Әлем әдебиеті

Ярослав СЕЙФЕРТ. МЕН ЖАРАЛҒАМ ЖҮЗ ҚАЙҒЫДАН, МЫҢ МҰҢНАН

0

 

Ярослав СЕЙФЕРТ

 

       МЕН ЖАРАЛҒАМ ЖҮЗ ҚАЙҒЫДАН, МЫҢ МҰҢНАН

 

           Чех ақыны Ярослав СЕЙФЕРТ Прага қаласына жақын Жижков деген жерде  1901 жылдың  23  қыркүйегінде  дүниеге келген. Бұл кезде оның Отаны Австро-Венгрия  империясының құрамында еді. Сейферттің әкесі   фабрика жұмысшысы бола жүріп, жергілікті суретшілердің, шеберлердің бұйымдарын және киімдер сататын дүкеннің меңгерушісі болады. Ұлын сол дүкен бұйымдарын, киімдер сату үшін  және қаланы толық білу мақсатында Праганы еркінше аралатады. Еуропаның үлкен орталығы болған қаланы жастай танып-білу Ярославтың поэзиясына да ерекше ықпал етті.

         Ярослав нашар оқушы болып, мектепті тәмамдай алмаса да, әдебиет пен музыканы, шетел тіліне ықыласпен қарады. Қабілетті Сейферт 20 жасында бірнеше мерзімдік басылымдардың редакторы болды. Францз және орыс әдебиетінен шығармалар аударды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Чехия Австро-Венгрия империясының құрамынан шыққанда ол «Руде право» газетінде кәсіби журналист ретінде еңбек жолын бастады.

          1920 жылы  Сейферт «Тоғыздың тобы» атты авангардтық әдеби үйірмені құрды. Бұл үйірме  мүшелері  поэтикалық бейнелеуден тұратын өмірді ғана емес, нағыз шындықты, өмірдің өзін көрсететін туындылар жазуға ұмтылды. Сюрреалистік бейнелердің ассоциативті ойлауын негізге ала отырып, синтаксис пен логиканы эксперимент ретінде қолданып,  «поэтизм» эстетикасына назар аударған үйірме мүшелерінің бірі әрі ұйымдастырушысы болған Сейферттің «Көзі жасты қала» (1921), «Нағыз махаббат» (1923), «Бал айы» (1925), «Бұлбұл нашар ән салады» (1926) сияқты алғашқы жыр жинақтарына «поэтизм» стилі тән болды. Кейінгі жырларында ол нағыз лирик ақын ретінде көрінді.    

            1984 жылы Сейфертке «өзінің жаңашылдығымен,  сезімталдығымен, алуан тарапты бейнеленуімен адамның ішкі әлемінің еркіндігін, адам болмысының сан қырлылығын танытқан» поэзиясы үшін әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді. 1985 жылы Сейферт америкалық Хэмпден-Сидни (Виргиния штаты) колледжінің құрметті стипендиясының иегері атанды.

            Ярослав Сейферт 1986 жылы Прагаға таяу шағын үйінде жүрек талмамынан дүниеден қайтты.

 

ПРАГАҒА

 

Сонеттер шоғыры

1

 

О, Прага! Тамшы шарап алтындай!

Көрік-кеудем жүз қайтара салған ән.

Есімсің сен ешбір кіршік шалмаған  —

Ғашығымның деміндей не антымдай.

 

Тас дулыға лақтырылсын, тозбайды,

Сілкін, жұпар, тазарынсын шаң-сана!

Тістесек те тілімізді қаншама,

Ар дабылы тыпырлайды, боздайды!

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.