Әлем әдебиеті

ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ

0

ТӘРЖІМЕ ТАРАЗЫСЫ

 

Әйгерім ӘЛІМЖАНОВА

 

ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ

 

Ақын – қасиетті, киелі ұғым. Ақын уақыт шындығын, өмірдің ақиқатын танытуға, тамыршыдай дәл басып көрсетуге Тәңірдің бізге жіберген елшісі іспеттес. Алайда әр ақынның сезімді поэзияға өзек етуінде эстетикалық әдіс-тәсілдері түрліше. Сондықтан мұндай жағдайда талант талғамы биік болуға тиіс. Демек, өлеңнің эстетикалық-эмоциялық әсері күшті болуы үшін ақын образ арқылы ойлайды. Мұның өзі алып ақындарымыздың көркем тіл айшықтарындағы стильдік өнер ерекшелігін танытады. Ал ұлы ақындардың бірінің шығармасы екіншісінің жүрегіне жақын болып, аударма туындылар дүние келіп жатса, бұл олардың шығармашылық үндестігін танытатындай.

М.Ю. Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударуда көптеген зиялы қауымның еңбегі ерекше, дегенмен ол аудармалардың барлығына бірдей көңіл бөлініп, ғылыми тұрғыдан жете зерттелмей отырғаны белгілі болып отыр.

М.Ю. Лермонтов поэзиясының алуан халықтың жыр мәдениетіне тигізген әсері шексіз. Оның өршіл романтикасы Байрон, Пушкин дәстүрінен кейін поэзияға ерекше айбар беретін асқақ құздай болып көрінеді, өлең дүниесінде тек поэзиялық әлем қасиетімен ғана емес, Лермонтов өзінің ұшқыр ой-қиялымен, заман және адам туралы терең тебіренісімен өзінен кейінгі атақты ақындарға орасан зор ықпалын тигізеді. Бұл тарапта шығыста, әсіресе мұсылман әлемінде Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына берік ден қойған, орыстың дана ақынын өзіне ұстаз тұтқан кемеңгерлердің бірі – ұлы Абай.

Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең алдымен, қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин тәрізді дүниежүзілік әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екіншіден, өзінің зор талант, асқан шеберлігінің арқасында ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен идея, сұқтанар сұлулықты қазақ оқырманының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп, оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын алып берді. Оларды қазаққа өз ақындарындай сүйгізді.

Абай Лермонтов туындыларын Пушкинмен қатар қойып, сүйіп оқып қана қойған жоқ, ұлы ақынның өлеңдерін өзінің ана тіліне аударуды мақсат еткен жоқ, өз халқының қиян-кескі тағдырын ойлап, бұлдыр болашағынан саңылау іздеп, ой-санасымен арпалысқан Абай орыстың бұл дана ақынын халқына да, өз жанына да рухани серік, сыршыл дос тапқысы келді.

Қазақтың біртуар перзенті, ұлы ақын Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші аудармасы – «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ең соңғысы – Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын алып, қысқартып жазған поэма.

Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, ол кездегі орыстың алдыңғы қатардағы идеясымен жақсы танысып, Сарыарқадан оларға үн қосушы бірінші ақын да – Абай. Орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келеді. Бұл – бір. Екінші, Пушкин, Лермонтовтың шын мәніндегі өнер иелері екендігін Абай жақсы ұғынды. Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, ол жоғарғы ақындардың кез келген өлеңдерін аудара бермеген. Таңдап, талғап аударған. Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой – философия, не үздік көркем өлеңдер болып келеді.

Ұлы ақындардың өлеңдеріндегі идеялық-мазмұндық ұқсастықтар мен көркемдік бояу нақыштары жүрекке жағымды. Лермонтов әуені Абай шығармашылығында жарасымды келісім тапқан.

Абай неліктен Лермонтовқа соншама ден қойды екен? Зерттеушілер бұл мәселеге мән бермей келеді.

Абайдың ақындық толғамдарын саралап қарасақ, идеялық мазмұн мен лирикалық тебіреніс тарапынан үш-төрт сарынға жіктелер еді. Меніңше, бірінші бағытта – халықтың тағдырын, заманның бет-бейнесі өзекті орын алса, екінші тарапта – халықтың мінез-құлқын түзету үшін ақыл айту, яғни дидактикалық сарын және салт сипатындағы тоғышарлықты мінеу, сатира әуені жатады. Содан кейін осы бағыттағы өнеге, өсиет жырлары мен шындықтан жаңғырық таппағандықтан, өз замандастарынан, өз ортасынан түңілу, торығу, қасірет шегу саздары өзінше бір арна болып толқиды. Сахара бозбаласының лирикасы – бір сала. Ал Абай поэзиясының тебіренісі басым әуендер – өз ортасынан, топас қауымнан түңілу, замандастарының әсіресе, тұсындағы жас толқынның надандығын, білімсіздігін көріп торығу. Жалғыздық жапа шегу сарындарының Лермонтов әуендеріне үндес келіп тұрғандығы таңғалдырады.

Алдымен, Лермонтовтың осы сарынына беріле үн қосуын айтпастан бұрын Абай өзге де келелі шығармаларын аудармауының себебі не екен деген сұрақ туындайды. Лермонтов шығармашылығындағы басты сарын – бас бостандығы болса, Абай аудармаларында мұндай ереуілді әуендер кездеспейді. Тек «Жартастан қыз құлапты терең суға» дегені болмаса. Абай заманында, тіпті қазақ қоғамында, әйел мәселесі болмаса, жеке бастың бостандығы айырықша орын аларлық күйде болған жоқ. Құлдық, крепостнойлық секілді сұмдықтарды Абай көрмесе керек. Сондықтан мұндай сарын Абайды тебірентпеген. Абайға керегі, жүрегіне жақыны, жалғыздық, халық қамы:

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып,

Жұртым деуге арлымын

Өзге жұрттан ұялып…

[1,103]

 деп «Отанымды сүйемін мен өзгеше» немесе «Қош, Россия сорынан арылмаған» деген Лермонтов сарынымен сабақтас күңіренеді.

Мысалы, «Қараңғы түнде тау қалып» өлеңіндегі Абай дәл бере білген тұстардан үзінді келтірсек:

Выхожу один я на дорогу:

Сквозь туман кремнистый путь блестит

Ночь тиха. Пустыня внемлет богу

И звезда со звездою говорит

–[2,69]

дегенді Абай былай аударған:

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,

Тасты жол жарқырайды бұға амалсыз

Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,

Сөйлесіп, ымдасқандай көкте жұлдыз.

[1,154]

Абай өзінің аудармасында ақынның ойын, жан-сезімінің сәулесін, құбылысын еркін түсініп жеткізіп бере алған. Мұнда «пустыня» сөзін «елсіз жер» деп сәтті қолданған.

Абай аудармаларын негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі – дәл аударма, екіншісі – ерікті аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлең буындарына дәл келе бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық не силлабо-тоникалық өлең құрылысына жатады да, қазақтікі силлобикалық өлең құрылысына жатады.

Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 20 жол. Өмірге ой көзімен қарай білудің, терең сезімталдық, сыршылдықтың үлгісі боларлықтай лирикалық туынды. Ақын жарық түнде жалғыз жолға шыққанын айта отырып, аспан мен жердің, жоғарыда жылт-жылт етіп көрінген жұлдыздардың ғажайып әдемілігін тамашалап, ғарыштық кеңістікті бар жанымен сезінгендей болады. Сондықтан оның өз көңіл-күйін қозғайтын әр сөзі ерекше салмақты, мәнді болып шыққан. Өлеңдегі мұңды сарын да, тыныштық, азаттық іздеу де адамды жадырататындай әсер береді. Осы өлеңнің идеялық өзегі, тірегі болған өмірге құштарлық:

«Көкірегімде өмірдің күші тұрып,

Іздеймін дем алысты үзбегенін…» –

 деген сөздерден әсіресе айқын танылады. Абай аударған өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын келетін өлеңмен аударады. Кейде ұқсастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл шығарады:

Қазақшасы:

 «Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап,

Даланы жым-жырт дел-сал ғып,

Түн басады салбырап.

Шаңдай алмас жол-дағы,

Сыбдырламас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы…

Сабыр қылсаң азырақ…»

[1,78]

Орысшасы:

Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы;

Подожди немного –

Отдохнешь и ты

[2,184]

Осы өлеңнің, әсіресе, соңғы төрт жолын алсақ, орысша нұсқасына дәлме-дәл. Әрине, алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда сөз орнын ауыстыру, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу – аударманың жалпы заңы. Осы орайда Абайдың бірнеше аудармалары: «Жалғыз жалау жалтылдап…», «Қонады бір күн жас бұлт…» т.б. жоғарғы келтірген мысалдар тәрізді дәлме-дәл аудармалар, сондай-ақ суреткер өзіндік бейнелеу мәнерімен, бұрыннан бар стильді пайдалану арқылы аударғандығын айта кетуіміз керек.

Абай аудармаларындағы өзіндік стилін өзі жасап отырған қоғамнан жеке дара бөле алмаймыз. Ақынның өмірге идеялық-эстетикалық көзқарасы, поэзиясының мән-мазмұны тілі арқылы көрінетін көркемдеу құралдары – осының бәрі аудармашыға тән амал-тәсілдер болса, ақын оларды өз бойына үйрене, іздене жүріп жинады.

Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарастырғанда бірінші түрі қазақ әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені, Абай – бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс ұсынған ақын. Сондықтан да ол өлеңінің мазмұны, түріне қарап әртүрлі әдіс қолданады. Орыс тілдегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан оған жақын келетін түрлерді іздеп, «бұлжытпай» дәл беруге тырысады. Олай болмаса, мазмұнымен қолданған образдарын көркем береді. Бұл – аудару жұмысының жалпы заңы. Бір тілден екінші тілге аударғанда қолданылатын ежелгі әдістің бірі. Сонымен қатар Абай аудармаларының бір үздік ерекшелігі – қандай аудармашы болмасын өз тіліндегі көркемдік құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл аудармашыларда өте сирек кездесетін қасиет…

Ұлы ақындардың өлеңдеріндегі идеялық-мазмұндық ұқсастықтар мен көркемдік бояу нақыштары жүрекке жағымды. Мұхтар Әуезов былай деп тауып айтқан еді: «Абай Лермонтов өлеңдерін аса бір ұқыптылықпен әрі ерекше сүйіспеншілікпен аударды. Әсіресе «Қанжар», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Теректің сыйы», «Желкен» және орыс классиктерінің ішінде шеберлік жағынан теңдесі жоқ аударма болып отыр». Лермонтов әуені Абай шығармашылығында жарасымды келісім тапқан [3,73]. Бұл орайда Лермонтов шығармаларын Абаймен жарыса аударған ақындар да болды. Мәселен, Қасым Аманжолов, Мұзафар Әлімбаев та біраз өлеңдерін аударған. Бірақ бұл нұсқаларды Абай аудармасымен салыстырып қарасақ, сәтті шыққан дей алмаймыз. Мұнда сөзбе-сөз аудармаға бой ұрғанын байқауға болады. Мысалы, «Теректің сыйы» өлеңін Абай былай аударған:

Асау терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып,

Арыстанның жолындай бұйра толқын

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

[1,156]

 Ал Қасым Аманжолов былай деген:

Тауды да тасы жентектеп,

Дуылдап үріп, өкіріп.

Ағады терек жөңкіліп.

[3,75]

Лермонтовта, яғни түпнұсқада ол былай берілген:

 Терек воет, дик и злобен.

Меж утесистых громад.

Буре плач его подобен,

Слезы брызгами летят.

[2,131]

Бұл екі аударманың екеуі де түпнұсқадан алшақ болып көрінуі мүмкін. Абай аудармасында теректің тентек мінезі, дауылды бейнесі барлық құбылысты жарқын елестетіп тұрғандай. Дегенмен мұндай ұқсастықтар, тіпті жекелеген сөздердің мәндес келуі, әрине, тікелей жақындықты білдірмейді. Басқа бір шығармамен сарындас келуі де бағалы, көркем шығарманың құнын кеміте алмайды. Осыны толық ескере отырып, Абайдың «Адамның кейбір кездері» ешқандай да басқа өлең емес, тура Лермонтовтың «Журналист, читатель и писатель» атты шығармасымен бірталай жерлері дәл аударылғанын айтуымыз керек. Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, меніңше, үш түрлі себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.

Түгелдей алғанда, өте еркін аударылғандықтан, Абайдың бұл өлеңі өзінің төл шығармасы саналып келген. Өйткені бұл түгелдей алғанда нәзира дәстүрімен жарыса жазылған өлең деген баға берілген.

Абай аударған тағы бірнеше өлеңнің мәтіндерін салыстырып қарағанда, терең ойлы, сергек сезімді, ұшқыр қиялды данышпан ақын көркем сөзбен кестелей отырып, еркін аудармаға жол береді. Мәселен, «Құлақтан кіріп, бойды алар» өлеңі Лермонтовтың «Звуки» атты шығармасының сарынымен жазылған. Бұл Абайдың ән мен күйге арнаған екінші өлеңі.

«Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» деп бастап, ән мен күйді тыңдап, тамаша етуші ғана емес, өзі құмартып, сүйген «жақсы ән мен тәтті күйден» зор күш-қуат алатынын, музыка өнерінің әсері ақындық шабытына шабыт қосып шалқытатын қасиетін айтып, жыр толғайды.

Түпнұсқада:

 Что за звуки! Неподвижен внемлю

Сладким звукам я,

Забываю вечность, небо, землю,

Самого себя.

Всемогущий! Что за звуки! Жадно

Сердце ловит их,

Как в пустыне путник безотрадной

Каплю вод живых!

[2,18]

 Аудармада:

 Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй.

Дүние ойдан шығады,

Өзімді өзім ұмытып.

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып

[1,53].

Мұнда байқайтынымыз – өлең еркін аударылған. Өлеңнің екінші жартысы жолма-жол тәржімаланғанымен, Абайдың өзіндік шығармасына ұқсап кеткен. Түпнұсқадағы көлемі 20 жол болса, аудармада 28 жол. Абай жанынан ой қосып, шығармашылық жолмен төл, тума өлеңге айналдырған. Абайдың орыс тіліндегі образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күшті сезімге өз тілінде қандай әсер етеді, оған теңдес қазақша сөз қолданса, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес, әдемілік күшін, әсерін ұға, түсіне білушілерге дәлелдеп жатудың қажеті аз.

Абай аудармаларында өз жанынан қосумен қатар ықшамдаулар да кездеседі. Мысалы, Лермонтовтың «Исповедь» поэмасының аудармасы «Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?» деп басталады. Түпнұсқада – 84, Абайда – 64 жолға қысқарған. Дегенмен мазмұны толық жеткізілген. Кейбір жолдары сөзбе-сөз аударылған. Сонымен бірге төл шығармадай жатық, көркемдік әсері күшті.

Абай поэманың ІІ, ІІІ бөлімдерін аударған. Онда ескі ғибадатхананың тасқашау абақтысында өлім жазасын күтіп жатқан жас жігіттің өзін араздастыруға келген кәрі сопыға айтқан арылу сөздері баяндалады. Бірақ онысы арылу емес, айыптау сөзіндей естіледі.

Зерттеуші ғалым Ж. Молдағалиева өз зерттеуінде Лермонтов бұл поэманы ертеректе 1831 жылы жазғандығын айтады. Поэманың негізгі идеясы «Боярин Орига», «Мцыри» поэмаларында жалғастырылған. Кейбір шумақтары соларда қайталанады. Поэма алғаш рет 1887 жылы «Русская старина» журналында жарияланады.

Бірінші шумақтың 2-жолы 1943 жылдан бергі басылымдардың бәрінде:

 Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?

деп алынып келген. Ал 1909 жылы жарық көрген жинақта бұл:

 Хүкімші шалдар мәз боп жатыр ма онда?

– [4,18]

делінген. Мұндай түзетулер көптеп кездеседі. Көптеген аудармаларда түпнұсқаның мазмұнын толық сақтауға тырысқанмен, орыс тіліндегі сөз образдары, теңеулер және басқа да тілдік белгілер қазақилана түсетінін байқаймыз. Ең бастысы ақын өлеңнің негізгі мағыналық қызметін, ішкі айтар ойын жоғалтпайды. Мәселен, Лермонтовтың «Не верь себе» өлеңінде:

 Еще неведомый и девственный родник,

Простых и сладких звуков полный, –

[2,54]

 дегенді Абай «Өзіңе сенбе, жас ойшыл» деп аударады да:

 Кісі айтып білмеген

Күй әдемі, тәтті сөз, –

[1,189]

дейді. Мұны сөзбе-сөз аударар болсақ:

 Неведомый еще никому

Изященый куй, сладкие слова, –

 болар еді.

Өлең құрылысы жағынан Абай аудармасындағы айырмашылықты айқын аңғарамыз. Мұндай айырмашылықтар аудармалардың көпшілігіне тән. Лермонтовта авав рифміне сай келсе, Абайда көбіне, 11 буынды қара өлең ұйқасына, яғни аава рифміне сай келеді. Мәселен, «Парус», «Вечер», «Горные вершины» өлеңдері дәстүрлі өлшемге сай. Ал «Дума», «В альбом», «Кинжал», «Пленный рыцарь» өлеңдері Лермонтовтың өлең өлшемдеріне лайықталып аударылғанын байқауға болады.

Абай аудармаларында жаңа тұрақты тіркестер мен поэтикалық орамдарды ұсынады. Мысалы, «жас бұлт» (сөзбе-сөз – молодая туча, ал Лермонтовта – «тучка золотая»), «кәрі жартас» (сөзбе-сөз – старый (седой) утес, Лермонтовта «утес великаны»), «тірі сөздің» (сөзбе-сөз – живого слова, Лермонтовта «слов живых»), «асау, тентек өмір» (Лермонтовта «мятежная жизнь»).

Сонымен қатар орыс тілінің нормасына сәйкес келетін поэтикалық сөйлемдер мен орамдар: «Улыбается небо» («Күлімсіреп аспан тұр»), «Хоть радости жизни меня не покинули» («Рахат, мені тастап қоймадың тыныш»), «Душа моя мрачна» («Көңілім менің қараңғы»), «С души как бремя скатится» («Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей»), «Чтобы в груди дремали жизни силы» («Көкірегімде өмірдің күші тұрып») деген мысалдарды келтіруге болады. Бұл ақынның шеберлігін танытады.

Қорыта айтқанда, Абай аудармаларындағы ерекшелік үнемі толығып, дамып, бүтіндей байланысып отырады. Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына берік ден қойған, орыстың дана ақынын өзіне ұстаз тұтқан Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Лермонтов – ұлы талант. Ол тәрізді ақынның өлеңдерін аударушы Абай да асқан талант иесі. Олардың шығармаларын оқи отырып, поэзия деген үлкен әлемдегі үндестік, жалғастықтың жақсы нышашын көргендей боламыз.

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.