Әлем әдебиеті

Ясуси ИНОУЭ. ОБАСУТЕЯМА – КЕМПІРЛЕР ТАУЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Ясуси ИНОУЭ

 

ОБАСУТЕЯМА – КЕМПІРЛЕР ТАУЫ

әңгіме

 

            Ясуси ИНОУЭ (1907-1991) – жапон жазушысы, Акутагава Рюноскэ атындағы сыйлықтың иегері. Хоккайдо солтүстік аралында дүниеге келген.

           Ясусиді жазушы ретінде әлемге танытқан новеллалары «Аңшы қаруы» және «Бұқалар шайқасы» 1949 жылы жарық көрген. 1951 жылы Токиоға көшіп барған ол жазушылыққа біржола бет бұрады. Иноуэ шығармаларында жалғыздық, адамдармен қарым-қатынас тақырыбы жиі көрініс тапқан. 1976 жылы шығармашылық адамдарына берілетін – «Нингенкокухо» («адам – ұлттық қазына» мәнін береді) сыйлығымен марапатталған.

 

* * *

 

             Осы бір тау туралы аңызды алғаш рет қашан естіп едім?..

             Менің туған жерім әрі балалық бал күндерімнің куәсі болған ыстық мекенім – Идзу жарты аралының орта тұсындағы тау бөктерін жайлаған шағын ауыл. Міне, осы маңда жарты аралдың батыс жағалауын ала созылып жатқан Гион өлкесінде бағзы бір замандарда төрінен көрі жуық кәрі кемпір-шалдарды тауға апарып тастайды екен дейтін бір көне аңыз айтылатын-ды. Шамасы, бес-алты жасар кезім болса керек, осы аңызды әлдебіреуден естіп, солқылдап жылағаным есімде. Әжем бе, әлде шешем бе екен, менің дауысымды естіген бойда сыртқа жүгіріп шығып, жұбата бастады. Әрине, мен ол кезде бұл аңыздың мән-мағынасын онша ұққаным да жоқ, бірақ өз шешемді арқалап алып, алыстағы бір таудың арасына апарып тастайтынымды ойлауым мұң екен, көз жасымның көл болып ақтарыла жөнелгені бар емес пе.

 

* * *

 

            Есте жоқ ескі заманда мынау Синано аймағында қарттарды көрсе қаны қарайып, ашуы терісіне сыймай кететін бір қатал әмірші өмір сүріпті. Ол бірде өзінің қарауындағы елге: «Жасы жетпіске келген қарияларыңды тауға апарып тастайтын болыңдар!» – деп жарлық беріпті. Күндердің бір күнінде осы жарлықты орындау үшін бір байғұс кедей шаруаның баласы кәрі шешесін арқалап жолға шығады. Бірақ тауға келген соң туған шешесін жападан-жалғыз қалдырып кетуге дәті бармай, үйіне қайтып алып келеді. Сөйтіп, бұнымды ешкім білмесін деп еденнің астынан терең қып ұра қазады да, кемпірді сонда жасырады. Сол уақтарда әлгі әміршіге көрші аймақтан елші келіп: «Біздің әміршіміз саған үш түрлі жұмбақ жасырады, соның жауабын таба алмасаң, еліңді шауып, басыңды кесеміз!» – дейді. Олардың сондағы жұмбағы былай екен: бірінші, күлден қалай жіп иіруге болады, екінші, ішінде тоғыз ирегі бар шардан ол жіпті қалай өткіземіз, үшінші, дауылпаз өздігінен қалай үн шығара алады?

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.