Әлем әдебиеті

Ардақ ЮСУПОВА. КӨНЕ ҚЫТАЙДЫҢ ТАБИҒАТЫ, ҚҰСТАРЫ МЕН ГҮЛДЕРІ

0

 

Ардақ ЮСУПОВА

 

КӨНЕ ҚЫТАЙДЫҢ ТАБИҒАТЫ, ҚҰСТАРЫ  МЕН ГҮЛДЕРІ

 

             Көне Қытайдың өнерін кезеңдерге бөлу б. э. д. 2-ші мыңжылдықтан бастап б. э. 3-ші ғасырға дейінгі мифтік «бес император» – Ся, Шань-Инь, Чжоу, Цинь және Хань әулеттері дәуірі сияқты бірін-бірі алмастырған әулеттердің басқару уақыттарымен етене байланысты. Ертеректегі көне кескіндеме үлгілері тұрмыстың бұйымдарды, айталық, айнаның сыртын әшекейлеуден және т.с.с., сондай-ақ аталастар мінажатханаларының қабырғаларын өрнектеуден көрінеді. 4 – 6 ғасырларда суреттер тік және көлденең сымбалдар нысанына ұласады.

Қытай кескіндемесі шығармаларының түрімен ғана емес, сондай-ақ орындау үрдісімен де ерекшеленеді. Көзіміз үйренген бәрін көлегейлеп алатын «қою» майлы бояулы еуропалық тәсілдерге қарағанда, қытай кескіндемесі сия мен минералдық бояулардың бозғылттығы мен ашықтығын қалайды, жұқа жібек кездемелерге түсірілген суреттер құснихаттық жазбалармен әдіптейді. Кескіндеменің біздің уақытымызға дейін жеткен ең бір ежелгі үлгілері Гу Кай-чжи суретшінің (344 – 406ж.) сымбалдары – адам сезімдерін бейнелейтін сюжеттер («Ло өзенінің перизаты» және т. б.).

Тан кезеңінде кескіндеме құснихатпен біргеөнердің ең елеулі түрі саналып, Қытай кескіндемесінің өзіне тән барлық ерекшеліктері дәл осы кезеңде қалыптасады. Кескіндеме жанрларға бөліне бастайды. Табиғатты бейнелеу басты тақырыпқа айналады. Бұл уақыттың озық суретшілері – Ван Вэй, Ли Сы-Сюнь мен Ли Чжан-Дао. Ван Вэй аса дарынды суретші ғана емес, өз заманының аса ұлы ақыны ретінде даңққа бөленеді. Кейіннен оның суреттері ғажайып жыр тәрізді, ал жырлары ғажайып сурет тәрізді деп айтылып жүреді. Сыршыл Ван Вэйге қарағанда, Ли Сы-сюнь мен Ли Чжан-дао қанық боялар қолданып, суреттерін нәзік алтан жолақпен әдіптейді. Олар пайдаланған әдіс соңынан «гун би», «ықтиятты қылқалам» атағына ие болады. Сол кезеңдегі портреттік кескіндемеде санаттағылар мен хас арулар өмірінің көріністерін бейнелеген Чжоу Фанның атағы шығады.

Қытай кескіндемесінде Сун кезеңінде айтулы өзгерістер жүзеге асады. Суреттердің композициясы, реңк-рәуіші және дүниенің шексіздігін білдіретін кеңістіктік бітімі өзгереді. Қара сияның сіңімін жайластыру арқылы бояудың бозаңдығына қарай ойысу байқалады.Х-ХІ ғасырларда Қытайда пейзаждық кескіндеме ілімі дами түседі. Х ғасырдың соңында Кайфынь қаласында Сун кезеңі суретшілерінің басым көпшілігі жұмыс істеген Императорлық кескіндеме академиясының негізі қаланады.

ХІ ғасырдағы аса көрнекті пейзажшы және кескіндеме теоретигі «Ормандар мен ағыстардың асқақ мәні туралы» аталатын трактаттың авторы Го Си болды. Табиғат кескіндемесімен бір мезгілде Цуй Бо мен Хой Цзунның суреттерінде (ХІ ғ. екінші жартысы – ХІІ ғ. басы) көрініс берген «Гүлдер-құстар» жанры кең таныла бастайды.

ХІІІ ғ. соңында монголдардың басқыншылығынан Сун империясы құлайды. Юань әулетін құрған билікші монғолдар суретшілер мен әдебиетшілерге қолдау көрсетеді. Сол кезде де танымал болған табиғат суреттерінде табандылық пен рух құдыретін білдіретін бамбүктің бейнесі бернелі тақырыпқа айналады. Бамбүк кескіндеиесінің даңқты шеберлері болып У Чжень мен Ли Кань саналады. Юань кезеңінің ең бір сыршыл кескіндемешісі табиғаттың әлжуаздығы мен мөлдірлігін аса терең бейнелеген Ни Цзань болып табылады. Ол әрі ақын әрі шебер құснихатшы болды.

Мин кезеңінің өнері пейзаж кескіндемесі мен «Гүлдер мен құстар» кескіндемесінің Тан мен Сунь дәстүрлерін қатаң сақтауға талпынды. Сол кезеңдегі Дай Цзиньнің жанрлық көріністері, Тан Инь мен оның шәкірті Чоу Иньнің баян етуші кескіндемеге қатысты суреттері сақталған.Мин кезеңі кескіндемесінің мән-мағынасы бақыт, байлық, ұзақ ғұмыр және т. т. сияқты тілектер білдіруге саяды.

ХҮІІ-ХІХ ғғ. кескіндемесінде өткеннің шығармаларын көшіру кеңінен таралған. Бұл кезде гүлдер жанрының шебері суретші Цзоу И-Гуй болса, сызықтық перспективасы тәсілін пайдаланатын Мэн Мэйдің жаңашылдық жұмыстары басқа бағытты бейнелейді.Суретші еуропалық гравюрамен, сызықтық перспективамен таныс болған тәрізді. Дин Гуань-пэн бір ғана қара сияны пайдаланып, ұлттық ойынның сәттерін шебер бейнелейді. Цин кезеңінде кескіндеменің баян етуші жанры дами түседі. Қала мен ауылдың тіршілігі ұзын көлденең сымбалдарда «ықтиятты қылқалам» әдісімен бейнеленеді. Бұл жанрдың айтулы шебері Чэн Мэй саналады (дәстүрлі көктем мерекесін бейнелейтін сымбал).

Ал Жэнь Бо-няньнің (1840 – 1894) кескіндемесі реалистік сипатқа бой ұрады. Ол қарапайым тіршілікті байыпты, шщыншыл, сезіммен бейнелейді.

Көне Қытай кескіндемесі қалдырған мұра мол әрі құнды. Оның еуропалық, азиялық кескіндеме мектептеріне берері мол. Ең бастысы Қытай кескіндемесінің дәстүрлі белгілері бүгінгі таңда да берік жалғасып келеді.

 

 

Пікір қалдыру

*