Әлем әдебиеті

Аврил ПАЙМЕН. Мен Тургеневті ағылшын тіліне қалай тәржімеледім

0

ТӘРЖІМЕ ТАРАЗЫСЫ       

  Аврил ПАЙМЕН

 

Мен Тургеневті ағылшын тіліне қалай тәржімеледім

 

       Паймен Аврил – белгілі ағылшын лингвисі, танымал тәржімеші, Тургеневтің шығармаларын ағылшын тіліне тәржімелеген әйел.

*** 

 

         Әрбір тәржімешінің негізгі міндеті үшеу: түпнұсқаның рухына адал болып қалу; туған тілінде көркемдігі жағынан қанағаттандырарлық тұтастық туғызу әрі осы тұтастықты арнайы даярлықтан өтпеген және тарихи-тұрмыстық мәнмәтіннен тыс тұрғыда пікір түзетін оқырманға бұл жайында жеткізу қамын жасау. Соңғы міндеттің, әсілінде, осы мақаланың авторы тәрізді әлемдік классиканы көп таралыммен шығаратын баспа үшін тәржіме жасайтындарға ерекше жауапкершілік жүктейтіні белгілі; осы орайда мен орыс тілінен ағылшын тіліне тәржімелеуді академиялық немесе көркемдік міндет түрінде емес, тек даярлығы жоқ оқырманды оған бейтаныс әлемге әдебиет арқылы, әрі осы әлем туындатқан әдебиет арқылы әкелудің тәсілі ретінде қарастырудың кейбір арнайы мәселелеріне тоқталғым келеді.

         Дегенмен, әуелі шағын ғана шегініс жасауым керек. Тегінде көркем тәржіме нағыз суреткердің шаруасы болуға тиіс. Қанатты сөздің қашанда қайырымы бары аян, бірақ сондай сөзді табудың заңы жоқ және болған емес. Бұл жерде орысшадан ағылшыншаға көркемдігі жоғары нағыз кәсіби тәржіме жасау бүгінігі күні балаң күйінде демей-ақ қоялық, десе де әлі мектеп жасынан аса қоймағаны да жасырын емес, сондықтан да маған «Тәржіме шеберлігі» жинағы редакциясының ұжымдық тәжірибе тұрғысынан алғанда әлі де есейе қоймаған біздің жалғыз-ілік тәржімешілердің барлығының алдынан жұмыс барысында шығатын кейбір проблемаларды талқылау мүмкіндігін беріп отырғаны өте-мөте маңызды.

         Ендігі жерде, орыс тілі көптеген ағылшын университеттерінде ғана емес, барған сайын орта мектептердің өзнде көбірек оқытыла бастаған қазіргі кезде, тәржіменің өзіміздегі ұлы шеберлерін, өзіміздің Маршактар, Чуковскийлер, Пастернактар келетін сәт ұзақ күттіре қоймас деген үміт бар. Дегенмен, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін, неге екені белгісіз, орыс тілі Англияда барынша қиын саналып келді, оны «былайша», гуманитарлық пән ретінде оқыту сирек ұшырасатын. Орыс мәдениетінің тарихшы Бернард Пэрз, журналистер Морис Бэринг пен Гарольд Вильямс, тамаша жанжақты оқымысты Морис Баура сынды жаһатшылары, қалай десек те, алғашқы қарлығаштар ғана еді. Шындығын айту керек, жазушылар арасында орыс әдебиеті өткен ғасырдың соңынан бері үлкен рөл атқара бастаған болатын, бірақ олардың өзі орыс тілін біле бермейтін, ал орыс әдебиеті біздің әдебиетшілерімізге екінші, кейде тіпті үшінші қолдардан өтіп барып қана жететін.          

         «Сіздердің шеберлердің қолынан шыққан орыс прозасы, — деп жазды 1916 жылы Голсуорси орыс халқына ашық хат ретінде жолдаған мақаласында, — осы заманғы әдебиет теңізіндегі ең бір қуатты өміршең ағыс»[1].

         Соған қарамастан, орыс романын аудару жүйесіз, жекелеген жаһатшылардың күшімен ғана жүргізіліп келді. Әуел баста көбінесе француз немесе неміс тәржімелерінен аударылып жүрді, мұның өзі орыс есімдерінің транскрипциясында күні бүгінге дейін толық  жүйеленбеген адам айтқысыз ала-құлалық туғызды. Сөйтіп, «Соғыс және бейбітшілік» романы арқылы ағылшын оқырманы Анна Павловнамен емес, Анна Пауловнамен, Наташа Ростовамен емес, Натача Ростаумен, Долоховпен емес, айтуға тіл әрең жететін Дологхаумен жүздесті. Сәтін салғанда, сонымен бір мезгілде тікелей түпнұсқадан тәржімелеуге қабылетті адамдар да табылды. Дегенмен, осынау тыңға түрен тартушылардың жазушылық дарыны олардың лингвистикалық қарымымен қабыспай жатқанын айта кеткен де орынды. Негізінен алғанда, олар орыстың өз арасынан шыққан адамдар немесе орыстың саяси мұғажырларымен мейлінше тығыз байланыстағы ағылшын зиялылары еді.

         Ағылшын тіліне тәржімеленген орыс әдебиетін ойға алғанда, бірден ауызға ілігетін есімдер – бұл, ең алдымен, ХІХ ғасырдың классикасын баста-аяқ дерлік тәржімелеп шыққан, әрі бұл орасан зор міндетті Степняк-Кравчинскийдің тікелей ықпалымен қолға алған  Констанс Гарнетт; содан кейін – Джон Курнос, И. Хапгуд, А. Шамо, Н. Х. Доул. Н. Даддингтон және басқа тәржімешілер, оларға ағылшын әдебиетшілері орыс прозасының «өміршең ағынымен» таныстарғаны үшін мәңгілік қарыздар, бұлардың да бәрі бірдей ағылшын текті адамдар еместін, мұның өзі, тегінде олардың стилінен (тәржімешілердің көбі ағылшын тілін мүлтіксіз білетін) емес, көшелерінің аттарын айту былай тұрсын, адамдарының есімін есте сақтау қиынға түсетін, басқа жұрттың әлеміне баруға бекінген оқырманның қиналысына сергек қарамауынан сезілетін, Бұл тәржімешілердің ішіндегі үздіктері кей сәттерде нағыз көркемдік биігінен көрінеді, әйткенмен сол кездегі жұмыстардың көбіне олардың кәсіби кемістігі салқынын тигізіп тұрады: тәржіме кейде құрғақ әңгімелеуге ойысып кетеді, кейде түпнұсқаға барынша жақындамақ ниетпен русизмдерге малтығып қалады. Әлбетте, Ричард Олдингтон немесе Фрэнсис Корнфорд сынды суреткер тәржімешілер мұндай үрдіске ұрынбайды, дегенмен мұнда да құрғақ баяндауға бейімдік білінбей қалмайды, өйткені тәржімешілер тілді жете білмейді де жолма-жол аударманың көмегіне сүйенуге мәжбүр, мұндай жағдайда жұмыс жолма-жол аударманы жасаушының тікелей жәрдемімен жасалған күннің өзінде, түпнұсқа бәрібір екі адамның  санасы арқылы сүзіліп өтеді де, сирек реттерде ғана бұрмаланбай жеткізіледі. Жолма-жол «әріпшілдік» тәржіме көп реттерде түпнұсқаның түбіне жетеді, ал оған әріптес болған суреткер болса,  сүлдері қалған тіркеске тәржімеленіп отырған автордың емес, өзінің демін салуға тырысады. Кей кездерде айтарлықтай тәуір «тақырыптық құйқылжытулар» туындап жатады, дегенмен бұларды нағыз тәржіме деу қиын.

         Соңғы жиырма-отыз жылдың оябында Англияда да, Америкада да бірталай білікті ғалым тәржімешілер мен әдебиетші тәржімешілер төбе көрсетті. Қазіргі кезде орыс классикасының бертінгі тәржімелерінен бұрынғы оқырманды елжірететін, бойынан бағзылық сыпайылық есіп тұратындай көрінген алғашқы тәржімешілер сөзбе-сөз берген орыстың  мәнерлі сөздерінің  мәнісі нақтылана түсті. «Егер менің жалға алушы фермерлерім, — деп ойлар еді мұны сол кезде оқыған ағылшын помещигі, — маған litte father («батюшки» дегеннің орнына – «кішкене әкейім»), немесе нәнесі менің қызыма  my little dove («голубушканың»  орнына – «менің кішкене көгершінім») десе, мұның өзі қандай жанға жайлы, егер мен Ресейде тұрсам, онда барлық кемпірлерді  grandmother немесе little Auntie, ал енді өз әйелімді  my little soul («душеньканың» орнына – «менің кішкене жаным») дейтін едім. Бұл өзі, сірә, жаны жайсаң, керемет сезімтал халық екен-ау. қазіргі кезде орыс жаны жайында көп жазылып жүргені тегін болмаса керек…». Тәржімешілердің қазіргі ұрпағы «Құдайым Сізді сақтасынның» — God preserve you дегеннен гөрі Heaven forbid дегенге жақын екенін, халық даналығының «Вот тебе, бабушка, и Юрьев день» — «And there my little Grandmother is St Yuriy`s day for you» секілді жауһарын ағылшын оқырманына сөзбе-сөз жеткізуге болмайтынын жақсы  түсінеді.

   Алайда жарияланған тәржімелер деңгейінің сөзсіз, әрі едәуір арта түскеніне қарамастан, нағыз суреткер тәржімешілер некен-саяқ көзге түседі. Жекелеген жас ақындарды атамағанда, солардың басым көпшілігі әлі де, мәселен, әуелі орыс мұғажырлық әдебиетінде атағы шыққан, кейіннен барып, соның өзінде кездейсоқ, нағыз майталман тәржімеші ретінде сәтін салғанда ғана қалыптасқан, тосыннан көзге түскен Владимир Набоков-Сирин тәрізді орыс әулетінен шыққан адамдар; немесе славистер әлеміндегі enfant terrible[2], орыс романтикалық сатирасының қайнаған поэзиясын қылауын кетірмей жеткізе білген хас шебер Бернард Герней тәрізділер. Әзірге шынайы бейімді де бейілді ағылшын тәржімешілерінің ұрпағы өсіп-жетілмей тұрған уақытта, басқа кәсіптегі (әдебиеттанушылар, лингвистер) кәнігі шеберлердің бұрынғысынша аяғы жерге тимей тұрғаны  рас. Осынау тарихи-мәдени жағдаяттарды ескеретін болсақ, менің әдебиеттанушы әрі сыншы ретінде тәржімешілік «колөнері» жайында (бұл сөздің Маяковский туралы кітабында «қолөнершіге» бұрынғы ортағасырлық беделін қайтаруға әрекеттенген әурешілігінен ештеңе өндіре алмаған Виктор Шкловский  айтқан мағынасында) жазуымның  әбестігі жоқ сияқты, сонымен бірге мақала бұл шаруаны енді бастап отырған адамның қолынан шыққандықтан, осы істі жаңадан бастап отырған басқа жандар үшін де қажетке жарап кетуі әбден ықтимал. Сонымен қатар Мәскеуде талай орыс және кеңестік авторлардың ағылшын тіліне тәржімеленіп, шығып жататынын еске алсам, орыс әріптестеріммен тәжірибе бөліскенім пайдасыз бола қоймас деп те ойлаймын.



[1] Дж. Голсуорси. Собрание сочинений, т.16. М., «Правда». 172 б.

[2]Сотанақ (фр.)

Кеңінен қозғайтын мүмкіндігім де шамалы: бұл үшін менің тәжірибем аздық етеді. Сол себепті Тургеневтің «Әкелер мен балалар» атты тамаша романын тәржімелеу барысында туындаған кейбір проблемалар төңірегінде рет-ретімен айтып бергім келеді.

Тургеневтің романы тәрізді классикалық шығарманы тәржімелеу кезінде тәржімеші кезігетін бірінші мәселе — өзіңе дейінгі тәржімелер туралы мәселе. Маған дейін бес тәржіме – алғашқысы 1867 жылы, соңғысы 1950 жылы жасалған екен1. Шынымды айтсам, тәржіме ісінде көшіріп алу туралы заңның қалай қолданылатынын білмейді екенмін, алайда өз тәржімеңде алдыңғыларды негізге алу әрекеті көп ұзамай-ақ, басқасын былай қойғанда, стиль тұтастығын сақтау үшін де өз жұмысыңды ақырына жеткізбей тұрып, басқа нұсқаларды оқудың тіптен керек еместігіне көз жеткізді. Кейіннен қолжазбаны түзету барысында көңіліңнен шықпаған жолдарды бұрын жарияланған жұмыстардың тиісті тұстарымен салыстыру артық болмайды, әрі  менің пікірімше, сондай сәттерде қиюы келіспей тұрған жеріңді бұрынғы  неғұрлым оңтайлы ораммен немесе баламасы дәл табылған сөзбен алмастырудың әбестігі жоқ деген ойдамын. Сондықтан да, мені осы орайда, Констанс Гарнетт пен Ричард Хайрдың алдындағы борышымды мойындағым келеді – өйткені екеуінің де мені талай рет шығармашылық тығырықтан құтқарып қалғанын айтқаным жөн. Алайда, негізінен алғанда, тәржімелерді салыстыра келгенде, мен олардың арасындағы айырмашылықтарға таңырқаған едім. Әрбір ұрпақ бірдей ой-пікір мен сезімді өзінше бейнелейді, керек десеңіз, табиғатты «уақыттан тыс» лирикалық сипаттаудың өзінде мен қадам басқан сайын сөз таңдаудағы және тіркестер құрылымындағы өзгешеліктерге ұшырасып отырдым. Кей кездерде қалауы табылған қандай да бір жеке оңтайлы тіркестерді алудан бас тартуға тура келген сәттер де көп, өйткені бұлар менің тәржімемнің жалпы ырғағымен немесе біздің уақытымыздың рухымен қабыса қоймады. Айталық, «Әкелер мен балалар» романының асқақ сарында аяқталар тұсында Тургенев Базаровтың қабірі туралы «онда өскен гүлдердің бізге бейкүнә жанарларымен жаймашуақ бейілде қарайтынын» жазады. Констанс Гарнетт те және оның соңынан ала романды тәржімелегендердің бәрі дерлік бұл фразаны былай деп аударған екен: «The flowers growing over it peep serenely at us their innocent  eyes». Ғасыр басында мұның орынды, тіпті тебірентерліктей естілуі де мүмкін, ал қазіргі кезде ежелгі романстардағы тәрізді тым жылаңқы көрінер еді. Сол себепті мен  «peep serenely at us» дегенді  «look up at us serenely»  тіркесімен алмастырдым.

 

Өзіңнің алдыңдағы ізашарларыңды оқу немесе оқымау турасындағы мәселе шешімін тапқаннан кейін туындайтын келесі мәселе – неден бастау керек? Шынын айтсам, менің алдымнан мұндай мәселе шыққан жоқ, шабыттана кірістім демейін, бірақ шын ықыласыммен басынан бастадым. Сөз арасында айта кетейік, кейбір күрделі тіркестер «қолыңа қонып»: қаламың сөздерге ілесе алмай, тіркестің немесе өлеңнің ырғағы өз-өзінен ыңғайыңа жығылып жүре беретін, содан кейін белгілі бір тарауда, ежеде немесе өлеңде оңынан орнына тұрғызу үшін ырық бермес ораммен, қиғашынан келген мақаммен  күресуді өміріңдегі ең бір қызықты да қажетті сәтке айналдыратын жаныңды жадырататын сәттер барлық тәржімешілерге таныс. Бірден «көкірегіңе қона қалатын» тұстан бастаған да жаман емес, содан шығармашылық шынтың шындап сабасына түскенше, ары қарай  жаза түсесің де, алғашқы тарауына қайта ораласың. Бұл тәсілдің сырын маған ашқан, бір өкінерлігі сол, мен жұмысымды бітіргеннен кейін айтқан, әжептәуір тәжірибелі тәржімеші қазіргі кезде Л. Леоновтың «Орыс орманымен» шұғылданып жүрген француз бике Доминик Арбан. Мұндай кеңесті уақтылы алғанымда, онда менің көптеген оқырмандардың көкейінде тәржімеші тек 12-беттен бастап, бабына келген екен дегендей әсер қалдырған алғашқы тараудағы  «кібіртігімді» еңсеруіме мүмкіндік туар ма еді деп ойлаймын.

Қалай дегенде де, тәжірибемнің аздығынан болар, мен басынан бастадым, көп ұзамай жұмыс барысындағы алғашқы әрі ең негізгі проблемаға: өткен ғасырдағы орыс жазушысы Тургеневтің стилін осы заманғы ағылшын оқырманына қалай жеткізуді алдын-ала шешу, соңынан бұл шешімді іс жүзіне асыру мен оны сақтап қалу қажеттігіне ұшырастым. Архаизмдерге бой алдырмай, кещелік мәнершілдікке ұрынбай, Тургенев жазуының ерекшеліктері мен замана лебін сақтап қалу керек еді.

Бұл мәселе әсіресе авторлық шегіністер тұсында айта қаларлық қиындықтар туғызады. Қазіргі заманғы автор оқырманға роман кейіпкерлерінің өмірбаяны  туралы ежелеп баяндап беруді міндет тұтпайды. Тургеневке келсек,  романының алғашқы бетінің өзінде оқырманын ыстық ілтипатпен қолтығынан демеп, оны біраз уақытқа оқиға өрбіп жатқан тұстан оқшауырақ алып шығып, оған осы жаңа қас-қағым сәтке жүргіншілер түсетін үйдің кіре берісінде көріне қалған, әлдекімді мазасында тосқан қырықтар шамасындағы құнтсыз киінген адам туралы білгісі келетін жәйттің бәрін әңгімелеп бергісі келіп тұрған тәрізді. Бұл ретте баяндаушының мақамы өзгеріп отырады. Роман оқиғасы өрістеген сайын біз Тургеневтің  өзінен көз жазып қаламыз, тек анда-санда ғана оның Ситников, Кукшина, губернатор Бурдалу немесе «өлген сәтінде-ақ ұмыт қалды» дейтін қатыгез қаңқуға ұшыраған княжна Х…ая сынды жылмақайлау, жан дүниесі саяз адамдарды көзге ілмес көзқарасы білініп қалып отырады. Романның қалған кейіпкерлері автордың әдіптеуінен тыс өз бетінше өмір сүреді: тіршіліктің өзгермес заңына сай мұңаяды, қуанады, ғашық болады, дүние кешеді; орыс жерінің табиғаты экрандағыдай көз алдымыздан өтіп жатады: деревняның тымық кешінен кейін ертеңгі шырыш таза таңы атады; бөртегүл солуға айналған, Фенечка болса, алақандай-алақандай ақ және қызыл райхан шоқтарын теруде; сағаттар, күндер, жыл мезгілдері алмасуда – мұның бәрі де әңгімешінің еркінен тыс жүріп жатқан тәрізді.

Осындай кеңінен кемел суреттелген кеңістікте өздерінің күлкілі кемшіліктері мен аяушылық туғызарлық күйкіліктеріне қарамастан, адамдар айрықша тұлғаланып көрінеді. Айталық, Базаров «мен басып тұрған мына тұтамдай жер мен баспаған және мені керек қылмайтын қалған кеңістікпен салыстырғанда, титімдей ғана кішкене; ал енді мен өмір сүрмек уақыт бөлегі мен болмаған және болмайтын мәңгіліктің жанында қас-қағымдай ғана қысқа» деген кезде тіпті де кішіреймейді, қайта құдыреттене түседі, бір ғажабы сол, арғы бетінде адамдардың жеке бейнелері тұрған шексіз көкжиекті меңзейді, олар – көзі тірісінде баз кешкен Павел Петрович та, тағдыр тәлкегінен ішкі есебінің еркімен үрейленетін Одинцова да, күш-қайраты толысқан шағында неғайбыл қазаға ұшыраған сол Евгений Базаров та — өздері үшін де, бір-бірі үшін де, біздер үшін де тың да тұғырлы әрі терең таразыланған маңызға ие болады. Бұл арада Тургеневтің шеберлігі біздің ешбір шеберлікті сезінбеуімізде жатыр, сол себепті де дәуір стилі жайында ойланып жатпай-ақ тәржімелей беруге болады, тек қана түпнұсқаны мүмкіндігінше дәл әрі бояу-нақышын бұзып алмай жеткізуге тырысу керек.

Авторлық шегіністерінде Тургенев керісінше өзінің тумалары мен олардың тірлігі турасында мүлде басқа райда – жеңіл ғана кекесінін араластыра, алайда іш тарта жазады. Ол ізгі пейілді, зайырлы, алайда әділін айтатын әңгімеші ретінде оқырманын бойына онша жақындата да бермейді, бірақ одан таңданысын, аяушылығын,  кейде нәзік, кейде астарлы да әжуәлі күлкісін де жасырмайды. Шын ықыласпен, бейіл бере жасалған тәржіменің өзі саналы түрде қандай да бір стильдендіруге бармай-ақ,  баяндаудағы көңіл-хошының мұндай құбылыстарын өзідігінен алмастыра алатынына үміттену әбестік. Автордың психологиясын өзіңнің ой елегіңнен өткізіп, оның атынан жазып отырғандай күй кешуің керек. Маған бұл ретте шамамен сол дәуірде өмңр сүрген, оқырмандарымен дәл солайша кеңінен отырып ешбір емексітусіз, емеурінсіз сырласа алатын ағылшын эссеистерін оқудың жәрдемі тигенін айтуым қажет. Әрине Тургенев орыс авторларының ішіндегі барынша «еуропалық» жазушылардың бірі, сондықтан да оның стиліне, шамамен болса да, сәйкес келетін үлгілерді табу қиын емес. Ендеше Достоевскийдің құштарлы толғаныстарын беру үшін үлгілер іздегенде,  айталық, алға кетіп, одан бертіндегі, тіпті белгілі дәрежеде оның ықпалы арқылы дүниеге келген қазіргі батыс әдебиетін аударыстыруға; олай болса, Толстойдың адалынан ақтарылатын ауырлау монологтарының ауанын аңдату үшін дәуірдің дидактикалық романының өзіне емес, сірә, Толстой оқырман алдында өзінің жан-дүниесін аяусыз шыншылдықпен ашып тастайтын, — мұны біздің викториандықтардың көпшілігі барып тұрған «шокинг»1 санауы күмәнсіз, —  хаттары мен күнделіктеріне жүгінуге тура келер еді. Алайда Тургенев – ол туралы Генри Джеймс «the beautiful genius»2 дегендей,  —  өз дәуірінің ауқымынан ауытқымай қалам тартады, бұл жағынан алғанда ол Батыс Еуропа әдебиетімен етене үндесіп жатады. Сондықтан ол дүниеден озған жылы  лондондық «Atheneum»  журналының: «Еуропа осы заманғы әдебиетте Тургеневтің бірінші орында тұрғанын бірауыздан мойындайды» деп жария етуі тегін емес. Тургенев стилінің бояуын сақтап қалуға тырысқан мен дәуір сарынына саналы түрде бой алдырған жоқпын, тек баяу өрілетін орамдардың байыпты ырғағы мен оқырманға деген сыпайы да сырбаз ықыласын бойыма сіңіруге ұмтылдым.

Асықпай арыдан толғайтын тіркестердің өзі  еріксізден ойға шомдырады. Бұларды қазіргіше бөліп-бөліп тастауға, бүгінгі оқырманның қабылдауымен қабыса бермейтін үтірлер мен қоснүктелердің қатарын сиретуге аңсарым қатты ауған кездер де аз болған жоқ. Бірде осы тығырыққа тірелген халімді білдіріп, белгілі орыс әдебиетшісінен ақыл сұрағынымда, ол бірден батыл қарсылық көрсетіп, әрине, «Әкелер мен балалардан» Хэмингуей үлгісіндегі осы заманғы роман жасауға болатынын – мұндай әрекеттің бір есептен қызықты болуы да мүмкін екенін айтып, — дегенмен тәржіме мұраты Тургенев романын сол қалпында ағылшын тілінде сөйлету екенін, ендеше жазушының емлесін барынша дәлірек сақтау қажет деген дәлелін көлденең тартты. Бүгінгі күні маған, егер сонда мен осы кеңеске құлақ түрмесем, тәржіме стиль жағынан солғын тартып, онда да жоқ, мында да жоқ бірдеңе шығатын сияқты көрінеді.

Алайда тұпнұсқаны әрдайым бірдей сөзін сөз, тіркесін тіркес қалпында ауытқымай сақтап отыру мүмкін емес. Л. И. Страховский өзінің «Problems in translating Russian poetry into Englich»3 деген мақаласында тәржімешінің осы тұстағы міндетін дәлме-дәл айқындап берген. Ол былай деп жазады:

«…Мұның өзі сәулетшіге ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысындағы ағылшын сарайын салуға тапсырыс беріп, бірақ оны кірпіштен емес, бөренеден, тіпті шыныдан, немесе темірбетоннан тұрғызуды өтініп, сөйте тұра сәулетшіден классикалық стильден ауытқымауды талап етумен барабар».

Басқадай құрылыс материалдарымен жұмыс істеуге мәжбүр сәулетші тәрізді тәржімешіге де туған тілінің жадығаты көп жағдайларда автор пайдаланған тәсілдерді қолдануына мүмкіндік бермейді. Оның түпнұсқаның ішкі және сыртқы құрылымдарын мұқият зерделеуіне тура келеді, содан кейін ғана барып, ежелгі ғимараттың кейпін де, ішкі ахуалын да шама-шарқынша неғұрлым дәлірек көрсету үшін өзінің материалдарын іске жаратуына тура келеді. Бұл ретте жаңа үйдің де баспана болуға тиіс екенін естен шығармау керек. Сыртқы бейнесінің сұлу болуымен қатар бүгінгі адамдардың жаңа мекенде өздерін жайсыз сезінбеуі үшін тиісті жағдай туғызу да қажет.

Кейбір оңайлатуларға бармаудың мүмкін еместігі ең алдымен диалогта көрініс береді. Кейіпкерлердің еркін әрі табиғи сөйлеуіне қол жеткізу шарт. «Әкелер мен балаларды» аудару барысында Кирсановтардың, Одинцованың және Катяның сөздерін аударудың онша қиынға соқпағанын айтуым керек.Олар сол заманда мәдениетті адамдар Англияда қалай сөйлесе, дәл солай сөйлейді. Әсілінде, Павел Петровичтің әредік қыңырая тартып, славянофильдік орамдарды қыстыра сөйлеп кететіні де бар, мұндайда тәржімемде оның осындай күлкілі тұстарының тым әйгілене көрсетілуіне байланысты маған мін де тағылған. Шындығында менің оны үлкейткіш шынымен қарағандай парықтауым да мүмкін; өзімді ақтау үшін айтарым: жұмыс барысында мен үшін роман кейіпкерлеріне жан біткендей көрініп, мен Павел Петровичті тәржімелеуді қойып, осы орайда Павел Петровичтің ағылшынша не дейтінін тыңдауға көшкендей күй кештім, сөйтіп менің азды-көпті әсерленіп кетуімнің нәтижесінде оның сөйлеудің байырғы бапты мәнеріне әдейі ықылас білдіретін адамдай көрінуі де мүмкін.

Базаровтың сөзі әлдеқайда ауырлау. Оның сөзінің тұжырымдылығын, әсіресе сол арқылы Тургенев Базаровтың жастығын, әрі әкесімен ұқсастығын көлденең тартатын біршама кірпияздау әзілкештігімен ұштастыра беру оңай емес. Дегенмен мұның өзі де бері жағы ғана. Салмақ салатын жүктің ең үлкені – Базаровтың мақалдай сөйлеуге, халық мақамдарына құмарлығында жатыр. Сөзіне мақал-мәтелді қыстырмаса тұра алмайтын білімді ағылшынның мылжыңдау сүйкімді адам болып көрінетіні рас. Базаровтың жөні басқа, ол ызбарлы, Катя айтса айтқандай «жыртқыш» адам. Сондықтан да Базаровтың мақалдары мен халықтық мақамдарын  кездескен жерінде дерлік өткір жаргондармен алмастыруға тура келген, сөйтіп, Тургенев сыңғырлатқан «Пугачевке деген алабөтен pendant»1, «топырақтан жартылай тамыр тартқан» сияқты тіркестерді ағылшындық тұлғасында айтудың оңтайы түспеген.

Базаровтың анасы Арина Васильевна да — басқа топыраққа қондыруға оңайлықпен көне қоймайтын тұлға. Оның көпсөзділігінің өзінен де көрініс беретін жүрекжарды жылылығы құдайға құлай сенетін құлшылығымен және  ырымшылдығымен сабақтаса келгенде, қалыпты ағылшын мақамына қиюласпай-ақ тұрады. Оның ағылшындық кейпіне «жер бастыру» қамымен оны біраз «қарапайымдандыру» және сөздеріне шеткері аймақтық ырғақ  телу қажет болды. Сөйтіп, ол  ұлына біршама биік ортаға тән еркелете айтылатын дағдылы «dear» немесе «darling» демейді, біршама халықтық сипатта «dearie», «honey», «lobe» дейді.

Фенечкаға сәйкес келетін ағылшын бейнесі де бірден табыла қойған жоқ. Ол сияқты кедейленген текті тұқымнан шыққан ағылшын қызын бүлдіршін кезінен ретсіз жерде «жаратқанның атын ауызға ала бермеуге» үйретер еді, Фенечка болса, ойланып жатпастан Құдайға сиынып, Ақырет сотымен ант етуден тайынбайды. Сөйте тұра ол не шаруаларша, не білімділерше де сөйлемейді,  бірақ қандай да бір тұрпайылықтың лебін сездірмей,  өзінше еркін тіл қатады. Тегінде бізде бұлайша ирландық бикелер ғана сөйлейді,  әлбетте мен оның сөзіне ирландық мақам  кіріктірмей, оның сөздерінің ырғағын ирландық үлгіге сүйеніп немесе оңтүстік-батыс Англиядағы сияқты сөздердің майда дыбысталуына сәйкес құруға күш салдым. Әрине, мұның өзі белгілі бір дәрежеде еркіндеп кету, дегенмен жанды сөйлеу әуезін ауыстыра қолдану тәсілі менің Фенечкамды ағылшын қауымының алдында тұлғалы да түсінікті етіп, оның характеріндегі айқын көрініп тұрған арлылығы мен бейкүнә кішіпейілдігі және оның сөздерінің өтімділігі мен өткірлігі арасындағы  кереғарлықты көмескілей түседі.

«Әкелер мен балалардың» тәржімешісі кездесетін  ең күрделі проблема Тургенев шаруаларының тілін бейнелеуге келіп тіреледі. Романда олар эпизодтық рөл ғана атқарады, сөйтіп тәржімеші олардың сөздеріне «құлақ қойып» үлгере алмай қалады. Кейде олар мүлде түсініксіз тіл қатады. Мәселен, бесінші тараудың соңында мынадай тіркес ұшырасады: «Эзоп дегенің өзі сондай, — деді ол сөз арасында, — жүрген жерінде жаман аты қалады, сол бойы дүние кешіп, сол бейпіл қалпы өтетін шығар». Шынымен дағдарған мен амалсыздан жұмысым біткенше, басқа тәржімелерді оқымаймын деген ойымды бұзып, Констанс Гарнетке көз салдым, онда тапқаным мына жолдар: «He`s such an Aesop», he said among other things; «in all places he has protested himself a worthless fellow; he`s  not a man to keep his place; he`ll walk off  in a huff like a fool».

Тәржіме маған күмәнді көрінген, содан кейін басқа да ағылшын нұсқаларын парақтай келе, олардың бәрінің де болжамнан арыға бара алмағанына көз жеткіздім. Ендігі жерде орыстардан көмек сұрадым, жұмбақ тіркестің түп тамырын таразылаған кезде олардың өзі де бірауызды болмай шықты. Ақыры соңғы нәтижесінің дұрыс-бұрыстығын оқырмандардың өздерінің талқысына тарттым, олардың да бірыңғай үкім шығарарына сенімім шамалы. Тегінде Тургеневте мұндай «күңгірт тұстар» аз. Алайда жергілікті тілдік ерекшеліктер проблемасы сол күйінде қалып отыр. Тұтасымен қандай да бір ағылшын диалектісінің қалпына салу қолайсыз. Тургенев шаруалары қалай айтсақ та, Иоркширдің немесе Девонның фермерлері емес, сондай-ақ Томас Харди романының кейіпкерлері де емес екені белгілі.  Екінші жағынан келгенде, «хтошь е знает – версты туточка не меряные» (е кім білген – мұндағы шақырымдар өлшенбеген) сияқты орамдарды Би-би-си дикторларының сыры кеткен сырбаз тілімен жеткізу де мүмкін емес. Бірақ, қалай болғанда да, деревня тілінің саздылығын, салмақтылығы мен салихалылығын  жеткізу керек болатын, ақырында мен, әйтеуір, Англияның оңтүстік-батысы мен солтүстігінің «мақамдарынан» құрап, әлдебір қосынды шығарғандай болдым. Тәржімеші ретінде Н. – губерниясы тұрғындарының сөз мәнерін ағылшынның белгілі бір жеріне  қатысы шамалы «мақамға» салып, олардың құлағына жағымды етіп жеткізуге тырысқан бұл әрекетімнен қандай нәтиже шыққаны менің өзіме беймәлім.

Тағы бір айтатын жәйт, тілқатысу хақындағы ғана емес, атап айтқанда, орыстардың кішірейте атайтын, әсіресе жалқы есімдерге байланысты сөздеріне келгенде де ортақ шаманы табу, түйсінуге оңайлату шараларын қарастырған жөн. Орыс тілін үйрене бастағанға дейін, Толстойды немесе Достоевскийді оқыған кездерімде олардың dramatis personae тұстарын ажырата алмай қиналғаным есімде қалған екен. Айталық, «Соғыс және бейбітшілікті» алғаш оқи бастағанда Пьер Безухов пен Monsieur Pierre – басқа ешкім де емес, Петр Кирилловичтің нақ өзі екенін, Петр Иванович (Багратион) мен композитор Павел Иванович (Кутузов) ағайындар еместігін, қаптаған Анналар мен Мариялар бір-бірінен не әкесінің аты, не тегі, не сыпасы арқылы ерекшеленіп тұратынын аңғару қиын. Мәселен, Митя дегеніміз Дмитрийдің кәдуелгі қысқарған баламасы екенін білдік дейік, бірақ та шетелдік оқырман «Митеньканың» емексітпей, ал «Митюханың» онша елеңкіремей, ендеше «Митюшаның» еркінсіте айтылатынын, «Митюшаның» әдетте іштарта, енді бірде «Митюшеньканың» еркелете, «Митюшонокке» келсек, бұлай деп әлгі Дмитрийімізге бала күнінен етене жақын жанның елжірей айтатынын қайдан біліп жатсын! Мен өзімнің тәржімемде бұлайша кішірейте атауды бұлар еркелету мағынасында емес, жай ғана дағды  бойынша айтыла қалған тұстарда ғана қолдандым. Сөйтіп Катя – Катя, Фенечка Фенечка күйінде қалды. Алайда Николай Петровичтің аузындағы «Аркаша» болса, «Аркадий, қымбатты балақан» («Arkady, dear boy») болып кетті, ал Арина Власьевнаның «Енюша» деген аналық еміренуі «Евгений, менің кішкентайыма»       («Yevgeny, my little one») ұласты, ендеше «Енюшенькадан» — «my little Yevgeny love» келіп шықты.   Ендігі жерде бір адам бір беттің ішінде әртүрлі аталып отыратын кездерде, мен оқырманның шатаспауы үшін қысқаша түсінік беруді жөн көрдім. Айталық, бұл ретте Базаровтың неліктен Кукшинаны мәртебесін биіктететін «Евдоксия» есімімен атамай, қасақана кәдімгідей орысша  «Авдотья» дей салатынын, әрі оның неге француз сөздерін әдейі орыс ыңғайымен айтатынын түсіндіріп беремін.

Ақыры біз көркем шығарманы тәржімелеу барысында өз тәржімеңе ескертпелер арқылы түсінік беруге бола ма дейтін түйінді мәселеге де келіп тірелдік. Үлкен таралыммен шығару үшін мәтінге кейбір түсініктемелер бермей қалу мүмкін емес тәрізді. Бұл тәсілді қолдануда шамадан шығып кету қаупінің  бар екені де рас, алайда егер ескертпелерді құрастырушы бұл орайда өзінің білімдарлығын көрсетіп қалуға тырыспай, оқырманның әңгіме барысында туындаған  даулы мәселелердің астарын сәтінде түсінуіне шынайы көмектесуді ойласа, онда мұндай қатерді үлкен деп  айту да қиын. «Әкелер мен балаларға» түсініктемелерді түзуде маған 1954 жылы Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы шығарған Тургенев Шығармаларының жинағына А. И. Батюто қысқа да нұсқа етіп құрастырған бұрынғы түсіндірмелердің үлкен жәрдемі тигенін айтуым керек. Дегенмен, менің батыс еуропалық ғалымдар мен жазушылар туралы айтылған тұстардың нақты маңызын білмекке құмар оқырманның өзінің қарауына қалдырып, оқуының барысын тежемес үшін орыс өмірінің тарихи және тұрмыстық ерекшеліктеріне неғұрлым толығырақ тоқталуыма тура келді. Орыс басылымында, айталық, Базаровтың «Дүние» жайындағы жаңылтпашының мәнін; немесе Василий Ивановичтің ұлының көзінше Владимир орденін тағып жүруден неге именетінін, немесе ағылшын оқырманы үшін қандай да бір мән-мағынасы жоқ,  әуейі болмаса да, әсірешілдік қана болып көрінуі ықтимал кейбір ишаралардың мәнісін; сондай-ақ қария Х…ая княжнаның Базаров пен Аркадийдің өздерінің Никольскийден аттанбақ ниеттерін айтқан кезде білдірмей ғана неге шоқынғанын; немесе қарт Базаров өзін иығынан иіскеген кезде Аркадийдің неге қысыла қалатынын түсіндіріп жатудың ешқандай қажеті жоқ.

Ескертпелер арқылы мәтінге осылайша түсініктеме беру мүмкіндігі тәржімешіні Англияда ұшыраспайтын заттар мен ұғымдардың ағылшындық баламаларын іздеп әуре-сарсаңға түсуден құтқарады. Айталық, «тройка» мен «самовар» сөздері ағылшын тіліне сіңісіп кеткелі қашан. Ендеше «тарантас», «изба», «борщ», «лампадка» және «домострой»1 сөздерін қалай аламыз? Констанс Гарнетте: «тарантас» — «coach», «изба» — «hovel», «лампадка» — «a little lamp», «борщ» — «beetroot soup» болып тәржімеленген, ал «Вы последователь домостроя» дегенді «You are an advocate of patriarchal despotism» дейтін тіркеске айналдырады. Тәржімеленбейтін ұғымдарды бұлайша нобайлап тәржімелеудің тиімсіздігі сонда, бір жағынан ұғымды дәл бере алмайды, екіншіден оның өзіне тән бояуын өшіріп жібереді. Бұл сәттерде ондай сөздерді мәтінде сол қалпында қалдырып, ескертпесінде түсінік берген дұрыс. Өйткені бұлардың соңыра орыс тілінен жасалған басқа тәржімелерде және Ресей туралы кітаптарда қайталанған жағдайда оқырмандардың зердесінен «царь» немесе «спутник» сөздері сияқты берік орын алады, әрі, сірә, «тарантастан» басқалары, міндетті түрде жиі қайталанып тұрады деген ойдамын. «Домостройға», сірә, әрдайым ескертпе керек болуы да мүмкін, есесіне «борщ» сөзінің аспаздық өнер жанкүйерлерінің бәрінің де сөздігіне өзіне тиіселі ұғымымен кіргені анық; сондай-ақ «избаның» не екенін (бәрі болмаса да) көпшілік жақсы біледі. Орысша «коттедж» деп айтылып жүр, ендеше онша қиындығы жоқ «изба» сөзін үйреніп алудың несі қиын? Десек те, «тоқымалы бас орамал» атауы «мантиилья» дейтін испан сөзінің нақышы мен бояуын (романтикасын айтпаған күннің өзінде) дәл басып жеткізе алар ма? Оқырманға біздің «пудингіміздің» татымы мен иісін тап басып түщындыра алатын орыс сөзін таба аласыз ба? Әлбетте әр елдің өзінің адмирал Шишковтары2 бар, бірақ Тургеневтің өзі, менің пікірімше, ағылшынша еш күмәнсіз «shake hands» деп жазуы арқылы да үлгі көрсетіп отырған тәрізді. Бір сәтке Страховскийдің метафорасына оралғым келеді: егер сәулетші темірбетоннан сарай соққан кезде барлық үйлесімін сақтай біліп, оған қоса басты бөлмелердің кейбіріне ХҮІІІ ғасырдың төлтума портреттерін іліп тастаса, бұдан ұтылмасы анық, жаңа салқын салқын ғимараттың ауаны анғыз көненің тынысымен жылынып, ажарлана түсеріне күмән жоқ. Кейбір кездерде осылайша ағылшындық тәржімесінде орыс сөздерін безендіру ретінде пайдаланған да тиімді, әлбетте мұны таңдап әрі талғап жасай білудің жөні бөлек.

Сөзімнің соңында айтарым: тегінде техникалық тұрғыдан алғанда, қолжазбаны екі тексерушінің – тәржімедегі қателіктерді аңғару үшін ағылшын тілін жете білетін орыс пен орыс тілін білмейтін әрі Ресей туралы түсінігі таяздау сауатты ағылшынның  қолынан өткізіп алған тиімді болмақ, мұның әсіресе тәржімемен  енді шұғылдана бастаған адамға пайдасы зор. Мұндай бірінші тексеруші тәржімешінің өзім білемдігін тежемек, өйткені өз біліміңді асыра бағалау талай тәржімешіге де тән қасиет. Мәселен, менің таяуда Блоктың күнделіктерінен «смазливая баба»1 тіркесін тәржімелегенім бар. Мен бұл жерден ешқандай басы артық қиындық көргенім жоқ, ойланып жатпастан, «смазливаяны» — «ingratiating» (яғни «подобострастная», сірә, мәнмәтінмен және «смазливаяны» көкірегімде тұрған «смазкамен» байланыстырсам керек) деп тәржімелеп те жібердім, және онымен қоймай, «смазливаяны» әлдеқайда жағымды «comely» сөзімен аудару кректігіне иландыруға тырысқан мен орыс достарымның алдында өз тәржімемді, ақыры орыс-ағылшын сөздігін көлденең тартып, көзімді әбден жеткізгенше, қасарыса, тіпті күйіне қорғап бақтым. Орыс тілін білмейтін екінші тексеруші одан әлдеқайда пайдалы болуы мүмкін. Тәржімелеп отырған авторыңның әуеніне құлақ түрген сайын, өзің тәржіме жасап отырған тілдің қасиеттерінің ығында кетпей қалуың қиынға түседі. Міне, осындайда туған тілін терең түйсіну сезімін сақтаған көзі қарақты оқырман русизмдерді ғана емес,  диалогтегі оғаш орамдарды да, сондай-ақ мағынасы немесе грамматикалық құрылымы жағанан көмескі тұстарды да бірден аңғарады. Бұл оқырман стилистік редактор ретінде, сондай-ақ мақаламыздың басында айтқан тәржімешінің басты міндеттерінің соңғысын: тәржімені даярлығы жоқ оқырманға жетімді ету міндетін шешуде баға жетпес әріптестің нағыз өзі болмақ.

 

1964 ж.      `             

 

                                 



1 Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын ағылшын тіліне Ю. Скайлер (1867), К. Гарнет (1895), Р. Хейр (1947), Б. Исаакс (1947) және К. Рудаков (1951) аударған.

1 Сонау 1915 жылы Голсуорсидің «Times Literary Supplement»   газетінде «Анна Каренинаны» тұрмыс құрмаған бойжеткендердің де оқуына әбден болатын кітап ретінде қорғауына тура келген еді. 

2 Кереметтей кемеңгер

3 «Проблемы перевода русской поэзии на английский». The Slavonic and East European Review, Vol. ХХХҮ, № 84.London 1956, р. 258 – 267.

1 жұптың (фр.)

1 Бұл арада келтірілген сөздер қазақ тілінде әрқалай алынып келеді: «самаурынның» басы ашық, «үшеу» жегу, кейде «үш ақбоз жеккен» (аттың түсі қоса айтылады);, «тарантас» («кел екеуміз мінейік тарантасқа»), «борщ», «изба» («орыс ызба», «ізбөшке») сол қалпында қалады,  «лампадка» — «шырағдан» деп, «домострой» — «атасалт», «ескі жол» күйінде жазылып жүр.       

2 «Орыс тілінің тамыры мен бастауы» ежелгі славян тілінде деп білген А. С. Шишков (1754 – 1841) — белгілі орыс жазушысы, қоғам қайраткері, ағарту министрі) басқа тілдерден сөздер алуға үзілді-кесілді қарсы тұрған.

1 Қазақ тілінде бұл сөзді мәнмәтінге қарай «қызыл бет», көбінесе «қылымсыма» немесе «сынықсыған» деп алады.

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.