Әлем әдебиеті

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ. ПИКАССО

0

ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ 

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ

 

ПИКАССО

 

            Осы күндері суретші де, сурет сала білмейтін әлеумет те «Пикассо» десе-ақ қосарлана кетіп, бір сөйлеп  қалады. Естіген бір дерегін кесе көлденең тартып жатқаны. Біреуі біліп айтса, бесеуі, дүрмектің үрметі үшін ғана «ойпырым-ай» десіп жүргені. Иә, кім қалай айтса да, не уәж десе де көзі тірісінде бас айналдырар атақ-даңққа бөленіп, артына ғажайып аңыз қалдырған испан суретшісінің тіптен де тегін адам еместігі.

Өзінікі тұрғанда өзгенікін әулие тұтқыш біздің халықтың табиғатына шым-шымдап кірген «Пикассо» дейтін есімді шама жеткенінше сыналап көрсе – ең алдымен оның сұрапыл еңбекқорлығы көзге түссе керек.

Соңында қалған он мыңдаған картина, жиырма-отыз мыңдаған гравюра, мүсіндері «Пикассо» аңызының діңі болса керек. Өмір сүрген тоқсан екі жыл ғұмырының әрбір тәулігін сурет салуға арнаған мехнаткештігімен өлшенсе керек, ең әуелі. «Менің айтайын дегенім тіптен көбейіп, оған деген уақытым сарқылып бара жатыр» дейтін жанкештілігінде шығар.

–    Сіз осы, шаршамайсыз ба? – деп сұрағандарға:

–    Жоқ ә, мен мұсылмандардың мешітке кірерде аяқ киімін табалдырыққа шешіп кететіні секілді, шеберханаға кірерде тәнімді босағаға қалдырамын, – деп жауап қатады екен, жарықтық.

Тіпті, соғыс кезінде де, қараңғылық тұмшалаған түн түнегінде аяғына фонарь байлап алып жұмыс істей беріпті.

Жаратқан иеден соншалық мол қуатпен жаратылған жан, байыз тауып отыра алмай дедектеп, ғұмыр бойы Барселона мен Париждің арасын шаң қылып өткен. Кенеп пен сыр бояу, қағаз бен қарындашты айтпағанда, каллиграфия, плакат, линогравюра, қыш бұйымдар, сәнді табақтар, құмыра жасау, мүсін құюды місе тұтпай, бейнелеу әлеміне тіпті қатысы жоқ дүниелер жинап, әлгілерден мейлінше мол үйлесім тауып, керегіне жарата берген. Қоқыс деп кірәжімей, кәкір-шүкірден де  инсталяциялық шығармалар тауып отырған. Атақты «Бұқа» дейтін мүсіні де қоқыс жәшігінен табылған ескі велосипедтің тізгіні мен ершігінен жасалған болатын. Ештеңеге жарамсыз боп қалған заттарды үйлестіре салып, адам таңғаларлық бір бұйым құрастыра салу – Пикассоның басты ерекшеліктерінің бірі-тұғын.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

*