Әлем әдебиеті

Уильям САРОЯН. АШЫҚҚАНДАР

0

 

Уильям САРОЯН 

 

 АШЫҚҚАНДАР

 

              Уильям САРОЯН – белгілі американ жазушысы. Ұлты – армян. 1908 жылы 31 та­мызда Калифорния штатындағы Фресно қаласында армян эмигрантының отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын хат тасушы болып бастаған. Ешкім де оны атағы алысқа кетер жазушы болады деп ойлаған жоқ. Тіпті ата-анасы да. Өзі де өзіне тым сенімді емес еді. Дегенмен, бойындағы жазу-сызуға деген қабілет-қарым, бұла талант пен ерен еңбекқорлық оны үлкен әдебиетке алып келді. Өзінің өлмес-өшпес туындыларының арқасында лайықты бағасын алып, әдебиет әлеміндегі орнын еншілеп, мәңгі сөнбес жарық жұлдызға айналды.

            Жазушының кейіпкерлері қашанда бақыттың бал дәмін татып үлгермеген, өмірде жолдары бола қоймаған қарапайым ғана адамдар болғаны белгілі. Оның қаламынан мыңнан аса әңгіме, он екі пьеса, онға тарта роман туған. Соның ішінде «Адамзаттық комедия», «Весли Джексонның басынан кешкендері», «Мама, мен сені жақсы көремін» атты сүбелі дүниелерін ерекше атап өтуге болады. Адамның жан дүниесін керемет бір сезімге бөлеп, тұла бойын баурап алар драмалары мен «Менің атым Арам», «Қымбатты балақай» атты әңгімелер жинағы да кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Бәрі де ертеңгі күнге деген үлкен сеніммен, үмітпен, жылылықпен жазылған жалынды шығармалар.

            Қаламгер туған Фресно қаласында 1981 жылы 18 мамырда қайтыс болған. Сонда жерленген. Бірақ, суреткердің өз өсиеті бойынша оның жүрегінің жартысы Арменияға әкелініп, Ван өзенінің маңындағы Арарат тауының бөктеріне қойылған. Одан оның әке-шешесінің туған қаласы – Битлис те алыс емес.

 

* * *

             Нью-Йорктің шеткі көшелерінің біріндегі кішірек терезесі бар шағын бөлме. Бөлмеде ескі үлгідегі грамофон мен үнтабақтар қойылған үстел және темір төсек пен орындық тұр. Жазушы машинка басып отыр.

            1937 жылғы қыркүйектің жауынды күні, сағат күндізгі төрт. Бөлмеге жас капиталист кіреді. Оған орын босату үшін сахна жұмысшысы қабырғаны жылжытады. Жазушы басуын жалғастыра береді. Сахна жұмысшысы кетеді.

             ЖАС КАПИТАЛИСТ (бөлмеде біраз жүреді). «Сатердей ивнинг пост» журналына жазылмайсыз ба?

                ЖАЗУШЫ. Бөгет жасамаңызшы.

              ЖАС КАПИТАЛИСТ (өзіне-өзі). Ол не жазып жатыр екен, ә? (Жазушыға) Сіз не жазып жатырсыз?

             Жауап жоқ.

         Музыка тыңдасам, қарсы болмайтын шығарсыз? Жаңбыр жауып тұр.

           ЖАЗУШЫ. Мен сізге айттым ғой, бөгет жасамаңызшы.

           Жас капиталист граммофонға жақындап келіп, үнтабақты қояды. Рихард Таубердің орындауындағы «Жүрегім сен деп соғады» әні естіледі. Мексикандық мұңды қыз шығады. Үшеуіне бірдей орын жетуі үшін сахна жұмысшысы қабырғаны қайтадан жылжытады. Қыз ән тыңдайды, ал жас капиталист оны бақылап тұрады.

               ЖАС КАПИТАЛИСТ. Менің атым Джон.

              ҚЫЗ. Тыныш… Менің есімім Долорес.

            ЖАЗУШЫ (кейіп). Тыңдайсыңдар ма, өзі! Маған азырақ жұмыс істеуге мүмкіндік беріңдерші! (Бұрыла беріп жас капиталист пен қызды көреді)

          Жас капиталист – нашар киінген он жеті-он сегіздердегі жас жігіт. Мексикандық қыз өте әдемі.

          Не болды? (жігітке) Сен кімсің?

         ЖАС КАПИТАЛИСТ. Мен Джонмын.

         ЖАЗУШЫ (қызға). Кешіріңіз, ал сіз кімсіз?

           ҚЫЗ. Долорес.

            ЖАЗУШЫ. Жақсы. Өте жақсы. Ал енді сендер екеуің жаймен сөйлесіп, әлде кетіп, болмаса өліп, тіпті болмаса тағы бірдеңе істеп тыныш отыра алмайсыңдар ма? Менің жұмыс істеуім керек.

            ЖАС КАПИТАЛИСТ. Мен өлімнен басқа бәріне дайынмын.

           ЖАЗУШЫ. Жақсы. Алдымен граммофонды өшіріңіздер. Егер қаласаңыздар, қала беріңіздер, тек маған бөгет жасамаңыздаршы!

             ЖАС КАПИТАЛИСТ. Азырақ музыка тыңдағанның несі айып?

             ҚЫЗ (жас капиталистке). Кеттік. Оның оңаша қалғысы келеді.

           ЖАС КАПИТАЛИСТ. Неге кетеміз, кетпейміз. Осында бола тұрайық. Далада жаңбыр құйып тұр. Ол өзі айтты ғой, бізге отырып әңгімелесуге болады.

           ЖАЗУШЫ (жазу машинкасына тақап келіп). Осындай қызық адамдар қайдан пайда болады екен? Егер менде ақша болса, онда жөн басқа. Ал менің бұларға беретіндей ештеңем жоқ қой. (Қызға) Тыңдаңызшы! Сіз ашсыз ба?

Рұқсат алу

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.