Әлем әдебиеті

Ардақ ЮСУПОВА. ФРАНЦУЗ РОМАНТИЗМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ

1

ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ

Ардақ Юсупова,

өнертану кандидаты

 

ФРАНЦУЗ РОМАНТИЗМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ         

 

          Францияның ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы өнерінде француз революциясы жеңіліс тапқаннан кейінгі кезеңде жаңа бағыт пайда болады. Қоғамды жайлаған күйкі тірлікке нариза дарашылдардың өнері дүниеге келеді. Олардың өнердегі мұраты – батыл жандарды, кесек тұлғаларды сомдау. Сондықтан да француз романтиктері өздерінің мұраттарын әлі өркениеттің шалығы тимеген өткен замандардан, адамдық қасиеттерді таразыға тартатын тосын жәйттерден (аң аулау көріністері, апатты сәттер, алыс беймәлім елдерге сапар, т. т.) іздейді. Жат та қас ортаға қарсы күреске шыққан қаһарманды тұлғаландыру, қаһарманның осы күресте азап шегуі мен опат болуы – романтизмнің өзекті тақырыбы. Мұның өзі тың шешімдер іздеуге бастап, сан алуан нақыштарды, сырбаз да сыршыл сезімнің бояуларын туғызады, тиісінше ықпал-әсері күшті көркемдік сілемдерді іздеуге жетелейді.

            Итальяндық өнер тарихшысы Лионелло Вентури өзінің «Жаңа заманның суретшілері» деген кітабында былай деп жазады: «Романтиктер кескіндемедегі сіреспе­лікке – серпінділікті, тұжыра айтуға – астарлы аңдатуды, шамадан тыс объектив­тілікке – шарқына ғана сай субъективтілікті, тығыздыққа – шексіздікті, заттарға – жарықтың жарасымын, қозғалыссыз қалған құдіреттілікке – тынымсыз құбылуды қарсы қояды.

         Француз романтизмінің ең бір беделді де белгілі өкілдері деп алдымен Теодор Жерико мен Эжен Делакруаны ауызға алған дұрыс.Тегінде «романтизм» терминінің өзі алғаш рет Жериконың шығармасына қатысты айтылғанын атау керек. Теодор Жерико антик тақырыбы мен классицизм қалыптарынан бас тартады.          

            Дәулетті де мәдениетті отбасында дүниеге келген ол Париждегі Императорлық лицейде оқиды, суретке құмарлығы ерте оянады. Жериконың екінші әуестігі – ерен атқұмарлығы еді. Ол жылқы түлігінің суреттерін көптеп салып қана қойған жоқ, өзі де есімі ауызға ілінген шабандоз болған. Оның бұл құмарлығының ақыры қасіретпен тынған, ол отыз екі жасында аттан құлап мерт болады.

           Жерико үлгіні бейнелеуге өзіндік тегеурін мен қозғалыс бітіретін өзгеше тұғырдан қарайды, жарық пен көлеңкенің арақатынасын айшықтай түседі, Суретші жануарларды салуға құмартып тұрады, ол үшін бұл дүниедегі ең бір тамаша жануар – жылқы малы. Оның осы тақырыпқа арналған көптеген еңбетері мен этюдтері сақталған.

            Жерико ежелгі заманның ерлерін емес,  қауіп-қатерге, алапат шайқастарға, тартысты оқиғаларға толы өз уақытын бейнелеуге бейілді. Оның  алғашқы елеулі еңбегі «Шабуыл үстіндегі атты егерлер офицері» (1812, Лувр) суреті Наполеон армиясы Ресейге жорыққа шыққан кезде жазылған. Мұндағы асқақ рух, жігердің жануы, офицер бейнесінің шымырлығы содан туындап жатыр, сонымен қатар зая кеткен қажыр-қайраттың қасіретті сарыны да сезіледі.

             Бір жыл бойы (1816-1817 жж.) суретші Италияны аралайды. Дәуірлеу заманы шеберлерінің, әсіресе Микеланджелоның шығармашылығы, кесек нысанды туындылар, биік парасат пен асқақ сезімге суарылған өнер суретшіге ерекше шабыт береді.

            «Медузаның» салы» (1819 ж) полотносы суретшінің басты туындысына, өмірлік ісіне айналады. Бұл шығармасын ол Францияға оралғаннан кейін жазады. 1816 жылы күштілердің қолдауымен тағайындалған капитанның кінәсінен  «Медуза» фрегатының апатқа бүкіл елде ашыну сезімін туғызған еді. Күйреуден кейін құтқарылған 149 адамның 11-і ғана тірі қалады. Адамдарды екі апта өткеннен кейін ғана апатты айлақтан алып шығады. Жұмыс барысында Жерико барынша нақты деректерден қия баспауға тырысады: оқиғаны көзімен көрген адамдардың іздестіреді, сал жасаған балташыны тауып, оған дәл көшірмесін жасауға тапсырыс береді, мәйітханаға барып, өлгендердің суретін көшіріп салады, кездеміне «кескінсіздікті» кіргізуден қаймықпайды. Классицизмге тән қатаң өлшемдерден бас тарту, үйлесімсіздік пен залалдылықтың өзінен өмірлік пайым түю, әсер беретін сюжетке ден қою романтизмнің өзіне тән сипатына айналады.

            Париж емханасында есінен айырылғандар портреттерінің сериясын жасаған суретші  адамның ішкі дүниесіне, күйзелістері мен күйінішіне терең үңіледі.

          Эжен Делакруа – атақты кескіндемеші, график. Ол дәулетті отбасында өседі (ол Францияның сарабдал саясаткері Талейранның некесіз туған баласы еді деген де сөз бар). Делакруаның өнер айдынына бірден қанаттанып шығуы 1822 жылғы көрмеден басталады. Онда суретшінің «Құдіретті комедияның» сюжетіне жазыл­ған «Данте және Вергилий» (Лувр) картинасы қойылған болатын. Сурет замандастарын ішкі  тегеурінімен, тартысты сипатымен, кейіпкерлердің шамырқанған шырайымен қайран қалдырады. Тұстастарына Делакруаның келесі «Хиостағы қантөгіс» (1824 ж) картинасы бұдан да қуатты әсер береді. Бұл сурет оның бұдан кейінгі «Миссолунганың қираған орнындағы Грекия» (1826 ж) картинасы сияқты гректердің ұлттық тәуелсіздік жолындағы тауқыметті күресі туралы баяндайды.

            Оның «Халықты алға бастаған азаттық» картинасы 1830 жылғы революцияның әсерімен жазылған. Тосқауылда тұрған париждіктердің ортасында суретші өзін де бейнелеген.

             Делакруаның шығармашылық ниетіне өзі өмір сүрген уақыт қана емес, сондай-ақ әдебиет пен тарих нәр береді. Жазушылардың ішінде оны, әсіресе, Данте, Шекс­пир, Вальтер Скотт, Байрон басқаларға қарағанда, көбірек шабыттандыратын тәрізді. Мысалы, оның «Сарданапалдың өлімі» картинасы (1827 ж) Байрон поэмасының әсерімен дүниеге келгені бірден сезіледі. Тегінде ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы тарихи драма, роман жанрларының айрықша түлеген тұсы, осыған орай бейнелеу өнерінде дүниеге келген тарихи полотнолар Делакруа шығармашылығынан ерекше көрініс береді. Оның «Льеж епископын өлтіру» (1831 ж), «Нанси түбіндегі шайқас» (1831 ж), «Крест жорықшыларының Константинопольді алуы» (1841 ж.) картиналары осының дәлелі.

             Делакруа 1832 жылы Марокко сұлтаны сарайындағы Франция елшілігінің құрамында Марокконы, Алжирді және Испанияны аралайды. Соның нәтижесінде бояуы қанық суреттемелер альбомдары, «Алжир әйелдері» (1833-34 жж.), «Мароккодағы еврей үйлену тойы» (1839-41 жж.), «Марокко сұлтаны» (1845 ж), «Мароккодағы арыстан аулау» (1854 ж) сынды картиналар сериясы дүниеге келеді.

             Суретшінің әшекейшілік дарыны оның Бурбон сарайындағы (1833-47 жж.), Сен Сюльпис шіркеуіндегі «Иаковтың періштелермен айқасы» (1849-61 жж.) монументалдық безейттемелерінен, оның қолынан шыққан Луврдағы Аполлон галереясының плафонынан айқын көрініс береді.

            Делакруаның шығармашылығынан Гете туындыларына (оның бұл жұмыстарын автордың өзі мақұлдаған), Байрон мен Шекспир кітаптарына жасаған безендірулері де елеулі орын алады. Сонымен қатар оның әдебиетшілік қабілеті де арнайы сөз етуге тұрарлық. Суретші жазысқан хаттарының тағылымы мол, айталық, оның өзі 1822 жылдан бастап жазған «Күнделігін» кейінгі ұрпаққа қалдырған тамаша мұрасы деуге лайық. Мұнда ол портреттерін жүздесу барысында салған замандастары Шопен, Берлиоз, Паганини, Жорж Санд сынды тұлғалармен кездесуден алған әсерлерін, бүкпесіз пікірлерін жазған.

            Сайып келгенде, Жерико да, Делакруа да кескіндеме өнерінде тыңнан жол тартқан шынайы жаңашылдар деуге лайық. Олардың дүниенің өміршең тынысын бейнелеген өнері ХІХ-ХХ ғасырдың көптеген суретшілерін соны өрістерге үндегені даусыз шындық.          

             

 

 

Пікірлер: (1)

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.