Әлем әдебиеті

Луций Анней СЕНЕКА. ӨЗІҢМЕН КӨБІРЕК СӨЙЛЕС

0

ӘЛЕМДІК АҚЫЛ-ОЙ ҚАЗЫНАСЫНАН

 

Луций Анней СЕНЕКА

 

ӨЗІҢМЕН КӨБІРЕК СӨЙЛЕС

 

          Луций Анней СЕНЕКА– әрі ақын, әрі көсемсөзші, әрі философ ретінде аты тарихта қалған белгілі тұлға.

          Сенеканың тағдыры өте  күрделі болған. Ол сенатор болып, онан соң қуғындалып жер аударылған, одан император мұрагерінің – зұлымдығы мен залымдығынан атағы шыққан Неронның тәрбиешісі, сол арқылы елдің нақты билеушісі болған, артынан ұмытылған шонжар, отставкадағы оппозиционер болып, ақыр соңында император жауыздығының құрбаны болып, өзіне-өзі қол жұмсаған, яғни өз дәуірінің барлық маңызды оқиғаларының куәгері ғана емес, қатысушысы да болған адам. Ол осылай бірде биікке самғап, бірде биіктен оңбай құлап өмір кешкен.

 

* * *

 

          Сенека «өмірінің соңында дүние жалған екен, барлығы бекер, тек қана философиямен айналыссам, ешкімді көрмесем, араласпасам, байланысымды үзсем, уақытымды олар үшін босқа кетірмесем» деп ойлаған. Корсикада айдауда жүргенде әуелі ұнжырғасы түсіп, өмірге нала болған, кейіннен оңалып, философиямен айналысқан, «Өмірдің қысқалығы туралы» деген трактат жазған.

            48 жылы Клавдийдің әйелі Мессалина өлтіріліп, оған Агриппина әйел боп келгенде оның ұлы Нерон он бір жаста ғана болған. Агриппина Сенеканы айдаудан алдырып, жоғары қызметке қойып, баласына ұстаз болуды ұсынған. Әйелдің әріден жоспарланған ойын Сенека түсінбеген, өйткені ол император сарайының айлаларын әлі білмейтін. Сарайдың ішкі оқиғаларына қаныға бастағанда, бес жылдан кейін Агриппина күйеуіне у беріп өлтіріп, он алты жасар Неронды император еткен. Сөйтіп әуелден тұтқынға түскендей болған Сенека жас императордың ең жақын кеңесшісіне айналған.

            Сенеканың билік маңайына өте жақын жүруіне не себеп болғанын біз білмейміз, ол мүмкін атаққұмар я пайдакүнем болды ма (оны осылай деп өте жиі айыптаған), жоқ философ бола тұрып, яғни адамның ішкі дүниесін жіті бағалаушы ретінде билеушінің жанында болып доктрина жүргізу адамдарға тиімді деген сенімде болды ма, біз білмейміз. Білетініміз – Сенека жеке билік мемлекетті ұшпаққа жеткізетініне әбден сенген және соны ұдайы насихаттаған. Адамдар мемлекеттің жай бір мүшелері ғана деп санаған. Сондықтан да билікке қызмет ету арқылы жеке билік иесін жақсылықты, ізгілікті жағдайларға бұрсам деген ниетте болған.

           Сенека, тіптен, мемлекеттегі билік иесіне қызмет ету моральға сәйкес келмеуі де мүмкін және онда тұрған ештеңе жоқ деген ойда болған. Ол сарай ішіндегі пәлелердің жуан ортасында жүрген, келісу мен кеңшілік жасау арқылы бәрін де шешуге болады деген тактика ұстанған.

           Бірақ Сенека Агриппинаның ішкі ойларын түсіне сала Неронды анасын тыңдамауға үгіттеген, өйткені оның билікқұмар қатігездігіне көзі жеткен еді. Әлі жас императорды арандатып алмау үшін Сенека гвардия басшысын одақтас етіп алып, Сенаттың рөлін арттырған. Сол кездері Сенека: «Тек ақылгөй адам ғана патша бола алады» деген ұран тастайды. Неронға арналған «Мейірімділік туралы» дейтін трактаты да сол жылдардың жемісі. Бұлар – Сенеканың қиялына сәйкес туындаған идеалдар болғанымен, нақты жағдай ол ойлағандай болмай шықты. Агриппина жайлы шектеулер жасауға кеңес берген сайын Нерон оған аса үлкен көлемде сый жасап тұрды. Сенеканың байлығы өскені сонша, сарай төңірегіндегілер оны күндеп, «Сенеканың уағыздары бір басқа, тұрмысы бір басқа» деп өсек тарата бастайды. Император болғанына алты жыл болғанда, жиырма екі жасар Нерон анасын өлтіруге бұйрық береді. Сенека қызмет бабына орай амалсыздан Неронды ақтап, Сенат алдында сөз сөйлейді. Бұдан кейін барлық ашу-ыза Неронға емес, Сенекаға қаратылады, оның басына бұлт үйіріледі. Өзін ақтау үшін Сенека «Игілікті тұрмыс туралы» деген трактатын жазады.

           Бұл кездері Агриппинаның әсерінен құтылған Нерон Сенеканың кеңестерін тыңдамайтын өзімбілермен бола бастайды. Сенека қызметінен бас тартып арыз жазады және Нерон берген барлық сыйды қайтаратынын императорға мәлімдейді. Ол берген сыйлықтарын қайтып алудан бас тартады. Бірақ Сенека қалай болғанда да мемлекет істерінен алыстап, тыныш өмірге көшуге бел байлайды, «Жан тыныштығы туралы» трактатын жазады. Онда азаматтық істерден, форумдарға қатысудан, ел алдында сөйлеуден, түрлі демалыс кештерінен бас тартқысы келетінін, яғни азамат емес, адам ғана болып қалғысы келетінін айтады.

             Және осылай жасайды да. Ол «Бос уақыт туралы» трактат жазады. Онысы Корсикада жазған «Өмірдің қысқалығы туралы» трактатқа ұқсас, яғни бірталай өмірді өткізіп, қаншама құрмет пен қиыншылық көріп, қайтадан айдаудағы сәтіне қайта оралғандай күй кешеді.

            Сенека үлкен драматург болған, оның қаламынан «Медея», «Эдип патша», «Фиест» секілді осы кезге дейін құндылығын жоймаған трагедиялар туған. Олардың хорға арналған қысқа сентенциялары мен монологтарынан Сенека ұстанған философия негіздерін байқауға болады.

           Сенека әлемдегі барлық жамандық қайдан шығады деген сұрақ қойып, оған «құмарлықтан» деп жауап берген. Оның айтуынша, құмарлықтың ең жаманы – ашу, одан – дөрекілік, әдепсіздік, қатігездік, құтыру келіп шығады. Махаббат та, егер ол ұятсыздыққа алып барса, құмарлыққа жатады. Құмарлық адамның жан-дүниесіндегі сана күшін жоқ етеді, өйткені құмарлық жанды баурап алып оны көрсоқыр қылады. Сенеканың осы ойларын оқығанда, оның шығармашылығын онша қабылдай бермейтін Квинтиллиан «Шешенді тәрбиелеу» деген трактатында мынадай мінездеме береді: «Оның көп сөздері мақұлдауға лайық, көбісі таңдану туғызады, бірақ оларды мұқият таңдап алу керек; оны Сенеканың өзі жасаса тіптен дұрыс болар еді! Табиғатында ол қабілетті адам еді, жақсылық іздей жүретін және іздегенін тапқан еді» деген.

          Осылайша ол өзінің соңғы еңбегінің бірі – «Адамгершілік хаттары» деген Луцилийге арнаған хаттарын жазады. Бұл хаттардан кейбір үзінділерді оқырманға ұсынғымыз келеді.

 

Луцилийге жазылған адамгершілік хаттары

 

           Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алынған немесе ұрланған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, ал қалған өмірімізді керек емес істерді істеп өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші… Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныштысың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бар өмір сырғып өте шығады.

 

* * *

           Барлық жерде жүремін дегендер – еш жерде де болмайды.

           Дәрілерді жиі ауыстыру ауруға ем болмайды. Түрлі дәрі жаққан жараның жазылуы қиын. Өсімдікті бір орыннан екінші орынға ауыстырып отырғыза берсең, жайқалып өспейді.

            Дүниесі аз адам кедей емес, соны көбейте түскісі келетін адам – кедей. Адамдағы ең аз байлық – барлық керектіңнің болуы, ең көп байлық – тойынғаныңша баю.

Рұқсат алу

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.