Әлем әдебиеті

Ким Бён ХАК. О, АЛМАТЫ – АЛМАЛАРДЫҢ ОТАНЫ

0

           

  О, АЛМАТЫ – АЛМАЛАРДЫҢ ОТАНЫ

 

               Ким Бён Хак 1965 жылы дүниеге келген. 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударған  соң Үштөбе қаласында корей тілі пәнінің оқытушысы, Алматының «Чонсан» корей тілі мектебінің директоры қызметтерін атқарып, Алматы мемлекеттік университетінің корей тілі факультетінде дәріс берді. Қазіргі кезде «Корё Ильбо» газетінің журналисі және Қазақстандағы Корей мәдениеті орталығының директоры қызметтерін атқарады.

           «Тянь-Шань тауында» өлеңдер жинағының авторы, екі томдық «Бастылары ұмытылған әндер (Корей әндерін іздестіру)» халық әндерінің жинағын құрастырушы. 2010 жылы ол аударған Абайдың таңдамалы өлеңдері мен қазақ және орыс ақындарының шығармалары Сеулде тұңғыш рет корей тілінде басылып шықты.

 

Хан Тәңірі шыңына шыққан кезде

 

О, Жаратқан!

Жалаң аяқ күн шуағы түскен шыңда тұрмын мен,

Оны сенің нұрың жарық етеді.

Тылсымнан бір жел еседі белгісіз,

Аялайды жүзімді ол, содан соң кетеді ұшып белгісіз бір тұсқа.

 

Жаным менің сабыр тауып, толқыды,

Қардан да аппақ сұлулыққа сұқтанып.

Тағы да бір жел есті-ай кеп, жел есті,

Жұмған көзбен тыңдап тұрмын теңіз әнін,

Және де мен теңіз жақтан тыныштықты сезінем.

 

Тіршіліктің түйткілі жаулап алған ойымды,

Әлдеқандай кетті алыс тылсымға,

Таудай, мына, тыныштыққа тұнып менің жүрегім.

О, Жаратқан!

Тыныстаған деміңменен құйтақандай дәнмін мен,

Бер рұқсат, әнге қосып, жыр етейін жүрекпен.

 

Сен жасаған мүсін неткен керемет,

Өзің жасап берген мәңгі күйінде.

Бүгін де әсем, қуанышымды шексіз көкке ұшырдым.

Бір кездері соққан дауыл жоғалады мәңгілік,

Жанымда сен ояндың да, өйткені,

Тауды және әлем менен теңізді құшағыңа алып тұрса, құдірет.

 

Сапар

 

Сапар сенің сапар болып атанатын бір сырың,

Аяқталмас мәңгілікке жатқаннан.

Өткен сапар қысқалау да, шығар сапар тым алыс.

Сондықтан да аталады сапар ол.

Тоқтатуға еш болмайды сапарды.

 

Сапарыңның ұмытқанмен жартысын,

Ал жартысы жүрер мәңгі жадыңда.

Әр сапардың бұрылысы көп тіптен,

Жаралайтын жаныңды,

Сондықтан да атанады сапар ол.

 

Өттім бүгін сапардан,

Ертең қалай өтетінім белгісіз.

Әрбір білсең жолаушы, қалдырады жол ізін.

Жалғыздықтың сапары ол саналар.

 

Сапар, шіркін, аяқталмас,

Жан баспаған жолсыз жердің өзінде.

Оны жүріп өту керек бір адам,

Шетсіз, шексіз сапар деген мәңгілік.

 

Алматыдағы қыс

 

Қар жауып тұр, Алматы,

Қарсы алады түнделетіп қасиетті әлемді.

Шулы әлемге оранғанда

Ай сәулесін жамылып ап тыныштық,

Ағаштар да жауынгердей көнекөз,

Бір-бірімен сырласады,

Қасқыр – адам, адам – қасқыр кезгі заманда,

Найза менен қашқан қылыш – қатерден.

 

Аман қалған тәні менен,

Қалдырды ол күн астында шық сияқты тілекті,

Қалдырды ол дір-дір еткен алмадай бір көктемгі,

Аппақ, аппақ жапырағын әлемде.

Миллиондаған жылдар бойы Хан Тәңірі ақ қарлы,

Ал Алматы –алмалардың Отаны.

 

Қар түскенде Алматыға жел ұйқыға кетеді,

Уақыт пен ойда кетер ұйқыға.

Әрбір адам Ай астында қарсы алады,

Құдіретті күйді бір.

 

Жат жерде досымды мен жерледім

 

Отан сенің туған жерің саналар,

Ал жерленген жерді қалай атайсың?

 

Еркіндікті сүйіп, басты иместен

Отанды қалдырдың да,

Кеттің кезіп кештің күйді жалғыз бір.

 

Алыс жолда шарашап кейбір сәттері,

Демалдырдың бей-жай тартқан тәніңді.

Ұя сынды, танымайтын адамдардың үйінде.

 

Өз өзіңе күліп кейбір сәттері:

«Өмір – бұлт, өмір жел де, өмір шық та» дейтінсің.

Жанды жеген мұңлы кейбір жағдайлар,

Жүрегіңе қалған мүктей жиналып,

Қабіріңде өлгеннен соң өніп шығар гүлдердей.

 

Жұлдыз ағып, гүлдер солып, махабат та өтті, енді…

Жел де соғар басқа жақтан тағы да.

Отан сенің туған жерің саналар,

Ал жерленген жерді қалай атайсың?

 

Атақ-даңқ үшін емес, неліктен,

Енде ше сен, әлемнен не іздедің?

 

Кеңістікте

 

Сенің жарқын күлкіңнен,

Барлығын мен ұмыттым да,

Кеңістікті кезіп кеттім,

Ел меннен бет түзедің деп сұрайды қай жаққа?

 

Кеңістікті кезіп келем,

Жан-жағымнан жел есті.

Әлем болса қоршалғанмен қамалмен,

Қорғай мені алмайды.

Өйткені мен айналдым да самалға,

Өзің жаққа қарай соқтым тынымсыз.

 

Желді көлде

Бурабайда

 

Жел соғып тұр, елден ерек,

Шағалалар ұшпайды, –

Солтүстіктен жел соғып тұр,

Үңгірдегі үйір мал да сыртқа шықпай,

Желді көлде жоқ тыным.

 

Келдім мұнда алыс жолдан,

Бойды биге алдырып.

Сібірдегі көгілдір көл, көптеген жыл,

Жолаушыны күтіп жат жұрт,

Желдің жолын ашты жаңа.

 

Би үшін мен жаралғанмын, –

Бір биден соң сүріндім де

Тұрдым қайта билеу үшін.

Ұзақты күн сеңгір-сеңгір тасты кезіп,

Енді желге айналатын шығармын.

 

Барлық адам бірге құлап,

Жатқан тыныш көл тынымсыз желден тулап.

Айналады жыртқыш аңға байқасаңыз,

Қорықпаңыз бұл да би ғой, өлілерді тірілтетін,

Өмір сүру биден кейін керемет.

 

Жел соғып тұр солтүстіктен,

Шағалалар ұшпаңдар.

Үңгірдегі үйір сыртқа шықпаңдар,

Мұнда желмен билейтұғын мен ғана,

Желге айналып кетер ме екенмін көлде мен.

 

Сүйікті адамыма

 

Кімді күтіп тұрғанымда білмеймін,

Сізді ұзақ күттім мен.

 

Кеңістікте мұңайғаннан самал кетті көтеріліп,

Жағалауды шайды теңіз тынымсыз.

 

Күл түстеніп күн жаныма қонғанда,

Тылсым әлем ойға шомып, билеп кеткен секілді.

Өмір жаным түс сияқты мұңнан тәні жаралған,

Адамдардай махаббатқа берілген.

 

Сағынамын желдей соққан мен сізді,

Теңіздей-ақ, шақырамын мен сізді.

 

Тағдырыңа байланып қалғанмын мен

 

Қайта бастап барлығын,

Мүмкін болса оралармын өткенге.

Жолды тауып басқа бір…

Сөзсіз онда табу керек басқа амал,

 

Қанша мен уәде бердім,

Өзің жаққа қараған.

Тереземді жауып тастау керек деп,

Жабылар бір,

Бірақ басқа терезені мүмкін емес жасауға.

 

Жанымдағы жара бір сәт,

Жазылатын кез келер.

Жүректегі қан да тоқтар бір кезде,

Сонда маған бас кететін биікке,

Шығу керек сияқты емес ешқашан.

 

Бір кездегі жаным менің қан жоса,

Тыйылмасы анық оның алда да.

Өйткені мен тағдырыңа,

Байланып-ақ қалғанмын.

 

Тіл байлаулы

 

Кетпедің сен, қасымдасың, ендеше,

Келмедің сен, кете тағы қоймадың.

 

Қайта сені қиын маған шақыру,

Сөзді желге, мұңға өзіңді батыру.

 

Үнсіз ғана қайғырамын сағынамын,

Өмірімнің мұңын басып кеудеге.

 

Желге ұшып кетіп қанша сөздерім,

Мылқау кеуде күй кешеді тірлігім.

 

Іздер

Қардағы анау екі адамның іздері,

Сіздікі мен менікі.

Қардағы анау бір адамның іздері,

Бәрібір де сенікі мен менікі.

Жалғыз жүріп-тұрсам-дағы бәрібір,

Сізді ұмытар емеспін.

 

Адам біткен онда да,

Табылмаса егер бір жан іздерін.

Сізге менің ауған мұңлы жанарым.

Тұрмын аяқ баса алмай,

Жоқ күшім.

Сипап өтер желге айналып кетсем бе…

 

Отанды сағыну (Ностальгия)

 

Жаңбыр даусын есітті де селт етті,

Өріп жатқан торын ынта жігермен,

Үй үстінде өрмекші.

 

О, менің, Отанымның теңізі!

Атам торын өруші еді қыс бойы.

 

Түні бойы санап мен де,

Көк нөсердің тамшысын,

Отаныма жеткізетін қанатты,

Өрмекшідей өремін.

 

Арманшыл жандар Отаны

 

Естелікті іздейтұғын жандардың,

Жер Отаны.

Ал арманшыл адамдардың Отаны,

Көк аспан.

 

Оңтүстіктің аспанына,

Көз алмастан қарап жатып көрерім,

Құс жолымен ұшып жатқан,

Қарсы аламын құстарды.

 

Әр арманшыл адамның,

Керек шығар құс сияқты ұшуы.

Жер бақытын сезінеді және де.

 

Адамдардың арманшыл,

Отандары көк аспан.

Ал естелік жан болса егер аңсаған,

Жер астына үңілер

Жандар болса арманшыл,

Отанына бет алып,

Ұшып жүрер аспанда.

 

Кеңістікте

 

Апа, мені меңдеп алмай тәтті мұң,

Оған қоса,

Кеңістікті жайлаған бір үнсіздік,

Жаулап алар жанымды.

 

Қар жауды да, суық бір,

Жайлап алып кеудемді.

Басқандай бір мауқын,

Тыныштығын ақпанның,

Бұзып даусы қасқырдың,

Жылап тұрған сияқты,

Даласында қазақтың.

 

Апа, жетемін деп,

Жердің шексіз шетіне,

Күндіз-түні жалғыз-жарым,

Шарлап шықтым әлемді.

Өткен күнді, келер күнді аямай,

Уақытым болмай және аяуға.

 

Айыптама, апа, мені,

Кезбе болып кетті деп.

Астым тауды,

Тыныштықты бұзады,

Естеліктер жел сынды.

 

Тәнімді алған,

Жел сөзіндей бір сезім,

Баяғы бір армандарды оятып,

Айшықтайды теңізді.

 

Апа, бүгін кеңістікте,

Көк теңіздің сезінемін тынысын.

Белгісіз бір тылсымнан,

Бой көтерген тәтті мұң,

Кеңістікті кеңейтеді биімен.

 

Аударған Аманхан ӘЛІМҰЛЫ

 

Пікір қалдыру

*