Әлем әдебиеті

Ло ГУАНЖУҢ. ҮШ ПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

0

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ

 

 Ло  ГУАНЖУҢ

 

ҮШ ПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

 

Алғы сөз

 

       «Үш патшалық қиссасы» — Қытай әдебиетінің інжу-маржаны. Бұл кітап Юан хандығының соңы, Миң хандығының бастапқы кезінде жазылған. Қытайдың классикалық төрт романының бірі.

Романға Шығыс хан патшасы Лиң Дидің Жұң Пиң жылнамасының бірінші жылындағы1  Сары шыттылар көтерілісінен бастап, Жин хандығы Уұ Ди (Сымаян) патшаның Тайкаң жылнамасының алғашқы жылына2  яки Уұ патшалығының құрылғандығына дейінгі бір ғасырдың оқиғасы арқау болған.

Заманымыздың 184 жылы қытайда «Сары шыттылар» көтерілісі аталатын дихандар бас көтеруі шығып, ол Хан патшасының іргесін шайқалтады. Жер-жерден көтеріліске шыққан дихандар белгі үшін бастарына сары шыт тартып алатын болғандықтан, «сары шыттылар» көтерілісі аталады. Дихандар көтерілісі жанышталған соң, билік басындағылар өзара қырқысады, билікке таласқан ақсүйектердің арасындағы ымырасыз күрес нәтижесінде Хан Лиңди патша өліп, оның орнына Лиу Баң отырады да билікті Хы Жин деген кісі шеңгеліне алады. Хы Жинді орда әтектері (сол заманда қытай патшалары орда ұлықтарын енінен айыратын болған, олар әтек деп аталған) өлтіреді. Бұл хабар таралған соң Шаңжияң дариясының шығысындағы Иуан Шау әтектерді қыруға атқа мінеді. Бірақ ойлаған ойына жете алмайды, Иуан Шауды уәзір Дұңжо қуып салады. Лиу Баң өлген соң таққа Лиу Шы отырады, ол Шан Ди патша деп аталды. Осы тұста Сау Сау уәзір болып орда билігін меңгереді. Қысқасы Сау Саудың да, Сүн Шуанның да, Лиу Бидің де тарих сахнасына шығуы «сары шыттылар» көтерілісінің арқасы еді. Осыдан бастап қытайда Уи, Шу, Уұ патшалықтары қатар өмір сүрді. «Үш патшалық қиссасы» осы тарихтың көркем шежіресі.

Бұл оқиғалар қытай әдебиетінде осы роман жазылғаннан бұрын да сөз болған екен. Жин хандығы кезінде тарихшы Жин Шуе деген адам «Үш патшалық шежіресі» деген кітап жазған. Ол тарихи еңбек болатын. Соң хандығы кезінде Писұң Жы деген адам бұл кітапқа түсініктеме жазған және толықтырған. Шығыс Жин хандығы кезінде Шы Зочы «Хан Жин хандықтары тарихы» деген еңбегінде дәл осы дәуірдің оқиғаларын баяндайды. «Үш патшалық қиссасының» әңгімесін Юан хандығы Жыжы жылнамасы1  кезінде Шинандық Иұ Шы дейтін кісі бастырып шығарған. Миң хандығының басында Ло Гуан Жұн бұрынғы тарихи кітаптар мен қиссаларды пайдалана отырып «Үш патшалық қиссасы» атты роман жазған. Бізге жеткен нұсқа Жияжың жылнамасының жылқы жылы2  баспадан шыққан. Роман Лиу Би, Жаң Фи, Гуан Гүңдердің шабдалы бақшасындағы серттесуінен басталып, Жугы Ляңның жорық үстінде аурудан қаза табуымен аяқталады. Романда Лиу Бидің Сау Сауға, Сүн Шуанға қарсы күрестері баяндалады. Сондай-ақ Гуан Гүң, Жаң Фи, Жау Иүн қатарлы батырлардың ерлігі мен Жугі Ляң, Жоу Иү, Лу Шүндердің де ақыл парасаты ерекше сөз болады. Романды оқығанда Сау Саудың аярлығы мен айласына да тәнті боласыз.

Біз ұсынып отырған бұл романның авторы Ло Гуан Жұн деген кісі. Бұл — автордың қалам аты, өз аты Бин деген кісі дейді. Автордың өмірбаяны анық емес. «Теңіз сермендесі» деген лақабы да бар екен. Оның туған жері де анық емес, Шаншилік, Дұңиұандық, Улиндік дейтін көзқарастар бар. 1330-1400 жылдар шамасында жасаған адам. Ло Гуан Жұңның бұдан басқа да романдары болған. «Сүй Таң замандарының шежіресі», «Таң хандығының соңғы шағындағы бес дәуір тарихы», «Үш Сүйдің албастыларды аластау баяны» қатарлы романдары да бар. Қызығы сол – осындай ұлы жазушының хатқа түскен өмірбаянының жоқтығы.

Сау Сау – тарихи тұлға, өз кезінің әйгілі саяси қайраткері, әскери маман, атақты қолбасы болған адам. Уи патшалығының билеушісі болған. Сонымен бірге қытай әдебиетінде орны бар ақын болған. Романда Сау Сау– тоғышар, тойымсыз, қарақшы ретінде суреттеледі.

 Лиу Би – Хан патшалығының Жұң Шан, Жің Уаң хандарының тұқымы, Шау Жиң (Жиң Ди) патшаның немересі Лиу Хұң деген кісінің ұлы. Романның бас кейіпкерлерінің бірі– Лиу Би хан патшасы Лиу Баңның ұрпағы. Ол Шу патшалығын құрған. Шу елінің аумағы Сычуан өңірі, Шаңжияңның батысын алып жатады.

Жугі Ляң – сол замандағы әскери істер маманы. Романда ол асқан ақылды, данышпан болып суреттеледі. Оның болжағаны қате кетпейді. Лиу Бидің әскери ақылшысы болып суреттеледі.

Сүн Шуан Шаң Жияңның шығысындағы Уұ патшалығының билікшісі.

«Үш патшалық қиссасы» 24 бөлімнен, 240 тараудан тұратын көлемді шығарма.

Біз романның Жугі Ляңға қатысты тарауларын, яғни Лиу бидің Жугі Ляңды қалай іздеп тапқаны, Жугі Ляңның ақылы бойынша Сау Саудың қалың қолын аз әскермен қалай жеңіп, Шу патшалығын құрғаны, Жугі Ляңның көреген, тапқырлығы баяндалатын тұстарын жариялап отырмыз.

Бұл кітап 1982 жылы Шығыс Түркістанда қазақ тіліне аударылып басылып шыққан. Бірінші кітабын Әбдібек Байболат пен Әзімхан Тышанұлы аударған, екінші, үшінші кітаптарын Әзімхан Тышанұлы аударған, Біз осы аударма негізінде басылымға дайындап отырмыз. Әзімхан Тышанұлы аударған нұсқасының тілі, сөйлем құрылымы ұғымға ауыр екен. Біздің оқырмандарымыздың түсінуі қиын соғатын болды. Аудармада ұйғыр тілінен енген сөздер де көп екен. Мысалы, мойындау (ықырар болу), келіңіз (қадам тәшүрүф етіңіз), қасарысып отырып алды (қатти тұрып алды) т.б. Оның үстіне әдеби нормаға түспеген жергілікті ерекшелігі бар сөздер де жиі ұшырасты. Романның ішінде кездесетін өлең жолдары түгел жолма-жол аудармамен берілген екен. Біз оның еркін аудармасын жасадық…

 

 Лиу бидің нанжаң өзенінен өтіп тасадағы оқмыстыға кездесуі

 

Әлқисса, Сай Мау қалаға қарай бет алғанда алдынан қолын бастап, Жау Иүн шықты. Әсілі, қонақасыда отырған Жау Иүн шарапты енді сілтей бастағанда тосыннан жұрт абыр-сабыр бола қалған соң, жүгіріп ішкі сарайға кірсе, Лиу Би орнында жоқ екен. Шошып кеткен Жау Иүн асығыс жүгірген бойы қоналқаға келді. Сол жерден “Сай Мау қолын бастап, батысқа қарай қуып кетті”– деген хабарды ести сала, жанына 300 сарбаз ертіп, найзасын қолына ала батыс қақпадан шығып келе жатқан беті осы еді. Сай Маулармен кездесе кеткен Жау Иүн :

– Ием қайда? –  деп абыржи сұрады.

– Иең қонақасыдан қашып шығып кетті, қайда кеткенін біз де біле алмадық,– деді Сай Мау. Жау Иүн сабырлы, байсалды адам еді. Шалағайлық болып жүрмесін деген оймен алды-артын абайлап алу үшін өзеннің жағасына келді. Су өткел берер емес екен. Қайта айналып, Сай Мауға келген ол:

– Сен иемді қонаққа шақырып алып, не себепті соңынан қол алып қуасың? – деп ақырды.

– Тоғыз аймақ, қырық екі ауданның тамам ұлықтары айтсын, мен бас қолбасымын, ол кісіге қатер төнер болса, басыммен жауап бермеймін бе?, –  деді Сай Мау.

– Иемді қыстап қайда қуып жібердің? Соныңды айт.

– Иең батыс қақпадан шығып бара жатыр дегенді естіген соң, менің де жеткенім осы, келсем жоқ екен.

Бойын абыржу мен күдік билеген Жау Иүн бір бекімге келе алмады. Өзеннің жағасына қарай қайта шаба жөнелді, жағаға келіп, төңірегін байқастап еді, арғы жағаға су шашырап, аттың ізі түскен екен. “Мұндай өзеннен атпен қалай өтті екен?” – деп, ойы әр саққа кеткен Жау Иүн 300 сарбазын төңірекке бөліп, жағалай іздеуге бұйрық берді. Бірақ жартымды дерегі табылмады. Қолын жинап, қалаға қарай қайта ұмтылғанда Сай Мау әлдеқашан қалаға еніп кеткен еді. Жау Иүн келіп, қақпа күзетшілерін жаналқымға алып тергей жөнелді.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

*