қосып бір сәт досым-ай,

Майданның босап жүгінен,

Жігіттік кезде осылай,

Отырушы едік түнімен…

 

ШЫРПЫ

 

Отың болса қалтаңда,

Өкінбессің әр таңда.

 

Қан майданда бір күні,

Тарықтырып халықты.

Қорабында шырпының

Жалғыз-ақ тал қалыпты.

 

Аяз сорып даланы,

Жел жағадан алады.

 

 

Салып тастай салмақ түн,

Екінші күн.

Жол.

Дала.

 

Жауынгердің білсеңіз,

Бар үміті – сол ғана.

 

Екі күн дым сызбаған.

Қол-аяқтар мұздаған.

 

Татпай бәрі шаршап нәр,

Келе жатыр шегінбей.

Дірілдейді саусақтар

Гитараның шегіндей.

 

Лезде өшіп ілкі мұң,

Жанды оты шырпының.

 

Жоқ күйкі жай бұрынғы,

Жан дүние жылынды.

 

Көмек берер

Жұртыңа

Қиын кезде шырпы да!

 

Аударған Серік ТҰРҒЫНБЕКОВ

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.