Әлем әдебиеті

Сәйділ ТАЛЖАНОВ. АУДАРМАНЫҢ АРНАУЛЫ ТАРИХЫНАН

0

 ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ   

 

Сәйділ Талжанов

 

Аударманың арнаулы тарихынан

 

           Сәйділ Омарұлы Талжанов (1906 – 1972) — әдебиет тарихын, әсіресе оның ішінде әдеби алмасулар мен ықпалдасулар тарихын ізерлей зерттеген зерделі ғалым. Тегінде Сәйділ ағамыздың зерттеулерінің көкжиегі барынша кең. Аударма тарихын тереңнен тарта зерделеген ғалым тілдік байланыстарды да барынша байыпты ой елегінен өткізеді. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің даму, жетілу мен өркендеу үдерісін оның көрнекті өкілдерінің шығармашылық ізденістерімен, түйсіну, пайымдау мен бейнелеу тәсілдерімен, мұндағы жаңашылдық көріністерімен тығыз байланыста қарастырады. Әрі әдебиеттердің өзара байланыстары, бір-біріне тигізген әсері мен ықпалы арнасында қарастырады.

            Ғалымның көрнекті шығармасы «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» еңбегінің жарық көргеніне де қырық жылға тарта уақыт өткен екен. Демек бүгінгі отыз бен қырықтың арасындағы азаматтардың, әдейі зерттеу нысаны ретінде іздестірген адам болмаса, бұл еңбекпен танысу мүмкіндігінің бола бермегені де шын. Сондықтан аударма тарихынан жүйелі мағлұматтар беретінін, әрі біздің басылымның бағыты мен бағдарына сәйкес келетінін ескеріп, осы кітаптан қысқа үзінді беруді жөн көрдік.

  (Мәтін ешбір өзгеріссіз, кітаптағы нұсқасына сәйкес жарияланып отыр)

 

Сәйділ Талжанов

 

Аударманың арнаулы тарихынан

 

            Бір халық пен екінші халық жақындасып араласа бастағанда,өзінде жоқты көрші елден алады. Осы ауысудың тиянақты тірегі аударма, өйткені «аударушылар – мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап жеткізетін почта аттары», – деп А. С. Пушкин тегін айтпаса керек.

            Үстіміздегі дәуірдің III ғасырында «Панчатантра» («Бес бәйіт») атты кітап үнді тілінде жазылады. Аты-жөні белгісіз Кашмир өлкесіндегі бір брахман жазыпты-мыс. Оны үш жүз жыл өткеннен кейін, дәлін айтқанда, VI ғасырда иран тіліне дәрігер Барзуя аударады. Екі жүз жылдан соң (VIII ғасырда) «Кәлилә мен Димна» деген ат қойып, әлгі «Панчатантраны» араб тіліне Әл-Мукаф ұлы Абдулла аударып береді. Қазіргі күнде тұңғыш жазылған түпнұсқа «Панчатантра» да, Барзуяның аудармасы да ұшты-күйлі жоғальш кетіпті, жалғыз-ақ араб тіліндегі Әл-Мукаф ұлы Абдулла аудармасы «Кәлилә мен Димна» ғана түпнұсқа болып қалды. Шығыс пен Батыс Еуропаға осы «Кәлилә мен Димна» қанатын кең жайды. Мұны қорек қылмаған мәдениетті ел жоққа тән.

            X ғасырдың сом туған ғалымы, дүние жүзіне мәлім Хорезмнің әл-Бируниі осы кітап туралы: «Ғылымның неше алуан саласы Үндістанда екен, онда шыққан кітаптың саны есепсіз көп. Бәрін қамтуға менің, әрине, мұршам келмес, бірақ «Панчатантраны» аударуға өте құштармын…» – деген-ді.

           Сол атышулы «Панчатантраға» өзінен бұрынғы белгілі «Махабхарата» дастанының үш тарауы кіреді. Е.Э. Бертельстің айтуынша, бұл үш тарау «Махабхарата» эпосының 12-кітабынан алыныпты. Олай болса, ой-сананың шеңбері, мәдениеттің ұйтқысы «Панчатантрадан» басталмайды да, мұнымен аяқталмайды да. Мәдениет желісі үздіксіз созылады, оның түп қазығы аударылып қағыла берсе керек-ті.

            «Кәлилә мен Димнаның» парсы тіліндегі аудармасын 1144 жылы Низамидин Әбу-л-Меали Насураллах қайта жазып шығады. Он екінші ғасырдың бас кезінде бұл кітапты араб тілінен еврей тіліне Рабби Иоэль аударады. 1263-1278 жылдар шамасында мұны Иоан Капуанский «Адам өміріне өсиет» деген атпен латын тіліне аударады.

           XI ғасырдың аяқ шенінде Симеон Сифұлы «Кәлилә мен Димнаны» араб тілінен грек тіліне аударғанда «Стефанит пен Ихнилат» («Жетіскен жан мен із кескіш») деп атайды. Осы грек тіліндегі нұсқа ежелгі славян тіліне аударуға негіз болады.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.