Әлем әдебиеті

ШЕКСПИР ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРЖІМЕЛЕРІНЕ ЕСКЕРТПЕЛЕР

0

       

  Борис   ПАСТЕРНАК

 

ШЕКСПИР ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРЖІМЕЛЕРІНЕ ЕСКЕРТПЕЛЕР

 

               Борис Леонидович Пастернак (1890-1960), белгілі орыс жазушысы, ақын, тәржімеші, Нобель сыйлығының лауреаты (1958 ж). Көптеген шетел жазушыларының айтулы драматургиялық шығармаларын, атап айтқанда, Шекспирді, Бен Джонсонды, Клейсті, Гетені (Фауст), атақты ағылшын (Байрон, Шелли, Китс, Суинберн), неміс (Ганс Сакс, Гете, Гервег, Рильке, Бехер) ақындарын, француз Верленнің, поляк Верленнің, венгр Петефидің, испан Альбертидің, бірталай грузин ақындарының жырларын орыс тіліне аударған.   

Тәржіменің ортақ мақсаты

         Әр жылдары мен Шекспирдің бірталай шығармаларын тәржімелеген екенмін. Атап айтқанда, бұлар — «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Антоний мен Клеопатра», «Отелло», «Король Төртінші Генрих» (бірінші және екінші бөлімдері), «Макбет» және «Король Лир» драмалары. Театрлар мен оқырмандардың оңтайлы әрі оңай оқылатын тәржімелерге деген қажеті әрдайым жоғары болып келеді және мұндай керексінудің толастайтын түрі жоқ. Тәржіме жасаған әр адамның осынау қажеттілікті өтеуге басқаларға қарағанда, көбірек үлес қостым дейтін үмітпен өзін алдарқататыны және бар. Бұл ортақ пікірден менің де сырт қала алмағыным белгілі. Яғни көркем тәржіменің мәні мен міндеттеріне келгенде, менің көзқарастарым да онша оқшауланып тұрмаса керек. Көпшілікпен бірге мен де сөзбе-сөз дәлдігі мен нысанының сәйкестігі тәржіменің шынайы жақындығын қамтамасыз ете алмайды деген ойдамын. Бейне мен бейнеленген суреттің ұқсастығы секілді тәржіменің түпнұсқамен ұқсастығына тек қана тілдің тұшымдығы мен табиғилығы арқылы ғана жетуге болады. Төлтума жазушылар сияқты тәржімеші де өзінің әдеттегі қолданысына тән емес сөздігінен, әрі стильдендіруге әкеліп саятын әдеби жасандылықтан бойын аулақ салғаны жөн. Түпнұсқа тәрізді тәржіме де сөздердің жиынтығына айналмай, шынайы тіршілік тұрғысында әсер беруі керек.

 

Шекспирдің поэтикалық стилі

 

          Шекспирдің стилі үш ерекшелігімен дараланып тұрады. Оның драмалары рухы жағынан барынша шыншыл болып келеді. Бұл шығармаларының қара сөзбен жазылған тұстары немесе өлең түріндегі диалог болып өрілетін бөліктері қимыл-қарекетпен не болмаса қозғалыспен қабысып жататын сәттерде кәдімгі сөйлеу тіліндегідей еркін, есіліп тұрады. Қалған кездерде оның ақ өлеңдерінің тасқыны тұнып тұрған метафора, кейде тіпті ол шындықтан алшақтап асыра сілтейтін де тәрізді.

          Шекспир сөзінің бейнелілігі біркелкі емес. Кейде тиісінше зерделеуді талап ететін асқақ поэзия болып келсе, кейде тілінің ұшында тұрса да қапылыста автордың аузына түспеген бір сөздің орнына айтпағын тап басып таба алмаған ондаған орамдарға ұласатын таза риторикаға ұштасып кете береді. Дегенмен, қалай болсын, қандай болсын, Шекспирдің метафоралық тілі мейлі шырайын кіргізіп тұрса да, мейлі құйқылжыған, мейлі құлдыраған риторикасынан әсте ажырай алмай тұрса да, бәрібір шынайы астарлы әдіптеудің басты мәнінен қия баспайды.           

          Метафоризм – адам ғұмыры қысқалығының және оның ұзақ уақытқа арналған ұлық  міндетінің табиғи түйіні тәрізді. Осындай сәйкессіздікке орай ол дүниеге қас қақпай қыранша қарауға және көкейіндегіні бір сәтте ғана жарқ ете қалған сана сәулесімен айтып беруге мәжбүр. Поэзия дегеніңіздің өзі де осы. Метафоризм – үлкен тұлғаның стенографиясы, оның рухының шұғыл жазбасы.

         Рембрандт, Микеланджело мен Тициан қылқаламының шамырқанып тұратын ширақтығы тіпті де олардың алдын-ала ойластырған таңдауының жемісі емес. Тұла бойларын кернеген күллі ғаламды бейнелеуге деген құштарлық олардың басқаша жазуына уақыт қалдырмаған еді. Импрессионизм — өнерге ежелден тән қасиет. Бұл әуелден басы байлаулы пенде баласының кемерінен асып төгіліп жатқан рухани байлығының көрінісі.

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.