Әлем әдебиеті

Назар Тауфиқ ҚАББӘНИ. ТҮНГІ АСПАНДЫ ОЯТАМЫН ҰЙҚЫДАН

0

 

Назар Тауфиқ ҚАББӘНИ

 

ТҮНГІ АСПАНДЫ ОЯТАМЫН ҰЙҚЫДАН

 

 

 

            Назар Тауфиқ ҚАББӘНИ (1923-1998) – сириялық атақты ақын, журналист әрі дипломат. Сондай-ақ араб елдерінің ішінде қазіргі заман ақындарының ең танымалы болып табылады. 1923 жылы 21 наурызда Дамаск қаласында сол заманғы танымал отбасылардың бірінде дүниеге келеді. Өлең жазуды он алты жасынан бастайды. Ол  Дамаск қаласындағы ұлттық ғылыми факультеттен білім алады, кейін Сириялық университеттің құқық факультетіне түсіп, оны 1944 жылы бітіреді. Сирия­ның сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарады. Каир, Мадрид, Бейрут және Лондон қалаларында елшілік қызмет атқарады. Елуінші жылдардың ортасына қарай Бейрутқа көшіп кетеді, онда ол «Назар Қаббәни баспасы» деп аталатын баспахана ашады. Алғашында дәстүрлі өлеңдер жазып бастаған ол, кейін келе әр түрлі жанрдағы үлгілермен жаза бастайды. Араб әдебиетін дамытуға көп үлес қосады. Оның шығармаларының ішінде ең көп көңіл бөліп жазған тақырыптарының бі­рі – әйел бостандығы. Оның «Әйелдің күндері» атты шығармасы араб әйелдерінің бостандығын жырлайды. Араб әйелінің әлсіздігін, ешнәрсеге құқығы жоқтығын айта отырып, олардың бостандықтары үшін өздері күрескенін қалайды. Сондай-ақ, оның өлеңдерінде мемлекеттегі саясат, билікті сынау, қарапайым халықтың тұрмысы, лирика, романтикалық махаббат тақырыптары көп кездеседі.

        Назар Қаббәни 1998 жылы 30 сәуірде Лондонда жүрек ауруынан көз жұмды. Дамаскіде жерленді.

 

Шайханада                          

 

Бұл шайхана – қашан да ғашықтардың мекені,

Жалғызбасты  мендейлер мұны мекен етеді.

Арманыма еріп мен бүгін тағы келіп ем,

Айдай сұлу бір жанды осы жерден көріп ем.

 

Есім кетіп, жанына жақын барып жайғастым,

Оймен құшып аруды, арманыммен айға астым.

Жан дүниемді келбеті баурап алып барады,

Махаббатқа мас жүрек қайда лағып барады?!

 

Кеудемдегі жүрегім дүркін-дүркін соғады,

Ақ дидарлы келбеті бойды еліртіп барады.

Қолымдағы кесем де қояр емес тыпыршып,

Жағаласып менімен сұлуға ол да қарады.

Жетер ме екен батылым, алдына барып жығылсам,

Жүрегі құрғыр көнер ме, ару сырын ұғынсам?!

Тым болмаса, жібі болып басындағы телпектің

Шашын иіскеп, шіркін-ай, шашы болып құбылсам!

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.