Әлем әдебиеті

ҚҰДАЙ ҮЙІ АЛДЫНДА

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Джебран Халиль ДЖЕБРАН

 

ҚҰДАЙ ҮЙІ АЛДЫНДА

 

Ливан-американдық философшы эссеист, романист, мистикалық ақын және суретші Джебран Халиль ДЖЕБРАННЫҢ (Джибранның) (1883-1931) шығармашылығы XX ғасырдағы араб әдебиеті мен философиялық ойының тарихында айрықша орын алады, басқаша айтқанда, философиялық бағыттағы араб романтизмінің негізі болып табылады. Оның жеке тұлғасы шын мәнінде Ливан символына айналды, оның даңқы бүкіл жер жүзіне тарады. Бүгінде оның шығармалары әлем тілдерінде көптеп басылуда, ол Батыста да, Шығыста да ең көп оқылатын араб жазушысы болып табылады, ал оның «Пайғамбар» атты шығармасы мыңдаған оқырман үшін қойын кітабы іспеттес. Сыншылар қауымы оның кітаптары мен шығармашылық жолын Блейк, Ницше, Юнг, Гете, Эмерсон сынды әйгілі тұлғалармен бір қатарға қояды.

Джебран ширек ғасыр бойы дерлік еңбек етті және оның шығармашылығы Ақиқат пен Сұлулық бірлігінің, Рух мәңгілігінің, оның шексіздігінің, тобыр тоғышарлығын артқа қалдырып, бостандыққа ұмтылудың жалпы идеяларымен нәрленген. Өз шығармаларында ол оқырман рухын азаттыққа, күнделікті күйбең тірлік тауқыметінен жоғары тұруға, әрдайым рухани құндылықтарды сақтауға шақырып, ұран тастап, ойға ой қосады.

 

* * *

 Махаббат деген не?

Адам санасындағы осы бір сырын ешкім аша алмаған мәңгілік құпия жайлы, барлық себеп-салдардың осы бір түп-төркіні туралы, осы бір құдіретті күш хақында кім маған жеткізе айтып берер екен?

Махаббат кірпігін шарпып өткен сәтте шырт ұйқысынан оянбайтын жан бар ма, уа, адамдар?

Жүрек қалаулысының шақырған үнін естіген мезетте туған үйін, ата-анасын тастап кете бермейтін жан бар ма екен, сірә?

Сүйіктісімен көрісу үшін теңіздер мен биік тауларды, ұшы-қиыры жоқ дала менен шөлейтті асып өтпейтін кім бар?

Сұлудың нәзік үні мен жұпар демінен, аймалап сүйгенінен ләззат табу үшін қиян шеттен кім табылмас?

Жалбарынғанда тілегіңді орындауға ниет танытқан періште үшін жанын өртеуден кім қашар?

Кеше мен Құдай үйі қақпасының алдында жүрген адамдардан махаббат кереметтері мен құбылыстары туралы пікір тердім.

«Махаббат – ол Адам Атадан мұраға қалған әлсіздік белгісі», – деп жауап қатты ашаңдау келген ер адам.

«Махаббат – ол адам жанын билеген алып күш, ол өткен ұрпақ пен келер ұрпақ өмірін байланыстыратын дәнекер», – деді иықты, кең жауырынды, шымыр денелі жас жігіт.

«Махаббат – ол жастықпен бірге дүниеге келіп, жастық шақ таусылғанда бірге таусылатын надандық», – деп мұрнының астынан күңк етті қара киім жамылған сақалды қария.

«Махаббат – адамның ақыл-ойын сәулелендіретін, дүниеге Құдайлар көзімен қарауға бейімдейтін біліктілік шегі», – деп күлімсірей жауап қатты ақжарқын жүзді бір ер адам.

«Махаббат – мәңгілік құшағындағы жанның жаннаты, дененің демалысы», – деді белі бүгілген шал кісі.

«Махаббат – ол менің әкем, махаббат – ол менің шешем, мен одан басқа махаббатты білмеймін», – деп жауап қатты да күліп жіберді бес жасар жас бала.

Құдай үйі қақпасының алдынан өтіп бара жатқан адамдар маған күн ұзағына өмір жұмбағы – махаббат жайлы әңгімелерін айтты, құпияларымен бөлісті.

Ал кешкісін, адам аяғы саябырлаған шақта Құдай үйі түкпірінен маған бір бейтаныс дауыс былай деп үн қатты: «Өмір екіұшты, өйткені бір жартысы суық сең сияқты, ал екінші бөлігі лаулаған от сияқты; махаббат – ол жалын!»

Мен Құдай үйіне кіріп, тізе бүктім де: «О, құдіреті күшті Жаратқан Ием, мені қасиетті отқа азық қып, күл етсең де мейлі!» – деп жалбарындым.

  

НАРКОЗ БЕН СКАЛЬПЕЛЬ

(ықшамдалған нұсқасы)

«Принциптеріне қараңызшы, ол – ессіз максималист».

«Ол – жастарға теріс әсер ететін қияли жазушы».

«Егер адамдар Джебранның некеге қатысты көзқарасымен келісетін болса, онда отбасы мен адам қоғамының іргетасы құлап, әлем әзәзілдер жайлаған тамұққа айналар еді».

«Оның шығармашылығындағы көркемдік – кездейсоқ нәрсе, себебі – ол адамзаттың жауы».

«Ол – дін жолынан тайған анархист, сондықтан да біз осы қасиетті тауларымыздың тұрғындарына оның ілімін қабылдамаңдар, ішкі жан дүниемізге ықпалы болмас үшін кітаптарын өртеп жіберіңдер деп үндейміз».

«Біз оның «Сынған қанаттарын» оқыдық, бұл – бір қарын майды шірітетін сасық құмалақ».

Мен жайлы осы тақілеттес пікірлерді адамдар көп айтады, олардың сөздерінің жаны бар, өйткені мен қирату десең қиратуға да, жасау десең жасампаздыққа да бейім ессіз экстремистпін; егер менің қолымнан келетін болса, мен адамдардың көзқарастары мен әдет-ғұрыптарын еш қобалжусыз өзгертер едім.

«Өзімен-өзі лағып жүрген қияли» деп менен қашқақтайтындар бақалдардың жалтылын ғана байқайды, ал оған құйылған ішімдікті «у» деп атайды, себебі – олардың асқазандары менің құйғанымды қорыта алмайды.

Мүмкін, менің осы кіріспе сөзім шектен тыс турашылдықтың куәсі де шығар, бірақ тұрпайылау болса да, шындықты айту жылмыр зымияндықтан артық емес пе? Ақ әділдік киім таңдамайды, ол – қарапайым, ал зұлымдық болса басқаларға шақ әшекейлермен әуестенеді.

Шығыс жұрты «жазушы гүл нектарын теріп, оны тәтті балға айналдыратын арадай болса» дейді.

Шығыс жұрты балды жақсы көреді де, басқа тағамды қабылдамайды; олардың өздері де жылыда балқып, ал мұз үстіне қойса, қатып қалатын бал сияқты.

Олар ақынның сұлтандар мен байбатшаларды балын тамыза мақтағанына қайлы.

Басқаша айтқанда, Шығыс елдері ескі жұртта қалғандай күн кешуде, олар қаннен-қаперсіз, бейсал, қылжаң тірлікке пейілді, жаңа тиімді қағидалар мен ілімдерден бастарын алып қашады, өйткені сонының бәрі олардың сана сезімін «оятып», әбігерге салады.

* * *

Шығыс созылмалы ауруларға шалдыққан;

Шығысты көптеген шипагерлер емдеп келеді; ауру себебін анықтау үшін консилиумдар шақырып, дәрі де жазып береді, бірақ та берген дәрілері ауруды уақытша ғана басады.

Рухани тұрғыдан дем беру құралдарын кемшін деуге болмайды: ауру қанша көп болса, олар да соншалықты көп, бұл тараптан емшілердің тапқырлығына тек қана таңғалуға болады.

Тыныштандыру шараларына деген құмарлық қайдан шыққан? Оның себептері бірнеше. Бастыларының бірі – тағдырға көнбістік, сондай-ақ азусыз дәрігерлердің басында ауруға батпандай батып, кейін оның жанын жадырататын радикалды шараларды қолдануға қолы жүрмеуі.

Отбасы, ұлт, дін мәселелеріне қатысты кеселдерді емдеу үшін Шығыс дәрігерлері қолданатын тыныштандыру шараларынан мысалдар келтірейін.

Ерлі-зайыптылар бірін-бірі жек көреді, тату-тәтті тұрмайды, күнара араздасады. Бірақ та тума-туысқандары да қалыспай, күнара кеңес құрып, өздерінше татуластыру амалын жасайды: әуелі әйелді шақырып, оны ұялтып, сосын ерін шақырып, оны да көндіреді. Әйел ұялғанымен, көзқарасы өзгермек емес, ері көнгенімен, ойы бұрынғыша. Сөйтіп, ағайындары екеуін күштеп татуластырады, бірақ бұл – уақытша татуластыру, өйткені бір-біріне көңілі жоқ жұп бір шаңырақта ұзақ тұра алмайды. Бірте-бірте туыстар тапқан тыныштандыру емінің күші кетіп, әлгі екеу қайтадан бұрынғы «әніне» басады. Татуластырған жақ қайтадан кеңес құрып, тағы да дегенін істетеді, өйткені тыныштандыратын дәрінің бір жұтымын ішіп көргендер толық кесені де ішуге бар.

Бірнеше пікірлес көзі ашық жандар әділетсіз үкіметке немесе ескірген тәртіпке қарсы шығып, прогресс пен азаттыққа қол жеткізу үшін «Реформалар қоғамын» құрады; олар жұрт алдында батыл сөйлеп, шабытты мақалалар жазады, ұрандары мен бағдарламаларын жариялайды, делегаттары мен делегацияларын жібереді. Бірақ бір-екі ай өткен соң, үкіметтің қоғам төрағасын түрмеге отырғызғаны немесе оны жоғары лауазымды қызметке тағайындағаны туралы бір-ақ білеміз. Ал қоғам туралы ештеңе естімейміз, үні мүлдем басылып қалады. Себебі – оның мүшелері айтулы тыныштандыратын дәрінін дәмін татып, қайтадан бұрынғы моп-момын қалпына түскен.

Діни қауым көкейтесті мәселелер бойынша дінбасыға қарсы шығып, оның жеке тәртібін сынайды, енді жолымыз бір болмайды, жалған иллюзиялардан ада, басқа еркіндеу дінді қабылдаймыз деп жария етеді. Бірақ көп ұзамай ел көшбасшыларының қауым мен дінбасын сиқырлы тыныштандыру құралының көмегімен татуластырғаны, бас көтерген діндарлардың мысы басылып, қайтадан әлеуетті дінбасыға тәуелді де бағынышты болып қалғандығы туралы естиміз.

Мүскін адам мықтының қоқан-лоққысынан азап шегеді, ал көршісі оған: «Үндеме! Садақ оғы қорықпайтынның да жанарын жаралайды», – деп жұбатқан болады.

Шаруа патшаның абырой-даңқы мен адалниеттілігіне күмән келтіреді, бірақ оны қауым: «Күңкілдеме! Кітапта «олардың айтқанын істеме, істегенін істе!» делінген», – деп тоқтатады.

Бойжеткен қыз ескі салтқа көнбейді, бағынбайды. Шешесі оны: «Қыз шешеден артық емес, сен не де болса, менің жолымды қуасың», – деп басу айтады.

Албырт жас жігіт діннің түсініксіз догмаларының түпкі мағынасын ұғуға ұмтылады. Ал молда болса: «Мына дүниеге Дін тұрғысынан қарамайтын адам тек зая тірлікті көреді», – деп оның жолын кеседі.

Осылайша баяу жылжып күндер өтеді, Шығыс адамы жайлы төсекте жан мен тән рақатына бөленіп, жайбарақат ұйықтап жата береді, кенет бүрге шаққанда ғана оянады, бірақ та бала күнінен бойына сіңген тыныштандыру дәрісінің әсерінен қайтадан ұйқыға кетеді. Ал егер бәзбіреулер оларды ұйқысынан оятпақ болып, шулап үйді басына көтерсе, олар амал жоқтан: «Өзі де ұйықтамай, өзгеге де ұйқы бермей жүрген бұл қай ақымақ?!» – деп бір күңк етеді де қояды. Сосын көздерін қайта жұмып, іштей өзді-өзі: «Мына бір дінбұзар малғұнның жастарды ақ жолдан тайдырып, ұрпақтар сабақтастығына кінәрат келтіріп, жалпы адамзат баласын дінге сенбеуге итермелеуін-ай!» – деп күбірлейді де.

Күндердің бір күнінде мен өзімнің тыныштандыратын құралдардан біржолата бас тартқан сергек те, сайын адамдардың біріне айналғанымды көрдім. Айналамдағылардың менен сырт айналып, мені сөгіп жатқанын көргенде, мен оянуымның басты себебіне көзім жетіп, құр бос қиялшыл емес екенімді, тікенек те, гүлдер де, аш қасқырлар да, әнші бұлбұлдар да кезігетін тар жол, тайғақ кешуді таңдағандардың азғана тобының арасынан табылғанымды білдім.

Мен үшін шындықты ашудағы сүлесоқтық пен сылбырлық Шығыста тәлім-тәрбие деген атпен бөлгілі таза екіжүзділікпен, мекерлікпен пара-пар.

Осы жолдарды оқып шыққан данасымақ сыншылар ертең «ол – өмірдің тек көлеңкелі жақтарын көретін экстремист, біздің қазіргі жағдайымыз туралы көптен бері күңіреніп, жоқтау айтып келеді» дейді.

Мен бұл сыншыларға былай деп жауап берем: «Мен Шығысымды жоқтаймын, өйткені өлген адамның табыты жанында билеу – таза есалаңдық.

Мені Шығысымның тағдырына күйінемін, өйткені ауру жанында табалаушылыққа бару – шектен шыққан надандық.

Мені сүйікті елдерімнің ахуалы қапаландырады, өйткені бақытсыздық алдында шаттану – барып тұрған ақымақтық.

Мен экстремистпін, себебі – ақиқатты сүлесоқ іздеуші оның жартысынан ғана хабардар болады, екінші жартысын оған «ау, осы жұрт не дейді?» деген қорқыныш-қапер пердесі жауып, көрсетпей тастайды.

Иістене бастаған мүрдені көргенде мен жиіркеніп, бір қолымда шарап құйылған бақал, екінші қолымда бір уыс тәтті ұстап тұрып қасына отыра алмаймын, дәрменім жоқ оған.

Егер кімде-кім менің жоқтауымды күлкіге, жек көруімді жақсы көруге, қызуқандылығымды сабырлылыққа айналдырғысы келсе, Шығыстағы әділ билеушіні, тура биді, айтқан уағызы мен істеген ісі бір-бірімен сайма-сай келетін діндарды, әйелін өзімен тең көретін ерді тауып, көзіме шұқып көрсетсін.

Егер кімде-кім мен биді тамашаласын, барабан дабысы мен флейта әуенін тыңдасын десе, мені қабірстанға емес, үйленейін деп жатқан күйеудің үйіне апарсын».

Аударған Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ

Пікір қалдыру

*