Әлем әдебиеті

Герольд БЕЛЬГЕР.СЫРШЫЛДЫҚ ПЕН СЫРБАЗДЫҚ

0

ТӘРЖМЕ ТАРАЗЫСЫ 

 

Герольд БЕЛЬГЕР

 

СЫРШЫЛДЫҚ  ПЕН СЫРБАЗДЫҚ

 

(А.С. Пушкиннің “Гавриилиадасы” және

І. Жансүгіровтің

«Жебірейілнамасы» хақында)

  

            Солай болғаны да рас. Айтары не, бұған алып-қосарымыз да жоқ…. Әлбетте, мен Пушкинде “Гавриилиада” аталатын шығарманың бар екенін түрлі сыни-өмірбаяндық деректерден білуші едім, бірақ ұзақ жылдар бойы онымен етене танысудың сәті түспей жүрген… Мектепте де, институтта да ондай мүмкіндік болған жоқ… Бұрын-соңды қолыма түскен Пушкин басылымдарының ішінде бұл шығарма маған ұшыраспаған. Әлде бір құпия мен әлде бір әуестіктің қалың мұнарының арасында қала берді.

             Жоққа – шара жоқ. Менің тарапымнан да қайтсем тауып оқиын деген құмарлық иә құштарлық бола қойған жоқ… “Гавриилиаданы” институттан кейін Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Байқадам ауылында жергілікті мектепте орыс тілі мен әдебиетінен оқытушы болып жүрген кезімде оқыдым. Бір үйде қонақта отырғанымызда орыстың ұлы ақынының көп қол тиіп көнерген көптомдық шығармалар жинағына кездейсоқ кезіккенім бар… Мол тартылған еттен кейін берілетін шәй келгенше қонақтар сонау алыс жылдардағы сіңісті әдетпен карта ойынына қызу кіріскен сәтте, бір бұрыштағы жайлы алашаға жайғасқан мен поэманы басынан аяғына дейін дегбірсізденіп бірден сіміріп салдым… Бойымды ақжарқын, асқақ қуаныш сезімі биледі.. Еріксізден ”Пай-пай, Пушкин” – дейтін сөзі есіме оралды. Махаббат машақаты жайында қалай есіле, еппен ойнақылана толғайды. Біздің уақытта, біздің ортада ерсілеу көрінер жәйттерді айту үшін, қандай сөз, қандай бейне, қандай теңеу таба білген.”Қиыннан қиыстырар ер данасы”  деген Абай сөзі ойға оралды. Биік діни сарынды, інжілдік өрімдерді әдептің шегінен қия баспай, әзілмен, зілсіз әжуамен, пендешілік құштарлықпен, осының бәрі-бәрін қалжыңға салғандай, қуақылана отырып, қалай ғана шебер, әрі қылаусыз қиыстырғаны қайран қалдырады.

             Біздер, ауыл білімділері, мұндай Пушкинді мүлде білмеген едік. Педагогикалық инс­титуттың әдебиет факультетінің өзінде де біз мұндай Пушкиннен бейхабар едік.. Сол бір қатыгез, қымтаулы қатаң уақытта оқып, тәрбие алған менің замандастарым үшін мұндай Пушкинге тыйым салынған еді.

            Қазақ поэзиясында, тегінде бізге оқытылған қазақ поэзиясында мұндай тосын жырға жолықпаған едік. Еркін көсіліп тұратын құмарлық жырлары Абай поэзиясында ғана кезігетін Сол уақытта “Гавриилиаданың” қазақ тіліндегі тәржімесі бар деген ой қаперіме келген емес. Дегенмен болған екен. Енді бағамдасам, кіндік қаным тамған Поволжьеде менің енді қаз тұрған сәби шағымда дүниеге келген екен… Кейіннен бұғалықсыз бұла тартатын поэманы аударған ақын атылып кеткен еді (әлбетте, аударма үшін емес), сөйтіп бертінде ол жайында жартымды ештеңе білмейтін ұрпақ өсіп жетілді. Соңынан бұл аударма ақталған қазақ ақынының бес томдығына енеді. Әлдебір себептермен бұл басылым да менің назарымнан тыс қалған екен.

          Әрине, өрескел іс. Тіпті айтуға ұят… Кешіруге келмес, сірә. Бірақ, амал не, болар іс болды.

Пушкиннің қазақ тілінде шыққан үш томдық жинағына енген, сонау ызғарлы 1937 жылы латын әрпімен жарық көрген “Гавриилиада” поэмасының көшірмесін аудармашының қызы алып келгенде, мен күтпеген қуанышқа бөленіп, ерекше тебірендім. Ілияс Жансүгіровтің бұл поэманы қазақ тілінде қалай сөйлеткенін білгенше, сабырым қашты. Жиырмасыншы ғасырдың 30-жылдарының ортасында-ақ соншама ойнақы, шалдуар, қуақы, құдайдан қорықпай көрінеу оспадарсыздыққа дейін баратын, дөкірлеу, тоғышардың түсінігіне салсақ, ашықтан-ашық қауіпті нәпсіқұмарлық ишара мен ындынды мәтінде қазақ тілінде барабар балама, лайықты бейнелі, өтімді тіркестер, поэтикалық сәйкестіктерді қалай тапты екен?

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.