Әлем әдебиеті

Николай ГОГОЛЬ. ӨЛІ ЖАНДАР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Николай Васильевич Гоголь

 

ӨЛІ   ЖАНДАР 

Үзінді

 

Бірінші тарау

 

Губерниялық NN қаласы1 қонақүйінің қақпасына бойдақ жігіттер: отставкадағы подполковниктер, штабс-капитандар2, жүзге жуық шаруа жаны бар помещиктер, қысқасы, орта қолды мырзалар деп аталатындар мінетін күйме келіп кірді. Күймеде сүйек сыны келісті деуге де, келбетсіз деуге де келмейтін, семізден төмен, арықтан жоғары, қарт дейтін қарт емес, алайда қылшылдаған жас та емес бір мырза отырды. Оның қалаға келіп кіруі ешкімді дүрліктіре қойған жоқ және ерекше ештеңемен жалғаспады; тек қонақүйдің қарсысындағы шарапхананың қасында тұрған екі орыс мұжығы ғана күймедегі адамнан гөрі көлікке қатысты кейбір ескертпелер жасаған болды. «Доңғалағын қарашы! – деді біріншісі екіншісіне, – қалай ойлайсың, егер бірдеңе бола қалса, анау доңғалақ Мәскеуге жете ала ма әлде жете алмай ма?» – «Жете алады», – деп жауап берді екіншісі. «Ал Қазанға жете алмайды-ау деп ойлаймын? – «Қазанға жете алмас», – деп жауап берді серігі. Осымен әңгіме аяқталды. Айтпақшы, күйме қонақ үйге таяған кезде, үстіне кенеп матадан тіккен  тыртиған шолақ панталон, сәнді фрак, оның ішінен тапанша тәрізді3 қола түйреуішпен түйрей салған кеудешесі көрініп тұрған жас жігіт кездесті. Жігіт артына бұрылып күймеге қарады да, жел ұшырып әкете жаздаған картузын қолымен ұстаған күйі жөніне кете барды.

Экипаж аулаға кірген кезде, мырзаны ылдым-жылдымдығы сонша, тіпті, сықпытын да дұрыстап көре алмаған қызметші немесе орыс трактирлерінде еденші деп аталып кеткен малай қарсы алды.

Келесі күн түгелдей үлкен кісілерге сәлем беріп шығуға арналды; келімсек қаланың атқамінерлеріне түгел сәлем беріп шығуға аттанды. Алдымен губернаторда болды, ол да Чичиковтың өзіндей жуан да емес, жіңішке де емес, нағыз орташаның өзі екен,  мойнына салған Аннасы3 бар, жұлдызға4 ұсынылған көрінеді, қарапайымдылығы емес пе, кейде әйелдермен бірге кесте тігеді екен. Сосын вице-губернаторға тартты, одан шығып прокурорға, одан шығып палата төрағасына, одан шығып полицмейстерге, одан шығып сатып алушыға5, одан шығып қазыналық фабрикалардың

бастығына сәлем бере барды… Осындайда ығай мен сығайларды санап шығудың өзі қиын екені өкінішті-ақ; бірақ келімсектің сәлем беруге келгенде алдына жан салмайтынын айтсақ та жеткілікті болар: ол, тіпті, дәрігерлік басқарманың  инспекторы мен қалалық сәулетшіге кіріп шыққанын да куәландырып қойды. Сосын енді кімге кіріп шықсам екен деп күйменің үстінде отырып көп ойланды. Ойланғаны құрысын, қалада кіріп шығатын басқа шенеунік қалмапты. Ол – осындай билік басындағылармен сөйлескен кезде, олардың әрқайсысының астына көпшік қоя білудің шебері еді. Бұл губернияға келгенде жұмаққа кіргендей болады екенсің, жолдары қандай тақтайдай, осындай данышпан адамдарды басшылыққа тағайындап отырған үкіметті қалай мақтаса артық емес дегенді губернаторға құлаққағыс етті. Полицмейстерге қалалық күзет бекеттерінің жұмысын мақтады; ал статтық кеңесші дәрежесіне енді ғана жеткен вице-губернатормен және палата төрағасымен сөйлескен кезде, «мәртебелі тақсыр»6 деген сөзді қателесіп екі рет айтып қалып еді, мұнысы оларға қатты ұнады. Нәтижесінде губернатор оны сол күні кешкі отырысқа шақырды, басқа шенеуніктер де өз тараптарынан біреуі түскі асқа, екіншісі – карта ойнауға, үшіншісі – кешкі шайға шақырып жатты.

Келімсек өзі туралы көп сөйлеуден қашқақтайтын секілді, егер сөйлей қалған күннің өзінде жалпылама айтылатын кітап сөзіндей, кішіпейілділікпен қысқа қайырып отырды: жалпақ дүниенің көңіл аударуға тұрмайтын құрттай ғана пендесіміз, өмірде көрмеген құқайымыз жоқ, қызметте жүргенде шырқыраған шындықты айтамын деп, өзімізге көп жау тауып алыппыз, олардың кейбіреуі өміріме қастандық жасауға дейін барды, соның бәрінен көңіл суып, біржола күл төгетін жер іздеп жүрген жайымыз бар, бұл қалаға келгенде, ең алдымен, басшыларға сәлем беріп шығуды өзіме парыз санадым деген сықылды жел сөзді сықпыртты-ай келіп. Жаңа келген мейман туралы қаланың білген жаңалықтары осы болды, әйтсе де, ол кешікпей губернатордың кешінде осының бәрін өзі көрсетіп қалудан кет әрі емес еді. Кешке дайындалу  екі сағаттан астам уақытқа созылды.  Қонақ бұған бұрын  болмаған ықтияттықпен ұзатылатын қыздай киінді. Түскі астан кейін сәл дамылдап алған соң, ол жуынатын су сұрады және тілімен тірей отырып, екі ұртын сабынмен ұзақ ысқылады; содан соң трактир малайының иығындағы орамалды алып, құлағынан бастап бұлтиған бетін түгел сүртіп шықты және мұның алдында трактир малайының тура бетіне қаратып бір-екі рет түшкіріп қалғаны тағы бар. Сосын айнаның алдында тұрып жейдесін киді, танауынан шығып тұрған екі тал қылшықты жұлып тастады, артынша жолақ жолды фрагын  киіп шыға келді. Осылайша киініп алған соң, өзінің күймесімен әр жерде жылтыраған терезелерді жанай өтіп, даладай кең көшелерді бетке алып жүріп кетті. Айтпақшы, губернатордың үйі балға дайындалғандай жап-жарық екен; шамдары бар күймелер, кіреберісте тұрған екі жандарм, форейтордың1алыстан естілген айқайы – қысқасы, бәрі де осы кешке үйлесіптұр. Чичиков залға кіріп келгенде бір сәтке көзін жұмып қалды, өйткені самсаған шырағдандар мен шамдардан әрі әйелдердің көйлектерінен түскен сәуледен көз сүрінеді екен. Бәрі де жарыққа шомылып тұр. Шілденің ыстығында ашық тұрған терезенің алдына келіп, кілтші кемпір мұздай көк қантты ұсақтаған кезде жабылатын шыбындай болып ол жерде де, бұл жерде де қара фрак кигендер топ-тобымен  өріп жүр; балға көтерген кемпірдің түрпідей қолдарына қызық көріп қараған топ-топ балалар, үп еткен самалдың ызыңына қосыла қора-қорасымен қаптаған шыбын үйді жайлап алып, қант ұнтақтарына топ-тобымен жабылады. Кемпірдің көзі нашар көретіндігін пайдаланып, қант түйіршіктеріне қонып алып, алдыңғы немесе артқы аяқтарын бір-біріне үйкелейді немесе алдыңғы екі аяғын созып жіберіп, басының үстін қасиды, әйтпесе қанаттарын тазалап жатқаны, осылайша ұшып-қонып жүре берсін делік, ал біздің қонағымызды кірген жерде-ақ губернатор қолтықтап алып, өзінің әйелімен таныстырды. Келімсек мейман бұл жерден де сүрінбей өтті:  шені үлкен де, кіші де емес, орта жастағы адамдарға лайық бір мақтау сөз айтты. Ал қос-қостан билеп жүрген жас жұптар басқаларды қабырғаға қарай ығыстырған кезде, екі қолын артына ұстап, оларға зейін сала екі минуттай қарады. Көп әйелдер сән бойынша жақсы киінген екен, басқалары губерниялық қаланың барына мәз. Еркектер жағы барлық жерлердегідей екі топқа бөлінеді екен: бірінші топқа әйелдердің жанынан шықпайтын қыпша белдер жатады; олардың кейбіреулерін петербургтік жігіттерден айыру қиын, дәл сондай талғаммен тараған бакенбарттары бар немесе жақсы қырынған дөңгелек жүзді жігіттер, бикештердің алдында өздерін еркін ұстауы да, французша сөйлеуі де, қыз-қырқынды күлдіруі де Петербург жігіттеріне ұқсайды. Еркектердің екінші тобын жуандар немесе Чичиков сияқтылар құрайды, яғни, аса жуан дейтін жуан да, жіңішке дейтін жіңішке де еместер. Бұлар, керісінше, әйелдерді көздерімен ішіп-жегенмен, көбіне олардан қашқақтай береді, жан-жағына жалтақтап, губернатордың малайы жасыл үстел1жаймас па екен деп тұрады. Бұлардың бет-жүздері дөңгелек және толықтау келеді, кейбіреуінің сүйелді қалы болады, кейбіреуі секпілдеу, бастарында шашы да, айдары да, кекілі де, тұлымы да болмайды, «мені сайтан алсын» деп француздар айтқандай – шаштары қысқа қырқылған немесе бұзау жалағандай жабыстыра таралған, ал дөңгелек жүздері жігерлі келеді. Бұлар – қаланың қалаулы шенеуніктері. Әттең! Жіңішкелерге қарағанда жуандар өз істеріне мығым  келеді. Жіңішкелер тек тапсырған жұмыстарды ғана орындайды немесе санда бар, санатта жоқ дегендей анда-мұнда жүреді; тым жеңіл, сенімсіздеу өмір сүреді. Ал жуандар тұрлаусыз орындарға ешқашан отырмайды, алған беттен қайтпайды және бір жерге отыратын болса, мықтап отырады, орынтағы сынбайынша орнынан қозғалмайды. Олар сырттай жылтырағанға қызықпайды; олардың фрактары қыпшабелдердікіндей жинақы да емес, оның есесіне қобдишаларындағы байлықты айтып болмайды. Қыпшабелдердің үш жылдың ішінде ломбардқа салмаған заты қалмайды; ал жуанға қарап тұрсаң

– қаланың шетінен әйелінің атына сатып алған бір үйі, екінші шетінен сатып алған екінші үйі, сосын қала маңында шағын деревнясы болады да, онысы бара-бара бар шаруасы сай селоға айналады. Ақырында, Құдай мен патшаның алдында адал қызмет етіп, көпшіліктің құрметіне бөленген жуан қызметін тастап, помещикке айналады, орыстың ел сыйлайтын  бай-мырзасы атанады және содан былай шала жеп, шайқап ішіп өтеді. Ал одан кейін, орыс дәстүрі бойынша, тағы да  қыпшабел мұрагерлер келіп, әкенің бар байлығын шашады. Чичиков осынау қоғаммен таныса келе дәл осыған ұқсас ойға түскенін несіне жасырайық. Оның нәтижесі жуандар жағына шығумен аяқталып, өзіне таныс жандармен қауышып тынды. Сол көзі ылғи: «Бері шығып кетші, оңаша айтатын сөз бар» дегендей жыпықтап тұратын қалың қара қасты прокурор болса үндемейтін орнықты адам; аласа бойлы почтмейстер – тауып сөйлейтін данагөй философтың өзі; палатаның төрағасы – қайырымды әрі өте ақылды адам, мұны көргенде ескі танысын көргендей сәлем берді, Чичиков оған басын иіп, сәлеміне сәлеммен жауап берді, бұл да жанына жақын нәрсе. Осында ол өте жылпос әрі сыпайы помещик Маниловпен және сырттай қарағанда қолапайсыздау көрінетін, алдымен аяғыңды басып қалып, артынша «кешірерсіз» дейтін Собакевичпен танысты. Сол-ақ екен вистің картасын ұстата қойды, ол оны сыпайылықпен басын иіп қарсы алды. Жасыл үстелді жағалай отыра қалған олар содан бастап кешкі асқа дейін орындарынан тұрған жоқ. Қым-қуыт шаруаға кірісіп кеткен соң, әдеттегідей, әңгіме пышақ кескендей тыйылды. Почтмейстер сөзуар адам болатын, бірақ қолына карта тиісімен, ол да ойланған адамның кейпіне түсе қалды, астыңғы ернімен үстіңгі ернін қымқырған қалпынан бүкіл ойын бойы айнымады. Киімді картаны жүре қалса, үстелге құлаштап ұрып, дама болса: «Тарт кәрі қатынды!» деп қалып, егер король болса: «Мә саған тамбовтың мұжығы!» деп екіленіп отырды. Ал төраға болса: «Ұрдым мұртыңды!» деп қалысар емес. Кейде картаны үстелге құлаштай ұрғанда: «Әй, қайдан шықса одан шықсын, болмаса боптан жүр!» – деп бір-ақ соғады. Немесе: «Түйе, түйе, түйелер» деп өздерінше ат қойып алған карталарын лақтырады. Ойын біткен соң, әдеттегідей, керілдесіп тынады. Біздің келімсек мейманымыз да қарап қалмайды екен, бірақ оны әдеппен істейді, дауласқанда да жөнімен дауласатынын отырғандар өздері көрді. Ол ешқашан да «сіз жүрдіңіз» демейді, «сіз жүруге пұрсат қылдыңыз», «мен сіздің екілігіңізді  басқан болайын» деп отырады. Қарсыластарының көңілін аулау үшін, әр жолы түбіне хош иісті екі қалампыр қыстырған күміс портсигарын шығара қоюды да ұмытпайды. Келімсектің назары, әсіресе, жоғарыда аталған Манилов пен Собакевич деген помещиктерге ауа бергенін қалай жасырарсың. Ол сәті келгенде төраға мен почтмейстерді оңаша шақырып алып, олардың  жай-жапсарын сұрастырып отыруды да ұмытқан жоқ. Оларға қойылған бірнеше сұрақ мейманның білмекке құмарлығын ғана емес, ындыны жаман екендігін де көрсеткен, өйткені олардың әрқайсысында қанша шаруа бар екенін және олар қандай жағдайда екенін сұрастырып алғаннан кейін ғана, аты-жөндерін білуге асығатын. Ол аз уақыттың ішінде-ақ помещиктерді өзіне тәнті етті. Әлі қатая қоймаған, әрқашан көзін қысыңқырап қойып, күліп жүретін Маниловтың бұған таңданысында шек болмады. Ол қонақтың қолын өте ұзақ қысып, сөзіне қарағанда, қала шетінен он бес-ақ шақырым жердегі өз деревнясына келіп кету рахымын көрсетуге шақырды. Бұған Чичиков аса кішіпейілділікпен басын иіп, қолын қыса тұрып, бұл ұсынысты зор ықыласпен қабыл алатынын білдіріп қана қоймай, оны өзіне қасиетті парыз санайтындығын да қоса жеткізді. «Мен де шақырамын», – деп қысқа қайырды Собакевич, аяғын тарпып қалып. Мұндай үлкен етік киетін келсаптай аяқты алыптарды дүниеге келтіре бастаған қазіргі Русьтен де іздеп табу оңай емес еді.

Келесі күні Чичиковты полицмейстер түскі және кешкі асқа шақырды. Онда түстеніп алған соң күндізгі үштен бастап вистке кірісті де, түнгі екіге дейін дамылсыз ойнады. Айтпақшы, үш-төрт сөзден кейін-ақ «сенге» көшкен, отыздар шамасындағы Ноздрев деген жынсоққанмен сонда танысты. Ноздрев полицмейстер мен прокурорға да дос адамдарша «сен» деп сөйлейді екен; бірақ, үлкен ойынға кіріскен кезде полицмейстер де, прокурор да оның жүріс жасаған әрбір картасына көз жазбай қарап отырды.

Келесі күнгі кешті Чичиков палата төрағасының үйінде өткізді. Ол қонақтармен қоса тағы бір-екі әйелді май сіңген шапанымен қарсы алды. Сонан соң вице-губернатордың үйіндегі кеште, сатып алушының жасаған кең дастарқанында, прокурор берген шағын түстікте болды.

 

 

Екінші тарау

 

 

Келімсек мырзаның күн сайын қонаққа барып, қалада сайран салғанына бір апта болған. Ақыры ол сәлем беріп шығуды қаладан тыс жерлерге ауыстыруды және өзі уәде берген помещиктер Манилов пен Собакевичке баруға бекінді. Бәлкім, оны бұған итермелеген басқа бір, өз жүрегіне жақындау, байсалды  мәселе себеп болған шығар… Бірақ оның бәрін біз ұсынып отырған, аяғына жақындаған сайын кеңейе беретін өте ұзақ әпсананы оқып шығуға оқырманның төзімі жетсе, кезінде біле жатар. Селифан көшірге таңертең ертемен  айтылған күймеге аттарды жегуге пәрмен берілген болатын; Петрушкаға үйде қалып, бөлме мен чемоданға қарау тапсырылған. Оқушыға біздің кейіпкеріміздің басыбайлы екі адамымен жақынырақ танысу артық болмас. Әйтсе де, әрине, олар екінші дәрежелі, тіпті, үшінші дәрежелі адамдар деп аталатындардың санатында болғанмен, поэманың басты қаһармандары олар болмағанмен,  оқиға желісі оларға кейбір жерлерде ғана жанасып отырғанымен, автор өзі де орыс адамы болғандықтан және немістей ұқыпты болғысы келетіндіктен, ол жағына да барынша көңіл бөлуді қалайды. Әйтсе де, ол көп уақыт алмайды, өйткені Петрушка мырзасы берген кеңқолтық қоңыр сюртук киіп жүретін, өз дәрежесіндегі адамдардың әдетінше, қоңқақ мұрынды әрі қалың ерінді малай еді дегенге автордың қосары шамалы екенін оқырман жақсы біледі. Мінезіне келсек, сөзшеңдіктен гөрі тұйықтығы басым; тіпті, білім-ғылымға, яғни, кітап оқуға бейімділігі де бар еді және оқыған кітаптарының мазмұнына бас ауыртып жатпайтын, махаббат сергелдеңі ме, әліппе ме немесе дұға ма – оған бәрібір, сықпыртып оқи береді; егер қолына химия түсе қалды бар ғой, одан да бас тартпайды. Оған не туралы оқығаны емес, оқығанының өзі немесе оқу процесінің өзі, көптеген әріптерден ылғи қандай да бір сөз құралатыны ұнайтын, қандай мағына беретінінде оның ісі жоқ. Және кіреберістегі бөлмеде, кереуетте, жата-жата қалақтай жұқарып қалған жастықта жатып оқылатын. Оның оқуға құмарлығынан басқа өзіне тән тағы да екі қасиеті бар-тын: шешінбестен үстіндегі сюртугімен ұйықтау және өзімен бірге өзіне ғана тән үйдің жылымшы ауасын алып жүру, сондықтан бұған дейін адам бас сұқпаған бөлме болсын – оған бәрібір, кереуетін қойып, шинелі мен көр-жерін кіргізіп алған соң, он жылдан бері адамдар тұрып келген үй болады да шығады. Чичиков тумысынан қытымыр, тіпті, кейбір жағдайларда кірпияз  адам болғандықтан да шығар, таңертең тұрып, түнгі сасық ауаны жұтқанда тыжырынып, басын сілкілеп: «Батыр-ай, бұл не болып кетті өзі, ылғи терлеп жүретін немесің бе, немене? Моншаға барсаң етті», – дер еді. Бұған Петрушка жауап беремін деп басын ауыртып жатпайтын және табан астында бір жұмысты таба қойып, ұмыттырып жіберуге тырысатын; немесе мырзаның ілулі тұрған фрагын тазалай бастайды, болмаса әр жер-әр жерді сүрткілейді. Үндемегенде ішінен не ойлайтынын итім білсін бе, мүмкін: «Сенің де оңып тұрғаның белгілі, бір сөзді қырық рет қайталаудан жалықпайды екенсің…» — дейтін шығар, ол жағын бір Құдайым біледі, қожасы ғибрат айтқанда басыбайлы адамның не ойлап тұратынын біле қою қиын-ау. Сонымен, бастапқы жолы Петрушка жайлы айтылатын сөз осымен тәмам.

Ал көшір Селифан мүлдем басқаша адам… Бірақ автор  оқырманның төменгі таппен танысуға ықылассыздығын білгендіктен, олардың соншама қымбат уақытын ала беруге қатты қысылады. Орыс адамы деген сол: бір шені жоғары адаммен танысқысы келіп тұрады, ал графпен немесе князьбен бас киім алып сәлемдесу кез келген достық қарым-қатынастан артық. Автор, тіпті, бар-жоғы колледждік кеңесші болып істейтін өз кейіпкерін де олқысынады. Олармен, бәлкім, сарай кеңесшілері таныса жатар, бірақ генералдық шенге жақындап қалғандар, Құдай біледі-ау, аяғының астында жорғаламайтындарға көз қиығын да салмайды немесе одан да жаманы, назар салмай өтіп кетеді. Бірақ осының қай-қайсысы да оңып тұрмағанмен, кейіпкерімізге қайта оралалық. Сонымен, қажетті бұйрықты кеше-ақ беріп тастаған, таңертеңмен ерте тұру, басынан жасайтын әдеті болса, бүгін де жексенбі болатын – екі беті жібектей жылтыраған мырзамыз жолақ жолды фрагын, оның сыртынан аю түкті ішігін киген соң, бірде оң қолтығынан, бірде сол қолтығынан демеген трактир малайының сүйемелдеуімен сатыдан төмен түсіп, күймеге отырды.

Сонымен, бұлар Маниловканы іздеуге жүріп кетті. Екі шақырым жүргеннен кейін, сүрлеуге бұрылатын қара жол кездесті, бірақ одан кейін де шамамен екі де емес, үш те емес, бақандай төрт шақырымдай жол жүрген болар, ал екі қабатты тас үй әлі көрінер емес. Осы арада біреудің осы жер дегені көш жер демекші,  Чичиковтың ойына досының он бес шақырым жердегі деревняға шақыруы отыз шақырым болып жүрмесін деген күдік келді. Маниловка деревнясының тұрған жері кісі қызығатындай емес екен. Мырзаның үйі үп еткен жел соқпай өтпейтін төбенің үстінде, шабылған көк шалғынның ортасында екен. Аулаға жете бергенде Чичиков жүн матадан жасыл сюртук киіп, есік алдына келген экипажды анықтап қарап алу үшін, алақанымен көзін көлегейлеп сатының үстінде тұрған үй қожасының өзін көрді. Күйме есік алдына жақындаған сайын, оның көзі күлімдеп, екі езуіндегі күлкі де жаялықтай жайыла түсті.

— Павел Иванович! – деп айқайлады ол ақыры Чичиков арбадан түсіп жатқанда. – Бізді ұмытпағаныңыз қандай жақсы болды!

Екі достың құшақтары айқаса кетті және Манилов қонағын үйге кіруге шақырды. Бұлар жүріп өтетін сенек, кіреберіс бөлме және асханаға дейін онша алыс болмағанмен, осы уақытты пайдаланып, үйдің қожасы туралы бірер сөз айтып қалуға тырысайық. Бірақ мұндай жұмыстың өте қиын болатындығын автор алдын ала ескертеді. Бәлкім одан гөрі көлемді суреттерді сипаттап шығу оңайлау шығар; онда кез келген қолыңмен бояуларды ал да, кенепке жапсыра бер: қадала қалған қара көз, қалың өскен қою қас, әжім торлаған кең маңдай, иықтан асыра тастаған қара немесе өрттей қызыл плащ – сонымен портрет дайын; ал мына жарық дүниеде қаптап жүрген, сырт пішіндері бір-біріне өте ұқсас, ал жақыннан қарасаң, байқала бермейтін  ерекшеліктері өте көп мырзалардың портреттерін сомдау – қиынның қиыны. Бұл жерде олардың көзге көріне бермейтін, өте нәзік бет-әлпеттерін көз алдыңа елестету үшін, асқан байқампаздық керек және ғылымда айтуы жеткен назар аудара білу қабілетін әлі де тереңдете түсуге тура келеді.

Маниловтың мінез-құлқы қандай екенін жаратқан Құдай да айта алмайды. Нақыл сөздерге сенсек, адам баласының не ол емес, не бұл емес, қалада – Богдан, селода – Селифан емес тұқымдас болады. Бәлкім, Маниловты солардың біреуіне жатқызуға болатын шығар.

Кешкісін үстел үстіне қоладан құйылған, ерте дәуірді бейнелейтін үш тағанды1, перламуторлы шамдал қойылды. Оның жанына бір жағына қарай жанбастай қисайған, үстіне әбден май тамған, қарапайым ғана мыстан жасалған, ақсақ, мүгедек шамдал тағы қойылды, бірақ оған  не қожайын, не оның әйелі, не малайлар мән беріп жатпады. Әйелі де… апама жездем сайдың өзі екен, бір-біріне дегенде шығарға жандары жоқ. Үйленгендеріне сегіз жыл өтсе де, әлі күнге дейін бір-біріне не алма, не кәмпит, не жаңғақ әкеліп, нағыз махаббатты білдіретін нәзік үнмен: «Кәне, жаным, оймақтай ғана аузыңды ашып жіберші, мына бір тәттіні салып жіберейін», – деп қиылып тұрғаны. Мұндайда аңқиып ашылмайтын ауыз болмайтыны өзінен-өзі түсінікті ғой. Бір-бірінің туған  күндеріне кейде шетіне моншақ тізген тіс тазалағыш салатын қобдиша секілді ойға келмейтін нәрселерді сыйға тартып жатады. Және диванда отырып алып, қайдан ойларына түсе кететінін бір Құдайым білсін, бірі калиянын қоя салып, екіншісі қолындағысын қоя салып, ұзақ-ұзақ

сүйісетін, сүйіскенде де бір-біріне тас кенедей жабысып, сүт пісірімдей уақыт сүйіседі. Бір сөзбен айтқанда, бақыттымыз деген адамдар осындай-ақ болар. Әрине, үйде істейтін басқа да жұмыстардың бар екенін байқауға болар еді, сүт пісірім сүйістер мен тосын сыйлықтардан басқа да көмейге кептеліп тұрған сұрақтар көп. Мәселен, ас үйде пайдасыз көп айналудың қажеті бар ма? Қойма неге қаңырап тұрады? Кілтші әйел неге ұрлық қылады? Малайлардың шетінен лас адамдар әрі ішкіш болатыны несі? Аула маңындағылар неге көп ұйықтайды және қалған уақыттарын неге сенделумен өткізеді? Бірақ мұның бәрі – ұнамсыз қылық, ал Манилова – тәрбие көрген әйел. Ал жақсы тәрбие пансиондарда берілетіні белгілі. Ал пансиондарда адам тәрбиесінің негізін басты-басты үш нәрсе құрайтыны тағы аян, ол: отбасының бақытты болуына қажетті француз тілі, күйеуінің көңілін сергітетін фортепьяно, және, ең ақырында, шаруашылықпен айналысу: әмияндар мен басқа да миға кірмейтін заттарды тоқу. Дегенмен, әсіресе қазіргі кезде, үйреншікті машықты жетілдіру мен өзгертудің басқа да амалдары бар; оның бәрі пансиондарды ұстайтын тәрбиеші әйелдердің өздерінің ақыл-парасаты мен қабілетіне байланысты. Басқа пансиондарда алдымен фортепьяноға, содан кейін француз тіліне, ал ең соңында шаруашылыққа баулиды. Ал кейде алдымен шаруашылықты, яғни кесте тоқуды, сосын француз тілін, содан кейін барып фортепьянаны үйретеді. Әдістің де түр-түрі болады. Манилова туралы басқа да ескертулер жасауға болар еді… бірақ, шынымды айтсам, әйелдер туралы бірдеңе деуден қатты қорқамын, сосын, қонақ бөлме есігінің алдында «алдымен сіз кіріңіз, жоқ, сіз кіріңіз» деумен бірнеше минөт кідіріп қалған кейіпкерлерімізге қайта оралатын мезгілім де болып қалды.

— Мен үшін қам жемеңіз, мен сізден кейін кіремін, алдымен сіз рахым етіңіз, — деді Чичиков.

— Жоқ, Павел Иванович, сіз меймансыз, – дейді Манилов, есікке қарай қолын жайып.

— Әбігер болмаңыз, әбігер болмаңыз дедім ғой. Қане, өте қойыңыз, — деді Чичиков.

— Жоқ, кешіріңіз, сіздей білімді асыл азаматтың өзімнен кейін кіруіне жол бере алмаймын.

— Білімдіңіз қалай?.. Өтіп кете қойыңызшы енді.

— Жоға, алдымен рахым етіп өзіңіз кіріңіз.

— Ол неліктен?

— Ол сондықтан! – деп жаялықтай жайылады Манилов.

Ақыры екі достың екеуі де есіктен қырындай кіремін деп біріне-бірі кептеліп қалды.

— Алдымен әйеліммен таныстыруға рұқсат етіңіз. Көкешім! Бұл кісі Павел Иванович!

Чичиков есік алдында Маниловпен кезек шұлғысып тұра бергенде мүлдем байқамағандай екен – көрікті әйел; өңіне сай киінген. Ашық түсті жібек қалпағы жарасып-ақ тұр; сүйріктей саусақтарымен үстел үстіне бір нәрсені асығыс тастай салды да, шет-шеті кестеленген бәтес орамалды ұстап қойды. Әйел өзі отырған диваннан көтерілді; Чичиков ықылас білдіре тұрып оның қолын алды. Манилова «келгеніңізге қуанып қалдық, күйеуімнің сізді еске алмайтын күні жоқ» деген секілді бірдеңелерді сақаулана тұрып айтқандай болды.

— Онысы рас, – деп қалды Манилов, – бұл кейде менен: «Әлгі досың қашан келеді?» – деп сұрайды. Ақыры, міне, келуіңізбен бізді бір қуантып тастадыңыз. Шын айтам, қуанышқа бөледіңіз… мамырдың жаймашуақ күні… жаныңа жақын иелік…

Чичиков «жүрекке жақын иелік» дегенді естігенде сәл қысылыңқырап қалды және осыған байланысты сұрақтарға пәлендей атағы да, дардай дәрежесі де жоқ екендігін айтып, кішіпейілділікпен жауап берді.

— Сізде бәрі де бар, — деп сөзін бөлді Манилов, көңілді күлкімен, — сізде одан да көп нәрселер бар.

— Сізге қаламыз ұнады ма? – деп сөз қыстырды Манилова. – Онда уақытыңызды жақсы өткіздіңіз бе?

— Өте жақсы қала, тамаша қала, — деп жауап берді Чичиков, — және уақытымды да жақсы өткіздім: жанға жайлы жандар екен.

— Ал біздің губернаторымызға қалай қарайсыз? – деді Манилова.

— Аса құрметті және аса мейірбанды адам екені рас емес пе? – деп Манилов та киіп кетті.

— Шырқыраған шындық, — деді Чичиков, — аса көргенді адам. Лауазымына қандай лайықты, оны түсінуі қандай десеңіздерші! Осындай адамдардың көп болғанын тілеу керек.

— Адамды қабылдауын айтсаңызшы, жүріс-тұрысымен қалай кісілік көрсетеді десеңізші, — деп жымиды Манилов және саусағыңмен құлағының түбін қасығанда рахатқа бататын мысықтай боп, күлгенде көзі мүлдем жұмылып кетті.

— Өте мейірбанды әрі жайдары адам, — деп мадақтауын жалғастырды Чичиков, — және қандай шебер десеңізші! Тіпті ондай адам деп ойлаған жоқ едім. Үйдің әртүрлі кестесін қалай тігеді десеңізші! Ол өзінің тоқып шығарған әмиянын көрсетті: ондай шебер тоқитын әйел сирек шығар.

— Ал вице-губернатор қандай аяулы адам, рас қой? – деді Манилов, тағы да көзін қысыңқырап.

— Өте, өте лайықты адам, — деп жауап берді Чичиков.

— Ал енді кешіріңіз, полицмейстерге қалай қарар едіңіз? Өте жұғымды адам екені рас қой?

— Өте жұғымды және қандай парасатты, қандай оқыған адам десеңізші. Біз оның үйінде прокурормен және палата төрағасымен бірге әтеш шақырғанға дейін  вист ойнадық; өте, өте жарамды адам.

— Ал енді полицмейстердің әйелі туралы қандай пікірдесіз? – дегенді қосты Манилова. — Өте сүйкімді әйел екені рас қой?

— О, ол кісі дегеніңіз өзім білетін әйелдердің ішіндегі ең келістісі, — деп жауап берді Чичиков.

Бұлардың қатарында палата төрағасы да, почтмейстер де қалған жоқ, осылайша қала шенеуніктерінің барлығы да аталды және бәрі де лайықты адамдар болып шықты.

— Сіз уақытыңызды ылғи деревняда өткізесіз бе? – деп сұрады өз кезегінде Чичиков.

— Көбіне деревняда, — деп жауап берді Манилов. – Рас, кейде білімді адамдармен жүздесіп қалу үшін қалаға да  барып тұрамын. Егер өмір бойы үйден шықпасаңыз, жабайыланып кетесіз.

— Рас, рас, — деп, қостай кетті Чичиков.

— Әрине, — деп, сөзін жалғастырды Манилов, — көршің жақсы болса бір сәрі, мәселен, қайырымдылық, әдептілік жөнінде сөйлесе білетін, жан жүрегіңе қозғау салып, былайша айтқанда, қиялыңа қанат бітіретін, қандай да бір ғылымды бақылауға көмек беретін адам болса дейсің ғой… – Осы арада ол тағы да бірдеңелер турасында айтпақ болды, бірақ тым аңқылдап кеткенін байқап қалды да, қолымен тек ауаны түрткілеп, — онда, әрине, деревняның да, оңашалықтың да өз рахаттары көп болар еді. Бірақ ондай ештеңе де жоқ… Тек оқта-текте ғана «Сын отечестваны»1 оқып қаласың.

Чичиков бұл пікірді біржола қолдады және осындай оңашада өмір сүріп, табиғат суреттерінен нәр алғанға, кейде бір кітап оқығанға не жетсін дегенді қосып қойды…

— Бірақ білесіз бе, — деп сөз қосты Манилов, — егер ойыңызды бөлісетін адам болмаса, бәрі де зая…

— О, бұл енді әділ сөз, дұп-дұрыс айтасыз! – деп Чичиков оның сөзін бөлді. — Әлемнің бар қазынасы оған тең келмес! «Мың сомың болғанша, мың жолдасың болсын» деген екен бір данышпан!

— Және де білесіз бе, Павел Иванович, — деді Манилов, жүзіне тәтті қуаныш қана емес, сонымен бірге айтулы дәрігер пациентін қуанту үшін, кермек ішірткіні зорлап ішкізіп жіберетін кездегі күлкі пайда бола қалып. – Сонда рухани жағынан бір жеңілдеп қаласыз… Мәселен, тап қазір менің сізбен сұхбаттасуымның сәті түскендіктен, жаным жай тауып, рахатқа бөленіп отырғаным секілді…

— Қойыңызшы, қайдағы сұхбат?.. Мен бір болмашы ғана адаммын, барым сол, — деп қарсыласа кетті Чичиков.

— О, Павел Иванович, маған ашығын айтуға рұқсат етіңіз: мен сіздегі ізгілікке лайық болу үшін, қолымда бар байлықтың тең жартысын қуана отырып берген болар едім!..

— Керісінше, мен өз тарапымнан сіздің ізгілігіңіз үшін…

Егер осы сәтте кіріп келген малай астың дайын болғанын  баяндамағанда, екі достың бірін-бірі шектен тыс мақтаулары қаншаға созылары беймәлім еді.

— Рахым ете көріңіз, — деді Манилов. – Егер біздің үйдегі түскі ас астанадағыдай болмаса, кешірім өтінемін, бізде орыс әдеті бойынша қарапайым щи беріледі, бірақ шын жүректен. Мархабат етуіңізді сұраймын.

Бұл жерде бұлар кімнің бірінші кіруі керектігі жөнінде керілдесіп, тағы да біраз бөгеліп қалды, ақырында Чичиков асханаға бір қырындай өтті.

Асханада биік орындықтарға отыруға жарап қалған Маниловтың екі ұлы тұр еді. Олардың жанында сыпайы жымиыспен иіліп мұғалімі тұр. Үй иесінің әйелі өзінің суп ішетін табағына жақын жайғасты; қонақ ерлі-зайыптылардың ортасына отырды, малай балалардың мойнына майлық орамал байлады.

— Қандай сүйкімді балалар, – деді Чичиков, оларға қарап, – нешеде?

— Үлкені сегізге шықты, ал кішісі кеше ғана алтыдан асты, – деді Манилова.

— Фемистоклюс!1 – деді Манилов, алқымын лакей байлаған орамалдан босатпақ боп жатқан үлкен ұлға қарап. 

Чичиков, неге екені белгісіз, грек есіміне ұқсас адам атын естігенде қасын қағып қалды, бірақ Маниловтың сөзді «юспен» аяқтағанына қарамастан, қалыпты райына қайта түсті.

— Фемистоклюс, айта қойшы, Францияның жақсы қаласы қалай аталады?

Мұғалім бар назарын Фемистоклюске аударды және орнынан атып тұра жаздады, бірақ Фемистоклюс: «Париж» деген кезде, көңілі жай тауып, басын изей берді.

— Ал біздегі жақсы қала қалай аталады? – деп сұрады Манилов тағы да.

Мұғалім тағы да назар аударды.

— Петербург, – деп жауап берді Фемистоклюс.

— Тағы да қандай қала бар?

— Мәскеу, – деп жауап берді Фемистоклюс.

— Ақылыңнан айналайын, – деді Чичиков бұған. – Қарай гөр, – деп, сөзін жалғастырды ол, осы арада таң қалған адамның түрімен Маниловтарға қарап. – Мынадай жаста білмейтіні жоқ! Мен айтар едім, мына баланың жұлдызы жанғалы тұр екен.

— О, оны сіз әлі білмейсіз, – деп сөзін жалғастырды Манилов, – оның тауып айтатын сөздері әлі көп. Ал мына кішісі, Алкид1 онша алғыр емес, ал мынау, тап қазір бит пе, бүрге ме, бірдемені көзі шалды ма, – заматта-ақ көзі жайнап шыға келеді; бірден назар аударып, соңынан тұра қуады. Мен мұны дипломатия жағына баулып жүрмін. Фемистоклюс, – деп сөзін созбақтады ол, тағы да ұлына қарап, – елші болғың келе ме?

— Болғым келеді, – деп жауап берді Фемистоклюс, аузындағы нанын шайнап, басын оңға да, солға да бұлғақтата отырып.

Осы кезде артқы жақта тұрған малай елшінің мұрнын сүрте қойды және жақсы істеген екен, әйтпегенде мұрнынан аққан маңқасы алдындағы табағына тамып кетуі мүмкін еді. Дастарқан үстінде тыныш өмір, жан рахаты туралы әңгіме басталып, оны үй иесі әйелінің қалалық театр, ондағы актерлар туралы ескертпелері бөліп кетіп отырды. Мұғалім әңгіме-дүкен

құрушылардың қабағын аңдып, олар күле бастаса болды, бұл да аузын ашып, бірге күліп отырды. Тәрізі, осындағы сыйлы адамдардың бірі болса керек, үй қожасының ықылас пейіліне  жылы ықыласпен жауап беруге тырысып отырды. Дегенмен, бір рет қарсы жағында отырған балаларға қарап, қабағын түйіп, үстелді тықылдатып қойды. Онысы орынды болды, өйткені Фемистоклюс Алкидтің құлағын тістеп  алды да, Алкид көзін жұмып, аузын ашып, жылап жіберуге сәл қалған, бірақ, олай істесе, алдындағы тамағынан айрылып қалуы мүмкін екенін түсіне қойып, қиюы кете бастаған аузын қалпына келтіріп, көзінен жасы сорғалай отырып, екі беті май-май болып, қойдың сүйегін мүжи берді. Үй иесінің әйелі Чичиковке қарата қайта-қайта: «Сіз тамақ алмадыңыз ғой, өте аз жедіңіз», — деумен болды, оған Чичиков әр жолы әдеппен: «Құдай қолдасын, алып отырмын, жақсы әңгіме дәмді астан да тәбетті», — деп жауап берумен болды.

Тамақ ішіліп, жұрт орындарынан тұрды. Келісті дастарқан жасалғанына дән риза болған Манилов, мейманды сүйемелдеп, қонақ бөлмеге шығарып салуға ыңғайлана берген кезде, кенет Чичиков үй иесіне аса маңызды әлпетпен, аса қажетті бір шаруа туралы сөйлескісі келетінін мәлімдеді.

— Олай болса сізді өз кабинетіме шақыруға рұқсат етіңіз, — деді Манилов және терезесі көк орманға қараған бір шағындау бөлмеге қарай алып жүрді. – Мен отыратын бөлме осы, —  деді Манилов.

— Жинақы бөлме екен, — деді Чичиков, айналасына көз тастап.

Шынын айтсақ, бөлменің жинақылығы шамалы еді: қабырғалары сұрғылт-көк бояумен сырланған, төрт орындық, бір кресло, үстел, оның үстінде әлгінде айтып өткен, бір бетіне қағаз қыстырылған кітап жатыр, шимайланған қағаздар, бірақ бәрінен де темекі көптеу көрінді. Оның өзі де әр қилы: картуздарға2 салынғаны бар, қалталарға салынғаны бар, үстел үстінде үйіліп жатқаны бар. Екі терезенің алдында да калияннан қағып түсірілген, әдемілеп қатар-қатар үйілген темекі күлдері. Үй қожасының кейбір кездерде осында уақыт өткізетіні көрініп тұр.

— Сізден мына креслоға отыруыңызды сұрауға рұқсат етіңіз, — деді Манилов жымиып. – Осы орын сізге ыңғайлырақ болар.

— Орындыққа отыруыма рұқсат етіңізші.

— Жоқ, рұқсат етпеуіме рұқсат етіңіз, — деді Манилов жымиып. – Бұл қонақ отыруға арналған кресло: қаласаңыз да, қаламасаңыз да отырасыз.

Чичиков отырды.

— Сізге калиян ұсынуға рұқсат етіңіз.

— Жоқ, тартпаушы едім, — деді Чичиков, сонысына өзі де өкінетіндей түрмен сыпайы ғана жауап беріп.

— Неліктен? – деп, Манилов та өкінгендей болды.

— Әдет етпеппін, қорқамын; калиян зиян деседі ғой.

— Мұның қате түсінік екенін ескертуге рұқсат етерсіз. Мен, тіпті, темекіні иіскегеннен, калиян тартқанның өзі пайдалы дер едім. Біздің полкта

бір поручик болды, несін айтасыз, білмейтіні жоқ, тамаша адам, сол калиянды дастарқан басында ғана емес, ұлы сөзде ұяттық жоқ дегендей, әжетханада да аузынан тастамайтын. Енді міне, қырықтан асып отыр, бірақ, Құдайға шүкір, қазірге дейін құлын-тайдай ойнайды.

Чичиков солай болатыны рас екенін, задында, ақылы көл-дария адамдардың өзінде де түсіне бермейтін құбылыстардың болатындығын қуаттады.

— Бірақ, алдымен бір өтініш айтуға рұқсат етіңіз… – ол мұны әдеттен тыс, оғаштау үнмен жеткізді және жасырған бір нәрсесі бар адамдай, артына жалт қарады. – Тексеріс тізімін1 тапсырғаныңызға көп болды ма?

— Көп болғанда қандай; одан да есімде жоқ десем де болатын шығар.

— Содан бері өлген шаруалар көп пе?

— Біле алмадым, ол туралы, меніңше, піркәзшіктен сұрау керек. Әй, малай, піркәзшікті шақыршы, ол бүгін осында болуға тиіс. 

Піркәзшік келді. Бұл бір қырыққа келіп қалған, сақалын қырып жүретін, сюртук киетін және, тәрізі, алаңсыз өмір сүретін кісі болса керек, өйткені бет-аузы ісіңкі көрінді, ал сарғыш  тартқан өңі мен ұйқылы-ояу көздерінен құс жастықтың рахатын көп көргені байқалып тұр. Мырзалардың барлық  піркәзшіктері өтетін жолдан мұның да өткені бірден байқалады: алдымен хат танитын бала болған, сонан соң мырзаның кілтші Агашкасына үйленген де өзі де кілтші болған, ал кейін келе піркәзшікке айналған. Ал піркәзшік болып алған соң, бәрінің істейтінін бұл да істей бастаған: деревнядағы ауқатты адамдармен ауыз жаласып, кедей отбасыларына артық алым-салық салып отырған, сосын сағат тоғызға қарай бір-ақ оянып, самаурынға қайнаған шайды қанғанша ішетін болған.

— Айтып жіберші, жарқыным! Ревизия өткелі бізде қанша шаруа өлді?

— Қаншасы қалай? Одан бері көп адам өлді, — деді піркәзшік және тап осы сәтте ықылығы құрғыр келе қолын, аузын алақанымен қалқалай берді.

— Иә, шындығын айтсам, өзім де солай ойлағанмын, — деп іліп әкетті Манилов, – ып-рас, өте көп өлді! – Сосын ол Чичиковке бұрылып, – иә, солай, көп өлді, – дегенді қосып қойды.

— Ал, мәселен, сан жағынан қанша? – деп сұрады Чичиков.

— Иә, саны қанша? – деп қайталады Манилов.

— Санын қайдан білейін? Қанша өлгені белгісіз ғой, санаған жоқпыз.

— Иә, дәл солай, — деді Манилов, Чичиковке бұрылып, – көп өлген шығар деп өзім де ойлаушы едім, өлім көп; қанша өлгені мүлдем белгісіз.

— Сен, шырақ, соларды қайта санап шықшы, – деді Чичиков, және бәрін де атап-атап тізімін жаса.

— Иә, бәрінің аты-жөнін көрсет, — деді Манилов.

Піркәзшік: «Құп болады!» — деді де шығып кетті.

— Ал сізге ол не мақсатқа керек? – деп сұрады Манилов піркәзшік кеткен соң.

Бұл сұрақ қонақты қатты қинағаны қызарып кеткен сықпытынан да көрініп тұрды. Мүлдем сөзге бағынбайтын сөздерді қалай деп айтсын. Шындығы да сол, ақыры Манилов ақылға қонбайтын, әлі құлақ естімеген  бір сандырақтарды естуге мәжбүр болды.

— Не мақсатқа керек дейсіз бе? – деп қайталады Чичиков, — керек болып тұр ғой: мен шаруаларды сатып алайын деп едім… – ол тұтығып барып сөзін аяқтады.

— Бірақ сізден сұрауға рұқсат етіңіз, — деді Манилов, — шаруаларды қалай сатып алмақсыз: жерімен бе әлде соқа бастарын ба, яғни жерсіз сатып алғыңыз келе ме?

— Жоқ, мен шаруалардың өзін айтып отырған жоқпын, — деді Чичиков, — мен өлгендерді алғым келеді…

— Қалай дедіңіз? Кешіріңіз… қағыс естідім бе, маған бір кісі нанғысыз, оғаш сөздер естілгендей болды…

— Мен ревизия бойынша тірі адам ретінде саналып жүрген өлі жандарды сатып алғым келеді, — деді Чичиков.

Манилов мұны естігенде калиянды чубугін1  еденге түсіріп алды және таңданыстан ашылған аузы бірнеше минөтке дейін аңқиған күйінде қалды. Достық өмірдің ләззаты туралы әңгіме айтып отырған екі достың екеуі де бұрынғы кезде айнаның екі жақтауына қарама-қарсы іліп қоятын портреттер секілді, бірінің көзіне бірі қарап сілейіп қалыпты. Ақыры Манилов еденнен ұзын сапты калиянын көтерді де, әріптесінің ернінде жымиыс жоқ па, осы сөздерді әзілдеп айтып отырғаннан сау ма дегендей, оның жүзіне төменнен жоғары қарай барлай қарады; бірақ ондай ештеңе байқалмады, керісінше, әріптесінің жүзі бұрынғыдан гөрі салмақтырақ көрінді; сосын осы менің мейманым жазатайым жынданып кеткеннен сау ма дегендей, оған қорқынышпен ұзақ қарады; бірақ қонағының көзі өз орнында, жынданған адамның көзіндей, ойнақшып, от шашып тұрған жоқ, бәрі де баз баяғыдағыдай. Манилов енді не істесем екен деп, қанша ойланғанмен, аузындағы қалған түтінді сыздықтатып шығара салғаннан басқа ештеңе ойлап таба алмады.

— Сонымен, мен білгім келіп отыр, сіз маған ақиқатында тірі емес, бірақ заңдық жағынан алғанда, тірілердің қатарына жататын жандарды бере алар ма екенсіз немесе, қалауыңыз білсін, қия алар ма екенсіз?

Бірақ Маниловтың есеңгіреп қалғаны сонша,  бұған қадалды да қалды.

— Меніңше, сіз қиналып отырған сияқтысыз?.. – деп қалды Чичиков.

— Мен бе?.. жоқ, мен оны емес, – деді Манилов, – бірақ әлі ұға алмай отырмын… кешіріңіз… мен, әрине, сіздің бүкіл қимылыңыздан көрініп тұрғандай, тамаша білім ала алмаған адаммын; көшелі сөз айту өнерін үйренбеген соң… Бәлкім, бұл жерде… сіздің айтқан сөздеріңіздің астарында…


басқа бірдеңе жатқан шығар… Мүмкін, сіз бұл сөздерді буындарының әдемілігі үшін айтқан боларсыз?

— Жоқ, – деп іліп әкетті Чичиков, – жоқ, мен әр нәрсені өз атымен атап отырмын, яғни, зап-зайыр өліп қалған жандарды айтып отырмын.

Манилов мүлдем састы. Ол бірдеңе істеу керектігін сезді, сұрақ қойса қайтер екен? Бірақ қандай сұрақ қоймақ – сайтан білсін. Ақыры, бұл тірлік тағы да түтін шығарумен аяқталды, бірақ бұл жолы ол түтінді аузынан емес, танауынан шығарды.

— Сонымен, егер басқа кедергілер болмаса, онда Құдай сәтін салсын деп, сатып алу шартын1 жасауға кірісе берсек болар еді.

— Өлі адамдарды қалай сатып алмақсыз?

— Жоға! – деді Чичиков. – Біз оларды ревизиялық тізімде тұрғандықтан тірі деп жазамыз. Осы үшін қызметте таяқ жеп жүрсем де, мен азаматтық заңдардан қия баспауға үйренген жанмын, онымды кешірерсіз: міндеттілік – мен үшін бәрінен де қасиетті іс,  ал заңға келсек – мен заңның алдында аузымды ашпаймын.

Соңғы сөздер Маниловқа ұнап қалды, бірақ істің мәніне түсіне алмай-ақ қойды және жауап берудің орнына чубугін үсті-үстіне сора бергені сонша, ақыры онысы фагот2 секілді қырылдай бастады. Бейне бір, бұл одан құлақ естімеген ахуал жайындағы пікірді сорып шығарғысы келгендей; бірақ чубуктің қырылдағаны болмаса, ешқандай хабар бермеді.

— Бәлкім сіз әлденеге күдіктеніп отырған шығарсыз?

— Жоқ! Құдай  сақтасын, түк күдігім жоқ. Мен әншейін, сіз туралы бір теріс пікір туып жүрмес пе екен дегенім ғой. Бірақ бірін айтқан соң, бәрін айтып қалайын, бұл істің өзі негоцияға3 жатпас па екен және де осы негоцияңыз Ресейдің азаматтық қаулылары мен бұдан кейінгі істеріне сәйкес келмей жүрмей ме?

Осы арада басымен бірсыпыра қозғалыс жасаған Манилов өзінің бет-әлпетін барлық қырынан көрсете отырып және жымқырып алған еріндерімен аса бір ақылы тасыған министр болмаса, адам баласында кездесе бермейтін кейіппен Чичиковтің жүзіне терең оймен қарап қалды.

Бірақ Чичиков мұндай кәсіп немесе негоция, Ресейдің азаматтық қаулыларына ешбір қайшы келмейтіндігін қарапайым тілмен түсіндіріп берді, ал сосын, бір минөттен кейін бұдан, тіпті, қазынаның пайда табатынын, өйткені заңды баж салығын алатынын қоса айтып берді.

— Сіз солай ойлайсыз ба?

— Мен бұл жақсы болар еді деп ойлаймын.

— Ә, егер жақсы болса, онда әңгіме басқа: менің оған қарсылығым жоқ, — деп Маниловтың көңілі орнына түсті.

— Енді тек бағасына келісу ғана қалды…

— Бағасына келіскені қалай? – деді Манилов тағы да абдырап.

— Сіз мені шынымен-ақ жер басып жүруін тоқтатқан жандар үшін ақша дәметеді деп ойлайсыз ба? Егер сіздің қаперіңізге осындай қияли ой келе қалған болса, айтып қояйын, мен соларды сізге өтеусіз өткізіп,  сатып алу жағын өзіме-ақ қалдырайын.

Егер Маниловтың аузынан шыққан мынадай сөздерден кейін қонақтың сүйсіну сезіміне бөленгенін айта кетпесек, осы оқиғаларды ұсынып отырған тарихшыға үлкен сын болар еді. Ол қаншама сабырлы әрі салмақты болғанмен, осы сөздерді естіген кезде, сәл нәрседен елеңдеп тұратын ешкідей, орнынан ұшып кете жаздады. Оның креслода отырып шұғыл бұрылғаны сонша, жастықтың тысын қаптаған жүн мата жыртылып кетті; Маниловтың өзі де оған шамалы таңданыспен қарады. Осындай ризашылыққа көңілі марқайған ол, алғыстан алғысты үсті-үстіне жаудырағаны сонша, анау қысылғаннан қызарып кетті, сасқанынан басын шайқап, ақыры, мұның бәрі ештеңе емес екенін, жүрек алғысын білдірмек болғанын, ал өлген адамдардың,  былайша айтқанда, көк тиындық құны жоқ екенін айтып құтылуына тура келді.

— Құны бар, — деді Чичиков, оның қолын қысып. Осы арада ол терең тыныстап алды. Енді жүрекжарды сөздерін жаудырғысы келіп отырғандай көрінді; ақыры, мынадай сөздерді ойланбастан тоғытты: — Егер сіз атасы жоқ, тегі жоқ, шынын айтсам, түкке алғысыз адамға мына жомарттығыңызбен қандай қызмет жасағаныңызды білсеңіз ғой! Шынында, мен не көрмедім? Асау толқын арасындағы ескексіз қайық едім ғой… Қандай қуғын-сүргінді көрмедім, қандай қайғы-қасіретті бастап кешпедім және не үшін? Шындық үшін шырылдап, ар жолында адал болғаным үшін бе? Қауқарсыз, кембағал жесірлер мен жетімдерге көмек  қолымды созғаным үшін бе!.. – Осы арада ол көзінен еріксіз ыршып кеткен жасын бет орамалымен сүрте берді.

Маниловтың ет-жүрегі елжіреп кетті. Екі дос бір-бірінің  қолын ұзақ қысты және бір-бірінің жасқа толы көздеріне ұзақ-ұзақ қарады. Манилов біздің кейіпкеріміздің қолын жібергісі келмей, құшырлана қыса түскені соншалық, анау өзінің қолын босатып алудың амалын таппай, қарап тұрып қысылды. Ақыры, қолын жайлап босатып алған ол, сатып алу шартын тезірек жасасқан жаман болмас еді және қалаға өзі барып қайтса одан да тәуір болар еді дегенді айтты. Сосын қалпағын алып, басын иіп қоштаса бастады.

— Қалай? Сіз кетуге жиналдыңыз ба? – деді Манилов, кенет түсінен шошып оянғандай.

Осы кезде кабинетке Манилова кірді.

— Лизанька, — деді Манилов адам аярлық түрмен. – Павел Иванович бізді қалдырып барады!

— Өйткені біз Павел Ивановичтің мазасын алдық, — деп жауап берді Манилова.

— Сударыня! Мынау жердесіз, — деді Чичиков жүрегінің тұсын қолымен көрсетіп, — иә, сіздермен өткізген естен кетпес сағаттарым менің мына жерімде! Және ақиқатын айтайын, сіздермен бір үйде бірге тұрмағанның өзінде, тым болмаса, жақын көрші тұрудың өзі мен үшін басқа берген бақыт болған болар еді.

— Рас-ау, Павел Иванович, — деді, досының мынадай ойын ұнатып қалған Манилов, — егер бір үйде, бір шатырдың астында немесе бір ағаштың көлеңкесінде, өмір туралы пәлсапаны соғып бірге жатсақ қандай жақсы болар еді, шіркін!..

— О! Ол  дегеніңіз нағыз жұмақ болар еді-ау! – деді Чичиков күрсініп. – Қош болыңыз, сударыня! – деді ол Манилованың қолын сүйіп жатып. – Қош болыңыз, қимас досым! Өтінішімді ұмытпаңыз.

— О, оған қам жемеңіз! – деп жауап берді Манилов. – Мен сізбен көп болса екі күнге қоштасамын.

Бәрі  бірге асханаға кірді.

— Сау болыңдар, кішкентай балақайлар! – деді Чичиков қолы мен мұрнын сындырып үлгірген ағаш гусарды ермек етіп отырған Алкида мен Фемистоклюсті көрген кезде. – Қош болыңдар, менің кішкентайларым. Менің сендерге сыйлық әкелмегенімді кешіре көріңдер, өйткені, шынымды айтсам, сендердің өмірде бар екендеріңді де білмедім ғой; ендігі келгенде сөз жоқ әкелемін. Саған қылыш әкеп беремін, саған қылыш керек пе?

— Керек, — деп жауап берді Фемистоклюс.

— Ал саған барабан, солай емес пе? – деп сөзін жалғастырды ол, Алкидаға еңкейе беріп.

— Парапан, — деп сыбырлады Алкид, басын салбыратып.

— Жарайды, мен саған барабан әкелемін. Барабан болғанда да керемет барабан: туррр…ру… тра-та-та, та-та-та… Қош бол, құлыным! Қош бол! – Осы арада ол балақайдың басынан сүйді және баланың тілегі – періштенің тілегі дегендей раймен Манилова мен оның еріне күлімдей қарады.

— Қонып кетсеңізші, Павел Иванович! – деді Манилов, барлығы есік алдына шыққан соң. – Қараңызшы, бұлт түнеріп келеді.

— Ол – тарап кететін бұлттар ғой, — деп жауап берді Чичиков.

— Собакевичке апаратын жолды білесіз бе?

— Соны сізден сұрайын деп едім.

— Қазір, мен сіздің көшіріңізге түсіндіріп берейін. – Осы арада Манилов мән-жайды көшірге ақтарыла түсіндірді, тіпті, бір рет оған «сіз» деп те қалды.

Екі бұрылыстан өткен соң, үшінші бұрылыста бұрылу керектігін естіген көшір: «Құзырыңызға құлдық, мырзам» деп алғысын айтты, сонымен өкшелерін көтеріп, орамалдарын бұлғап ұзақ қоштасқан үй иелерінің ықыласына көңілі толған Чичиков ұзай берді.

 

Үшінші тарау

 

Ал Чичиков  болса бағаналы жолға1баяғыда түсіп алған күймесінің үстінде көңілі жайланып бара жатты. Оның түпкі мақсатының аясы нені көздейтіні алдыңғы бөлімдерде айтылған, сондықтан оның кешікпейжанымен де, тәнімен де сол ойдың түбіне біржолата батып кеткеніне таң қалуға болмайды.

Осындай ұзын сонар әңгімемен отырып, Селифан ақыры дүниенің бәрін ұмытты.  Егер Чичиков құлағын салған болса, онда өзіне байланысты көп әңгіме естіген болар еді, бірақ өз ойымен өзі  болып кеткені сонша, күннің гүрс етіп күркірегені ғана есін жиып, айналасына қарауға мәжбүр етті: аспанды бұлт торлап, шаң басқан пошта жолына жаңбыр тамшылай бастады. Ақыры, аспан тағы бір рет жақын жерден гүрс ете қалды да, кенет жаңбыр құйып кетті. Қиғаштай жауған жаңбыр алдымен күйме шатырының бір бүйірін, сонан соң екінші бүйірін, сосын бағытын тағы да өзгертіп, тұп-тура төбесін ұрғылай бастады: жаңбыр тамшылары Чичиковтың да бетіне тиіп жатты. Бұл оны жолға қарап отыруға арналған екі дөңгелек терезесі бар былғары пердені жауып алып,  Селифанға тезірек айда деп әмір қылуға мәжбүр етті. Әңгімесін дәл ортадан үзген Селифан да қамсыз қалмау керектігін түсіне қойып,  ершігінің астынан сұрғылт мәуітіден тігілген бірдеңені екі жеңіне киді де, делебені қолына алып, насихат сөзді түсінгендей болып,  мүлгіп келе жатқан аттарға қышқырып қалды. Бірақ Селифан екі немесе үш бұрылыстан өткенін есіне түсіре алмады. Артта қалған жолды еске түсіре отырып ол, ақыры, көптеген бұрылыстардан өтіп кеткенін түсінді. Бірақ, орыс адамының ең қысылтаяң минөттерде де жол тауып кететін әдеті бойынша, көп сөзге бармастан, алғашқы айқаспа жолға жетісімен-ақ оңға бұрылып, аттарға: «Шүу, жануар!» — деп қамшы басты да, жолдың қайда алып баратынын ойлап жатпастан, шаба жөнелді.

Алайда жаңбыр жуық арада тыйыла қоймады. Шаңдақ жол лезде-ақ батпаққа айналды да, аттардың жүрісі минөт сайын қиындай берді. Чичиков Собакевич деревнясының алыстан көріне қоймағанына қатты алаңдай бастады. Оның есебі бойынша, баяғыда-ақ барып қалса керек еді. Ол жан-жағына қарап еді, көзге түртсе көрінбейтін қараңғыдай ештеңе көзге көрінбеді.

— Селифан! – деді ол ақыры, күймеден басын шығарып.

— Не мырзам! – деп жауап берді Селифан.

— Деревня көріне ме, көз салшы!?

— Жоқ, мырзам, ештеңе көрінбейді! – Осыдан соң Селифан ән дейтін ән емес, жыр дейтін жыр да емес, ұзын сонар бірдеңені ыңылдап айта бастады. Оның ішінде Ресейдің ол шетінен бұл шетіне дейін жететін ат айдаушының қышқырған, ысқырғаны да бар еді; ауызға алдымен оралған сөздің бәрі анықтауыш, пысықтауышына қарамай, осы мақамға сыйып кететін. Осылайша ол, ақырында, аттарды хатшылар деп атауға көшті.

Бұл кезде Чичиков арбаның екі жаққа кезек ауытқып, іші-бауырын солқылдата бастағанын сезіп отырған-ды; ол бұлардың жолдан ауытқып, жыртылған егістіктің ішінде келе жатқанын сездірер еді. Мұны Селифанның өзі де сезді, бірақ тіс жарып ештеңе айтпады.

— Әй, алаяқ,  қандай жолмен тартып келесің? – деді Чичиков.

— Амалым қайсы, мырзам, уақыт солай; қол созым жер көзге түртсе көрінбейді! – Осыны айтып ауыз жиғанша ол күймені аударып ала жаздады, Чичиков жақтаудан қос қолдап ұстап, әрең қалды. Ол Селифанның жұтып алғанын енді ғана білді.

— Абайла, абайла, аударасың! – деп ақырды ол оған.

— Жоқ, мырзам, аудара қоймаспын, — деді Селифан. – Аударып алсам жақсы болмайтынын өзім де білемін; бірақ аудара қоймаспын.

Сонан соң ол арбаны жайлап бұра-бұра келе, ақыры, бір жағына қисайтып тынды. Чичиков қолымен де, аяғымен де саз балшыққа былш ете  түсті. Селифан, алайда, аттардың басын тартып үлгірді; әйтсе де әбден титықтаған жануарлар онсыз да тоқтағалы келе жатқан. Мұндай күтпеген жағдай оны мүлдем таң қалдырды. Мырзасы батпақтан шыға алмай тырбаңдап жатқанда, ершіктен түсіп, арбаның алдына келіп, екі бүйірін таянып тұрған ол, шамалы ойланып алған соң: «Қарай гөр, бұл да аударылады екен-ау!» — деді.

— Сен иттей массың! – деді Чичиков.

— Жоқ, мырзам, маған мас болуға бола ма? Мас болудың жаман нәрсе екенін мен білемін. Танысыммен сөйлескенім рас, өйткені жақсы адаммен сөйлескен сауап, онда тұрған ештеңе жоқ; базарлықты бірге жедік. Ішіп-жеу жаман іс емес; жақсы адаммен бірге ішіп-жегенге не жетсін.

— Ал соңғы жолы сен ішіп алғанда мен саған не деп едім? Ұмыттың ба?

— Жоқ, мәртебелі мырзам, оны ұмытуға бола ма? Мен өз ісімді білемін. Мас болу жақсы емес екенін білемін. Жақсы адаммен шүйіркелесіп қалған соң, әншейін… нетіп…

— Мен сені жақсылап сабап алсам, білесің жақсы адаммен сөйлесудің қандай болатынын.

— Оны өзіңіздің құзырыңыз білсін, — деп жауап берді бәріне де ықтияр Селифан, — сабағыңыз келеді екен, сабап алыңыз;  мен титтей де қарсы емеспін. Жазықты болсам, неге сабамасқа, оны мырзаның еркі біледі. Бір есептен, ол да дұрыс, себебі мұжық еркінсіп кетеді, тәртіпке шақыру керек. Айыбым болса, сабап ал; неге сабамасқа?

Мынадай сөзге мырзаның өзі де не айтарын білмеді. Бірақ осы кезде бұларға тағдырдың өзі аяушылық жасағандай болды. Алыстан иттің үргені естілді. Қуанып кеткен Чичиков аттарды айдауға әмір етті. Орыс арбасының осындайда көзін байлап жіберсең де, әйтеуір бір жерге алып баратын әдеті болады. Селифан сол әдет бойынша, түк көріп тұрмаса да, аттарды деревняға қарай бұрды да, күйменің тәртесі дуалға барып тірелгенше айдай берді. Чичиков қалың нөсердің арасынан үйдің шатырына ұқсайтын бірдеңені сонда ғана байқады. Ол Селифанды қақпаның қайда екенін біліп келуге жұмсады. Егер Русьте швейцардың орнына қабағын ит қызмет етіп, қақпаның қайда екенінен өршелене үрумен хабар бермесе, бұл жұмыс, сөз жоқ, ұзаққа созылған болар еді. Бір терезенің шамы жанды да, біздің жолаушыларға қақпаны көрсетіп, жаңбырлы, тұманды дуалға дейін жол ашты. Селифан қақпаны қаға бастады, кешікпей сенектің есігін ашып, үстіне армяк1 жамылған бір адам басын шығарды және сол замат мырза мен малай:

— Бұл қайсысың? Түнделетіп қайдан жүрсіңдер? – деп, қырылдай шыққан кемпірдің даусын естіді.

— Жолаушы едік, шешей, түнеп шығайық деп едік, — деді Чичиков.

— Қарай гөр бұлардың шапшаңын, — деді кемпір, — бұл қай келіс! Бұл саған керуен сарай емес, мұнда помещик әйел тұрады.

— Амалымыз құрып тұр, шешей: жолдан адастық. Мынадай жаңбырдың астында енді далада түнейміз бе?

— Дала тас қараңғы, барар жер жоқ, — деп Селифан да қыстырылды.

— Жап аузыңды, ақымақ, — деді оған Чичиков.

— Өзіңіз кім боласыз? – деп сұрады кемпір.

— Дворянинмін, шешей.

«Дворянинмін» деген сөз кемпірді сәл ойлануға мәжбүр етті.

— Күте тұрыңыз, мен қожаға хабар берейін, — деді ол және екі минөттен соң, қолшам ұстап қайта оралды.

Қақпа ашылды. Басқа терезенің де шамы жанды. Аулаға кірген жеңіл арба қараңғыда көмескілей көрінген бір жатаған үйдің алдына барып тоқтады. Терезеден түскен жарықтан үйдің жартысы ғана көрінеді; көлбей түскен сол жарық ауладағы көлшікті де жарқыратып жіберді. Жаңбыр тақтаймен жабылған шатырды сабалап тұр, ал іркінді су құйылысқа қойылған кеспекке сорғалай ағады. Шабалана үрген иттер ауыздарын жабар емес: әсіресе біреуі тұмсығын көтеріп, ұзақ-ұзақ сұңқылдағанда қандай да бір парызын адал өтеп тұрғандай, немесе сол үшін айлық алып жүргендей бәлденеді; екінші біреуі дұға оқып тұрған шіркеу қызметшісіндей жаттап алған сүресін жаңылмай қайталайды. Бұлардың ара-арасында поштаның қоңырауындай сылдырлата үретін тағы бір иттің үні естіліп қалады, тәрізі ересек иттерше үруді меңгеріп қалған жас төбет болса керек. Осының бәрін иттің табиғатын жете  меңгерген кәрі байтөбеттің контрабастың үніндей қарлығып шығатын үні басып тұр, бейне бір тамылжыта шырқайтын концерт дерсің: тенор жоғары нотаны айна қатесіз алуға тырысып, өңменін созған орындаушы секілді, ал бас жерге тіреген аспабынан терезені дірілдететіндей жуан үн шығаратын ойнаушыны еске салады.

Осынша музыканттардан құралған иттердің үрісінен-ақ бұл деревняның жаман ауыл емес екендігін аңғару қиын емес еді, бірақ үсті-басы малмандай су болып, тісі-тісіне тимей жаураған біздің кейіпкеріміз жылы  төсектен өзге еш нәрсені ойлаған жоқ. Күйменің тоқтауы мұң екен, ол кіреберіс сәкіге секіріп түсемін деп жығылып қала жаздады. Сәкіге алғашқы әйелге өте ұқсас, бірақ одан жастау тағы бір әйел шықты. Ол оны бөлмеге ертіп барды. Чичиков жан-жағына екі рет көз тастады: бөлменің қабырғаларына ескіре бастаған, жолақ-жолақ түсқағаздар ұсталған екен; әлдебір бейнеленген суреттер ілінген; терезелердің арасында ширатылған жапырақтарға ұқсайтын рамаларға салынған баяғы заманның кішкентай айналары қойылған; әр айнаның артында не үйілген хаттар, не ойын карталарының дестелері немесе шұлықтар үйіліп жатыр; циферблатына гүлдің суреті салынған сағат қабырғаға ілінген… одан өзге нәрселерді байқауға дәрмені жетер емес. Ол әлдебіреу бал жағып қойғандай кірпіктері жабысып, көздері жұмылып бара жатқанын сезді. Бір минөттен соң басында ұйықтағанда киетін желең тақиясы, мойнында асығыс жамылған түкті орамалы бар үй иесі, жасамыс әйел келіп кірді. Бұл басын бір жағына қисайтыңқырап алып, үнемі егіннің шықпағанына, шығынға батқанына налып жүретін помещик әйелдердің бірі еді, сөйтіп жүріп гүлді дорбаларға тыққыштаған ақшаларын сандықта сақтауды ұмытпайтын. Бір қарағанда, сандықта көйлек-көншек, түнде киетін кофталар, оралған жіптер, мереке кезінде күлше нан немесе самса пісіремін деп күйдіріп алғандай болса, көйлек тіге қоятын сөгілген салоп1 сақталатындай көрінгенмен, мұнда бір дорбаға өңкей бір сомдық, екінші дорбаға өңкей елу тиындық, үшінші дорбаға өңкей жиырма бес тиындықтар салынған қалталар жатады. Бірақ өзінен-өзі күйіп жатқан да, жыртылып жатқан да көйлек жоқ; кемпір дүние-мүлікті сақтауға келгенде ұқыпты-ақ, сондықтан сөгілген мата ұзақ жатады және кейін діни мұрагерлік бойынша, басқа да көр-жерлермен бірге немерелер мен шөберелерге көшеді.

Чичиков күтпеген жерден келіп қалғанына кешірім сұрады. «Оқасы жоқ, оқасы жоқ, — деді үй иесі. – Беймезгіл уақытта сізді қай Құдай айдап келді екен! Далада – дауыл… Жолда бірдеңе жеп алмаған екенсіздер, кеш болып қалды ғой, тамақ пісіре алмаймын».

Кемпірдің сөзін ысылдаған дыбыс бөліп жіберді, қонақ қорқып қалды; алғашында бөлме жыланға толып кеткендей көрінген; тек жоғарыға қараған соң барып көңілі орнына түсті, қабырға сағаттың соғатын уақыты болған екен. Ысылдаған дыбыстан соң, қырылдаған дыбыс естілді де, ақыры, сынған қыш ыдысты таяқпен ұрғылап жатқандай, сағат түнгі екіні соқты, сосын маятник бірде оңға, бірде солға тербеле отырып, үйреншікті ырғағына басты.

Чичиков жатын орыннан басқа еш нәрсенің қажет емес екенін айтып, үй иесінің қам жемеуін сұрады, тек қана қай жерге келгенін және помещик Собакевичтің иелігі бұл арадан қанша шақырым жерде екенін білгісі келетінін сұрады. Бұған кемпір ондай адамды естімегенін және ондай помещиктің мүлдем жоқ екенін айтты.

— Тым болмаса Маниловты білесіз бе? – деп сұрады Чичиков.

— Манилов деген кім тағы да?

— Помещик, шешей.

— Жоқ, естімеппін, ондай помещик жоқ.

— Қандай помещиктер бар?

— Бобров, Свинькин, Канапатов, Храпакин, Трепакин, Плешаков дегендерді білемін.

— Олар бай адамдар ма?

— Жоқ, әкесі, онша бай адамдар емес. Біреуінде басыбайлы жиырма жан, екіншісінде отыз жан дегендей, ал жүздеген шаруаны ұстап отырған помещиктер жоқ.

Чичиков айдалаға лағып кеткенін енді сезді.

— Тым болмаса қалаға дейін қанша жер екенін айтпас па екенсіз?

— Алпыс шақырымдай болар. Тамақ бере алмағаным өкінішті-ақ! Шай ішпес пе екенсіз, әкесі?

— Мың да бір рахмет, шешей. Ұйқыдан басқа ештеңе керек болмай тұр.

— Мұндай жолдан келгенде демалып алу керек-ақ. Мына жерге жантая кетіңіз, әкесі, мына диванға. Әй, Фетинья, көрпе-жастық пен ақ төсеніш әкел. Бұл да Құдайдың ісі ғой: күн күркірегенде – түні бойы Құдайдың бейнесінің алдына шырақ жағып қоямын. Әй, әкесі-ай, үсті-басыңыз батпақ қой, қайда жүріп аунағансыз?

– Батпақпен ғана құтылсам жақсы ғой, қабырғамды күйретпегеніне рахмет деңіз.

— Құдайдың шеберлігінде шек болсайшы! Арқаңызды бірдеңемен ысу керек пе?

— Рахмет, рахмет. Қам жемеңіз, тек қана қызыңызға менің киімдерімді тазалап, кептіріп қоюды тапсырсаңыз болғаны.

— Бері кел, Фетинья! – деді үй иесі, құс жастықты екі жағынан ұрғылап, бөлмені қауырсынға толтырып, сәкіге шамдал ұстап шыққан әйелге. – Бұл кісінің кафтаны мен іш киімін де, марқұм байбатшаға істегеніңдей, алдымен отқа кептіріп, лайын үгіп, тазалап таста, соңынан жақсылап тұрып қағып аларсың.

— Айтқаныңыз болсын, сударыня! – деді Фетинья, құс көрпенің үстіне ақ төсеніш жауып жатып, жастықты тастай бере. 

— Міне, енді төсегің дайын, — деді үйдің иесі. – Сау бол, әкесі, жайлы жатып, жақсы тұрыңыз. Тағы да бірдеңе керек емес пе? Бәлкім, сен әкесі, жатарда біреу табаныңды қытықтағанды тәуір көретін шығарсың? Менің марқұм күйеуім онсыз ұйықтай алмаушы еді.

Бірақ мейман табанын қытықтатудан бас тартты.

Ол бағана есіктен сығалаған әйелдің бөлмесіне жабықтан қарап еді, оның шай ішетін үстелдің жанында күтіп отырғанын көрді де, көңілді жүзбен еркінси басып кіріп келді.

— Саламатсыз ба, әкесі. Қалай ұйықтадыңыз? – деді әйел орнынан тұра бере. Ол кешегісінен тәуір киінген екен – үстінде қоңырқай түсті көйлек, басындағы кешегі телпегі жоқ, бірақ мойнына бұрынғысынша бірдеңе байлап алыпты.

— Жақсы, жақсы, – деді Чичиков, креслоға жайғасып жатып. — Өзіңіз қалайсыз, шешесі?

— Жаман, әкесі.

— Қалайша?

— Ұйқысыздық. Белім көтертпейді және тізеден жоғарғы жағым сыздайды да тұрады.

— Қояды, қояды, шешесі. Оған алаң болмаңыз.

— Айтқаның келсін, қойса екен. Мен шошқаның майымен сылап, скипидар жақтым. Ал шайды немен ішесіз?

— Құтыда жеміс шарабы бар.

— Тіпті жақсы, шешесі, жеміс шарабын да көреміз.

Чичиков сыпайлығына қарамастан, үй иесімен Маниловқа қарағанда еркіндеу сөйлесетінін оқушым байқаған болар. Біздің Русьте кейбір мәселелер жағынан шетелдіктерге жете қоймағанмен, адаммен тілдесу жөнінен оларды басып озғаны анық. Біздегі тілдесудің барлық қыры мен сырын санап шығу мүмкін емес. Оның ерекшеліктері мен айырмашылықтарын француздар  мен немістер ешқашан түсіне алмайды; ол бір дауыспен әрі бір ырғақпен миллионшымен де, ұсақ саудагермен де бірдей сөйлесе алады, әрине, іштей алғашқыларға шамалы бүйректері бұратын шығар. Бізде бәрі де басқаша: бізде екі жүз жаны бар помещикпен, үш жүз жаны бар помещикке қарағанда бөлекше; үш жүз жаны бар помещикпен, бес жүз жаны бар помещикке қарағанда бөлекше; бес жүз жаны бар помещикпен, сегіз жүз жаны бар помещикке қарағанда бөлекше сөйлесе алатын данагөйлер бар – қысқасы, миллионға жетсе де, бәрінің ығын табады. Айталық, мәселен,  мұнда емес, көз жетпес алыстағы бір мемлекетте кеңсе бар делік, ол кеңсенің, айталық, билеушісі бар делік. Ал енді сіз оның өз қарауындағылардың ортасында отырған пошымына қараңыз – қорқыныштан аузыңызға сөз түспей қалады! Оның жүзінен нені көруге болмайды? – бекзадалықты да, мейірбандықты да көруге болады. Қыл қаламыңызды алыңыз да, суретін сала беріңіз. Тұрған бойы — Прометей1. Прометейдің тап өзі! Сөзі майда, қарағаны қырандай. Бірақ сол қыраныңыз бөлмесінен шығып, өзінің бастығына барарда қағазын қолтығына қысып алып, құрдай жорғалайды. Қауымдар мен кештерде, егер бәрі де үлкен шенді болмаса, Прометей – Прометей күйінде қалады, ал өзінен сәл жоғары болса, Овидий2 жырлап өткендей, Прометей бірден шыбынға, шыбын емес-ау, бір түйір құмға айнала қалады! «Иә, мынау Иван Петрович емес, — дер едіңіз оған қарап тұрып. – Иван Петрович бойшаңдау болса керек еді, ал мынау ап-аласа, ап-арық; анау гүрілдеп сөйлейді және ешқашан күлмейді, ал мынаны адам біліп болмайды: құсша шиқылдайды, ақымақша жырқылдайды». Ал жақындап келіп қарасаң – Иван Петровичтің өзі! «Бәлду – бәлду!» — дейсің ішіңнен. Ал енді алайда, кейіпкерлерімізге қайта оралайық. Чичиков, өзіміз байқап отырғандай, қысылып-қымтырылып, сызыла бергісі келмеді және сондықтан да, бір шәшке шайын қолға алып, оған жеміс шарабын құйып, былай деп сөз бастады:

— Деревняңыз жақсы екен, шешесі. Мұнда қанша жан тұрады?

— Аз дегенде сексендей жан тұрады, әкесі, — деді үй иесі, — бірақ заман бұзылып тұр; әне, өткен жылда да егін шықпай қалды, Құдай басқа салмасын дейміз де.

— Алайда, мұжықтарыңыздың реңі жақсы, үйлері мықты. Ал фамилияңызды білуге бола ма? Түнделетіп жүрген соң… сұрай да алмадым…

— Коробочка, колледждік хатшымын1.

— Көптен-көп рахмет. Ал аты-жөніңіз?

— Настасья Петровна.

— Настасья Петровна дейсіз бе? Жақсы ат екен. Менің туған әпкем, шешемнің сіңілісі – Настасья Петровна.

— Ал өз есіміңіз кім? – деп сұрады помещик әйел. – Сіз, менің білуімше, Заседатель боларсыз?

— Жоқ, шешесі, — деп күле жауап берді Чичиков, — Заседатель емеспін, әншейін өз шаруаммен жүрген жанмын.

— А, сатып алушы екенсіз ғой! Қап, әттеген-ай, балымды көпестерге арзанға сатқанымды қарашы, ал мына сен ғой, әкей, сөз жоқ, сатып алатын едің.

— Ал балыңызды сатып алмас едім.

— Басқа не аласың? Бәлкім, қаймақ сатып аларсың? Менде ол да көп емес, жарты пұттай ғана қалды.

— Жоқ, шешесі, маған басқалай тауар керек: айтыңызшы сізде шаруалар өліп тұра ма?

— Ох, әкесі, он сегіз адам! – деді терең күрсінген кемпір.

— Және қандай жандар десеңші, шетінен жұмыскер. Рас, одан кейін де келгендер болды, бірақ не пайда: өлімші біреулер; ал Заседатель жан басынан алым төле дейді. Өліп қалған адамға тірі ретінде алым төлейсің. Өткен аптада менің ұстам өртеніп өлді, ұста болғанда қандай, білмейтіні жоқ, слесарлықты да білетін.

— Сізде өрт болып па еді, шешесі?

— Құдай сақтады, өрт одан да жаман ғой: өзі өртеніп кетті, әкесі. Іші-бауыры өртеніп кетті, көп ішіп қойыпты, аузынан көгілдір от шығып, күлге айналып кетті, күлге айналған соң, көмірдей қарайып кетті ғой, ол қандай шебер ұста еді! Енді қайтерімді білмей отырмын: ат тағалайтын ешкімім жоқ.

— Бәрі Құдайдың қолында ғой, шешесі, — деді Чичиков, күрсініп қойып. – Құдайдың шеберлігіне дау айта алмайсың… Соларыңызды маған берсеңізші, Настасья Петровна?

— Кімді, әкесі?

— Әлгі өліп қалғандардың бәрін.

— Қалай беремін оларды?

— Жай ғана бере салыңыз. Немесе, ең дұрысы, сатыңыз. Мен сізге олар үшін ақша төлеймін.

— Қалай төлейсіз? Менің миыма кіріп тұрған жоқ. Сен оларды жерден қазып алғың келіп тұрғаннан саумысың?

Чичиков кемпірдің лағып кеткенін көрген соң, оған істің мән-жайын түсіндіруге тырысты. Аудару немесе сатып алу тек қағаз жүзінде көрсетіледі және өлі жандар тірі жандар ретінде тіркеледі дегенді аз сөздермен түсіндірді оған.

— Оларды қайтпексің? – деді кемпір, сұхбаттасына көзін бақырайтып.

— Ол менің шаруам.

— Олардың бәрі өліп қалған ғой.

— Тірі деп кім таласып тұр? Сондықтан да өлі жандар сізге шығын келтіреді: олар үшін сіз салық төлейсіз, ал мен сізді артық жұмыстан әрі төлемнен құтқарамын. Түсінесіз бе? Және құтқарып қана қоймай, оның үстіне сізге он бес сом төлеймін. Енді түсінген боларсыз?

— Әй қайдам-ау, білмей тұрмын, — деді қожайын әйел, сөздерін бөліп-бөліп. — Өйткені мен әлі күнге өлген адамдарды сатып көрмеп едім.

— Әрине! Оны біреуге сатсаңыз, нағыз масқараның өзі болар еді. Әлде сіз олардан әлі де бір қайыр болады деп ойлайсыз ба?

— Жоқ, олай деп ойламаймын. Қайдағы қайыр олардан, ешбір қайыр жоқ. Мені олардың өліп қалғаны ғана қинайды.

«Әй, бір топас қатын екенсің!» — деп ойлады ішінен Чичиков.

— Тыңдаңызшы, шешесі. Өзіңіз жақсылап ақылға салып көріңіз: сіз олар үшін тірі адам ретінде алым төлеп, шығынға батып отырсыз…

— Ойбай, әкесі, ол туралы айта көрме! – деп іліп әкетті помещик әйел. – Жүз елуді төлегеніме үшінші апта. Әрі Заседательді майлап жібердім.

— Әне, көрдіңіз ғой, шешесі. Ал енді тек Заседательді майлаудың қажеті жоқ дегенді ғана қаперіңізге алыңыз, өйткені олар үшін енді мен төлеймін; сіз емес, мен; барлық борышты өз мойныма аламын. Мен өз ақшама шарт жасаймын, осыны түсінесіз бе?

Кемпір ойланып қалды. Ол бұл істің тиімді екенін анық көріп отыр, бірақ тым жаңа әрі тосын іс екені ойландырады; сондықтан мына сатып алушы қара жерге отырғызып кетпес пе екен деп қорқады; өзінің түн ішінде қайдан келгенін бір Құдай біледі.

— Ал қалай, шешесі, қол алысамыз ба? – деді Чичиков.

— Қайдам, әкесі, ешқашан өлген адамдарды сатып көрген жоқ едім. Тірілерді сатқан жерім бар. Міне, үш жыл боп бара жатыр, Протопопқа екі қызымды сатқаныма, әрқайсысын жүз сомнан қуана-қуана алып кетті. Қалай қуанбасын, бармақтарынан бал тамған ісмер болса.

— Әңгіме тірілер туралы емес, құрысыншы оларыңыз! Мен өлгендерді сұрап отырмын.

— Шынымды айтсам, шығынданып қаламын ба деп қорқып отырмын. Бәлкім, сен, әкесі, мені алдап отырған шығарсың, ал олар… олар қымбат тұратын шығар.

— Ой, шешесі-ай… Қандай адам едіңіз! Оларда құн бар ма? Ойлап қараңызшы: олар топырақ қой. Түсінесіз бе? Олар енді топырақ. Сіз ең бір түкке тұрғысыз,  мысалға шүберекті алып қараңызшы, тіпті, шүберектің де құны бар: оны ең болмағанда қағаз фабрикасы сатып алады, ал мынау түкке керексіз зат қой. Ал өзіңіз-ақ айтыңызшы, олар неме керек?

— Оның рас-ау. Түкке де керегі жоқ,  бірақ мені бір нәрсе тежей береді, олар өлік қой.

«Ойпырмай, шайнам ақылы болсашы! – деді, шыдамы таусыла бастаған Чичиков ішінен. – Ал сөйлесіп көр мұнымен, жан теріңді шығарады ғой!» Осы арада ол қалтасынан беторамалын алып, маңдайының терін сүртті. Әйтсе де, Чичиков бекер ашуланды: ол болса құрметті және, тіпті, мемлекеттік адам, ал іс жүзінде Коробочкадан артық  емес екен. Басына мықтап тұрып құйғаны, оны ештеңемен жеңе алмайсың; ашық күндей ап-айқын қаншама қисынды дәлел айт – бәрібір, ақпа құлағынан ағып кетеді. Терін сүртіп болған соң, Чичиков оның меңіреу түйсігіне басқа жағынан келіп ықпал етпек болды.

— Сіз,  шешесі, — деді ол, — менің сөздерімді әдейі түсінгіңіз келмейді немесе әйтеуір айту үшін айтып отырған сияқтысыз… Мен сізге ақша беремін: ассигнациямен1 он бес сом. Түсінесіз бе? Бұл енді ақша ғой. Аспаннан ақша жаумайды. Ал, шыныңызды айтыңызшы, балды қаншадан саттыңыз?

— Бір пұтын он екі сомнан.

— Аздап күнәкар болып отырсыз, шешесі. Он екі сомнан сатқан жоқсыз.

— Құдай ақы, саттым.

— Солай-ақ болсын, бірақ ол бал ғой. Сіз оны қаншама ыждағаттылықпен, бәлкім, жыл бойы жинаған шығарсыз; ал өлі жандар – бұл дүниеден өткендер.  Сіз ол үшін өз тарапыңыздан ешқандай еңбек сіңірген жоқсыз, олардың сіздің шаруашылығыңызға өлшеусіз шығын келтіре отырып, бұл дүниеден озуы – бір Құдайдың ісі. Сіз онда адал еңбегіңіз, маңдай теріңіз үшін он екі сомнан алып отырсыз, ал мұнда саусағыңызды қимылдатпастан, тегіннен тегін, он бес сомнан алмақсыз, онда да күміс ақшамен емес, көкпеңбек ассигнациямен. – Кемпірдің көзін жеткізетін осындай дәлелді сөздерден кейін Чичиков оның буыны босар деп ойлаған.

— Қайдам, — деп жауап берді помещик әйел, — мұндайға тәжірибесі жоқ жесір  әйелмін ғой, қоя тұрғаным дұрыс болар, кім біледі, көпестер  келсе, бағасын білемін.

— Бұл масқара екен, шешесі! Мүлдем масқара! Не айтып тұрғаныңызды ойласаңызшы! Кім сатып алады оларды? Неменесіне жарату үшін сатып алмақ?

— Мүмкін, қалай-қалай емес, шаруашылыққа керек болып қалар… – деп қарсыласты кемпір және сөзін аяқтамастан, ал бұған не айтар екен дегендей, оған шошына қарап, аузын ашқан күйі отырып қалды.

— Өлгендер шаруашылыққа көмектеспек пе? Әй, айтады-ақ  екенсіз! Түнде бақшаңызда торғай үркітпесе,  неме керек олар?

— Сақтай гөр, Құдайым! Қайдағы сұмдықты айтады екенсің! – деп, кемпір шоқынып алды.

— Онда неменеңізге жаратпақсыз оларды? Иә, айтпақшы өлгендердің  сүйегі мен моласы өзіңізде қалады, қағаз жүзінде ғана көшіріледі. Ал, енді қалай? Қалай деп тұрмын? Жауабыңызды берсеңізші.

Кемпір тағы да ойланып қалды.

— Не ойлап отырсыз, Настасья Петровна?

— Не ойларымды өзім де білмей отырмын, одан да мен саған түбір сатайын.

— Түбірді қайтемін. Ойласаңызшы, мен сізге басқа нәрсе туралы айтып отырмын, ал сіз маған түбірді тықпалайсыз! Басқа бір жолы түбіріңізді де аламын. Ал, бұған не айтасыз, Настасья Петровна?

— Құдай ақы, мынау бір бұрын болмаған тауар екен!

Чичиков осыған келгенде шыдамның шегінен шығып кетті, ол орындығынан атып тұрып: — Тап бір сайтан алғыр екенсіз! – деді.

— Ойбай, атама оны, жазасын Құдай берсін! – деп, шошып кетті ол. – Оңбағыр үшінші күні түнімен түсіме кірді. Түнде дұғадан кейін картамен бал ашпаймын ба, содан, тәрізі, Құдайдың қаһарына ұшырасам керек. Түрінен адам шошиды; бұқаның мүйізіндей ұп-ұзын мүйізін айтсаңшы сұмырайдың.

— Түсіңізге солардың оны бірден неге енбегеніне таңым бар. Христиандық ар-ожданыммен айтайын: байғұс жесір нақ бір жоқшылықтан өліп бара жатқандай… барлық деревнямен қоса құрып кет, құрып кеткір!..

— Аузыңа бір жақсы сөз түспейді-ақ екен! – деді кемпір оған шошына қарап.

— Сізге қарап тұрып сөз таба алмайсың! Жаман сөзді аузыңа алмағанда, шөптің үстінде жатқан итті қалай ауызға алмассың: өзі де жемейді, өзгеге де бермейді. Мен сізден әртүрлі шаруашылық өнімдерін сатып алғым келген, қазыналық подрядтарды1 да сатып аламын ғой… – Ол осы жерде әрі қарай ойланып жатпастан өтірікті соға салды.

«Қазыналық подрядтар» деген сөз Настасья Петровнаға қатты әсер етті, қалай болғанда да, ол енді өтінгендей өлімші дауыспен:

— Неге сонша тас-талқан болдың? Мұндай ашушаң екеніңді білсем,  мен саған тіпті аузымды ашпас едім, — деді.

— Ашуланатын жөнім бар! Дымға тұрмайтын іс болса, ашуланбағанда қайтпексің!

— Жарайды, он бес ассигнацияға берейін. Тек подряд  жағы есіңде болсын әкесі: егер қара бидай ұнын немесе қарақұмық немесе жарма немесе мал етін алатын болсаң, мені ренжіте көрме.

— Жоқ, шешесі, ренжітпеймін, — деді ол, бет-аузын жапқан терді  қолымен сыпырып жатып. Сосын ол келісім шарт жасауға өкілдік ете алатын қалада танысы немесе сенетін адамы бар-жоғын сұрастырды.

— Әрине, бар, Кирилл әкейдің ұлы палатада қызмет етеді, — деді Коробочка.

Чичиков басы артық қиыншылықтардан құтылу үшін, оған сенім хатын жазуды сұрады, тіпті, отыра қалып, мәтінін өзі қиыстыра бастады.

«Егер бұл менен қазынаға ұн мен мал алса, қандай жақсы болар еді, — деп ойлады Коробочка іштей. – Көңілін көтеру керек екен: кешегі кештен қалған қамыр бар, содан құймақ пісір деп Фетиньяға барып айтып қояйын; оған қоса жұмыртқа қосқан самса пісірсе де артық болмас, уақытты да аз алады». Үй иесі ойға алған ісін іске асырып, самса пісіру үшін шығып кетті; ал Чичиков сандықшасынан қажетті қағаздарын алу үшін, өзі түнеп шыққан қонақ бөлмеге кіріп кетті. Қонақ бөлмеде төсек-орын әлдеқашан жиналып, диванның алдына үстел қойылыпты. Сандықшасын үстел үстіне қойып алған соң ол біраз демалып алмақ болды, өйткені үсті-басы жейдесінен бастап, шұлығына дейін өзен суына түскендей болып терге малшынып тұр еді.

«Қарғыс атқыр кемпір-ай, сілемді қатырды-ау», – деді ол шамалы демалып алған соң, соны айтып сандықшасын ашты. Автор бұл сандықшаның ішінде не барын біліп алуға құштар оқырмандардың бар екенін біледі. Ендеше, олардың тілегін неге қанағаттандырмасқа! Ішіне мынадай заттар салынған: тап ортада сабын салған сауыт, сауыттан кейін сақал қыруға арналған алты-жеті ұзынша бөлік; сосын қауырсын қаламдар мен сия сорғыш құм салған сауыт1 және сиясауыт; одан әрі шақыру қағаздары мен билеттер және қазынамалар мен театрға шақырулар салынған қақпақты әрі қақпақсыз қорапшалар. Барлық  қалтарыстарымен қоса суырылатын үстіңгі жәшіктің астында қуыс бар еді, онда парақша қағаздар жататын; содан кейін қобдидың бүйірінен білдірмей суырылып алынатын құпия жәшікте ақша сақталатын еді. Оны қожасы ылғи жедел ашып-жабатындықтан, ішінде қанша ақшасы бар екен білу мүмкін болмады. Чичиков істі бірден қолға алды, қауырсын қаламын ұштап алып, жазуға кірісті.

— Жәшігің жақсы екен, әкей, — деді, қасына жақын келіп отырған Коробочка, — Мәскеуде алған шығарсың?

— Мәскеуде алдым, — деп жауап берді Чичиков, жазуын жалғастыра отырып.

— Өзім де солай ойлап едім: ондағының бәрі сапалы болады ғой. Үшінші жылы менің сіңлім балаларға жылы етік сатып әкелді: неткен берік тауар десеңші, күні бүгінге дейін киіп жүр. Құдайым-ау, гербі бар қағаздарыңыз2 қаншама! – деп жалғастырды ол, сандықшаның ішіне үңіліп. Расында да, онда гербті қағаз аз емес болатын. – Бір парағын маған сыйласаң етті! Менде ылғи жетпей жүреді; сотқа арыз берейін десең, жазатын қағаз таба алмайсың.

Чичиков оған бұл қағаздың ондайға арналмағанын, өтініш жазуға емес, келісім шарт жасауға арналғанын айтып түсіндірді. Дегенмен, көңілін орнықтыру үшін, ол оған бір сомның бір парақ қағазын сыйға берді. Хатты жазып болған соң, ол оны қол қоюға берді және мұжықтардың тізімін сұрады. Нәтижесінде, помещик әйелдің ешқандай да не жазба, не тізім жүргізбейтіндігі, оның есесіне бәрінің аты-жөнін жатқа білетіндігі анықталды; ол сол жерде-ақ бәрінің аты-жөнін айтып беруге көндірді. Кейбір шаруалар оны өз фамилияларымен, қосымша аттарымен таңдандырғаны сонша, естіген кезде бірден ұға алмай, кідіріңкіреп қалып отырды. Әсіресе, оны Петр Савельев Неуважай Корыто деген біреудің фамилиясы таң қалдырды, сондықтан оған: «Қандай ұзақ еді!» деген сөздің өзі өлшем бола алмады. Кейбірінің аты қысқа ғана: «Колесо Иван». Жазып болған соң ол уһ деп бір-ақ дем алды және әлдебір күйген астың иісі мұрнына келді.

— Дәм алуыңызды сұраймын, — деді үй иесі.

Осы кезде барып мойын бұрған Чичиков үстел үстінде саңырауқұлақ, самса, скородумка, ватрушка, құймақ, арасына пияз, мак, сүзбе қосқан күлше нандар және басқа да дәмді тағамдар күтіп тұрғанын көрді.

-Мынау жұмыртқа қосқан тұзсыз пирог! – деді үй иесі.

Чичиков аталған тағамға жақын отырды да, сол заматта-ақ жартысынан көбін сыпырып алып, мақтай жөнелді. Пирог шынында да дәмді екен, ал кемпірмен екі арадағы  алапат тартыстан кейін одан да дәмді көрінді.

— Құймақтан алмайсыз ба? – деді үй иесі.

Бұған жауап ретінде Чичиков үш құймақты қосарлап орап алды да, қыздырған майға матырып алып, аузына бір-ақ тықты, ал май жұққан ерні мен саусақтарын қол орамалмен  сүрткілеп жатты. Осы өнерін үш рет қайталағаннан кейін ғана ол үй иесінен күймесін жектіруді сұрады. Настасья Петровна Фетиньяны құймақ әкелуге тағы да жұмсады.

— Құймағыңыз өте дәмді екен, — деді Чичиков, жаңа піскен ыстық құймаққа тағы да ауыз сала беріп.

— Жақсы пісіруін пісіреді-ау, — деді үй иесі, — қырсық қылғанда қуаңшылық болып, егін шықпай қалды ғой, ұнның сапасы жоқ… Ал енді сіз неге асықтыңыз, әкесі? – деді кемпір, Чичиков картузын қолға алып жатқанын көргенде – арбаңыз әлі жегілген жоқ қой.

— Жегеді, шешесі, жегеді.

— Подряд жағын ұмыта көрмеңіз, әкесі.

— Ұмытпаймын, ұмытпаймын, — деді Чичиков, далаға беттеп бара жатып.

— Ал шошқаның сүбесін алмайсыз ба? – деді үй иесі, қонағының соңынан ере жүріп.

— Неге алмайын, аламын, тек кейінірек.

— Менде бұйырса, шошқаның сүбесі де болып қалады.

— Аламыз, аламыз, бәрін де аламыз, шошқаның сүбесін де аламыз.

— Мүмкін, құстың мамығы да керек болар? Менде Филипп оразасына дейін1 құстың мамығы да болып қалады.

— Жақсы, жақсы, — деді Чичиков.

— Міне, көрдің бе, әкесі, арбаң да  әлі жегіле қоймапты, — деді үй иесі, бұлар есік алдына шыққан кезде.

— Жегіледі, жегіледі қазір. Маған тек үлкен жолға қалай жететінімді айтып берсеңіз болғаны.

— Неге айтпайын? – деді үйдің иесі. – Айтуын айтармын-ау, тек бұрылысы көп; мен саған шығарып салуға қызымды берейін. Ершіктің жанында отыратын орын бар шығар.

— Неге болмасын.

— Саған қызымды қосып бергенім дұрыс болар; ол жолды біледі; сен тек байқа, алып кетіп жүрме!  Көпестер бір қызымды алып кеткен болатын.

Чичиков оны алып кетпесіне сендірген  соң, көңілі орнына түскен Коробочка, ауладағы тірлікке көз салды; қоймадан бал құйған ағаш кеспекті көтеріп шыққан кілтші әйелге тесіле қарады, қақпадан енді көрінген мұжық та қалыс қалмады, сөйтіп,  бірте-бірте ауладағы шаруашылықтың бәрін шолып шықты. Бірақ Коробочкаға көп айналудың қажеті не? Коробочка ма, Манилова ма, шаруашылықты өмір ме, шаруашылықты емес өмір ме – қарама! Өмірдегінің бәрі аумалы-төкпелі: көңілді сәт қас қағымда-ақ мұңға айналады және олардың алдында ұзақ тұра берсең, бастарына не кіріп, не шығарын кім біліпті. Тіпті, басыңа: жә, қойшы, адам жетілуінің таусылмас сатысында ең төменде тұрған жалғыз Коробочка деймісің? – деген де ой келуі мүмкін. Оны мысы мен қызыл ағашы, әрі қалың кілемі жарқыраған салтанатты басқышы бар, шойын дуалмен қоршалған ақсүйектер үйінде жақсылар мен жайсаңдар жиналатын кеште ой жарыстыратын, ой болғанда да білместіктен шаруашылығы шатасып біткен үй иелігіндегі жұмыстар туралы емес, Францияда қандай төңкеріс дайындалып жатқаны туралы, католицизм қандай бағыт алып бара жатқаны туралы ұзынсонар әрі тапқыр әңгімелер айтылатын кешті батыра алмай, есінеп отырып кітап оқитын сіңлісінен бөліп тұрған терең құз  соншалықты үлкен де емес шығар-ау. Бірақ кідірме, кідірме! Ол туралы ойлаудың қажеті не? Бірақ ойланбайтын, қам-қарекетсіз, көңілді адамдардың арасында бір минөттің ішінде сан қилы құбылыстар өте шығуы мүмкін. Әлгінде ғана күлкі тарамаған жүзің, басқа жандардың ортасына түскенде, басқаша құбыла қалады…

— Міне, арба да келді! – деп қуанды Чичиков, келе жатқан өзінің күймесін көргенде. – Неге сонша кешіктің, ақымақ? Тәрізі, кешегі мастығың әлі тарамаған ғой.

Селифан бұған жауап берген жоқ.

— Қайыр қош, шешесі! Ал әлгі қызыңыз қайда?

— Әй, Пелагея! – деп айқайлады сәкінің жанында тұрған помещик әйел, үстіне бояма көйлек киген,  аяғына қара балшық жұққандықтан, алыстан етік киіп алғандай болып көрінетін он бір жасар қыз балаға.

— Мырзаға жол көрсетіп жіберші.

Селифан қыздың ершікке шығуына көмектесті. Қыз алдымен бір аяғын мырзаның шығатын басқышына саламын деп оны лайлап алды, сосын жоғарыға шығып, көшірдің жанына жайғасты. Қыздан кейін басқышқа Чичиков аяғын салған кезде, күйме оң жағына қарай отырып қалды, өйткені байпатшаның салмағы біраз бар екен, ақыры өз орнына жайғасқан мырза:

— Ал енді жақсы! Саушылықта болыңыз, шешесі! – деп қоштасты.

Күйме қозғала берді.

Селифан жол бойы қатулы қабағын ашқан жоқ және өз ісіне аса ұқыптылық көрсетті. Ол бір нәрсені бүлдіріп, айыпты болған кезде немесе өлесі мастықтан  айыққан кезде осындай кейіпке түсетін. Лайдан тазарған аттардың жоны жылт-жылт етеді. Бір аттың мойнындағы ылғи сөгіліп, ішіндегі жүн-жұрқасы көрініп жүретін қамыт ұқыптап тігіліпті. Көшір жол бойы жақ ашқан жоқ, тек анда-санда қамшысын үйіріп қойғаны болмаса аттарға ешқандай тәлімдік сөз айтқан жоқ. Әрине, Селифанның ғибрат сөздерін аттар да теріс көрмейтін еді, өйткені сөзуар адам делебені бостау ұстайтынын олар әбден біліп алған болатын. Бірақ көңілсіз көшірдің аузынан басқа сөз шықпады. Тіпті, торы ат пен Заседательдің өзі де «ал, аяулым», «тарт, құрметтім» — деген сөздерді бірде-бір рет естімегеніне ренжіп келе жатқан сияқты. Шұбар ат өзінің астаудай сауырына тиген қамшының қатулығын сезіп-ақ келеді. «Қарай гөр, қатулысын! – деп ойлады ол, құлағын қайшылап қойып. – Ұратын жерді біледі! Арқадан сипай ұрмайды, жанды жеріңді тауып ұрады: құлағыңнан немесе бауырыңнан осады».

— Оң жаққа ма? – деп сұрады Селифан қасында отырған қыздан, жаңбырдан кейін көк шығып, құлпырып кеткен егістіктің арасындағы қара жолды қамшысының сабымен нұсқап.

— Жоқ, жоқ, мен көрсетемін, — деп жауап берді қыз.

— Қалай қарай жүреміз? – деді Селифан, жақындап келген соң.

— Ана жаққа, — деп жауап берді қыз бала, қолымен жолды нұсқап.

— Әй, балам-ай! – деді Селифан. – Оң жақ деген сол емес пе: оңның қай жақта, солдың қай жақта екенін білмейді!

Күн ашық болғанмен, жердің лайланғаны соншалық, кешікпей күйменің доңғалақтары киіз қаптағандай ауырлай түсті; оның үстіне сазды топырақ өте жабысқақ еді. Бұлардың қара жолдан сәскеден ерте шыға алмауына бұл да себеп  болды. Кішкентай қыз болмағанда бұл да жоқ еді, өйткені тарам-тарам жол қапты жерге төккенде жан-жаққа тырбана қашатын теңіз шаянындай тарамданып жатыр еді және Селифанның тағы да адасуы ғажап  емес болатын. Кешікпей қыз бала алыстан қарауытып көрінген бағаналы жолды қолымен нұсқап:

— Анау көрінген даңғыл жол! – деді.

— Ал көрінген үй немене? – деп сұрады Селифан.

— Трактир, — деп жауап берді қыз бала.

— Ал, енді біз өзіміз жетеміз, — деді Селифан, — үйіңе қайта ғой.

Ол тоқтап, баланың түсуіне көмектесті де, тісінің арасынан: «Әй, қара сирағым-ай!» — деді.

Чичиков оған мыс теңге ұстатты, ал күймемен біраз серуен құрғанына мәз болған қыз бала, ақшаны алып, жөніне кетті.

 

 

 

Төртінші тарау

 

Трактирге жеткен соң, Чичиков екі себеппен тоқтауға әмір етті. Бір жағынан аттар дамылдап алсын десе, екінші жағынан, өзінің де ептеп әлденіп алғысы келген. Осындай обыр адамдардың тәбеті мен қарнына қызыға қарайтынын автор ашық мойындайды.

— Торай бар ма? – Чичиков алдында тұрған әйелге осындай сұрақ қойды.

— Бар.

— Желкек пен қаймақ қосқан ба?

— Желкек пен қаймақ қосқан.

— Соны әкел маған!

Кемпір дастархан жая бастады және ыдыс-аяқ, крахмалданғаны сонша, ағаштың қабығындай болып қурап қалған қолорамал, сарғайып кеткен сүйек сапты, жүзі бәкідей жұқарған пышақ, екі тісті айыр, қалай қойсаң да орнықпайтын тұзсауыт әкеп қойды.

Біздің кейіпкеріміз, әдеттегідей, кемпірмен бірден шүйіркелесіп кетті және трактирді өзі ұстай ма әлде қожасы бар ма, трактир қанша кіріс келтіреді, ұлдары өзімен бірге тұра ма, үлкен ұлы бойдақ па әлде үйленген бе, үйленсе қандай қызға үйленген, қалың малы мол болды ма, жоқ па және құдасы оған риза ма әлде тойда сый-сияпат аз болды деп ашуланды ма дегендей сұрақтарды жаудырды, қысқасы, ештеңені қалыс қалдырмады. Ал бұл маңда қандай помещиктердің тұратынын біліп алғысы келетіні өзінен-өзі түсінікті ғой және солай болып шықты да, мұнда Блохин, Почитаев, Мыльной, полковник Чепраков, Собакевич деген помещиктер тұрады екен. «Ал, Собакевичті білесің бе?» — деп сұрады ол және сол заматта кемпірдің Собакевичті ғана емес, Маниловты да білетінін және Маниловтың Собакевичтен өктемірек екенін де естіді: бірден тауық пісіріп жібер дейді екен, бұзау етінен де бас тартпайды; егер қойдың бауыры бола қалса, қойдың бауырына да тапсырыс береді, бәрін де жеп көруге дайын тұрады және бәрін де қалдырмайды, ал Собакевич бір ғана тағам сұрайды, бірақ тауысып жейді, тіптен сол бағасына  қосымша тамақ сұрайтынын қайтерсің.

Ол осылайша торай етінің соңғы кесегін жеп тауысуға айналып әңгіме соғып отырғанда таяп келіп қалған арба доңғалағының дыбысы естілді. Терезеге қараған ол трактирдің алдына келіп тоқтаған үш ат жеккен жеңіл арбаны көрді. Арбадан беймәлім екі еркек түсіп жатты. Біреуі бойшаң келген аққұба адам; екіншісі одан шамалы ғана аласалау қайысқара. Аққұбасының үстінде қаракөк венгерка1, қайысқарасы жай ғана арқалық2киген. Осы кезде жүндес төрт ат жегілген, қамыттары жырым-жырым, арқанмен жегілген тағы да бір жеңіл арба көрінді. Аққұба адам басқышпен бірден жоғары көтеріліп кетті де, қайысқара арбаның бір жерлерін сипалаған күйі қызметшімен сөйлесіп, келе жатқан арбаны нұсқап сәл кідіріп қалды. Оның даусы Чичиковқа таныс секілді көрінді. Ол оны бағдарлап болғанша, аққұба адам есікті сипап тауып, ашып та үлгірді. Бұл – ұзын бойлы, ашаң жүзді немесе ұстамды деп аталатын жирен мұртты жігіт еді. Тотыққан жүзіне қарап оны оқ-дәрі түтіні болмаса да темекі түтінін тәуір-ақ көргенін шамалауға болар еді. Ол Чичиковқа ізетпен иіліп сәлемдесті, соңғысы да оған соны істеді. Олар осылайша бірнеше минөт бойы бір-бірімен сұхбаттасып, танысып та қалған болуы керек, өйткені екеуі де бір мезгілде дерліктей кешегі жаңбырдан соң жылдық шаңы басылып, енді салқын самалмен жүру жанның рахаты екенін айтып жатқанда оның қайысқара досы кіріп келді де, басындағы картузын үстел үстіне тастай беріп, салалы саусақтарымен қоюқара шашын тарамдап өтті. Бұл – орта бойлы, мығым денелі,  қызыл шырайлы, толық жүзді, тістері аппақ қардай, бакенбардтары көмірдей қап-қара жігіт еді. Оның нақ бір сүтке қан қосқандай албыраған жүзінен денсаулығы сыртқа теуіп тұрғандай көрінеді.

— Мәс-са-ған! – деп айқайлап жіберді ол Чичиковты көргенде екі қолын жайып жіберіп. – Қайдан жүрсің?

Чичиков өзімен бірге прокурордың үйінде түскі ас ішкен, өзі бұған сылтау болатындай қабақ көрсете қоймаса да, бірнеше минөттен кейін бұған «сен» деп сөйлей бастаған Ноздревті бір-ақ таныды.

— Қайда бардың? – деп сұрады ол және өзі оның жауабын күтпестен. – Ал мен, бауырым, жәрмеңкеден келемін. Құттықтап қой: жұрдай болып ұтылдым! Сенесің бе, өмірімде мұндай боп ұтылмаған шығармын. Мен мұнда жергілікті тұрғындардың жылқыларын  жалдап әрең жеттім! Әдейілеп терезеге қарашы! – Осы арада ол Чичиковтың басын терезеге қарай өзі бұрып еді, анау терезе жақтауына басын ұрып ала жаздады. – Ана сұмырайды көрдің бе? Күштеп әрең алып келдік, қарғыс атқырлар, оның арбасына өзімнің мінуіме тура келді. – Осыны айтқанда Ноздрев өзінің жолдасын саусағымен нұсқады. – Бірақ сендер әлі таныс емессіңдер ғой? Менің күйеу балам Мижуев! Біз таң атқалы сен туралы айтып келеміз. «Қара да тұр, егер біз Чичиковты кездестірмесек неғылсын».  Иә, бауырым, егер сен білсең ғой, менің қалай ұтылғанымды! Сенесің бе, мен төрт бірдей жылқымды ғана емес – бәрін де ұттырдым. Менде сағат та жоқ, шынжыр да жоқ екенін көріп тұрсың ғой… – Чичиков жалт қарап еді, шынында да, сағаты да, шынжыры да жоқ екен. Оған тіпті Ноздревтің бір бакенбардынан екіншісі  кішілеу әрі сиректеу көрінді. – Ал егер қалтамда жиырма сомым болса ғой, — деп сөзін жалғастырды Ноздрев, — мен бәрін де қайтарған болар едім, тіпті, қайтарып қана қоймай, адал адам ретінде айтпайын, тап қазір қапшығымда отыз мыңым жатқан болар еді.

— Сен, алайда, ол жолы да осылай деген болатынсың, — деді аққұба жігіт, — ал менің саған елу сом бергенімді қайтейін, оның да түбіне су құйдың.

— Су құймас едім, Құдай ақы су құймас едім! Өзім ақымақтық жасамағанда, ұттырмас едім!

— Парольден1 соң қарғыс атқыр жетілікті жүрмесем ғой, банкті түгел басып қалатын едім.

— Бірақ, басып қала алмадың ғой, — деді аққұба.

— Басып қала алмаған себебім, жетілікті ертерек жүріп жібердім. Сенің ойыңша, мойорың менен жақсы ойнай ма?

— Жақсы ойнасын, жаман ойнасын, әйтеуір сені ұтып кетті ғой.

— Сол да сөз болып па! – деп ренжіді Ноздрев, — осылайша оны мен де ұтар едім. Жоқ, өзі менімен дублет2ойнап көрсінші, сонда көрер едім оның қандай ойыншы екенін! Есесіне, Чичиков бауырым, әй бір сайрандадық-ау, әсіресе, алғашқы күндері! Рас, жәрмеңке өте тамаша өтті. Ешқашан мұндайжиын болмағанын көпестердің өздері де айтып отыр. Менің деревнядан әкелген дүниемнің бәрі тиімді бағаға сатылды. Әй бір шалқыдық-ау, бауырым! Енді еске алып отырсам бар ғой… бас айналады! Сенің болмағаныңды айтсайшы. Қаладан үш шақырым жерде драгун полкы3 тұрды деп  ойлап көрші. Қалада бір ғана офицерлердің өзі қырық адам болды десем, сенесің бе? Ал кеп ішейік, ал кеп ішейік… Штабс-ротмистр4 Поцелуев қандай адам десейші!.. Мұрты бар ғой, мынадай! Бордоны5 «бурдашка» дейді. «Бауырым, бір шөлмек бурдашка әкелші!» — дейді. Поручик Кувшинников… Әй, бауырым-ай, қандай аяулы адам! Нағыз шашпа жігіт екен. Біз бәріміз де онымен бірге болдық. Пономарев бізге қандай шарап құйды десейші! Сен оның алаяқ екенін және оның лапкесінен ештеңе алуға болмайтынын біліп қой: шарапқа сандал6, күйдірген тығын, және тіпті боза секілді пәленің бәрін қосады оңбаған, бірақ оның есесіне түпкі бөлмесінен ерекше шараптың бір шишасын шығарды бар ғой, – әй, бауырым-ай, жаның эмпиреяға7 жөнелді дей бер. Шампанның қандай түрін ішпедік – оның қасында губернаторыңның ішіп жүргені – жай ғана шалап. «Клико»8 емес, «клико-матрадуро» дегенді ішіп көрші, ол еселенген клико деген ұғымды білдіреді. «Бонбон» деп аталатын француз шарабының бір шишасын тауып берді. Шіркіннің иісін-ай?! Бұрқырап тұр-ай, бұрқырап тұр! Жалбызың садаға кетсін! Әй, бір шалқыдық-ау!.. Бізден кейін бір князь келді, шампан әкел деп лапкеге жіберіпті, сөйтсе бүкіл қаладан бір шишасын таба алмапты, бәрін офицерлер ішіп кетіпті. Мына менің өзім түскі астың үстінде он жеті шиша шампан іштім десем сенесің бе!

— Он жеті шишасын іше алмассың, — деген ескерту жасады аққұба жігіт.

— Адал адам ретінде айтып отырмын, іштім, — деп көнбеді Ноздрев.

— Қалай десең олай де, ал мен саған он шишасын да іше алмайсың деймін.

— Бәстесесің бе, ішіп берейін?

— Неге бәстесесің?

— Бәске қаладан сатып алған мылтығыңды тік.

— Болмайды.

— Тігіп көрсеңші!

— Тігіп көргім де келмейді.

— Әрине, мылтықсыз адам қалпақсыз адаммен бірдей. Әй, Чичиков бауырым-ай, сенің болмағаның қандай өкінішті. Сен поручик Кувшинниковтен айрылмайтын едің ғой. Екеуің бір-біріңе жараса кетер едіңдер! Ол саған прокурор да, бір тиын үшін қалтырап тұратын қаланың сараңдары да емес. Ол, бауырым, нағыз гальбиктің1өзі. Әй, Чичиков-ай, келе салсаң нең кететін еді? Дәл сол үшін сені малтабар мақұлық демей кім дейін!


Жаным, сол үшін мені сүйіп алшы, жаным қалады сені! Мижуев, міне, тағдырдың жолықтыруын қарашы: мен үшін бұл кім немесе ол үшін мен кіммін? Мұны қай Құдай айдап келгенін ит білсін? Мен де мұнда жатырмын… Ал келіп кетіп жатқан күймеде қисап жоқ, нақ бір еn gros2. Фортунканы3 айналдырып жіберіп едім: екі қалбыр далап, форфор табақ және гитара ұтып алдым; сосын тағы да бірді қойып, айналдырып кеп жіберейін, мына қызықты қара, бәріне қарамай тағы да алты сөлкебай. Ал Кувшинников қандай сері жігіт десейші! Біз екеуміз той-думанның барлығына дерлік бардық. Әсіресе, бір үстіндегі  рюшиі4 мен трюшиін үлбіреткен жартылай жалаңаш бір бикеш жүрді-ау, «Масқара!» деппін де, аузымды ашып қалыппын. Ал Кувшинников қарап тұрсын ба, әлгінің қасына отырып алып, француз тілінде басын айналдыра бастасын. Жайшылықта әйел біткенді құр жібермейтін қу емес пе, мұны ол өз тілінде «жидек теру» деп атайды. Тұздалған, сүрленген тамаша балықтар болды. Мен де құр бармадым, ақшам бар кезде алып қойғаным мұндай жақсы болар ма. Ал енді өзің қайда бара жатырсың?

— Мен бір адамға бара жатырмын, — деді Чичиков.

— Таста ол адамыңды! Кеттік біздікіне!

— Жоқ, болмайды, шаруа бар.

— Қайдағы шаруа! Қайдағыны айтпашы! Әй, бір Опелделдок5 екенсің, Иванович!

— Шын айтамын, бір жұмыс болып тұрғаны.

— Бәстесейін, өтірік айтып тұрсың! Ал айта қойшы, кімге бара жатырсың?

— Ал, айтайын, Собакевичке.

Осы арада Ноздрев нағыз қаны сыртына теуіп тұрған дені сау адамның күлкісімен аузын аңқайта отыз екі тісін түгел көрсете селкілдей күлгенде, екі есіктің арғы жағындағы үшінші бөлмеде шырт ұйқыда жатқан адам: «Мына байғұс жынданған шығар!» — деп, көзін бақырайтып төсегінен атып тұрған болар еді.

— Бұған күлетін не бар? – деді, мұндай күлкіге сәл шамданып қалған Чичиков.

Бірақ Ноздрев:

— Ой, ішек-сілемнің қатқаны-ай! – дей тұрып қарқылдай күлуін жалғастыра берді.

— Күлетін түк те жоқ: мен оған сөз бергенмін, — деді Чичиков.

— Оған барғаныңа өзің де қуана қоймассың: ол дегенің барып тұрған антұрғанның тап өзі! Мен сенің мінезіңді білемін ғой, егер сен оның үйінен бір құты ас немесе қандай да бір жөні түзу «бонбон» ішеді екемін деп дәмеленсең, қатты қателесесің. Тыңдашы, бауырым: Собакевичіңді сайтан алсын, жүр біздікіне! Көр де тұр, қандай балықпен сыйлайтынымды!

Пономарев суайт айтады, сіз үшін бүкіл жәрмеңкені аралап, ештеңе таба алмадым дейді. Мен оның  көзіне: «Сендер біздің сатып алушылар сияқты нағыз алаяқсыңдар!» – дедім. Сақалын сипап қойып күледі антұрған. Біз Кувшинников екеуміз оның лапкесінен күнде таңертең тамақ ішіп жүрдік. Қап, бауырым-ай, айтуды ұмытып барады екемін-ау: енді сен менен қалмайтыныңды білемін, бірақ алдын ала айтып қояйын, он мың сомға да бермеймін. Әй, Порфирий! – деп дауыстады ол, терезеге жақындап келіп, бір қолына пышақ, ал екінші қолына бір түйір кескен балық пен нанның қабығын ұстап тұрған өз адамына қарап тұрып, анау кәззап тәрізі оны күймеден түсіріп жатқан кезде кесіп ала қойса керек. — Әй, Порфирий! – деп дауыстады Ноздрев, — күшікті әкелші! Күшік болғанда қандай күшік! Ұрланған күшік, қожасы оның орнына өзін сұрасаң да бермейтінін айтты. Мен оған Хвостыревтен айырбастап алған қызыл биемді берейін дедім… – Алайда, Чичиков ешқандай қызыл биені де, Хвостыревты да туғалы көрмеген болатын.

— Мырзам, бірдеңе ішпес пе екенсіз? – деп сұрады осы кезде жанына келген кемпір одан.

— Ішпеймін. Әй, бауырым-ай, судай шаштық-ау! Әйтсе де бір рюмка арақ бере қойшы; сенде қандайы бар? – Бәден алмасының арағы, — деп жауап берді кемпір.

— Жарайды, әкел алма арағын, — деді Ноздрев.

— Онда маған да бір рюмка әкел! – деді аққұба жігіт.

— Театрда бір сұрқия актриса бұлбұлдай сайрасын! Менің қасымда отырған Кувшинников: «Міне, бауырым, жидек теру деп осыны айтады!» — дейді әлгіден көзін ала алмай. Шағын лашықтардың өзі, менің ойымша, елуден аз болған жоқ. Фенарди дегеніңіз1 жел диірменше төрт сағатқа жуық айналды. – Ол осы арада кемпірдің қолындағы рюмканы алды, ал анау оған иіліп сәлем етті. — Ә, бері әкел оны! – деді ол күшікті әкеп тұрған Порфирийді көргенде.

Порфирий өзінің мырзасы секілді астарына мақта сырған арқалық киген екен, бірақ сәл кірленіп қалыпты.

— Әкел бері, еденге қой!

Порфирий күшікті еденге қойды, ол төрт аяқтап жата қалды да жерді иіскелей бастады.

— Күшік деп осыны айт! – деді күшікті арқасынан бүре ұстап көтеріп алған Ноздрев. Күшік арқасын ауырсынып қыңсылай бастады.

— Сен, алайда, менің айтқанымды істемепсің ғой, — деді Ноздрев Порфирийге, күшіктің бауырына көз сала тұрып, — тарау деген ойыңа да келмеген бе?

— Жоқ, мен тарадым.

— Онда бүргелер қайдан жүр?

— Біле алмадым. Мүмкін арбадан жұққан шығар.

— Өтірік, өтірік, тарау деген ойыңа да келмеген, өзіңнің бүргеңді қоса жібергенсің ғой, ақымақ. Міне қарашы, Чичиков, құлағына қарашы, мә, сипап көр өзің.

— Сипалап қайтем, онсыз да көріп тұрмын: тұқымы жақсы екен, — деді Чичиков.

— Жоқ, сонда да болса, құлағын ұсташы!

Чичиков оның көңілін қалдыра алмай, күшіктің құлағын ұстап көрді де:

— Иә, жақсы ит болғалы тұр, — дей салды.

— Ал тұмсығы ше, көрдің бе сұп-суығын? Қолыңмен ұстап көрші. Досының көңілін қалдырғысы келмеген Чичиков күшіктің тұмсығын ұстап көрді де:

— Дымқыл екен, — деді.

— Нағыз бөрібасар, — деп сөзін жалғастырды Ноздрев, — мен, шынымды айтсам, осындай итті көптен армандап жүр едім. Мә, Порфирий, апарып қой!

Күшікті қолтығына қысқан Порфирий оны арбаға алып кетті.

— Былай болсын, Чичиков, сен енді міндетті түрде біздікіне баруға тиіссің, бес-ақ шақырым, көзді ашып-жұмғанша барып қаламыз, ал ар жағында, бәлкім, Собакевичке де жетерсің.

«Несі бар, — деп ойлады ішінен Чичиков, — барсам барайын Ноздревке. Бұл кімнен кем, бәріміздей адам, оның үстіне, оңбай ұтылып отыр. Өзінің қолы ашық па деп қалдым, онда бірдеңесін тегін сұрап алармын, бәлкім».

— Онда кеттік, — деді ол, — неге тұрмыз, маған уақыт қымбат.

— Міне, бұл сөз!  Тіптен жақсы, тұра қал, сол үшін бетіңнен сүйейін. – Ноздрев пен Чичиков сүйісіп алды. – Тамаша болды: үшеуміз тартамыз енді!

— Жоқ, сен мені қоя бер, — деді ақ сары жігіт, — үйге кетуім керек.

— Кетпейсің, кетпейсің, бауырым, мен сені жібермеймін.

— Қойшы енді, әйелім ашуланады ғой; сен енді олардың арбасына ауысып міне саласың.

— Жо-жо-жоқ! Айтушы болма!

Ақ сары жігіт бір қарағанда өз айтқаны болмаса, өзгенің ырқына көне салмайтын, аузыңды ашсаң болды, дауласа кетуге дайын тұратын, ақымақ адамды ақылды деуге ешқашан көнбейтін және әсіресе, біреудің айтқанымен  жорғаламайтын адам сияқты көрінеді; ал іс жүзінде мінезі анау айтқандай қатал емес, өзінің қарсы айтқан сөзін жоққа шығара салатын, ақымақ адамды ақылды деп атайтын, сонан соң, біреудің алдында жорғалай жөнелетін, қысқасы, жақсы бастап, жамандықпен аяқтайтын буынсыздың өзі екенін бір-ақ білесің.

— Сөзді қой! – деді Ноздрев ақ сарының қарсы айтқан уәжіне жауап ретінде, басына картузын кигізіп жатып. Және осымен әңгіме бітті де, ақсары оның соңынан ерді.

— Араққа төлемедіңіздер ғой, мырзам… – деді кемпір.

— Иә, жақсы, жақсы, шешесі. Әй, күйеу бала! Сен төлей салшы. Менің қалтамда тиын қалмапты.

— Қанша? – деп сұрады күйеу бала.

— Қанша болсын, әкесі, бар болғаны екі гривенник, — деді кемпір.

— Өтірік айтасың. Жарты сөлкебай1 да жетеді оған.

— Аздау ғой, мырзам, — деді кемпір, бірақ ақшаны алғыс айта  отырып алды және оларға есік ашу үшін шыға беріске қарай жүгірді. Ол шығындана қоймаған еді, өйткені арақтың өз құнынан төрт есе қымбат сұраған болатын.

Келімсектер арбаға отырды. Чичиковтың арбасы Ноздрев және соның күйеу баласы мінген арбамен қатарлас жүріп отырды, сондықтан  олардың жол бойы еркін әңгімелесулеріне болатын еді. Олардың соңынан жергілікті тұрғындардың арық аттары жегілген жеңіл арба ере жүрді. Онда Порфирий мен күшік бар болатын. Жолаушылардың жол бойы айтқан әңгімелері онша қызық бола қоймағандықтан, Ноздревтің өзі туралы әңгімелегініміз жөн шығар, өйткені ол біздің  поэмамызда соңғы рөл атқармауы мүмкін ғой.

Ноздрев кейбір жағынан алғанда тарихи адам болатын. Ол қатысқан бір де бір жиналыс оқиғасыз өтпейтін. Әйтеуір, бір оқиға болмай қалмайтын  еді: не жандармдар қолтығынан алып залдан шығарып жібереді немесе өз достары итеріп шығаруға мәжбүр  болады. Егер оның бірі болмаса, бәрібір басқамен болмайтын оқиға онымен болады: не буфетте тойып алып, себепсіз күле береді немесе кейін өзі де ұялып жүретін бір өтірікті соға салады. Және ешқандай қажеті жоқ өтірікті соға салатынын қайтерсің: айталық, мәселен, менің бір көгілдір немесе қызғылт түсті атым болған еді дейді және соған ұқсас бір пәлені бөсе салады, сондықтан мұндай  суайттыққа тойған тыңдаушылары: «Әй, бауырым-ай, мынауың бәрінен де асып кетті ғой», – дейді де тарай бастайды. Кейде себепсізден себепсіз жақын адамына жамандық жасағысы келіп тұратын бір адамдар болады ғой. Кейбір адам, мәселен, тіпті шені бар, сырт пішіні келіскен, омырауында жұлдызы бар1 адам сіздің қолыңызды қысады, сізбен терең мағыналы, ойға жетелейтін әңгімелер туралы сөйлеседі, ал сосын, сіздің көз алдыңызда өзіңізге жамандық жасайды және колледждік тіркеуші2ретінде емес, омырауында жұлдызы бар, терең ойларға жетелейтін мәселелер туралы сұхбат құрып тұрған адамдай емес, басқаша жамандық жасайды, сондықтан мұндайда оған иығыңды көтеріп, таң қалғаннан басқа ешбір лажың қалмайды. Осындай түсініксіз оғаштыққа Ноздревтің де құмарлығы бар еді. Өзімен неғұрлым жақын жүрген сайын, соғұрлым ондай адамға көбірек жамандық жасайтын: ақымақтығының шегі жоқ: өсек таратады, біреудің үйлену тойын, екіншісінің сауда мәмілесін ойланбастан бұза салады да, сізге еш жамандық жасамаған адамдай болып жүре береді; керісінше, егер бір себеппен алдыңызға тағы бір келе қалса, ол тағы да дос бола қалады. Тіпті: «Әй, найсап-ай, маған жолың бір түспей-ақ қойды-ау!» — деп өзіңе ренжуі мүмкін. Ноздрев көп жағынан жан-жақты, яғни көпқырлы адам. Ол сол минутта-ақ сізге мейлі жердің түбіне болса да, бір жерлерге бірге баруыңызды, қалаған кәсіпке кіруіңізді, қалаған нәрсеңізді айырбастауыңызды ұсынар еді. Мылтық, ит, жылқы – бәрі де айырбас заты болып есептелетін, бірақ бәрі де пайда табу үшін емес:

мінездің тынымсыздығы мен өжеттігінен болып жататын-ды. Егер оның жәрмеңкеде бір ашық ауызды алдап соғуының реті келсе, ол бұрын көзіне түсіп жүрген лапкедегі заттардың бәрін: қамыттарды, темекі шырағдандарын1, бала күтушілердің қолорамалдарын, айғырларды, жүзім мейізін, күміс қолжуғыштарды, голландық кенепті, жармалы ұнды, темекіні, тапаншаларды, тұздалған балықтарды, суреттерді, пышақ қайрайтын құралдарды, қыш құмыраларды, етіктерді, фаянс ыдысын – ақшасы жеткенше үйіп-төгіп сатып ала беретін. Әйтсе де, соның көбі сирек жағдайда ғана үйге аман жететін еді; осының бәрі сол күні-ақ басқа бір  бақытты ойыншының қолына тиетін, кейде тіпті өзінің калияны мен темекі дорбасы, ал кейбір ретте жегінді төрт аты күймесімен және көшірімен қоса кететін, сондықтан қысқа сюртук немесе арқалық киген қожайынның өзі біреудің арбасын пайдалану үшін, таныс дос-жарандарын іздеп жаяу кететін. Ноздрев деген сондай адам! Мүмкін оны күні біткен адам, Ноздрев енді арамызда жоқ деушілер табылар. Қайдағы! Олай дейтіндердің сөзі әділдікке жатпайды. Ноздрев әлі өмірден көпке дейін өшпейді. Ол қай жерде де бізбен бірге, бәлкім, басқа кафтан киіп жүрген болар; ол жеңіл ойлы ұшқалақ адам және басқа кафтан киіп жүрген адам оған басқа адам болып көрінуі мүмкін.

Бұл кезде серілер мінген үш күйме Ноздрев үйінің ауласына келіп те қалған болатын. Үйде бұларды қабылдайтындай еш дайындық жоқ екен. Асхана ортасында екі ағаш ашамай тұр, соның үстіне шығып алған екі мұжық ыңылдай әндетіп қабырғаларды ақтауда; еденнің бәріне ақ бояу тамған. Ноздрев кірген бетте екі мұжыққа ашамайларыңмен қоса құрыңдар деді де, өзі әмір беру үшін көрші  бөлмеге жүгіріп кірді. Қонақтар оның аспазға тағам әзірлеуді тапсырып жатқанын естіді: мұны түсініп, қазірден-ақ тәбеті ашыла бастаған Чичиков, сағат бестен бұрын дастарқанға отырмайтындарын сезді. Қайта оралған Ноздрев қонақтарды деревнядағы бар байлығын көрсетуге ертіп шықты және бұл жұмыспен екі сағаттан астам уақыт, басқа көрсетер байлығы қалмағанға дейін айналысты. Танысуды олар ат қорадан бастады, мұнда бірі теңбіл сұр, екіншісі құлагер екі бие және сырт қарағанда жабылау көрінетін, бірақ Ноздрев бұл атты он мыңға сатып алдым деп ант-су ішумен ішті кептірген торы айғыр тұрған.

— Сен бұған он мың  берген жоқсың, — деді күйеу баласы. – Бұл айғыр бір мыңға да тұрмайды.

— Құдай куә, он мың бердім, — деді Ноздрев.

Күйеу баласы бәстесіп жатқысы келмеді.

Содан кейін Ноздрев бұрын ат қора болған, бірақ қазір қаңырап қалған қоршауды  көрсетті. Қонақтар бұл ат қорадан ескі наным бойынша жылқылармен бірге ұстайтын жалғыз текені көрді, жылқылардың бауырында өскен сақалды шұнақ олардан жамандық көрмеген сияқты. Сонан кейін Ноздрев бұрын байлаулы  тұратын қасқырдың  бөлтірігін көрсетті. «Мынау бөлтірік! – деді ол. – Мен мұны әдейі шикі етпен асырап жүрмін. Мен оның нағыз жыртқыш болып шыққанын қалаймын!» Бұдан соң, Ноздревтің айтуыбойынша, балығы тайдай тулап жатқан, бір балығының өзін екі адам қос қолдап әрең көтеретін  тоспаны жағалады, алайда ірі балық жөніндегі соңғы өлшемге күйеу баласы тағы да күмән келтірді. «Мен  саған, Чичиков, — деді Ноздрев, — аш күзендей бүгілген екі тазымды көрсетейін: сан етінің қарымдылығына адам қайран қалады, ал тұмсығының ұзындығын айтып болмайды – ине дерсің!» — ол осыны  айтып, қонақтарды жан-жағы түгел қоршалған кең ауласы бар, өте көрікті тұрғызылған кішкене үйге алып жүрді. Үйге кіргендер мұнда жүндес және тықыр жүнді иттердің неше түрін: қызыл-қарасын да, ақ-сарысын да, сары шұбарын да, қара теңбілді жағал сарысын да, қарақұлағын да, сұрқұлағын да көрді1. Мұнда иттердің: Тұйғын, Жұлқар, Ұшар, Бөрібасар, Алыпсоқ, Таймас, Ақтөс, Тектұрмас, Зымыран деген секілді алуан түрлі аттарын кездестіруге болар еді2. Ноздрев осылардың ішінде тәлім беріп жүрген туған әкелеріндей көрінді; бәрі бір мезгілде, иттерге тән әдетпен құйрықтарын қайқайтып, қонақтардың алдынан жүгіріп шығып, қыңсылап амандасып жатты. Олардың кемінде он шақтысы Ноздревтің кеудесіне секірді. Ұшар дәл осындай құрметті Чичиковке де көрсетіп, артқы аяқтарына тік тұрған күйі оның аузын жалап алып еді, анау сол заматта-ақ түкіріп тастады. Бұлар кімге еркелерін білмей ерігіп жүрген өңкей қылышқұйрықтарды түгел аралап шықты – шетінен жақсы ит екен. Сонан соң, бұдан біраз жыл желмен жарысатын, енді қартайғаннан көзі көрмей қалған, Ноздревтің айтуы бойынша, талқаны таусылуға айналған қырым қаншығын барып көрді; бишараның халі шынында да адам аярлықтай екен. Бұдан кейін, үстіңгі тасты айналдыратын бел темірі әзірге істен шығып тұрған су диірменін көрудің реті келді. Үстіңгі тас орыс мұжығының тілімен айтқанда – «зырылдауық».

— Ал мына жерде, Құдай қаласа, ұстахана  болады! – деді Ноздрев.

Қонақтар шамалы жүргеннен кейін ұстаханаға жетіп, оны да аралап шықты.

— Ал, мына егістікте, – деді Ноздрев, егістікті қолымен нұсқап, –орқоянның көптігінен қара жер көрінбей кетеді; мына мен өзім біреуін артқа аяғынан ұстап алғаным бар.

— Қойшы, орқоян саған артқы аяғын ұстата қоймас! – деді күйеу баласы.

— Ал мен ұстадым, қасақана ұстадым! – деп жауап берді Ноздрев. – Енді мен саған, – деді ол Чичиковке бұрылып, – иелігімнің шекарасын көрсетіп қайтайын.

Ноздрев өз қонақтарын көп жерлері ой-шұқырлы болып келетін егістікпен алып жүрді. Қонақтар жыртылған жерлердің арасымен және тырмаланған танаппен жүруге тиіс болды. Чичиков шаршағанын сезе бастады. Шұңқырлардың тереңдігі сонша, кей жерлерде аяқтары балшыққа тізеден кіріп кетеді.  Алғашқыда олар сақтанып, ой-шұқырды аттап басып жүргенмен, одан нәтиже шықпайтынына көздері жеткен соң, қай жердің балшығы аз, қай жердің саз балшығы көп екеніне қарамай, тура тарта берді.

Осылайша едәуір жер жүргеннен кейін, олар ағаш діңгек пен терең ордан тұратын шекараға келіп жетті.

— Міне – шекара! – деді Ноздрев. – Бергі жақтағы көз жетер жердің бәрі – менікі, ол ол ма, арғы жақтағы қарауытып көрінген қалың орман да менікі.

— Ол орман қашаннан бері сенікі боп жүр? – деп сұрады күйеу баласы. — Әлде жақында сатып алдың ба? Бұрын сенікі емес еді ғой.

— Иә, таяуда сатып алдым, – деп жауап берді Ноздрев беті бүлк етпестен.

— Қашан сатып алып жүрсің?

— Қашан дерің бар ма, үшінші күні сатып алғанмын, қымбатқа түсті, сайтан алғыр.

— Ол кезде сен жәрмеңкеде болдың ғой.

— Әй, Софрон! Іскер адамға бір мезгілде жәрмеңкені де аралап, жерді де сатып алуға болмай ма? Иә, мен жәрмеңкеде жүрдім, ал піркәзшігім мұнда жерді менсіз-ақ сатып алды.

— Әй қойшы, қайдағы піркәзшік! – деді күйеу баласы, бірақ артынша-ақ көңіліне күдік кіріп, басын шайқады.

Қолапайсыздау жағдайда отырғанын өзі де сезген күйеу баласы ақыры үйіне қайтуға рұқсат сұрай бастады, бірақ аттың басына қамытты шымшуырмен апарып кигізгендей деп орыстар айтпақшы, бұл жолғы үні босаңдау шықты.

— Жо-жо-жоқ, жібермеймін! – деді Ноздрев.

— Жоқ, ренжітпеші мені, досым, кетейін, — деп қарсыласты күйеу баласы, — әйтпесе қатты өкпелеймін.

— Түк те емес, түк те емес! Біз қазір банк ойнаймыз.

— Жоқ, банкті өзің ойна бауырым, өзің ойна, ал мен қайтайын, әйелім ренжіп қалады, мен оған жәрмеңке туралы айтып беруім керек қой. Солай, бауырым, шын айтам, оған қуаныш сыйлау керек қой. Жоқ, сен мені бөгеме!

— Ой әйеліңді… сенің! Қирататын шығарсыңдар екеуің шамасы!

— Жоқ, бауырым! Ол өте әдепті әрі адал адам! Ойыңдағының бәрін істейді… Сенесің бе, менің көңілім босап тұр. Жоқ, сен мені бөгеме; адал адам ретінде тайып тұрайын. Мұны саған ар-ожданыммен айтып отырмын.

— Барса бара берсін, не пайда одан! – деді  Чичиков Ноздревке ақырын ғана.

— Рас айтасың! – деді Ноздрев. – Осындай жылауықтарды жаным сүймейді. – Сосын екеуіне естірте: — жә, қатынжанды екенсің, бара ғой, фетюк1, — дегенді қосып қойды.

— Жоқ, бауырым, сен мені фетюк деме, — деді күйеу баласы, — мен оған өміріммен қарыздармын. Ол өте мейірімді, сүйкімді, соншама еркелеткенде… жылағың келеді; жәрмеңкеден не көрдің деп сұрайды ғой, бәрін айтып беруім керек, шын айтамын, сүйкімді әйел.

— Жарайды, бара бер, бар да соқ өтірікті! Ки мына картузыңды.

— Жоқ, бауырым, ол туралы мұндай сөз айтуыңның жөні жоқ; мұныңмен сен менің де көңілімді қалдырасың, ол сондай сүйкімді.

— Онда жет тезірек сүйкімдіңе!

— Иә, бауырым, барайын, қалмады деп сөкпессің. Қуана-қуана қалар едім, бірақ болмайды.

Күйеу баласы әлдеқашан арбасында отырғанын, әлдеқашан қақпадан шыққанын және әлдеқашан-ақ алдарынан сары дала көрінгенін сезбестен, өзінің кешірім сұрауын жалғастыра берді, әйелі жәрмеңке туралы көп мәлімет ести қоймаған шығар-ау.

— Әй, опасыз-ай! – деді Ноздрев, терезенің алдында ұзап бара жатқан күймеге қарап тұрып. – Ентелеуін қарашы! Жегінді аты жаман емес, мен оны баяғыда-ақ сатып алғым келген. Бірақ онымен келісу мүмкін емес. Фетюк, барып тұрған фетюк!

Сосын олар бөлмеге кірді. Порфирий шырағдандар әкеп қойды және Чичиков үй иесінің қолындағы бір колода картаны байқап қалды.

— Қалай, бауырым, — деді Чичиков, — аздап ермек қыламыз ба? – Ол колоданы саусақтарымен иіп келіп жібере салғанда, сыртқы қаптама қағазы сырт етіп ұшып түсті. – Алдымен уақыт өткізу үшін, банкке үш жүз сом саламын!

Бірақ Чичиков не туралы әңгіме болғанын естімеген адам бола қалды да, әлдене есіне түскендей:

— Ә, ұмытып барады екемін ғой, саған бір өтініш бар, — деді.

— Қандай өтініш?

— Алдымен орындаймын деп сөзіңді бер.

— Қандай өтініш деп сұрап тұрмын ғой?

— Жоқ, алдымен сөзіңді бер!

— Ал, бердім.

— Шын сөзің ғой?

— Шын сөзім.

— Өтініш мынау: сенде ғой әлдеқашан өлген, бірақ әлі ревизиядан сызылып тасталмаған көптеген шаруалар бар, солай       ма?

— Иә, бар, сонда не?

— Соларды маған, менің атыма аударшы.

— Ал саған неге керек?

— Маған керек болып тұр.

— Неге керек деймін?

— Керек болған соң керек… Ол жағы менің шаруам, – қысқасы, қажет.

— Әй, қайдам, бірдеңені бүлдіргенсің ғой. Не бүлдірдің, шыныңды айт?

— Не бүлдіруші едім? Мұндай түкке тұрмайтын нәрседен ештеңе бүлдіре алмайсың.

— Ендеше олар саған неге қажет?

— Ой, қандай қазымырсың! Түкке алғысыз нәрсенің бәрін бұл қолымен ұстап, мұрнымен иіскемесе болмайды!

— Онда неге айтқың келмей отыр?

— Айтқаннан сен не табасың? Жай, әншейін, ойыма бір қиял түсіп кетті.

— Онда былай болсын: қашан айтқанша, орындамаймын!

— Әне, көрдің бе, сенің тарапыңнан бұл шыншылдық емес: сөз беріп алады да, орындамайды.

— Енді қалай деп едің, неге қажет болғанын айтпасаң, орындамаймын.

«Бұған не айтсам екен?» — деп ойлады Чичиков және бір минөттей ойланған соң, өлі жандар бұған қоғамдағы салмағын арттыру үшін керек екенін, өзінде үлкен иеліктер болмағандықтан, уақытша көңіл жұбату үшін қажет боп тұрғанын айтты.

— Өтірік айтасың! – деді Ноздрев, оның сөзін  аяқтатпай. — Өтірік, бауырым!

Чичиков сөзінің онша ұтымды шықпағанын және дәлелінің әлсіз екенін өзі де байқап қалды.

— Онда мен саған турасын айтайын, — деді ол, сөзін түзетіп, — тек біреуге айтып қойып жүрме. Мен үйленейін деп жүрмін; бірақ саған шынымды айтайын, қалыңдығымның әке-шешесі қиын адамдар екен. Қайын жұрт емес, комиссия дерсің: солармен шатысқаныма өзім де өкініп жүрмін; күйеу баласының кемінде үш жүз жаны болғанын қалайды, ал менде бақандай жүз елу адам жетіспейді….

— Өтірік айтасың, өтірік! – деп айқай салды Ноздрев.

— Ал енді осы жерде, — деді Чичиков, — мынадай да өтірік айтқан жоқпын. – Ол бас бармағымен шынашағының кішкентай ғана бөлігін көрсетті.

— Басымды тігейін, мұның өтірік!

— Мұның ауырлау екен, бауырым! Мені кім деп жүрсің! Менің айтқанымның бәрі неге өтірік болуға тиіс?

— Мен сені білемін ғой: сен нағыз алаяқтың өзісің,  мұны саған шын көңілден айтуыма рұқсат ет! Егер мен сенің бастығың болсам, мен сені бірінші кездескен ағашқа асып өлтірер едім.

Чичиков бұған намыстанып қалды. Оның сыпайылығын қорлайтын кез келген дөрекі сөз ендігі жерде намысына тие бастады. Ол, тіпті, өзін фамилиясымен атағанда да жақтырмайтын, егер атақ-абыройы жоғары болмаса. Және сондықтан да көңіліне ауыр алып қалып еді.

— Құдай ақы, асып өлтірер едім, — деп қайталады Ноздрев, — мен мұны саған ашық айтамын және ренжіту үшін емес, шынайы достықпен айтып отырмын.

— Бәрінің де шегі болады, — деді Чичиков, өз бағасын білетін адамның қалпымен. — Егер ондай сөздерге жүйрік болсаң, казармаларға бар. — Сосын ойын жинақтап: — Егер сыйлағың келмейді екен, онда сат, — деді.

— Сат дейді! Әй, мен сені білемін ғой, сен нағыз малғұнсың, оларды қымбатқа ала қоймайсың ғой?

— Әй, сен де оңып тұрған жоқсың! Байқап сөйле! Немене, оларың сенің гауһар ма сонша?

— Дәл солай болып шықты. Өзім де біліп едім.

— Қойшы, бауырым, ешбір сөзге сенбейтін, сіресіп қалған адам екенсің! Оларды маған тегін бере салатын жөнің бар ғой.

— Жә, өзімнің сен ойлағандай сараң емес екенімді дәлелдеу үшін, мен олар үшін дәнеңе де алмаймын. Сен менің айғырымды сатып алшы, үстіне қосып бергенім болсын.

— Ойлашы өзің, айғырды мен не қыламын? – деді, мұндай ұсынысқа шынымен таң қалған Чичиков.

— Не қылғаны қалай? Мен оны он мыңға сатып алған болатынмын, ал саған төрт мыңға берейін.

— Мен айғырды қайтемін? Жылқы зауытын ұстамаймын.

— Ойлап қарасаңшы: мен сенен бар болғаны үш мың аламын, ал қалған бір мыңын сен маған кейін төлеуіңе болады.

— Айғыр керек емес деймін!

— Онда көк биемді сатып ал.

— Биенің де қажеті жоқ.

— Бием мен өзің көрген жирен ат үшін мен сенен бар болғаны екі мың аламын.

— Маған жылқылардың қажеті жоқ.

— Сен оларды сатып жіберсең, ол үшін саған бірінші жәрмеңкеде үш есе көп береді.

— Үш есе ұтатыныңа сенімді болсаң, сен оларды өзің сат.

— Мен ұтатынымды білемін, бірақ сен де пайдасын көрсін дегенім ғой.

Чичиков досының мырзалығына рахмет айтты және жирен аттан да көк биеден де төтесінен бас тартты.

— Онда иттерімді сатайын. Мен саған көрген адамның жаны түршігетін екі итімді сатайын. Жон терісі тік тұратын ұртты да мұртты жұлқар. Қабырғалары кеспектей жұмыр, аяқтарының жеңілдігі сонша, жүгіргенде табаны жерге тимейді!

— Ойбай-оу, мен итті не қыламын? Мен аңшы емеспін.

— Мен сенің де ит асырағаныңды тілеймін. Жарайды, егер иттерді алғың келмесе, онда менің шарманкамды сатып алшы, тамаша аспап; адал адам ретінде айтайын, маған бір жарым мыңға түсті; саған тоғыз жүзге беремін. 

— Маған шарманканың керегі не? Мен онымен жол  кезіп жүріп садақа сұрайтын неміс емеспін ғой.

— Бұл немістер алып жүретін шарманка емес. Бұл орган1; назар салып қарашы: бәрі қызыл ағаштан жасалған. Мен саған оны тағы да бір рет көрсетейін! – Осы арада Ноздрев Чичиковтің қолынан ұстап алып, оны басқа бөлмеге сүйрей жөнелді және оның еденге табанын тірей қарсыласқанына да, шарманканың қандай болатынын баяғыдан білетіндігін айтып жалынғанына да қарамастан, Мальбругтің жорыққа қалай аттанғанын тыңдауға тиіс болды. – Егер сен ақшаға келіспесең, онда былай болсын: мен саған шарманканы да, өзімдегі өлі жандарды да – бәрін берейін, ал сен маған арбаңды және оның үстіне үш жүз сом бер.

— Ал керек болса, сонда мен немен қайтамын?

— Мен саған басқа арба беремін. Қазір барайық сарайға, мен саған оны көрсетейін! Сен оны қайта бояп алсаң болғаны, тамаша арба болады да шығады.

«Әй, бір ырыққа көнбейтін жынды екенсің» — деп ойлады Чичиков ішінен және қалай болғанда да оның арбасынан да, шарманкасынан да, желге жеткізбес, табаны жерге тимес иттерінен де берік бас тартуға бекінді.

— Арбамды, шарманкамды және өлі  жандарымды түгел берейін дедім ғой. Неліктен алғың келмейді?

— Алғым келмейтін болған соң, алғым келмейді, бітті әңгіме.

— Мә, сен осындай екенсің ғой! Сенімен, менің байқауымша, жақсы дос-жар адамдардай сөйлесуге болмайды екен, солай де!.. Сенің екіжүзді адам екеніңді енді көріп отырмын!

— Сонда мен немене, ақымақпын ба? Өзің ойлап қарашы: өзіме қажет емес заттарды мен неге сатып алуға тиіспін?

— Мақұл, ар жағын айтпай-ақ қой. Мен сені енді білдім. Қу тірлік деген осы! Ал енді банк ойнап жіберсек қайтеді? Мен барлық өлгендерімді, оған қоса шарманкамды да картаға салайын.

— Банкқа тәуекел ету деген сөз – құрдымға кету деген сөз, — деді Чичиков және көзінің қиығымен оның қолындағы картаға қарап қойды. Колоданың екі қыры да, сыртқы жағы да оған күдікті көрінді.

— Құрдымға кеткені қалай? – деді Ноздрев. – Ешқандай құрдымға кетпейсің. Қолың жүріп кетсе, байлыққа белшеден батасың. Бақыт деген сол! – деп ол картаны бір-бірлеп тастай бастады: – міне  бақыт, міне бақыт, міне менің түбіме жеткен тоғыздық! Өлі жандарын сататынын сезіп тұрмын, алайда көзімді жұмып тұрып:  «Сатсаңшы, антұрған, тезірек сат!» — деп тілеймін.

Ноздрев карта үлестіріп жатқанда Порфирий бір шиша шарап әкелді. Бірақ Чичиков карта ойнаудан да, шарап ішуден де бір жола бас тартты.

— Неге ойнағың келмейді? – деп сұрады Ноздрев.

— Әншейін, зауқым болмай тұр. Және де, шынымды айтсам, карта ойнына ебім жоқ.

— Неліктен ебің жоқ?

Чичиков иығын көтеріп қалып:

– Әуестігім жоқ, – деді.

— Шірік екенсің!

— Құдай солай жаратса, қайтейін.

— Фетюксің барып тұрған! Мен бұрын сені әжептәуір адам шығар деп ойлаушы едім, ал сен сыйлағанды түсінбейді екенсің. Сенімен жақын адамдардай сөйлесу мүмкін емес… ешқандай ақкөңілдік, шыншылдық жоқ сенде! Барып тұрған Собакевичтің өзісің, нәлет!

— Сен маған неге ұрсасың осы? Жазғаным – ойнамағаным ба? Егер мырза болсаң, сатсаңшы өлі жандарыңды, соған неге қалтырайсың?

— Атаңның қақ шекесі! Мен саған тегін берейін деп ойлағам, ал енді мүлдем алмайсың! Маған десең үш патшалықты қоса сыйла, бермеймін. Ішін бермейтін ішмерез екенсің! Осыдан бастап сенімен сөйлескім келмейді. Порфирий бар, жылқышыға айт, мынаның аттарына сұлы бермесін, шөпті талшық етсін.

Соңғы үкімді Чичиков мүлдем күткен жоқ еді.

— Одан да көзіме көрінбегенің дұрыс болатын еді! – деді Ноздрев.

Осындай түсініспестіктеріне қарамастан қонақ пен үй иесі кешкі асты бірге ішті, рас бұл жолы дастарқан үстінде аттарынан адам жаңылатын алуан түрлі шараптар болған жоқ. Тек қана, қай жағынан алсаң да, қышқыл сусыннан әрі аса қоймайтын кипрлік жалғыз шиша тұрды. Кешкі астан кейін Ноздрев Чичиковті жататын бөлмесіне алып шығып:

— Жататын төсегің мынау! Саған қайырлы түн айтқым да келмейді! – деді.

Ноздрев кеткен соң Чичиков ұнжырғасы түсіп отырды да қалды. Ол іштей өзіне-өзі налыды, осыған бұрылып уақытты текке өткізгені үшін, бармағын тістеп өкінді. Ал іс туралы әңгіме қозғап, жас балаша абайламай ақымақтық істегені үшін, өзін-өзі одан жаман жазғырды: өйткені бұл Ноздревке сездіретіндей жұмыс емес еді… Ноздрев былапыт адам, Ноздрев өтірікті судай сапыратын, қосып айтатын, өсекті өрттей қаптататын  адам – жақсы болмады, жақсы болмады. «Барып тұрған ақымақпын» — деді ол өзіне-өзі. Түнде дөңбекшіп ұйықтай алмады. Қайдағы бір маса-шіркейлер маза бермей жанды жерлерін шағып шықты, ал ол шаққан сайын қышыған жерлерін өкінішпен қасып: «Ноздревіңмен қоса сайтан алсын сендерді!» — деумен болды. Таңертең ерте оянды. Бірінші бітіргені шапаны мен етігін кие салып, аула арқылы атқораға барып, Селифанға дереу арбаны жек деп бұйрық беру болды. Аула арқылы қайтып келе жатқанда ол шапанын желбегей жамылып, калиянын тартып жүрген Ноздревке жолықты.

Ноздрев онымен достарша сәлемдесіп, қалай ұйықтағанын сұрады.

— Жаман емес, — дей салды Чичиков көңілсіз.

— Ал мен, бауырым, жаман түс көріп шықтым, — деді Ноздрев, – тіпті айтуға аузым бармайды, ал кешегі ішістен кейін аузыма атты әскер қонып шыққандай көрінді. Сенесің бе, түсімде мені сойып салыпты және кім дейсің ғой? Ешқашан миыңа кірмейді: штабс-ротмистр Поцелуев пен Кувшинников екеуі.

«Өңіңде сойып салмаған екен сені» деп ойлады Чичиков ішінен.

— Құдай ақы, ауыртып сабады! Ояна келсем: шынында, қышынып барамын – бүрге шаққан екен. Ал, сен енді барып киіне бер, қазір мен саған кіремін. Алдымен оңбаған піркәзшікке ұрсып алайын.

Чичиков жуынып, киіну үшін бөлмесіне кетті. Киініп болған соң, асханаға шыққан кезде, шай ішетін шыны аяқтармен қоса бір шиша ромның тұрғанын көрді. Бөлмеде кешегі түскі ас пен кешкі астың іздері байқалады; еден сүртетін мәусекті ешкім қолға алмаған секілді. Еден нанның қиқымынан көрінбейді, темекі күлі дастарқан үстінде де шашылып жатыр. Көп кешікпей кірген үй иесі шапанының астынан жүндес көкірегінен өзге ештеңе көрінбейді. Калиянын қолға ұстап, шәшкедегі шайын жүре ұрттап келе жатқан оның мына пошымы шашыңды сиыр жалағандай қылып жылтырата тарап, бұйралаудан немесе түбінен қырқып тастаудан қаймықпайтын шаштараздай, суретшіге таптырмайтын көрініс еді.

— Ал қалай ойлайсың? – деді, аз-кем үнсіздіктен кейін Ноздрев. — Өлі жандарға ойнағың келмей ме?

— Ойнамаймын деп мен саған айттым ғой, бауырым; сатып ал десең — әңгіме басқа.

— Сатқым келмейді, ол достыққа жатпас еді. Мен сайтанның өзі де білмейтін нәрседен пайда табуды өзіме ар санаймын. Банкіге тіксек — әңгіме басқа. Бір таратып жіберелік!

— Ойнамаймын деп айттым ғой.

— Ал айырбастағың келмей ме?

— Келмейді.

— Онда дойбы ойнайық, ұтып шықсаң – бәрі сенікі. Менде ревизиядан сызып тастайтын заттар көп. Әй, Порфирий, дойбыны мұнда әкелші.

— Әуре болма, мен ойнамаймын.

— Бұл банк емес қой; мұнда қол шығу немесе жасандылық деген болмайды: өнеріңе байланысты; мен саған тіпті турасын айтайын, алдын ала бірдеңе беріп қоймасаң, мен мүлдем ойнай алмаймын.

«Тәуекел, — деп ойлады Чичиков ішінен, — ойнасам ойнап көрейін! Дойбыны жаман ойнамаушы едім ғой, ал бұл жерде әзілге жол жоқ».

— Мақұл, солай-ақ болсын, дойбы ойнаймын.

— Әр жан жүз сомнан!

— Қалайша? Елу сомнан қойсақ та жарап жатыр.

— Жоқ, елу сом деген ақша ма? Одан да бұл сомаға мен саған орта қол бір күшігімді немесе сағатымның алтын жапырағын1 қосайын.

— Оны өзің біл! – деді Чичиков.

— Маған алдын ала қанша бересің? – деді Ноздрев.

— Не үшін бермекпін? Әрине, ештеңе бермеймін.

— Ең болмаса, алғашқы екі жүріс менікі болсын.

— Болмайды, мен өзім де нашар ойнаймын.

— Білеміз біз сендердің қалай нашар ойнайтындарыңды! – деді Ноздрев, дойбының тасын ілгері жылжытып жатып.

— Дойбы ойнамағаныма көп болды! – деді Чичиков те, дойбы тасын бір жылжытып қойып.

— Білеміз біз сендердің қалай нашар ойнайтындарыңды! – деді Ноздрев, дойбы тасын бір аттатып.

— Дойбы ойнамағаныма көп болды! – деді Чичиков тағы да, бір жүріс жасап.

— Білеміз біз сендердің қалай нашар ойнайтындарыңды! – деді Ноздрев, жүріс жасаған кезде жеңімен тағы бір тасты жылжытып жіберіп.

— Мен ойнамағалы қашан… Әй, әй, мынауың не,  бауырым? Орнына қой! – деді Чичиков.

— Нені?

— Дойбының тасын, — деді Чичиков және соны айтып үлгіргенше дамкаға шығып бара жатқан тағы бір тасты көріп қалды; қайдан пайда болғанын бір Құдай біледі. – Жоқ! – деді үстелден тұра берген Чичиков, — саған дауа жоқ екен! Бұлай үш тасты бірдей жүрмес болар!

— Қайдағы үш тас? Қателескен болармын. Біреуі абайсызда жылжып кетіпті, жарайды, мен оны кейін шегерейін.

— Ал, екіншісі қайдан шықты?

— Қайдағы екіншісі?

— Мына дамкаға шығып бара жатқаны?

— Мынау қызық екен ей, ұмытып қалғанын қара!

— Жоқ, бауырым, мен жүрістің бәрін санап отырмын, және бәрі де есімде; сен оны қазір ғана жылжытып қойдың. Оның орны мына жерде!

— Мына жердесі қалай? – деді Ноздрев, қызарақтап. – Осы сен, бауырым, ойдан шығарғышсың-ау деймін!

— Жоқ, бауырым, ойдан шығарғыш сенсің, тек сезіліп қалды.

— Сен мені осы кім деп тұрсың? – деді Ноздрев. — Өтірікші, мүттайымға балағың келе ме?

— Мен сені ешкімге де баламаймын, бірақ қазірден бастап сенімен ешқашан ойнамаймын.

— Жоқ, сен бас тарта алмайсың, — деді Ноздрев, — ойын басталып кетті!

— Менің бас тартуға хақым бар, өйткені сен адал адамға тән шыншылдықпен ойнамайсың.

— Жоқ, өтірік айтасың, сен олай дей алмайсың!

— Жоқ, бауырым, өтірікті өзің айтып отырсың!

— Мен қарау ойнаған жоқпын, ал сен енді бас тарта алмайсың, сен партияны аяқтауға тиіссің!

— Оған мені зорлай алмайсың, — деді Чичиков салқынқандылықпен, сөйтті де тақтаға таяп келіп, тастарды араластыра салды.

Ноздрев шарт сынып, Чичиковке жетіп барған кезде, анау сескеніп қалып, екі адым кейін шегінді.

— Мен сені зорлап ойнатамын! Тастарды араластырып жібергенің ештеңе емес, барлық жүрістер ойымда. Біз бәрін де өз орын-орындарына қоямыз.

— Жоқ, бауырым, іс бітті, мен сенімен ойнамаймын.

— Шынымен ойнамайсың ғой?

— Сенімен ойнау мүмкін емес екенін өзің көріп тұрсың ғой.

— Жоқ, турасын айтшы, ойнамайсың ба? – деді Ноздрев жақындай түсіп.

— Ойнамаймын! – деді Чичиков, әйтсе де қалай-қалай емес дегендей екі қолымен бетін қорғаштай берді, өйткені іс шынында да насырға шауып бара жатқан болатын.

Бұл сақтануы бекер болмады, өйткені Ноздрев қолын сермеп қалды… және біздің кейіпкеріміздің  томпиған екі бетінің біріне арсыздық таңбасы басылуы әбден мүмкін еді; бірақ соққыдан сәтімен жалтара білген ол, Ноздревтің қос жұдырығын ұстай алып, тырп еткізбей қойды.

— Порфирий, Павлушка! – деп айқайлады Ноздрев ашумен, қолын босатуға тырысып.

Мұны естіген Чичиков аула адамдарын әдепсіздік көрініске куә қылғысы келмей және Ноздревті ұстап тұрудан мән шықпайтынын сезген соң, оның қолын қоя берді. Дәл осы сәтте Порфирий мен еңгезердей Павлушка кіріп келді және бұлармен байланысу мүлдем ессіздік болған болар еді.

— Сонымен сен партияны аяқтағың келмейді ғой, ә? – деді Ноздрев. – Айт  қане турасын!

— Партияны аяқтайтындай жағдай жоқ, — деді де Чичиков терезеге қарады. Ол жүруге дайын тұрған өзінің арбасын көрді, ал Селифан сәкіге жақын айдап әкелуге дайын тұр екен, бірақ бөлмеден шығып кетуге ешбір мүмкіндік жоқ еді: есіктен шыға берісте басыбайлы екі мықты ақымақ тұрған-ды.

— Сонымен партияны аяқтағың келмейді ғой? – деп қайталады, түтігіп кеткен Ноздрев.

— Егер сен адам сияқты ойнасаң, қарсы болмас едім. Ал енді ойнағым келмейді.

— Ә, ойнағың келмейді екен ғой, оңбаған! Ұтылатыныңды білген соң, ойнағың келмейді! Ұрыңдар мұны! – деп айқайлады ол Порфирий мен Павлушаға, ал өзі шие ағашынан жасалған қорқорын ала ұмтылды.

Чичиков құп-қу боп қуарып кетті. Ол бірдеңе айтқысы келіп еді, бірақ бозарып кеткен еріндері тек үнсіз қимылдады.

— Ұрыңдар сұмырайды! – деп айқайлады Ноздрев, асыға, аптыға, алынбас қамалға қарсы ұмтылғандай қорқорын сүйретіп. – Ұрыңдар оны! – деп айқайлады ол, ұлы шайқас кезінде өзінің взводына: «Алға, жігіттер!» — деп бұйрық берген ержүрек поручик тәрізді, бірақ батырлығымен мәлім болған поручик шайқас кезінде өзін тежеп ұстау үшін бұйрықтың жорта берілетінін білмейтін еді. Бірақ поручик әбден еліріп алған, дүние шыр айналып кеткендей: алдында Суворов жүр қақ жарып, ол ұлы іске бел байлаған. «Алға, жігіттер!» — деп айқайлады ол, ойластырылып қойған жалпы шабуылға зиянын тигізетінін сезбестен, мыңдаған мылтық оқпаны бұлтпен таласқан алынбас қамалдың амбразураларына кезеліп қойылғанын, оның шағын взводының күлі көкке ұшатынын және оның байбаламшыл кеңірдегін орып түсетін оқтың қазірдің өзінде зуылдап ұшып жүргенін ойланбастан.

Бірақ Ноздрев қамалға шабуыл жасаған көзсіз ер поручикке ұқсағанмен, бірақ шабуылдаған қамалы алынбас қамалға ұқсамайтын еді. Керісінше, қамалдың қатты сасқаны сонша, жаны өкшесіне барып тығылды. Оның қалқан қылып қорғанбақ болған орындығын басыбайлы адамдар қолынан жұлып алғалы қашан, үй иесінің қорқорын жасқанып, өлі де емес, тірі де емес, көзін жұма бергені қашан және тағы да не пәлелер боларын бір Құдай білетін еді; бірақ тағдыр біздің кейіпкерлеріміздің қабырғасын да, иығын да, басқа тәрбиелі жерлерін де зақымдауға жазбаған екен. Кенет аспаннан түсе қалғандай сыңғырлаған қоңырау үні естілді, есік алдындағы сәкіге таяп келіп қалған арбаның доңғалағы сықырлады және тіпті шауып келіп тоқтай қалған жегінді үш аттың пысқырғаны бөлмеге дейін жетті. Бәрі де еріксіз терезеге қарады: жартылай әскери сюртук киген мұртты біреу арбадан түсіп жатты. Ауыз үйде жөн сұрап алған соң, ал Чичиков қорыққанынан есін жия алмай, өлі мен тірінің арасында тұрған сәтте кіріп келді.

— Ноздрев мырза, кім екенін айтпас па екенсіздер? – деді бейтаныс ұзын сапты қорқорын ұстап тұрған Ноздрев пен енді ғана есін жия бастаған Чичиковке таңдана қарап.

— Алдымен кіммен сөйлесетінімді білгім келеді, — деді Ноздрев, оған жақындай беріп.

— Капитан — исправникпін1.

— Ал сізге не керек?

— Мен сіздің ісіңіз бойынша шешім аяқталғанға дейін сот қарауында болатындығыңыз жөніндегі маған жіберілген хабарламаны мәлімдеуге келдім.

— Бұл не сандырақ, қайдағы іс бойынша? – деді Ноздрев.

— Сіз мас болып, помещик Максимовтің арына тиген дүрмекке қатысқансыз.

— Сіз өтірік айтасыз! Мен помещик Максимовті көрген де емеспін!

— Мархаббатты мырзам! Менің офицер екенімді баяндауға рұқсат етіңіз. Сіз мұны маған емес, малайыңызға айтуыңызға болады!

Осы жерде Чичиков бұған Ноздревтің қалай жауап беретінін күтпестен, тезірек бас киімін алып, капитан-исправниктің арт жағынан жылыстап отырып сәкіге шығып, арбасына мінді де, Селифанға аттарға қамшына бас деп бұйырды.

 

 

Бесінші тарау

 

Қалай десек те біздің кейіпкерлеріміздің зәре-құты қалған жоқ. Арба барынша зулап келе жатқанмен және Ноздревтің деревнясы егістіктердің, жадағай жазықтар мен төбешіктердің тасасында әлдеқашан көрінбей қалғанмен, ол қуғыншы келіп қала ма деген қауіппен артына қорқынышпен жалтақтай қараумен болды. Ол әрең тыныстап келеді, қолын жүрегінің тұсына қойып көріп еді, торға түскен бөденедей тулап тұр екен. «Қара терге түсірді-ау, бәтшағар!».

Ноздрев туралы аттар да жаман пікірде келе жатқан тәрізденді: торы ат пен Заседатель ғана емес, шұбар аттың да қабағы салыңқы еді. Оның үлесіне қашан да сапасыз сұлы тигенмен және Селифан ылғи оған: «Әй, арам қатқыр!» — деп алып, сұлыны астауға салып бергенмен, бірақ әйтеуір, сұлының аты сұлы ғой, құнарсыз шөп емес, ол оны құмарта жеп алатын  және өзінің ұзын тұмсығын жолдастарының астауына тығып жіберіп,олардан да дәм тататын кездері болатын, әсіресе Селифан атқорада жоқ кездерде, бірақ бүгінгі қорегі шөп қана… жақсылық емес; бәрі де жаратпады.

Бірақ кешікпей наразылықтың бәрі күтпеген жерден, аяқ астынан үзілді. Бәрі де, көшірдің өзімен қоса, өздерін алты ат жеккен күйме басып озып, онда отырған бикештің айқайы мен бөтен көшірдің: «Әй, алаңғасар неме-ай! Мен саған бар даусыммен: оңға бұр, құзғын! – деп қақсаумен келемін. Немене, ішіп алғансың ба?» дегенін естігенде барып естерін жиды. Селифан өзінің қателігін түсінді, бірақ орыс адамы бөтен біреудің алдында өз айыбын мойындауды  қаламайтын әдетпен: «Ал, сонша аптығатындай саған не болып барады? Көзіңді шарапханада қалдырғаннан саумысың?» — деп қалды. Осыдан кейін ол басқа аттардың әбзелдерінен босанып шығу үшін күймесін кейін шегере бастады, бірақ одан ештеңе шықпады, ер-тұрманның бәрі шатысып кетті. Шұбар ат екі жағынан келіп қалған өзінің жаңа достарына таңырқай қарап, иіскелей бастады. Осының бәрін күймеден қарап отырған әйелдердің жүзінде үрей бар. Біреуі – кемпір, екіншісі – алтындай сары шашын кішкентай сүйкімді басына жатқыза тараған он алтылар шамасындағы жас қыз. Дөңгелек жүзі аршыған жұмыртқадай және аппақ қардай өңі күтуші әйелдің жаңа туған жұмыртқаны қоңырқай алақанына салып,  күн сәулесіне қаратып ұстағанындай, нұр шапағын шашады; жұп-жұқа, кіп-кішкентай құлағынан  күннің шуақты сәулесі өткені көрініп тұр. Оқыс оқиғадан ашылған оймақтай ғана аузы, жанарына келіп қалған бір тамшы жасы – осының бәрі өзіне жарасатыны сонша, біздің кейіпкеріміз аттар мен көшірлердің арасындағы  болып қалған қақтығысқа ешқандай назар аудармастан, хас арудың жүзіне бірнеше минөт бойы қарап қалыпты.

«Тамаша қыз екен!» — деді ол, темекі қалтасын ашып, бір түйір темекіні иіскеп тұрып. – Несімен жақсы дейсіз  ғой? Жақсылығы оның қазір ғана қандай да бір пансионды немесе институтты бітіріп шыққанында, тал бойында әйелге тән кекселіктің жоқтығында. Ол әлі бала, өн бойына бәрі де жарасады, ойына келгенін айта салады, күлкісі келсе, күле салады. Оны бәріне үйретуге болады, тамаша бойжеткен боп шығуы мүмкін, бірақ көп салпыетектің бірі болып шығуы да мүмкін. Ол жағы шешесі мен жеңгесінің қолында. Көргенсіздікке үйрете берсең бір жылдың ішінде өзінің туған әкесі де танымай қалуы мүмкін. Бұртиыс та, паңдық та үйретуден жұғады, сонан соң кіммен, қалай және қанша сөйлесу керек, кімге қалай қарау керек дегенді ойлаумен басы қатады, артық бірдеңе айтып қоймадым ба деп қорқақтаумен болады, ақыры, өзі де не айтарын білмей, өмір бойы өтірік айтатын болады!» Осы арада ол біраз уақыт үндемей тұрды да артынша: «Кімнің қызы екенін біліп алар ма еді? Әкесі кім болды екен? Орнықты бай помещик пе әлде қызметтен тапқан капиталы бар қарапайым игі ниетті адам ба? Әгәрәкім осы қызға екі жүз мың қалыңмал төлер болсаң, одан өте әдемі әйел шықпай ма? Сонда ол инабатты адамның әдепті бақытына айналар еді» дегенді қоса айтты. Екі жүз мың оның басына қона бастағаны сонша, әрі-беріден соң ол арбалардың жанындағы әбігерлік кезінде форейтордан немесе көшірден әлгі жолаушылардың кім екенін біліп алмағанына өкінді. Алайда кешікпей алыстан көріне бастаған  Собакевичтің  деревнясы бұл ойын таратып жіберді және  тұрақты мәселеге ойысуға мәжбүр етті.

Деревня оған әжептәуір үлкен сияқты көрінді; қайыңды және қарағайлы екі орманы, бірі бозарып, екіншісі қарауытып, құстың қос қанатындай оңы мен солын көмкеріп тұр; ортасында екі қабатты қызыл шатырлы, сұрғылт-күрең қабырғалы ағаш үй көрінеді – бұл былайша айтқанда, бізде  әскери қоныстар мен колонистері үшін салынатын қарабайыр үй. Оның сәулетшісі үйді саларда қожасының талғамын ескеруге тырысқаны көрініп тұр. Тумысынан педант1 сәулетші симметрияны, үй иесі – жайлы тұрақты қалағаны көрініп тұр, нәтижесінде барлық терезелерді бір жағына шығарып, олардың орнына қараңғы ауыз үйге қарайтын бір ғана кішкентай терезе қалдырыпты. Екі жаққа қарай құлаған шатырдың астындағы фронтон да2 сәулетшінің есебіндей ортаға орналаспаған, өйткені үй иесі шеткі бір бағананы алып тастауды бұйырған және сондықтан үй жобаланғандай төрт бағаналы емес, үш бағаналы болып шыққан. Аула шамадан тыс жуан бөренелермен қоршалған. Помещик, тәрізі, үйдің берік болуын көбірек ойласа керек. Ат қораға, сарайларға және ас үйге пайдаланылған бөренелер де – ғасырлар бойы мызғымайтын берік бөренелер. Жонылған жылтыр қабырғалары мен оюлы терезе жақтаулары жоқ демесең деревня мұжықтарының үйлері де берік қиюластырылған. Тіпті, қарапайым құдықтың өзі тек қана диірмендер мен кемелер үшін пайдаланылатын берік еменнен жасалған. Қысқасы, оның көзіне түскен нәрселердің бәрінен икемсіз іске асырылған табандылық пен мықтылықтың ізі байқалады. Үйдің кіреберісіне жақындай бергенде ол терезеден бір мезгілде қараған екі адамның: телпек киген әйелдің қиярға ұқсаған сопақша жүзі мен молдавандардың горлянка деп аталатын нән асқабағындай еркектің дөңгелек жүзін көріп қалды. Русьте мұндай асқабақтан екі ішекті балалайка жасайды, ал жиырма жасар жас жігіт қыздарға көзін қысып қойып, ара-тұра ысқырып қалып, онымен музыка ойнап қыз-қырқынды, ауыл-аймақты түгел билетеді. Әйтсе де терезеден қарағандар  сол заматта-ақ жоқ болды да, сәкіге көгілдір тік жағалы сұрғылт күртеше киген малай шығып, Чичиковті ауыз үйге кіргізді, мұнда оны үй иесінің өзі күтіп тұрған болатын. Қонақты көрген ол қысқа ғана: «Мархабат!» — деді де, ішкі бөлмелерге қарай ертіп жүрді.

Чичиков көзінің қиығымен Собакевичке бір қарап өтіп еді, бұл жолы ол орташа аюдан кем көрінбеді. Фрагының түсі аюдың терісіне өте ұқсас болуы бұл шендестікті жақындастыра түскендей. Жеңі де ұзын, панталоны да ұзын, аяғын олай да, бұлай да басады, біреудің аяғын басып кету деген ол үшін түк емес. Бетінің түсі бес тиындық мыс ақшадай қызған темірді еске салар еді. Ара, бұрғы секілді аспаптарды пайдаланбай-ақ Құдайдың өзі бере салған мұндай пошымдар мына жарық дүниеде өте көп. Балтамен бір шапсаң – мұрын, екінші рет шапсаң – ерін, бұрғыңмен бұрғылап жіберсең – екі көз, одан былайғысы айтпаса да түсінікті: «осымен жүре берсін!» дерліктейСобакевичтің сомдалған темірдей мығым кейпі осындай: ол бет әлпетін жоғарыдан гөрі төменірек ұстайды,  мойны мүлдем бұрылмайды, ал мойны бұрылмайтын болғандықтан сөйлесіп тұрған адамының жүзіне сирек қарайды және көзін көбінесе пештің бұрышына немесе есікке аудара береді. Бұлар асханаға бет алған кезде Чичиков оған тағы да бір рет көз қиығын тастады: айтары жоқ, нағыз аюдың өзі! Мұндай да ұқсастық болады екен: тіпті, Михаил Семенович деген аты-жөні де жақындап тұр. Біреудің аяғын баспаса жүре алмайтын әдетін білгендіктен, қонақ аяғын еппен басып, үй иесін ылғи алға салып отырды. Үй   иесі бұл кемшілігін өзі де сезетін болса керек, өйткені әр жолы: «Мен сізге кедергі болған жоқпын ба?» деп сұрап қалуды  ұмытпады. Бірақ Чичиков: «Әзірге сіз әбігерленетін ештеңе бола қойған жоқ» деп рахмет айтумен болды.

Қонақ бөлмеге кірген соң, Собакевич креслоны қолымен нұсқап, тағы да: «Мархабат!» деді. Үй иесі көрсеткен орынға жайғасып алған соң, Чичиков қабырғаларға, ондағы ілінген суреттерге қарады. Суреттегі түрегеп тұрған грек қолбасшыларының бәрі де жас: қызыл панталон және мундир киген Маврокордато мұрнының үстіне көзілдірік киіп алыпты. Миаули мен Канари де1 сол қатардан орын алған. Бұлардың жуан сандары мен құлақ естімеген қайқайған мұрттарынан жан түршігеді. Атпал гректердің ортасында, қалай пайда болғаны белгісіз, арық денелі Багратион да тұр. Астыңғы жағында тулары мен зеңбіректері бейнеленген бұл сурет шағын ғана рамаға салыныпты. Содан кейін гректің батыр қызы Бобелина2 бейнеленген, оның бір аяғының өзі қазіргі қонақ қабылдайтын бөлмелерінің сәніне айналған әлгі сабаздардың кеудесінен үлкен. Өзі де мықты денсаулық пен күш-қайраттан кенде емес үй иесі, тәрізі, өз бөлмесіне шетінен мықты адамдардың суреттері ілінсін деген болуы керек. Бобелинаға жақын жердегі терезе маңына ілінген тордың ішінен қанатының ақ дақтары бар қарақошқыл түсті сайрауық құс сығалайды, ол да Собакевичке ұқсаған. Қонақ пен үй иесінің үнсіз отырыстары екі минөтке де жетпей, қонақ бөлменің есігі ашылып, сұңғақ бойлы, басына лента таққан телпек киген, барынша боянып алған үй қожасының әйелі кіріп келді. Ол басын пальма ағашындай тік ұстап кекірейе кірді.

— Бұл менің Федулия Ивановнам! – деді Собакевич.

Чичиков Федулия Ивановнаның мұның аузына тыға салуға сәл қалған қолын сүйді, әйел қолын тұздалған қияр сөлімен жуған екен – бұрқырап тұр.

— Аяулым, танысып қойыңдар, Павел Иванович Чичиков! Губернатор мен почтмейстердің үйінде танысу мәртебесіне ие болғанмын, – деді Собакевич.

Федулия Ивановна «Мархабат!» деді де қонақтың отыруын өтінді және ханшаларды таныстырып тұрған актрисаларша басын бір шұлғып қойды. Содан соң ол диванға отырып, иығына өзінің түбіт шәлісін жамылды дасодан былай өзінің қас-қабағымен де, көзімен де белгі берместен қимылсыз отырып қалды.

Чичиков тағы да жоғары қарады және жуан санды, ұзын мұртты Канариді, партизан қыз Бобелина мен тордағы сайрауық құсты тағы да көрді.

Сосын бақандай бес минөт бойы үнсіз отырды; тек қана нанның қиқымын теріп жеп тұрған құс тұмсығының ағаш торға тиген тықылы естіліп тұрды. Чичиков бөлмені тағы да бір шолып өтті және ондағы дүниенің бәрі берік әрі шамадан тыс қолапайсыз жасалғанына, тіпті үй иесінің өзіне бір ұқсастығы барлығына көз жеткізді; қонақ қабылдайтын бөлменің бұрышында нағыз аюдың өзі дерлік, жаңғақ ағашынан істелген, қолапайсыз төрт аяқты, бүйірлі бюро тұр. Үстел, кресло, орындықтардың бәрі де ап-ауыр әрі тұрпайы, қысқасы, әрбір зат, әрбір орындық: «Мен де Собакевичпін!» деп немесе: «Мен де Собакевичке ұқсаймын!» деп тұрғандай.

— Біз палата төрағасының үйінде, Иван Григорьевичтікінде сізді еске алдық, – деді Чичиков, ешкімнің сөз бастай қоймайтындығына көзі жеткен соң, — өткен бейсенбіде. Онда уақытты өте көңілді өткіздік.

— Иә, мен ол жолы төрағанікінде болған жоқпын, – деп жауап берді Собакевич.

— Тамаша адам!

-Кімді айтасыз? – деп сұрады Собакевич, пештің бұрышына қарап.

— Төрағаны айтамын.

— Бәлкім, сізге солай көрінген шығар: бірақ ол барып тұрған масон1, жарық дүниеге қайта келмейтін ақымақтың тап өзі.

Мұндай оғаш баға беруді күтпеген Чичиков алғашқыда абдырап қалды, сосын, сөзін түзетіңкіреп:

— Әрине, кемшіліксіз адам болмайды, оның есесіне губернатор қандай келісті кісі!

— Губернатор келісті кісі ме?

— Иә, солай емес пе?

— Әлемдегі бірінші баскесер!

— Қалай, губернатор баскесер ме? – деді Чичиков және губернатордың қалай баскесер болатынын мүлдем түсіне алмады. – Шынымды айтсам, мен мұны мүлдем ойламаппын, — деп сөзін жалғастырды ол. – Алайда,  ескерте кетейін: қылықтары оған мүлдем ұқсамайды ғой; керісінше, өте жұмсақ адам сияқты. – Осы арада ол оның өз қолымен тіккен қапшықтарын дәлелге келтірді және бет әлпетінің  ұяңдығын мақтап өтті.

— Бет әлпеті де баскесерден аумайды! – деді Собакевич. – Қолына пышақ беріп жол торуға қоя берсең, бауыздап кетеді, бір тиын үшін бауыздап кетеді! Ол тағы вице-губернатор – Гога мен Магоганың тап өзі1. «Жоқ, ол оны жаратпайды», – деп ойлады Чичиков ішінен. – Мен мұнымен полицмейстер туралы сөйлесейін, ол мұның досы сияқты еді ғой».

— Әйтсе де, менде тұрған не бар, — деді ол, — маған салсаң бәрінен де полицмейстер ұнайды. Турасын айтатын ашық мінезді адам, қарапайымдылығы жүзінен де көрініп тұрады.

— Алаяқ! – деді Собакевич өте салқындылықпен, — сатып жібереді, алдап кетеді, сөйтіп жүріп өзіңмен бірге түскі ас ішерін қайтерсің! Мен олардың бәрін де білемін; бәрі де алаяқ, бүкіл қала сондай: алаяқтың үстінде алаяқ отыр, алаяқты алаяқ жетелейді. Бәрі де діннен безгендер. Онда жібі түзу бір-ақ адам бар: прокурор, оның өзі де,  егер шынын айтар болсақ, нағыз шошқа.

Қысқаша өмірбаян болғанмен, мынадай мақтаулардан кейін Чичиков басқа шенеуніктер туралы сөз қозғаудың өзі артық екенін түсінді және Собакевичтің кім туралы болса да жақсы сөз айтпайтынын есіне түсірді.

— Жүр, мырзам, түскі тамақ ішейік, – деді Собакевичке зайыбы.

— Мархабат! – деді Собакевич.

Сосын тіске басары дайын тұрған үстелге келіп, қожайын мен қонақ бір-бір рюмкеден жақсылап тұрып арақ ішті, кең байтақ Ресейдің қалалары мен деревняларындағыдай тіске басар  жеп алды, яғни әртүрлі тұздалған әрі тәбет шақыратын тағамдардан дәм татты және бәрі де асханаға қарай аяңдады; ең алдында ата қаз құсап үй иесінің әйелі мамырлап кетіп бара жатты.

— Бүгінгі щи дәмді-ақ екен, аяулым! – деді Собакевич щиден бір ұрттап және щимен қоса берілетін қой қарнына салып пісірген бақайлар мен ми қосып пісірген қарақұмық ботқасынан опыра салып алып. – Мұндай тамақты сіз қаладан таба алмайсыз, – деді ол Чичиковке қаратып. – Ондағылар сізге қайдағы-жайдағы пәлекеттерді ұсынады.

— Алайда губернатордың дастарқаны жаман болған жоқ, – деді Чичиков.

— Бірақ астың неден әзірленетінін білесіз бе? Егер білсеңіз, жемей қояр едіңіз.

— Қалай дайындағандарын білмеймін, ол жағын айта алмаймын, бірақ шошқа котлеті мен қайнатылған балығы тамаша-ақ екен.

— Сізге солай көрінген ғой. Бірақ мен олардың базардан алатынын  білемін ғой. Анау француздардан үйренген аспазы мысық сатып алады да,  дастарқанға қоян еті деп қоя береді.

— Түу! Қайдағыны  айтады екенсің сен де, – деді Собакевичтің зайыбы.

— Енді қайтейін, аяулым, олар үшін мен кінәлі бола алмаймын, бәрі де соны істейді. Біздің Акулька жуындыға тастайтын жарамсыз нәрсенің бәрін олар супқа салады, супқа!

— Тамақ ішіп отырғанда қайдағыны айтады екенсің, – деді тағы Собакевичтің зайыбы.

— Енді қайтейін, аяулым, – деді Собакевич, — егер соны өзім жасасам бір сәрі, бірақ сенің көзіңе айтайын, ондай пәлеңді мен жемеймін. Маған десең бақаға бал қосып бер, жемеймін және әлгі жеуге болатын ұлуын да аузыма салмаймын: оның неге ұқсайтынын жақсы білем. Қой етінен алыңыз! – деді ол Чичиковке қаратып, – мынау қарақұмық қосқан қой сүбесі. Бұл байлардың аспаздары қой етінен пісіретін, базарда төрт күн тұрып қалған фрикасе1 емес!

 Осының бәрін ойлап тауып жүрген немістің дәрігерлері мен француздар, сол үшін мен оларды шетінен дарға асар едім! Аштықпен емдеу, диета дегенді ойлап тауыпты, найсаптар! Өздерінің сүйегі жасық болған соң, орыстың асқазанына жарай береді дейтін шығар! Жоқ, мұның бәрі ойдан шығарылған, мұның бәрі… – Осы арада Собакевич ашуланып, басын шайқады. – Ағарту, ағарту деген сөз ауыздарынан түспейді, ағартуларыңа… дер едім. Дастарқан үстінде айта алмай отырмын. Менде олай емес. Шошқа сойдың ба – шошқаны бүтіндей әкел дастарқанға, қой сойдың ба – қойды тұтасымен әкел! Қаз сойдың ба – қазды да тұтас келтір! Мен одан да екі түрлі тағамды бір-ақ жейін, бірақ нысаппен жейін, жаным қалағанша. – Собакевич мұны іспен дәлелдеді:  ол қой сүбесінің жартысын табағына бірақ аударды да, сүйек-саяғына дейін кеміріп, түк қалдырмай соғып алды.

«Иә, — деп ойлады Чичиков, — аузың ауыз емес, апан екен».

— Менде олай емес, — деді Собакевич, қолын орамалға сүртіп жатып, — мен Плюшкин емеспін: иелігінде сегіз жүз жан бар, ал кигені мен ішкені менің бақташымдікінен де жаман!

— Плюшкин  дегеніңіз кім? – деп сұрады Чичиков.

— Алаяқ, — деп жауап берді Собакевич. – Ақылға сыймайтын сараңның сараңы. Одан түрмедегі бұғаулы тұтқынның өмірі артық: жұрттың бәрін аштан қырып болды.

— Рас па?! – деп қуанып қалды Чичиков. – Адамдары қырылып жатыр дедіңіз бе сіз?

— Шыбындай қырылып жатыр.

— Шынымен шыбындай қырыла ма? Ал сұрауға бола ма, ол сізден қанша жерде тұрады?

— Бес шақырым жерде.

— Бес-ақ шақырымда ма?! – деп қуанды Чичиков, тіпті қуанғаннан жүрегінің соғысы да жиілеп кетті. – Сіздің қақпадан  шыққанда оң жақта ма әлде сол жақта ма?

— Ол итке баратын жолды білмей-ақ қойғаныңыз жақсы, — деді Собакевич. – Оған барғанша анайылау жерге барғаныңыз әлдеқайда жақсы.

— Жоқ, мен ол үшін емес, әншейін, қандай жер болса да тани берейін деген оймен сұрап отырғаным ғой, — деп жауап берді Чичиков.

Қой сүбесінен кейін әрқайсысы табақтай, ішіне ірімшік салып пісірген күлше, одан соң қарнына жұмыртқа, күріш, бауыр тәрізді тамақтан өтердің бәрін тығып пісірген, үлкендігі бұзаудай күркетауық тұтастай келтірілді. Түскі ас осымен аяқталды; бірақ үстел басынан тұрғанда, Чичиков өзінің бір пұттай ауырлағанын сезді. Енді қонақ күтетін бөлмеге барса, онда да алмұрттың,  алхордың, әртүрлі бүлдіргеннің тосабы күтіп тұр екен, бірақ оған қонақ та, үй иесі де қол тигізген жоқ. Зайыбы оларды басқа ыдыстарға салып беру үшін бөлмеден шығып кетті. Осыны пайдаланған  Чичиков

мынандай аткөпір астан кейін анда-санда  тамағын кенеп, аузынан әлдеқандай дыбыс шығара шоқынып қойып креслода шалқайып жатқан Собакевичке: «Мен сізбен бір шаруа туралы сөйлессем бе деп едім», – деді.

— Енді тосаптан алыңыздар, — деді үй иесінің әйелі ыдыстарын үстел үстіне қойып жатып. – Бал қосып қайнатқан шалқан!

— Оны біз кейінірек жейміз! – деді Собакевич. – Сен енді өз бөлмеңе бар, біз Павел Иванович екеуміз бірауық фрагымызды шешіп, аздап дамыл алайық.

Зайыбы құс көрпе мен құс жастық алдырмақ болып еді, қожайын: «Қажеті жоқ, біз креслода демаламыз», – деген соң, шығып кетті.

Собакевич не шаруа екенін білуге ыңғай білдіріп, сәл ғана басын бұрған болды.

Чичиков әңгімені әріден бастады, күллі орыс мемлекетін қамти отырып, оның кеңістігі ұлы Рим империясынан да үлкен екенін, шетелдіктер бұған тегін таң қалмайтындығы туралы мақтанышпен сөз етті… Собакевич басын бұрып қойып тыңдап отыр. Алайда, даңқына ешбір мемлекет тең келмейтін осы елдің қазіргі ережесінде өмір сүруін тоқтатқан ревизиялық жандар жаңа ревизиялық кезең келгенше адам жиі баратын жерлерді басы артық, пайдасыз анықтамалармен үйіп-төге бермей, мемлекеттің онсыз да күрделі тетігін одан сайын ауырлата бермеу үшін, тірілердің қатарында бірге жүреді. – Собакевич басын бұрыңқырап қойып, тыңдап отыр. — Әйтсе де, осының өзі әділдік болған күннің өзінде де, ол көптеген жер иелеріне ауыр тиеді, өйткені бұл ереже меншік иесін өмірден озған пенделер үшін жер басып жүрген шаруалармен бірдей алым-салық төлеуге міндеттейді. Сондықтан ол, Чичиков, өзіңізге деген зор құрметпен осы бір ауыр міндеттің біразын өз мойнына алуға әзір. – Басты мәселе туралы Чичиков сақтықпен сөйледі: өмірден озғандарды өлгендер демей, өмірде жоқ пенделер деп атады.

Собакевич баз баяғыша басын бұрыңқырап қойып, тыңдап отыр және жүзінен ешқандай толқу білінбейді. Мына аяққаптай денеде тірі жанның бар екені сезілмейді, тіпті бола қалған күннің өзінде де ол ертегідегі Кащейдің жанындай жақпар тасты таулардың арғы жағындағы алып жұмыртқаның ішінде жатқандай, сыртқы әлемге белгі бере қоймады.

— Сонымен?.. – деді Чичиков, едәуір толқумен жауап күтіп.

— Сізге өлі жандар керек пе? – деп сұрады Собакевич беті бүлк етпестен, әңгіме нан туралы болып отырғандай.

— Иә, — деп жауап берді Чичиков, сосын даусын жұмсартыңқырап: – өмірде жоқ адамдар, – деді.

— Табылады, неге болмасын… – деді Собакевич.

— Ал егер табылса, сіз үшін, күмәнсіз… олардан арылу жақсы емес пе?

— Жоқ, менің сатқым келеді, – деді Собакевич, басын бұрынғыдан көтеріңкіреп және сатып алушы бұдан қандай да бір пайда тапқалы отырғанын сезе қойып.

«Сайтан алғыр, — деп ойлады Чичиков ішінен, — мынау мен аузымды ашқанша сатпақ болып отыр!» — Сонан соң оған естірте:

— Ал, мәселен, бағасы қандай? Әйтсе де мұндай нәрсеге баға қоюдың өзі… күмәнділеу…

— Сізден қымбат сұрамау үшін, әрқайсысы жүз сомнан! – деді Собакевич.

— Жүз сомнан! – деп айғайлап жіберді Чичиков, сұхбаттасының көзіне қадала қарап, қағыс естідім бе әлде табиғатынан ауыр мінезді ағайыны бір сөздің орнына басқа сөзді қойып қалды ма деген күдікпен.

— Немене, бұл сіз үшін қымбат па? – деді Собакевич, сосын: — Ал сіз қаншаға бағалар едіңіз? – дегенді қосып қойды.

— Менің бағам! Біз, тәрізі, бір-бірімізді түсінбей отырмыз-ау деймін, заттың неден тұратынын ескермеген сияқтымыз. Мен өз тарапымнан қолымды жүрегіме қойып айтсам: әрбір жанға 10 тиындық сегіз күміс ақшадан, табылған бағасы осы! 

— Айтады-ақ екенсіз – сегіз күміс ақша!

— Меніңше, одан артық болмайды.

— Мен жөкеден тоқылған шәркей сатып отырғам жоқ.

— Әйтсе де, тірі жан емес екендігіне келісесіз ғой.

— Ол сіздің ойыңыз, ревизиялық жанды он тиындық екі күміс ақшадан сататын ақымақты тауып алыңыз.

— Бірақ рұқсат етіңіз: сіз оларды неге ревизиялық жандар деп атайсыз, жандардың өзі әлдеқашан өліп қалған ғой, олардан енді көзге ілінбес құр елес қана қалып отыр. Әйтсе де, әңгімені әріге созбай-ақ бір жарым сомнан берейін, одан артық бере алмаймын.

— Сондай  соманы айтуға ұялмайсыз ба! Саудаласады екенсіз, нақты бағасын айтыңыз!

— Айта алмаймын, Михаил Семенович, ар-ожданыма сеніңіз, айта алмаймын: айта алмайтын нәрсені айта алмаймын, — деді Чичиков, алайда тағы да елу тиыннан қосты.

— Сіз неге тарылып отырсыз? – деді Собакевич. – Қымбат емес дедім ғой. Басқа алаяқ біреу болса сізге өлі жандарды емес, іске алғысыз нәрсені сатып, алдап кетер еді; ал мендегі мұжықтардың бәрі қолмен қойғандай, шетінен шебер. Анықтап қарап алыңызшы: мәселен, күймеші Михеевті алыңыз! Серіппелі  күймеден басқа арба жасаған жоқ. Және бір-ақ сағатқа шыдас беретін мәскеулік жұмыс емес ол – сыр бермейтін мықтының өзі – өзі соғады, өзі мақтайды!

Михеев әлдеқашан-ақ жарық дүниемен қоштасқан жан ғой дегенді айтпақ болып, Чичиков аузын аша берген еді; бірақ, қысыр сөздің қайдан құйылып жатқанын Құдай білсін, әбден қызынып алған Собакевич:

— Ал ағаш шебері Пробка Степанды алыңыз, егер ондай мұжықты басқа жерден таба алсаңыз, басымды берейін! Ондай күш иесі тумайды. Егер ұланда қызмет  істеді бар ғой,  оның бойы үш аршын бір вершок болмаса неғылсын!

Пробканың да өмірде жоқ екенін айтпақ болып Чичиков тағы да оқталды, бірақ бабына түскен Собакевич тағы да сөз бермеді. Қызыл сөзді топан судай қаптатқаны сонша, тек тыңдай бер:

— Кірпіш қалаушы Милушкинді алыңыз! Қандай үйге болмасын пеш қойып береді. Етікші Максим Телятниковты алыңыз: бізді бір сұққаны – бір етік, ал бір етігі – бір алғыс және ащы суды аузына алмайды. Ал Еремей Сорокоплехин ше? Бұл көптің жұмысын жалғыз өзі  атқаратын мұжық, Мәскеуде  саудамен айналысты, бір оброкта1 бес жүз сомға дейін әкелетін. Міне қандай адамдар! Бұл сізге анау-мынау Плюшкин сата салатын адам емес.

— Бірақ сәл кідіріңізші!, — деді ақыры, тасқын судай қаптаған сөздің аяқталмасына қайран қалған Чичиков, — олардың жақсы жақтарын несіне тізбелей бересіз,  олардан келер енді пайда қане бізге, бәрі де өлген адамдар  ғой. Өліде – үн жоқ, ісінде – мін жоқ демей ме халық нақылы.

— Иә, әрине, өлген адамдар, — деді Собакевич, өлген адамдар екені енді ғана есіне түскендей, сонан соң: — Алайда әлі де болса тірілердің санатында жүр емес пе? – дегенді қосып қойды. – Қайдан адам болсын, шетінен шыбындай қырылып қалды емес пе?

— Оларды әлі бар десек те, ол құр арман ғой.

— Жо-жоқ, құр арман емес! Мен сізге Михеевтің кім екенін айтайын, ондай адамды іздеп таба алмайсыз: осы отырған бөлмемізге сыймас еді; жоқ ол арман емес! Екі иығына екі адам мінгендей  алып болатын, ондай күш-қайрат жылқыда да жоқ; ондай арманды басқа жерден іздесеңіз де таба алмайсыз!

Соңғы сөздерді ол қабырғада ілулі тұрған Багратион мен Колокотрониге2 қаратып айтты; бұл әдетте сөйлесіп отырған екі адамның сөз иесіне емес, оқыстан келе қалған үшінші адамға қарата айтқаны тәрізді; мүлдем бейтаныс адамнан жауап  та, ешқандай пікір де, мақұлдау да естімейтінін біле тұра, делдал болуға шақырғандай, соған қаратып айтатыны бар кейде адамның, мұндайда бейтаныс адам алғашқы минөтте өзі ешнәрсе білмейтін іске жауап берерін де, бермесін де білмей дағдарып, әдеп сақтау үшін тұрып-тұрып, шығып кетер еді.

— Жоқ, мен екі сомнан артық бере алмаймын, – деді Чичиков.

— Мені көп сұрап отыр демеуіңіз үшін және сізге ешқандай рахым жасағаным емес, тоқ етері – әр жанға жетпіс бес сомнан, тек ақшалай аламын, онда да таныстықтың арқасында.

«Мынау мені шынымен ақымақ деп отыр ма?» – деп ойлады ішінен Чичиков, сосын әріптесіне естірте:

— Мынау шынымен қызық болды: біз бір-бірімізге театрландырылған ойын немесе күлкілі көрініс көрсетіп отырған сияқтымыз, басқаша түсіндіре алмаймын… Сіз, бір қарағанда,  өте ақылды, білімге бай адамсыз. Ал сөз қылып отырған затымыз айтуға тұрмайды. Ол не тұрады, кімге қажет?

— Сіз сатып алғалы отырсыз, демек, қажет болғаны ғой.

Осы арада Чичиков тілін тістеп, не айтарын білмей қалды. Ол отбасылық бір жағдайларды айтып түсіндірмек болып еді, бірақ Собакевич кесімді сөзін айтты:

— Сізге не үшін керек болғаны маған қажет емес: мен отбасының ісіне араласпаймын, ол өз шаруаңыз. Өлі жандар сізге қажет болды ғой, мен сізге сатамын және сатып алмағаныңызға әлі өкінетін боласыз.

— Екі сом, — деді Чичиков.

— Бір айтқанын қайталай беретін сауысқан сияқты екенсіз; бір рет екі деп қалып едіңіз, содан қайтқыңыз келмейді. Сіз нақты бағасын беріңіз!

«Мынаны сайтан алатын шығар, — деп ойлады Чичиков ішінен, — жарты сомнан  қосайын бұл итке, тамағына тығылсын!».

— Мақұл, жарты сомнан қосайын.

— Онда мен де сізге соңғы сөзімді айтайын: елу сом! Қайтейін, өзім үшін  шығын, мұндай халықты еш жерден сатып ала алмайсыз!

«Жұмған жұдырық! – деп ойлады Чичиков ішінен, сосын өкінішін білдіре отырып сөзін жалғастырды:

— Мұныңыз қалай… маңызды істі саудаға салғандай? Басқа жерден мен бұларды су тегін аламын. Бәрі де маған құтылғанына қуанып, алақайлап береді. Өлгендер үшін алым төлейтін ақымақ боп па олар!

— Ендеше біліп қойыңыз, мен сізге достықпен айтайын, мұндай саудаға жол беріле бермейді, мен немесе басқа біреу айтып қойып жүрсе, қандай да бір келісім шартпен тиімді міндеттемеге кіруге жолым қиылды дей беріңіз.

«Көрдің бе оңбағанның көздеген жерін!» — деп ойлады Чичиков және сол заматта-ақ салқынқандылықпен:

— Қалай десеңіз де еркіңізде, мен оларды, сіз ойлағандай, қандай да бір қажетіме жарату үшін сатып алғалы отырған жоқпын, әншейін, бір ойлағаным болған. Екі жарымға келіспейді екенсіз, сау болыңыз!

— Сабыр, сабыр! – деді Собакевич оның қолын жібермей және аяғын басып қалып, өйткені біздің кейіпкеріміз сақтануды ұмытып кетіп, бір аяғын көтеріп, зар жылауға мәжбүр болған еді. – Кешірім етіңіз! Аяғыңызды ауыртып  алдым-ау деймін. Мына жерге отырыңызшы! Өтінемін! – Бұл жерде ол оны қаншама аюдай болғанмен, әжептәуір ептілікпен креслоға жайғастырды. Қолға үйреткен аю екеш аю да: «Қане, Миша, қатындар қайтеді, көрсетіп жіберші!» немесе «Қане, Миша, балалар қалай бұршақ ұрлайды?» дегенге еріп, қорбалаңдамай ма, бұл да соны істеген.

— Мен осы уақытты бекер өткізіп отырмын-ау деймін, жүруім керек.

— Бір минөт отыра тұрыңыз, қазір мен сізге бір жағымды сөз айтайын. – Осы арада Собакевич оған жақынырақ келіп отырды да, құлағына құпия бірдеңені сыбырлағандай қылып:  — Төрттен бірге қалайсыз? – деді.

— Яғни жиырма бес сом ғой? Жоқ, жоқ, жоқ, оның ширегін де бере алмаймын, бір тиын қоспаймын.

— Онда соңғы бағаңызды атаңыз, — деді ақыры Собакевич.

— Екі жарым сом.

— Әй бір илікпейтін адам екенсіз. Тым болмаса үш сомнан беріңіз!

— Бере алмаймын.

— Онда сізге дауа жоқ екен! Өзім де бір итпін: жақыныма жақсылық жасамай жүре алмаймын. Мен, бәлкім, бәрі ретті болу үшін қағазбен ресімдеуім керек шығар?

— Әлбетте.

— Айттым ғой, қалаға баруға тура келеді.

Іс осымен тынды. Екеуі де ертең қалаға барып, сату-сатып алу шартын жасауға келісті. Чичиков шаруалардың тізімін беруді сұрады. Собакевич ықыласпен келісімін берді және сол жерде-ақ бюроға барды да, бәрінің аты-жөнін ғана емес, жақсы қасиеттерімен қоса өз қолымен көшіріп жазды.

— Қолхат дайын, — деді Собакевич артына бұрылып.

— Дайын ба? Онда маған беріңіз! – Ол қағазды көз жүгіртіп қарап шықты және ондағы ұқыптылық пен дәлдікке қайран қалды: аталғандардың немен айналысқаны, атағы, жасы, отбасылық жағдайы ғана емес, сонымен қатар мінез-құлқы, салауаттылығы да жан-жақты көрсетіліпті – қысқасы, көрген көз қызығарлықтай.

— Енді кепілдік бере қойыңыз! – деді Собакевич.

— Кепілдіктің керегі не сізге? Қалаға барған соң, барлық ақшаңызды бірден аласыз.

— Өзіңіз білесіз ғой, тәртіп сондай, — деп көнбеді Собакевич.

— Қалай берерімді білмей тұрмын сізге, қалтама ақша салмап едім. Міне, он сомым ғана бар.

— Он сом не болады? Ең болмаса, елу сом беріңіз!

Чичиков сылтауратып құтылмақ болып еді; бірақ онда ақша бар екенін  Собакевич кесіп айтқан соң, ол амалсыз тағы да бір қағазды шығарып:

— Онда тағы да он бес сом берейін, барлығы жиырма бес болады, — деді. – Тек қолхат беріңіз.

— Қолхатты қайтпексіз?

— Сонда да болса қолхат керек. Кім біледі, өмірде бәрі болады.

— Жарайды, ақшаңызды беріңіз!

— Ақшаны қайтесіз? Ақша қолымда тұр! Қолхатты жазысымен, сол минөтте қолыңызға ұстатамын.

— Болмайды, алдымен ақшаны көрмей тұрып, қолхатты қалай жазбақпын?

Чичиков қолындағы  қағаз ақшасын Собакевичке босата беріп еді, ол сол қолының саусақтарымен басып қалды да, оң қолымен бір жапырақ қағазға сатылған жандар үшін мемлекеттік ассигнациямен  жиырма бес сом кепілдік алғандығын растайтын қолхат жазды. Сонан  соң ассигнацияларды қайта қарап шықты.

— Мынауың ескі ғой! – деді ол, біреуін жарыққа тосып тұрып, — аздап жыртылған ба, қалай, жә, достардың арасында ондай-ондай болып тұрады.

«Нағыз жұдырық! – деп ойлады Чичиков ішінен, — онымен тұрмай, кепілдік алды-ау, найсап!»

— Ал әйел жынысы қажет емес пе?

— Жоқ, рахмет.

— Мен қымбат алмас едім. Таныстық  үшін әр әйел бір сомнан.

— Жоқ, ұрғашыға зәру емеспін.

— Зәру болмасаңыз, әңгіме қылудың қажеті жоқ. Жүрекке әмір жүрмейді. Біреудің қаңсығы – біреуге таңсық деген ғой.

— Сізден тағы да бір  сұрайтыным, осы мәміле арамызда қалсын, – деді Чичиков қоштасарда.

— Ол өзінен-өзі түсінікті ғой. Бұған үшінші адам бас сұға алмайды; аз күнгі достықтың арқасында атқарған жұмыс арамызда қалуға тиіс. Қош болыңыз! Келгеніңізге көп рахмет; алдағы уақытта да ұмытпаңыз: қолыңыз қалт еткен кезде түстеніп кетіңіз, уақыт өткізейік. Мүмкін, бір-бірімізге тағы да керек боп қалармыз.

«Иә, керісінше болып жүрмесе! – деп ойлады Чичиков ішінен арбасына отырып жатып. — Өлі жан үшін екі жарым сомнан алды, сайтан алғыр!»

Ол Собакевичтің қылығына риза емес еді. Қалай дегенмен таныс адам ғой, губернатордікінде  де, полицмейстердікінде  де бірге болды, ал маған бөтен адамның қылығын көрсетіп, өлген адамы үшін ақша алды! Арба ауладан шығысымен ол артына бұрылып қарады  және Собакевичтің сәкіде әлі де қарап тұрғанын көрді, тәрізі қонағының қай жаққа қарай бұрылатынын байқап қалғысы келетін сияқты.

— Оңбаған, әлі қарап тұр! – деді ол тісінің арасынан  кіжініп, сөйтті де Селифанға шаруалардың үйлеріне қарай бұрылуды бұйырды, Собакевич бұның бағдарын  байқамасын деген оймен. Ол мырзаның айтуы бойынша адамдары шыбындай қырылып жатқан Плюшкинге соға кетуді ойластырған-ды, бірақ мұны Собакевич білмеуі керек. Арба деревняның шетіне шыққан кезде, жолдан тауып алған жуан бөренені құмырсқаша иығына салып үйіне алып бара жатқан мұжықтан жөн сұрады.

— Әй, көк сақал! Бұл жерден мырзаның үйіне соқпастан Плюшкиннің ауылына апаратын жол бар ма?

Мұжық мынадай сұраққа жауап беруге қиналатын тәрізді.

— Немене, білмейсің бе?

— Жоқ, мырзам, білмеймін.

— Әй, сені де шашына ақ кірген адам дейді-ау! Адамдарына  тамақ бермейтін сараң Плюшкинді білмейді.

— А! Шоқпыт десеңізші, шоқпытты ма? – деп қуанып қалды мұжық.

Мұжық зат есімнің орнына «шоқпыт» деген анықтауышты қолданып отыр. Өте сәтті қойылған ат, бірақ зиялы жерде қолданылмайтындықтан, біз оны еске алмай-ақ қоялық. Десе де, өте тауып қойылған ат екеніне күмән келтіруге болмас еді, өйткені мұжық әлдеқашан көзден ғайып болып, арба ауылдан ұзап кетсе де, Чичиков әлі мырс-мырс күліп келеді. Орыс халқы тауып айтады-ау! Егер ол біреуге ат қойып, айдар тақса, онысы барша ұрпағына тарайды, оны әскерге де, отставкаға да, Петербургке де, жердің түкпіріне де, о дүниеге де өзімен бірге ала кетеді.

 (Жалғасы бар)

 

Аударған Мәткәрім Әкімжанов



 

Губерниялық қала – төңкеріске дейінгі Ресейдегі губернияның, округтық  әкімшіліктің бас қаласы

 

Штабс-капитан – патшалық армияның поручик пен капитан аралығындағы орташа әскери шені

 

Тапанша тәрізді түйреуіш – Тула шеберлері жасаған тапаншаға ұқсас қола түйреуіш

 

Анна – ІІ дәрежелі Анна ордені

 

Жұлдыз – жоғары шенділерге ғана берілетін Станислав ордені

 

Сатып алушы – патшалық үкіметтен мемлекеттік кірістің, салықтың бір түрін сатып алу құқығына ие болған капиталист

 

Мәртебелі тақсыр – төңкеріске дейінгі Ресейде генерал шеніндегі адамдарға және азаматтық қызметтегі жоғарғы шенеуніктерге айтылады

 

Форейтор – қос-қостан жегілген аттардың алдыңғысына жайдақ мінген шабандоз

 

Жасыл үстел – карта ойыны кезінде бормен жазу жазуға арналған жасыл мәуіті жапқан үстел

 

Үш таған – әйел сұлулығын бейнелейтін Құдай – ана Венераның соңына ерген үш жас қыз

 

«Сын отечества» — 1812 жылы негізі қаланған саяси және әдеби журнал.

 

Фемистоклюс – грек қолбасшысының есімі; орысша аты – Фемистоклей

 

Алкид – Геркулес, көне грек мифінің кейіпкері, Зевс пен Алкменің ұлы (Алкид – осыдан алынып отыр)

 

Картуз – бұл жерде: қалың қағаздан жасалған қалта

 

Тексеріс тізімі – шаруалар санағы (ревизия) кезінде жасалатын басыбайлы шаруалардың тізімі. Байсыбайлы шаруалар санағы басыбайлы еркектердің санына қарай (әйелдер мен балалар есепке алынбайтын), жан басы салығын жинау мақсатымен жеті-он жылда бір рет жүргізілетін. Еркек шаруалар «ревиздік жандар» деп аталатын. Тексеріс тізімінде көрсетілген «ревиздік жандардың» саны келесі санаққа дейін өзгермейтін болып есептелетін

 

Чубук – калиян жалғаған ұзын сапты түтік

 

Сатып алу шарты – қазынаның пайдасына баж салығы төленетін сатып алу туралы куәлік; сатып алуды бекіту туралы құжат

 

Фагот – үні қырылдаңқырап шығатын үрлемелі музыкалық аспап

 

Негоция – коммерциялық мәміле

 

Бағаналы жол – шақырым сайын бағана қойылған даңғыл жол.

 

Салоп — әйелдердің жылы сырт киімі

Прометей – көне грек аңызындағы адамдарды қорғамақ болып, басты Құдай Зевске қарсы шыққан титан

Овидий – (б.д. дейінгі 43 – б.д. 17 жылдар)  көне рим ақыны; бұл жерде оның адамдардың ағашқа, гүлге және аңдарға айналатыны туралы жырланатын «Метаморфоздар» поэмасы сөз болып отыр

Колледждік хатшы – колледж хатшысының әйелі немесе жесірі (оныншы дәрежедегі азаматтық шен)

Ассигнация – қағаз ақша белгілері

 

Қазыналық подряд – шенеуніктерге немесе жеке тұлғаларға кепілдік бере отырып, шаруашылық және басқа да өнімдерді қазыналық мекемелер үшін сатып алу

Құм салған сауыт – сиямен жазған жазудың үстіне себетін құрғақ құмы бар торкөзді сауыт; сорғыш қағаз пайда болмас бұрын қолданылған

Гербі бар қағаз — өтініш, сауда-саттық мәмле және т.б. жазылатын мемлекеттік гербі бар қағаз. Гербті қағаздардың атқаратын әрекеттерінің сипатына қарай құны да әрқилы болатын және баж салығының орнына жүретін

Филипп оразасына дейін – ескі күнтізбе бойынша қарашаның ортасы. Бұл кезде Ресейдің орта белдеуінде сатылатын құсты сою аяқталады

Венгерка – алдында көлденеңнен тігілген жіптері бар, жеңіл атты әскер бөлімшелерінде гусарлар киетін күртеше

Арқалық – белі қынама жеңіл жібек кафтан

 

Пароль – карта ойынының термині: қосарлы ставка дегенді білдіреді

Дублет ойнау – ұтысты алмай, еселеп қосу (Гогольдің жазба кітапшасынан)

Драгун полкі – атты әскер полкі

Штабс-ротмистр – кавалерия мен жандармерияның офицерлік шені; жаяу әскердегі штабс-капитанға тең

Бордо – қызыл шараптың бір түрі (Француздың Бордо қаласына байланысты)

Сандал – Индияда өсетін сандал ағашынан алынатын қызыл бояу

Эмпирея – көне грек мифтеріндегі жұмақ

Клико – шампан сорты

Гальбик – карта ойыны

en gros – сансыз деген мағынада (французша).

Фортунка – шеңбер бойымен айналатын рулетка, құмар ойыны

Рюши – бүрме көйлек

Опельделок – ем қонбайтын адам деген мағынада

Фенарди дегеніңіз – ХІХ ғасырдың 20-жылдарындағы акробат әрі көзбайлаушы

Жарты сөлкебай – ассигнациямен елу тиын. Кемпір екі гривендік күміс ақша сұрап отыр. Бұл 1820 жылғы бағам бойынша сексен тиынға тең

Жұлдыз – Станислав ордені

Колледждік тіркеуші – азаматтық қызметтегі төменгі шен

 

Темекі шырағданы – көмір ұнтақтары мен хош иісті шайырлардан жасалған хош иісті май шам

 

Иттердің түр-түсі (Гогольдің қойын кітапшасынан алынды)

Иттердің аттары (Гогольдің қойын кітапшасынан алынды)

Фетюк – көне славян әліппесінің ө (фиту) әрпінен басталатын, еркектердің намысына тиетін сөз (Гогольдің ескертпесі)

Орган – құрылысы үрлемелі түтіктерден, ауа сорғыларынан және клавиатура тілдерінен құралған үлкен музыкалық аспап

«Сағатымның алтын жапырағын» — бұл жерде әңгіме қалта сағатының бауына әшекей ретінде тағылатын алтын жапырақша туралы болып отыр

Капитан-исправник – уездегі полиция билігінің уәкілі, дворяндар ортасынан сайланған адам

Педант – қалыпты ережеден ауытқымайтын адам

Фронтон – үй маңдайшасының жоғарғы үш бұрышты бөлігі

Маврокордато, Миаули, Канари – Грецияның түрік езгісінен азат ету күресі кезеңіндегі қолбасшылары (1821-1825)

Бобелина – грек партизан қызы, түріктермен болған соғыстың қаһарманы

Масон – ХVІІІ ғасырда пайда болған құпия діни-мистикалық қоғамның мүшесі. Орыс масон ұйымына кейін 1825 жылғы 14 желтоқсандағы көтеріліске қатысқан төңкерісшіл қоғамның көптеген мүшелері кірген; сондықтан «масон» сөзі «ерікті ойшыл» деген мағынаға ие болған

Гога мен Магога — өте қорқынышты ұғымның синонимдері. Көне аңыздардан алынған есімдер

Фрикасе – тұздық қосқан туралған ет

Оброк – помещиктің шаруалардан ақшалай немесе заттай алатын алымы. Бұл жерде табыс табу үшін қалаға жіберілген басыбайлы шаруа туралы әңгіме болып отыр, одан алым сомасы төленіп отырған

Колокотрони (Колокотронис) – ХІХ ғасырдың басындағы түрік езгісіне қарсы грек ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері

 

 

 

 

 

 



 

 



 

 

 

 


 

 

 

 


 

 

 

 


 

 

 


 

 

 


 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 


 

 

 

 

 


 

 

 

 


 

 

 

 



 

 

 



 


 


 

 

 

 


 



 


 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.