Әлем әдебиеті

Ким ТОНИН. ЕСУАС СУРЕТШІ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

ЕСУАС СУРЕТШІ     

 

      Ким ТОНИН (1900-1951) Пхеньянда туған. Бұл жазушының шығармашылығы – ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы корей əдебиетіндегі құбылыс. Ғасыр басында-ақ корей прозасының айтулы шеберлері қатарына қосылған жазушының əдеби мұрасында шағын əңгімелер ерекше орын алады. Ким Тонин 1919 жылы корей көркемсөзі тарихында тұңғыш рет «Шығармашылық» атты таза əдеби журнал ашқан.

 ***

           Сақтаушы-рух.

          Жартасқа жармаса өскен жас қарағай, түбінде жасыл мүк жылтырайды.

         Еңкейгенімде жартастың төменгі жағынан сарғылт гүлін ашқан бірнеше түп орхидей көрінді. Жапырақтары жартасқа соққан желден қалтырайды.

Мен тағы да еңкейіп таяғыммен төменгі жақты түртіп көріп едім, таяқтың ұшы орхидейлерге бір жарым метрдей жетпейді екен. Енді байқадым, олардың астыңғы жағы – шатқал.

Шатқал. Бетін түгелдей қарағай инесі қалыңдай жапқан. Кей тұстарда сұрғылт түсті жартас қылаң бергенімен ағаштардан жерге көз жеткізу мүмкін емес. Егер зəуеде құлап кетсең, қарағай инелерінің үстімен домалағаннан домалап қайдағы бір беймəлім сайдан бір-ақ шығатын сияқтысың.

Менің жота тұсымда да жартас, биік, шамасы бес-алты метрден асады-ау. Ал енді оған шығар болсаң, Муак тау асуының арғы бетінен жалпақ жазықты көрер едің. Табанымның астындағы да жартас, ескі, мұжылған. Оның астында əлгі əлденеше түп орхидей, одан төменіректе екі-үш жас қарағай, қарағайдан соң тағы жартас, қоңыраулы гүлдер бүркеген жартастың түбінен терең шатқал басталады.

Шатқалдың үзілер тұсындағы қарағайлардың ұшар басынан Кёнсон1 қаласы көшесінің бір ұшы көрінеді. Жолмен əрі-бері ағылып жатқан машиналар. Қыз-қыз қайнаған шулы дүниенің дағдылы көрінісі.

Ал мына мен тұрған жер – меңіреу тау. Жел де, үңгір де, құлама жартас та, қарағайлар да – мұның бəрі де сол, өзімен-өзі болуды тілеген жанды əбден тыныштандыратын меңіреу тау.

Бір замандарда анау қаланың орында жан-жағын меңіреу таулар қоршаған аңғар болған. Бес ғасыр бойына сол аңғар тегістелді, аударылды, құрылыстар салынды, енді, міне, Кёнсон қаласы тұр. Бүгінде Ли династиясының негізін қалаушының осындай тар алқапқа астана салуда ойында не болғанын да біле алмайсың. Алайда қазіргі қыдырымпаздардың пікірінше, Сеул өзінің сұлулығы жағынан əлемдегі бірегей қала. Тіпті қала тұрғыны болып, тамақтан кейін шалбарыңның балағын байламай-ақ2 ыдыру үшін сыртқа шықтың-ақ тау ішінде, тыныштық құшағында болатыныңмен де Сеул – бірегей қала.

Мен еңісте тып-тыныш жатқан қошқыл, сұр шатырлы бесжүзжылдық тарихы бар қалаға көз салдым. Айналам қау боп өскен қалың шөп. Шатқалды құлдай аққан тау суының сарылы, көз алдымнан ұшып өтіп жатқан ғажайып құстар – осының бəрі қандай саяхатшыны болса да рахатқа бөлейтін дүние.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.