Әлем әдебиеті

Чхве ИНХО. БАСҚА ПӘТЕР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 БАСҚА ПӘТЕР

 

            Чхве ИНХО 1945 жылы Сеулде өмірге келді. «Ёнсе» университетін «Ағылшын әдебиеті» мамандығы бойынша бітірді. 1970 жылы әскери-әуе күштері қатарынан босағаннан кейін әдеби қызметпен айналысуда. Көптеген әдеби жүлделермен марапатталды, соның алғашқысын 1967 жылы «Ойлар әлемі» басылымынан «2 және Ѕ» әңгімесі үшін алған.

Чхве Инхо – жаңа әдеби ізденістерімен ерекшеленетін Оңтүстік Кореядағы ең әйгілі жазушылардың бірі. Адамның жалғыздығы, сенім мен махаббаттан айырылуы жазылған «Басқа пәтер» деген әңгімесінде сюрреализм нышаны бар. «Жер бетіндегі ең үлкен үй» деген әңгімесі қас қағым сәтте құбылған осы әлемнен өз орнын таба алмай жүрген аға буын өкілі жайында.

 

***

 

әңгімелер

 

           Ол алыс сапардан енді ғана оралған еді, аяғы талып, шаршағаны соншалықты – үйге жақындаған кезде құлай жаздады. Баспалдақпен баяу көтерілді. Бір жақсысы – жол-жөнекей ешкім кездескен жоқ. Дәлізге кіріп, өз пәтерінің есігі алдына аялдады. Қайнаған саумалдық аңқыған дәліз бос әрі қараңғы еді. Есікті сипалап, «Пошта» деп жазылған темір жақтаудың астыңғы жағындағы қоңырау тетігін басты. Жылтырата жуылған тап-таза еденге шылым сіңіп, тіл қарыған сілекейін түкіріп тастап, әйелінің қуана есік ашуын күтті. Сөнген шылымын тұтатып, құлақ түрген: пәтерден еш дыбыс естілмеді. Тағы да күйгелектене қолын көтеріп, саусағының жаны кеткенше қоңырау тетігін баса берді.

Сосын ол қоңырау бұзылып қалған деп шешті. Қоңырау тетігін басқан сайын есіктің ар жағынан әлсіз тықыр естілетіні есіне түсті. Әйелім, сірә, жалғыздықтан жабығып, бірер рюмка ішіп алып ұйқыға кеткен шығар деп те ойлады.

Ал оның ұйқысы қатты болатын. «Ұйықтап кетсем зеңбірекпен де оята алмайсың!» деп ол талай айтушы еді. Тіпті соны мақтан ететін де сияқты.

Бойын ыза керней бастаған ол тағы да қоңырау тетігін басты, құлып сырт ете қалмас па екен деп құлағын түре бес минуттай саусағын алмады. Әрине, олардың екі кілті бар – бірі әйелінде, екіншісі бұның өзінде; егер қажет болса кілтін алады да кіреді. Алайда ол қатаң ереженің адамы болатын, әйел үйде болса, күйеуіне есікті сол ашу керек. Міне, сонда ғана үй иесі табалдырықтан аттауына болады деп есептейтін.

Ақыр соңында ол қоңыраудан түк шықпасын ұқты да, есікті жұдырықпен ұруға кірісті. Бастапқыда жеңілдеу, сосын қаттырақ, содан соң тап бір сындыруға бел буғандай ұрғылады. Дәліз тарсыл-гүрсілге толды. Бір жерде сәби жылады. Қарсы есік аз-кем ашылып, одан пижамалы еркек қарады. Сосын тағы біреуі, үшіншісі, дәлізге бірнеше адам шықты. Оған біреулері ашулы, біреулері қауіптене көз тастады.

– Сіз, құлақ салыңыз! – әлдебір әйел оған қарап сөйледі. Көзқарасы жағымсыз, дауысы дөрекі. – Сіздің шаруаңыз бар ма?

– Жоқ.

Ол есікті тоқтаусыз ұрып тұрса да, оған кішіпейіл, тіпті күлімдеп жауап беруге шамасы жетті.

– Сірә, онда ешкім жоқ шығар. Ал сіз салық инспекциясынан келдіңіз бе?

Өзімен бірге жол шабаданы бар еді, міне, сосын ба, ол оны инспектор деп жорыды.

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.