Әлем әдебиеті

О, ҮМІТІМ, ҚҰТҚАР ҚИЫН СҰРАҚТАН

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Джон КИТС

 

О, ҮМІТІМ, ҚҰТҚАР ҚИЫН СҰРАҚТАН

 

Джон КИТС (1795-1821) – әйгілі ағылшын ақыны. Ол Лондонда кедей отбасында дүниеге келген. 1811-1815 жылдарда Джон Китс дәрігердің оқуын оқиды. Дәл диплом аларда оқыстан оқуын тастап, әдебиетке бет бұрады.

1818-19 жылдарда Китс өзінің ең үздік туындыларын «Эндимион» мен «Гиперион» поэмаларын; «Психеяға арналған ода», «Грек құмырасына арналған ода», «Бұлбұлға арналған ода» мен «Меланхолия одасы» сынды шығармалары мен көптеген сонеттерін жазады.

1820 жылы Джон Китс айықпас дертке шалдығып, Италияға кетеді және сол жақта қайтыс болады.

 

ӨЛІМ ТУРАЛЫ

 І

Өлім деген ұйқы ма шын құрсақ түп:

Болса тірлік кіл елес түс – ғажап той,

Жұбана ма кеуде сәнге бір сәттік?

Өлімді ойлау, о, бәрібір азап қой.

ІІ

Пенде, бірақ ел кезсе де бұрлыға,

Қимайды ғой дүниені арайлы.

Ойламай-ақ қасіретті де, мұңды да –

Әр таң сайын оянғанды қалайды.

 

* * *

 Кесеме толтырып құйыңдар,

Жанымды ұсынар күйім бар –

Түсіріп көнерген ізге мен

Әйелдей еркекті іздеген.

Қиялым – өзгеше тұмса бақ:

Тәнімді түртпесін бұл шарап.

Тек ішкім келеді Өткенді,

Жан-жақтан тапқым кеп көптенгі –

Көзіме көрінбес Асқақты,

Жүректі сыздатқан жас бақты.

Тесіліп ынтықшыл назарым,

Іздесем мәңгі той базарын.

Бірақ еш өзге жіп өрмедім:

Кәдімгі өң-келбет көргенім.

Кеуде тұр өркешін құлатпай –

Әлемде жоқ ешбір Жұмақтай.

Жан-жаққа қарадым шаршап мен,

Көңілім суыды әр сәттен.

Классик-кітаптан жоқ көмек,

Шабыт жоқ келетін төкпелеп.

Шіркін, Ол жымиса жұтынып,

Жүрер ем қырсықтан құтылып,

Келгендей мейірімді жарық таң,

Сезер ем «шаттықты қамыққан»1

Лапландтар2 ішінде дос барлық

Арноны3 еске алған тоскандық4

Секілді болып сол ғашықтық

Күн Тәжбен тұрса ғой шашып құт. 

 

БАЙРОНҒА

Байрон! Сенің жырың толы тәтті мұң,

Нәзіктікке бағынады айнала,

Әуен-арфа сезім-шерге байлана,

Еңірейді, баса алмайды аптығын,

 

Жоғалтпауы үшін олар пәк түрін,

Сен әр үнді мәпелейсің жай ғана,

Сиқыр қосып сөздерге де қаймана,

Оятасың мұң-әуездің шаттығын.

 

Сол себепті қалдырып Ай тасаны,

Сұр бұлттарға алтын сәуле шашады,

Осылайша інжу әлем жасады.

 

Қара мәрмәр ұшқын-нұрға боялып,

Кербез аққу, сұңқылдай бер, оянып,

Сағыныштың кәусарына тоялық.

 

* * *5

Кептер ұшты, көп қызыққа кенелді,

Қанаттарын қаға берді асығып,

Сол қанаттан түсіп жатыр шашылып

Сенің жаның тастап кеткен денеңді.

 

Ұшты кептер, бұзып өтті кемерді,

Биіктеді қайғы, үрейді басынып,

Жарқылдады таңдаулылар тасынып,

Асқақ бақыт қалықтайды тек енді.

 

Тағдыр-әлем тамсанады, таң күліп,

Құдіретке бас иеміз, сенеміз,

Келші, кептер, қанат-үнің жаңғырып,

 

Жақсы хабар әкелсін тек келер із.

Ешкім бұзбас біздің тойды мәңгілік,

Қамығудан құтылмаймыз неге біз?

  

ЧАТТЕРТОНҒА6

О, Чаттертон! О, қуғынның құрбаны!7

Жоқшылық пен тауқыметтің ұрпағы!8

Назарыңды ерте торлап мұң табы,

Жабырқады ойларыңның гүл бағы!

 

Асқақ даусың үзілместен жырлады,

Өлер алды өсиет боп шырқады!

Оралардай ажал-кебін түн тағы,

Гүлдеріңді ызғарлы күз ұрлады.

 

Өтті бәрі: зор ғаламның ішінде

Сен – жұлдызсың, сәулелері тараған.

Сен шырқайсың еш өкпесіз пішінде

 

Тобырға да қарау көзбен қараған.

Ақын, сені адалдығың үшін де –

Жас ұрпағың аршып алар жаладан.

 

МИСТЕР ЛИ ХАНТ ТҮРМЕДЕН ШЫҚҚАН КҮНІ

ЖАЗЫЛҒАН СОНЕТ9

Ойла: елден жалған жұпар аңқып тұр,

Ақ адал Хант жатты қапас түрмеде;

Азат рух айналмайды сүлдеге,

Ол құс болып ұшар еді қалқып бір.

 

Асқақ тұлға! Ол туралы тантып құр,

Жоқ себепке құрық салып күрмеле,

Ойлап тапты жымысқылар бірдеңе,

Иә, бұларға бекзат бейне – артық нұр.

 

Спенсермен теңдес еді арманы,

Даңқ дәндерін үлестірді жалғанға,

Ол Мильтонмен көкті бірге шарлады,

 

Бақыт нұрын жетеледі таңдарға.

Қандай болмақ үрейлердің салмағы

Өнер өліп, қанға батып қалғанда?

 

ҮМІТІМЕ

Жылытпады сөніп қалған ошағым,

Сауықсыз ой өкіндірді көңілді,

«Жүрек көзі»10 – кілт тоқтаған көш-ағын,

Құр аңсайды өтіп кеткен өмірді.

О, үмітім, оянсын шоқ серпіле,

Үрлеп жібер, қанатыңмен желпі де!

 

Жалғыз бейнем қара түнге ереді,

Ай сәулесін қармап алды тұмансыз.

Мұңды көңіл аспан сөлін емеді,

Шаттықтарға қыр көрсетіп тым әлсіз.

Махаббат-нәр сүйсін шаңсыз шалғынды,

Бұғаулардан босатып ал зар-мұңды!

 

Торыққан сәт – әлсіз ойдың жемісі,

Жүректерге ызғарлы леп шашады.

Көктемейді түңілістің егісі

Төңіректі суық тұман басады.

О, үмітім, құтқар қиын сұрақтан –

Таң нұрындай түнді тақтан құлатқан.

Қай кезде де жетіп келіп уайымым,

Көңілсіз боп көрінгенде ен ғалам,

О, үмітім, ай маңдайлы зайыбым,

Зеңгір көктен орал бері, кел, маған.

О, үмітім, күлсін жаным серпіле,

Бұз түнекті, қанатыңмен желпі де.

 

Кей кездері қинағанда жанымды

Қыз өкпесі, туыстардың қаһары –

Құр бекерге қармаламас сағымды

Өлеңімнің түні бойғы сапары.

О, үмітім, оянсын шоқ серпіле,

Үрлеп жібер, қанатыңмен желпі де!

 

Өтіп жатыр жылдар алға ұмсынып,

Туған елім, әсем болсын әр гүлің!

Даңқ әкелмес көлеңкелі тіршілік,

Сұм заманнан биік болсын жан-ділің.

Бірігеді адал ұлдар сертіне,

Жақындап ұш, қанатыңмен желпі де.

 

Жылусыз сән – алданышы талайдың,

Бостандық та өзгереді құбылып.

Ауласында қызыл күрең сарайдың

Аяқталар еркіндік пен ұлылық.

Көрейінші қанатыңды самғаған –

Зеңгір көкке нұрлы бояу арнаған!

 

Сиқыры мол сәулесі көп жұлдыздай

Көк аспанға бояу қосқан жағымды,

Сұр бұлттардың тасасында тұрғызбай,

Босат, үміт, бұғаулардан жанымды!

Аспан шаңы жөнелсінші еркіне,

Үрлеп жібер, қанатыңмен желпі де!

 

АПОЛЛОНҒА ОДА

Батыс бет – алтын терген бел,

Көк сарай түсер көзіңе.

Саған ән шырқап бергендер

Бас иді түгел өзіңе.

Көне лира сәулелі нұр құйып тұр,

Ақындарды тыңдар әлем ұйып бір.

 

Түсірер Гомер параққа

Соғыс сұлбасын кешегі.

Батыс-жел мініп қанатқа,

Жып-жылы болып еседі.

Тоқтағанда ұран-дауыс ақырғы

Ояу жанар сезімдерді шақырды.

 

Мирон-жыр тербеп храмды,

Парақтар заман келбетін.

Жан-дүние көкке сұранды,

Мұң кезіп кетті жер бетін.

Жанып бітті от-алаулар азалы,

Жазмыш дәстүр соңғы сөзін жазады.

 

Жан-жаққа бұлттар тарайды,

Үнсіздік билік құрады.

Мұжықтар жерге қарайды,

Желкені қасып тұрады –

Мильтон келіп сыпырғанша пердені,

Жаңарғанша жарық сәуле жердегі.

 

Шеберге толы жан-жағың,

Көркемдік неткен көп еді.

Сөздердің небір маржанын

Шекспир шексіз төгеді.

Өзектерді ынтықтырып дастанға,

Аққу болып сұңқылдайды аспанда.

 

Спенсер шырқар жотада

Салтанат мәнін ұқтырып.

Сиқыр бар әрбір нотада,

Көгілдір жиек – тұп-тұнық.

Ән-арфадан жан-жүректер нұрланып,

Жел соғады ішектерше дір қағып.

 

Тассодан пәк нұр тарады,

Тәп-тәтті жұпар шашты қыр.

Естелік қанат қағады,

Қасынан қалмас жас ғұмыр.

Ән тербейді ақындарды аялап,

Қиял мен түс – жан тербеген саябақ.

 

Сенің арқаңда қауышты

Осы топ алуан дауысты.

Әлдиле бізді ұдайы!

Бір өзіңдікі гүлдер де,

Мәңгілік өшпес үндер де –

Ақындардың Құдайы!

 

КАРЛ ІІ-ні РЕСТАВРАЦИЯЛАУДЫҢ ЖЫЛ ТОЛУЫНА11

29 мамырда қоңырау үні соғылғанда жазылды

Сорлы Альбион! Ұятымыз (біліп ем)

Тынышталмас бұл қоңырау үнімен,

Құлақ жарып зарлайды.

 

Патриотқа бұл үн оңай соқпайды:

Вейн, Рассел, Сидниді жоқтайды,

Кебін киіп сарнайды.

 

ӘЛДЕБІР ЖАС СЫЛҚЫМДАРҒА

 Қай жұмбағы табиғаттың шешілген?

Ізің ғайып, басқа тұсқа көшті арна.

Өлеңдер бар жөнге түспей есірген

Ақын жырға Цинтияны12 қосқанда.

 

Мейлі, қанша тау сілемі әурелер,

Жүрек сөзім сыр-әуезге бас ұрар –

Бейне шөлмек тайғақтатқан сәулелер,

Не шық-тамшы таңғы гүлден шашылар.

 

Тоқтадыңдар неге жолдан жаңылып,

Үнсізсіңдер, шаттық та жоқ емге түк –

Шақырды ма қыр ай-сырға тағынып,

Бұлбұл үні қалғытта ма тербетіп?

 

Маужыраған гүлдерге таң қонды кеп,

Алдарыңда – құм жол теңіз шайқаған.

Гауһар-сыйды жатқан ұзақ мөлдіреп

Көк тұңғиық бермекші ме қайтадан?

 

Кілт бер маған, күміс қанат ғұламам,

Сиқыр көктің көп қатпарын жайғызғын.

Тыңдайын мен – лайықсыз бір адам,

Тағдыр үнін құрметіне Тай қыздың13.

Жұтар еді жаным тәтті мәңгі сөл,

Еш жайым жоқ дос сыйынан кем дерге –

Алтын жиек гауһар-сыйдан әлгі сол

Кенет теңіз бере салған сендерге.

 

Рахат жоқ бұдан артық таңғалар!

(Қай жан, сірә, дәл осылай түлепті!) –

Сол ғажап сәт мәңгі солай жалғанар,

Мәңгі сөзбен табыстырар жүректі.

  

СОЛ ЖАС СЫЛҚЫМДАРДАН ТЕҢІЗ ҰЛУЫНЫҢ ҚАЙРАН ҚАЛАРЛЫҚ ҚАБЫРШАҒЫ МЕН ӨЛЕҢНІҢ ҚОЛЖАЗБАСЫН АЛҒАНДА

Таудың мұзы кристалдан таза ма,

Голконд-құнар мұны қалай сый етті?

Судың буы қалқығаны ғажап, ә,

Құйттай құстар өрнектеп жүр жиекті.

 

Алтын ыдыс түсті қалай қолыңа –

Буырқанған көк көбікке тоймай ма?

Өрмек құрып Армиданың жолына

Ринальдо14 оратылып ойнай ма?

 

Жер тарпи ма қызуқанды тұлпарың?

Қылышыңды мойындай ма алқабың?

Кернейіңмен қандай әуен шырқадың?

Ұстайсың ба Бритомартис15 қалқанын?

 

Ғажап гүлдің суреттерін сызған кім –

Көйлегіңе жабысып ап қалмайтын?

Сыйлығы ма қайырымды қыздардың,

Жоқ, алғыс па ханша саған арнайтын?

 

О, рыцарь! Тартар сыйым – көш-ағын,

Жастық шақтың базарын кім шектесін?

Күллі әлемді мен алдыңа тосамын,

Мен – әмірші, жазар сиям кеппесін!

 

Аңыздардың амалы жоқ жаңғырмас –

Бұғау қирап, көркем гүлдер бүр жарды.

Поэзия айдалада қалдырмас,

Әр көкірек мойындайды бұл заңды.

 

Әлде эльфтер тікті мөлдір жамылғы –

Оберонның қалқып алып зар-мұңын.

Титания16 кетті; қуды сағымды,

Оберон-мұң кезді маңай шалғынын.

 

Сым ішектер әсем әуен құйып тұр,

Тынып қалды төңірек-маң леп келмей.

Періштелер тыңдай қалды ұйып бір,

Мөлдір шықтар кенет күйіп кеткендей.

 

Шымылдық-нұр толып толқын-лүпілге,

Әсем әлем әуендерге балқиды.

Сезім-жүрек бағынбайды үкімге,

Оберонның даусы мәңгі шалқиды.

 

Жарық рух ұсынады сый түрлі,

Басты гүлге тәжім етіп тұрамын.

Оянады ертегілер сиқырлы,

Жаңғырықтар тосып тұрар құлағын.

 

Қош бол, Эрик!17 Тартар сыйым – көш-ағын,

Жастық шақтың базарын кім шектесін!?

Күллі әлемді мен алдыңа тосамын,

Мен – әмірші, жазар сиям кеппесін!

 

ЭММАҒА18

О, тыңдап көр, – Флора терең күрсінді,

Раушан гүлдер көзін ашты, нұр сіңді.

Қандай таза демі кешкі шақтардың,

Алаулады сан бояумен батқан күн.

 

Лап берейік сол оңаша баяғы

Масаң кештің тоғайына саялы.

Пері қыздың әні тербеп ауаны,

Көкжиекке нұр-шұғыла жауады.

 

Кезің келсе маужырауға тақаған,

Көтеріп ап шөп-төсекке апарам.

Отырамын, махаббат-шөл қанбайды,

Жан-көкірек ыстық лебіз арнайды.

Сыбыр-үн де тым құмығып естілер –

Ойнап бейне түртіп тұрған кешкі жел.

Оянасың құшағымда қиялмен,

Ырзаласып мендік сертпен – сый-әнмен.

 

Айрылмаған мақұл осы шаттықтан,

Ақымақ қой ләззатты жат тұтқан.

Сыйла жұмсақ саусағыңды, күлкіңді,

Жұбатайын жүректегі бүлкілді.

 

ӘН

«Юлия – шымшыққа» әуені

Келе ғой, құсым, сүйрігім,

От-көзің лаулап тұр, шыным.

Неткен пәрменді құйрығың,

Самғауға лайық тұмсығың.

 

Келе ғой, айтам бүгін мен:

Ұшқаның – өнер-ғажабың.

Мұқалмас қауырсыныңмен

Мен ойларымды жазамын.

 

Түн сыйлап шықты-жақұтты,

Нұр шашса көкке шыққан Күн,

Әуелеттің ән; бақытты –

Жәбірден ылғи құтқардың.

 

Түндерде көзің жанады,

Түйрейді сорды не күшті.

Құбылтып әнің даланы

Жетелеп келер жеңісті.

 

Тиіссе дауыл ұяға,

Жыласа жүрек түңіле,

Шақырар даусың қияға,

Оралар шаттық үніңе.

 

Әуендер сертке ұласар,

Шақырар шаттық қасына.

Күлкілер қайта гүл ашар,

Тыйылар көздің жасы да.

  

АХ, КЕЛІНШЕК! ҚАРАҒАНДА МЕН САҒАН…

І

Ах, келіншек! Қарай қалсам болғаны

Кейде менмен, кейде албырт жүзіңе,

Не кейпіңе үн қатардай үзіле,

Маған ылғи ынтық сәуле жолдады;

 

Зәру сезім – сүйген жүрек толғамы,

Діл ермейді керең тіннің ізіне,

Келбетіңе қараймын мен сүзіле,

Жарқын, нәзік ғажап әлем орнады;

 

Сүйе де біл, сүйікті бол әрі ізгі,

Көрсін аспан мендік шайқас не екенін:

Маңдайыммен бұзам бөгет-аңызды,

 

Калидордай қайратты боп кетемін,

Қызыл Крест Рыцары19 тәрізді

Сүйе берем, Жеңіске де жетемін.

ІІ

Шашың – орман, көкшіл моншақ – жанарың,

Мойның – фарфор, қолың қандай жылы еді,

Ақыл-есім қайтадан бір түледі,

Жап-жас түрмен нәзіктене қарадың.

 

О, зеңгір көк! Қалай үнсіз қаламын?

Сағынышым тасып толды, күледі,

Көңіліме екі-үш жол жыр түнеді,

Кейін соны тарту ету – талабым.

 

Жамалыңа мен ешқашан тоймадым,

Күлкіңдегі шаттық қашан таусылды,

Гүлденеді қасиетті той-бағым,

 

Сірә, мені қашан үрей қаусырды,

Саған қарай жүгіреді ойларым,

Қандай ғажап – қағып алдым даусыңды.

ІІІ

 Сол тәттінің дәмін, о, кім ұмытпақ?

Кім ұмытпақ нұр бейнені тұрған нық?

Құдайым-ау, тыпырлайды құрбандық,

Ер жігіттен қорған сұрар тұнық бақ.

 

Құрбандықты жасырып қой құлыптап,

Ұрламақ боп оңбағандар жүр барлық,

Қорған-үйдің кірпішіне мың қарғып,

Зар жылатпақ құпиялап құрықтап.

 

Аяулы жан назар тігіп қарады,

Әр саусағы жылу себер шырайлы,

Терезені түртіп жұлдыз жанады,

 

Балқып тұрам, маған сонша ұнайды,

Су бетінде гүлдер жүзіп барады,

Бір тінін тарт – мынау әлем құлайды.

 

* * *

О, Жалғыздық, жаным саған жақын-ақ,

Тар көшеде сығылыспай, бірақ тым,

Төбесінен обсерватор-тұрақтың

Төңіректі қарайықшы бақылап.

 

Тынық толқын, гүл жайнаған атырап

Тербеледі шалғын болып құлап мың –

Мен иесі болсам шатыр-құрақтың.

Секіргенде тентек бұғы-ақымақ –

 

Бал аралар гуілдеп кеп қашады,

Болдым мен де түкпірдегі орманда,

Қисыны жоқ көп ойлардың шашағы –

 

Еш кінәсіз ақыл төрін басады.

Тәтті қиял жүзіп жүрер сол маңда

Ұғысқандар екеуара болғанда.

  

ДЖОРДЖ ФЕЛЬТОН МЭТЬЮГЕ20 АРНАУ

 Өлең – мәңгі ғажап күннің нәр-тіні,

Одан ғажап – дос болу жыр арқылы.

Мэтью дос, көзім қашан көріпті –

Мұндай жазмыш, мұндай шақты көрікті,

Олжамызды ұмытқан жоқ бар ғалам –

Музамыздың мерейіне арнаған,

Қосылсақ біз – жан достар мен ақындар –

Жылу берер оттарымыз лапылдар.

Сүйген жүрек сезінеді бақ-құтты –

Асқақтықты, ұлылықты, пәктікті.

 

Жыр-әлемді кезу үшін төзіммен,

Шіркін, ылғи бірге жүрсем өзіңмен,

Һәм шаттансам, гимн-әнге қосылсам,

Сицилия теңізінде жосылсам,

Жүзіп жүрсем жүйрік, жеңіл қайықпен,

Нұр құйылса құшақтарын жайып кең –

Жоқ өйтпейді. «Лидий-жұрт әуені»21

Өгей маған. Тау-шыңым жоқ мәуелі,

Көк аспанға көп қараймын алаңдай –

Таң алдында Фебті көрмей қалардай,

Аврора табылмай таң-шоғырдан,

Наяданы іздеп жүрсем шомылған,

Періштелер ай сәулесін жамылып,

Көп суреттер өтіп жатар ағылып:

Мөлдір шықты – тербеген гүл шашағы –

Перизаттар өкшесімен басады,

Сосын дереу оралады үйіне,

Көз қандырып эльфтердің биіне,

Осылайша жарқын мейрам тарқаған,

Аттап өтіп түнгі Жеңіс-Аркадан.

 

Музаға жат әбігері қаланың,

Іздеп, мейлі, минут сайын барамын,

Ол қашқақтар, жетелемес жұмаққа,

Ықылассыз – у-шуы көп тұраққа.

Мейірімді қыз – шын арманым бұл менің,

Қандай әсем ылғи бірге жүргенім.

Мазаламай аулақ жүрсе көпшілік,

Жайнап тұрса алуан гүл, көк шыбық,

Ойға батқан ежелден бар емендер –

Ескі күндер еске түссе, елеңдер;

Шілік тоғай жинап түгел жасағын

Суға малып тұрар алтын шашағын,

Ол өзенге иіліп кеп төнеді,

Бұтағына аппақ гүлдер өреді;

Қалың орман тыңдап сыңғыр әуенді

Көрсетеді бұлбұлдарды тәуелді;

Діңді қорғап ылғи бұтақ жабынды,

Мен гүлдерден тоқып алам жамылғы;

Бал аралар бәйшешекке қонады,

Жаз бойына әбден ырза болады.

Масаймаса кім бұл шаттық сәніне –

Дертті шығар жүрегі де, тәні де.

 

Мэтью, маған көрсетші бір қайтадан –

Кезің болса сондай маңды байқаған.

Ару қызбен сыр шертісіп отырып,

Чаттертонның өлеңдерін оқылық.

(Рух жебеп Шекспир-жыр желпіген

Ол табысты өзге ғалам сертімен).

Ежіктейік, шығарады кім естен –

Дәурендерді бұраң жолмен күрескен.

Мильтон-зағип түсті-дағы ойыңа,

Шымырқанған қан құйылды бойыңа,

Ол бір кезде шырмағанда тор-ғалам

Адамдарды қасіреттен қорғаған,

Естеліктер сыйлай қалса нұр-нәрін,

Ұмытпайық азаттықтар құрбанын:

Альфред,22 Телль.23 Келер бәрін танытқым –

Уоллес ұл24 – хас батыры халықтың.

Солтүстікке қарап сонау мұнар-мұз,

Біз, Мэтью, көп өкситін шығармыз.

 

Қыздар, сенсіз, менің жырым – бос еңбек,

Сараң муза – аялдамай көшер леп.

Бірақ, Фельтон, жақынсың сен жүрекке –

Муза дайын нұр төгуге түнекке.

Сен зеңгір көк аялаған гүл едің,

Сыр-әуенді жұтып жүріп түледің,

Таң шапағын қарсы алғанда, жер, міне,

Еш күнәсіз Диана қыз келді де,

Шырақ жағып, жаңа сәуле түсірді,

Ал шырақты саған сыйға ұсынды,

Сорып алып ең құнарлы сөліңді,

Тас бұлаққа бағыттады жолыңды.

Айтпадың сен, Феб бұйырып, жырақта –

Алтын балық болғаныңды, бірақ та.

Айтылмады – құпия ғып сақтадың –

Аққу болып қалай қанат қаққаның,

Айтпай қойдың қай өзенге тарандың,

Адам болып қалай қайта жаралдың?

Қалай сонда ой-орманың дүрлікпей,

Қабылдадың бәрін таныс тірліктей,

Айнымадың қалай достық жолынан –

Һәм дәм таттың Наяданың25 қолынан?

 

К-ге

 Көркем жігіт болсам, үнім қиылып,

Анық еді жаңғырық боп кірерім,

Тыңдар еді сөздерімді жүрегің,

Жалпы қауым мақтар еді жиылып.

 

Рыцарь боп шыққаным жоқ шүйіліп,

Қару-жарақ болған да жоқ тірегім,

Малшы жігіт болмадым һәм, тілегін

Айтатұғын төлші қызға иіліп.

 

Бірақ ылғи қайталаймын: «Тәттісің,

Бақшаңдағы бал-айдында жүземін,

Масайтасың, шақырасың ұйқымды!»

 

Тәтті лепті талмар тілім – бақ құсым,

Ай астында алқызыл гүл үземін,

Сол Ай маған қуат берер сиқырлы.

  

ҚЫЗ, КЕСЕ ЖӘНЕ ТЕМЕКІНІҢ ИІСІ

Қыз ертіп кел сүйсінетін тәмам ел,

Келіп тұрсын кесе толы шарап-ер,

Иіскейін темекіні ала кел.

Түгел әкел қажетімді талайғы.

Бәлкім, сонда айтармын мен: «Жарайды».

Жоқ, үндемен – үй күзетер ойларым –

Әкелгенше Құтқарушым той дәмін.

Жайланар ем, кірер еді берекем,

Келсең солай, аңсап күткен Мерекем!

 

* * *

Қала – қапас, қара шапан жаяды,

Қандай бақыт – тымық сәуле шашқанда

Қарап тұру төбеңдегі аспанға

Үнсіз тыңдап дұға-жырды аялы.

 

Қандай бақыт баққа кіру саялы

Шалғын кешіп; аңызақтан қашқанда;

Көз жүгірту әсем, жарқын дастанға

Махаббатты әспеттеген баяғы.

 

Сосын жігіт өз үйіне оралып,

Бұлбұл үнін естіп жолай орманнан,

Бұлтты көріп зеңгір көктен торланған,

 

Мұңаяды қуанышы тоналып,

Бір күн өтті мүжілген һәм толғанған,

Періште-нұр бара жатыр жоғалып. 

 

* * *

 Маған жаздың талмау шағы ұнайды,

Алтын жаңбыр төгер батыс нұрланып,

Жел-биліктен қашып шығып ұрланып –

Ақша бұлттар ұя-пана сұрайды.

 

Жан-дүнием жатырқап кеп жылайды –

Бос әурені жүрген мына бұлданып.

Таса керек бармайтұғын бұл халық,

Тәтті шақты аңсап жүрек мұңайды.

 

Оқып, сосын ойға тоқып түгесем –

Сидни26 мен Мильтондардың27 өлеңін,

Рухтарды әспеттеймін мәуелі;

 

Поэзия қанатына ілесем,

Көз жасымды жасырмастан төгемін,

Сызылғанда сағыныштың әуені.

 

МАҒАН РАУШАНГҮЛ ЖОЛДАҒАН ДОСЫМА

Құстар кенет шуылдады – мен келем –

Бастап кетті дабыр-дұбыр базарын,

Таңғы күзет аударды да назарын,

Жарқылдатты қылыштарын сермеген.

 

Төкті дала қуанышын кернеген,

Төңіректі әлдиледі ғажап үн,

Мадақтады гүл-сіңлінің ажарын,

Ту секілді Титания тербеген.

 

Тояттады жаным – тәбет орманым,

Тамырымда жұпар ауа тулады,

Шаттандым мен – раушангүл жолдадың,

 

Құшты мені бақыт-жырдың шумағы,

Тыңдай бердім мен гүлдердің толғамын,

Қамсыз бақыт, мәңгі достық туралы.

 

ІНІМ ДЖОРДЖҒА

Бағзыдан көп мынау жердің ғажабы:

Құстай қалқып Күннің нұры түседі,

Жапырақтан мөлдір тамшы ішеді,

Көк аспанның басталады базары.

 

Мұхит-әлем көк мақпалын жазады:

Кеме, жартас, үрей, сансыз құс елі;

Жұмбақ бұйрық бәрін өлшеп пішеді,

Бізге қалар бар шаттығы, азабы.

 

Джордж, міне, қалам алдым, таңғалам –

Көкжиекті бақылайды Диана,

Қорқатындай дөңбекшіген арнадан,

 

Түнгі ойлары қонбайтындай қияға.

Не, тәйірі, жүрген ойлар басыңда,

Аспан, теңіз ғажаптары қасында?!

 

ІНІМ ДЖОРДЖҒА АРНАУ

Мен талай күн азап шектім, жабықтым.

Талай рет құса болдым, зарықтым.

Миымды да мылқау етті жұтпа күн,

Зеңгір көктің мінәжатын ұқпадым.

Шалғайдағы тұмандарға қарағам –

Найзағайлар жарқ-жұрқ етіп тараған.

Жерді кездім, түрлі шөптер тұтындым,

Кемел ойлар келетіндей күтіндім;

Бірақ нұрын төккен кезде мәуе-күн,

Естімедім Аполлонның әуенін,

Көрдім және күйге түстім өкпелі:

Күңгірттенді алтын лира көктегі;

Құр іс болды бал араға барғаным,

Ауыл әнін еш үйрене алмадым.

Жол таппады әйелдердің жоспары,

От жанарлар маған ұшқын қоспады.

Жазылмады ең үмітті еңбектер:

Не дүр ерлер, не әдемі келбеттер.

 

Кімдер егер жек көрмесе жүлдені

Тайғақтайды тіршіліктен күрделі.

Ұнатса тек жырды ғана дауалы,

Қабылдамас жерді, суды, ауаны.

(Либертас28 Спенсерден мұны естіп,

Айтып еді, біз де соған ілестік).

Ақын егер шықса тылсым белеске,

Мына бұлттар жас сарбаздар емес пе?

Жарқылдатып ақбоз ат пен кернейді,

Бір-біріне жалған қылыш сермейді.

Оқ-жебелер әрлі-берлі ызғыды,

Найзағайға теңеп жүрміз біз мұны.

Ақын ғана ұғып сырын мұндайдың

Естіп тұрар даусын күзет-сырнайдың.

Шалқасынан ашылып кеп қақпалар,

Кез келгенде атты әскерлер аттанар,

Көреді тек Ақын ғана шабытты:

Ойын-тойды сол үйдегі даңқты,

Періштенің түсіне де енбеген –

Аруларды ғажап бимен тербеген,

Жарқылдайды құмыра да, шарап та,

Тауыспассың қараңғыға қамап та,

Ұшып жүрер сәулелерді тұрғызбай,

Көктен аққан жолақ ізді жұлдыздай.

Гүл жайнап тұр саябақта базарлы –

Жұлу қайда пенделерге ажалды.

Тек Аполлон қауіптеніп жақындар:

Раушанмен дауласады ақындар.

Субұрқақтар биік көкке бойлайды,

Ал тамшылар сүйіседі, ойнайды,

Көпіршік-көл құбылды да лепірді,

Ұшқыр қанат дельфин-балық секілді,

Кететіндей су астына мөлдіреп,

Қанаттарын жарқ еткізіп соңғы рет.

 

Зор әсермен бұларға тек алаңдар –

Қиялдары қанаттанғыш адамдар.

Сол емес пе қағып ылғи таңдайын,

Самал желге тосқан ыстық маңдайын?

Сол емес пе талантымен қауқарлы

Жұтып алар жарық жұлдыз-жауһарды?

Сол емес пе көріп Айдың пәк күйін

Киіп алар ақша бұлттай ақ киім –

Кезіп жүрер түнгі көкті сиқырлы,

Ертіп алып монах қызды сүйкімді?

Ояу оның әркез көзі-жүрегі,

Әрбір түннің құпиясын біледі.

Бір күндері мен де көрсем, үңілсем,

Әңгімеме таңғаларсың, інім, сен.

 

Ақын, мейлі, кедей болып жүр тағы,

Үш еселеп қайтарады ұрпағы.

Ақын әзір қанағатты қармады,

Не болмақшы ең ақырғы арманы?

«Өлгеннен соң денем іріп тозады,

Ал рухым асқарлардан озады,

Ұғар әлем мен бітірген жұмысты,

Патриоттар алар қолға қылышты.

Жырларымның күмбірлеген қаһары

Сенаттарды шошындырып жатады,

Абыздардың түзуленіп ошағы,

Идеямды сөздеріне қосады,

Лапылдайды өлеңдерім дарынды,

Көктен түсіп, үрлеймін мен жалынды.

Өлеңдерім нағыз сәтті, зиялы

Арулардың некелерін қияды.

Бірде, таңда, мәлім емес қанша адам –

Селолықтар билеп әбден шаршаған

Жиналады (алыс кетіп ән-сағым)

Қасына кеп жергілікті ханшаның.

Ақ, көк, қызыл… гүлдер неткен көп еді,

Таңғажайып гүлалқалар өреді,

Ақ гүл, сосын қызыл гүл кеп орнайды,

Ғашықтарға бас тартуға болмайды.

Көк өскіндер әрлі-берлі ұшады,

Ал қалыңдық гүлге толып құшағы

Жыр оқиды арық томды қолға алып,

Көкірегін шаттық кернеп, толғанып,

Селолықтар қуып мұң мен қапаны,

Риза боп қошеметтеп жатады.

Өлең – үміт, үрей, бәлкім, мұң-алаң,

Жас кезімде мені талай сынаған.

Ол – інжу тас, жарқ-жұрқ етіп қалады,

Құбылады, өртенеді, жанады.

Сәбилерге бесік жырын апарам,

Балаларды әлдилесін сапар-ән!

Шалғын кешіп, қыраттарды кеземін,

Бұлардың да өзгерерін сеземін.

Тау шыңында басқан ізім қалады,

Қызықтаймын ұлан-ғайыр даланы.

Ғажап әлем, шоқ боп жанып жүрегім,

Ұл-қызыңды жылындырып жүремін».

Жүрсем егер, жан бауырым, ізгі інім,

Бойымдағы асқақтықтың тізгінін

Тартып ұстап, тоқ тірлікті мақұлдап,

Адамдармен сырласар ем жақындап.

Бөтен ойлар – азап, атын ерттеген,

Менің жаным көркейеді дертпенен,

Бақыттымын, осы – мендік қазына,

Сезімдерім айтпас ешбір базына.

Жұрт білмейді жырларымды толғаған,

Сен білесің, жеткілікті – сол маған.

Жуықта мен шалғын белді шарладым,

Ең сүйікті кәсібімді жалғадым:

Хат жазғанмын, кенет көңіл қызынды,

Самал желге тостым сосын жүзімді.

Енді, міне, құзға шығар күн келді,

Таптап кеттім абайсызда гүлдерді,

Секілдендім мұхиттан да зор дарын,

Жарық әлем лақтырды шөп-торларын.

Сол жағыма сұлы дәні көшіпті,

Ортасына алқызыл гүл өсіпті.

Бұл қызыл түс қанаттарын жаяды,

Еске салды мундирлерді баяғы.

Оң жағымда – мұхит, тасып, толқыған,

Жасыл, қызыл түрге кірген зор тұман.

Әне, қайық құстай қалқып барады,

Көбіктерді қақ айырып жарады.

Торғай отыр ұясына байланып,

Шағала жүр көк айдынды айналып,

Анда-санда су бетіне қонады,

Толқын, бірақ лақтырады жоғары.

Ал батыс жақ құшақтасып іңірмен,

Ескертеді қоштасуды ініммен.

Екінші рет қайталауды сұраман,

Сау болып тұр! Көріскенше дін аман!

 

ЧАПМЕННІҢ29 «ГОМЕРІН» БІРІНШІ РЕТ ОҚЫП ШЫҚҚАННАН КЕЙІН

 Бойлап батыс аралдарды құм кешкем,

Шабыттарым мың адасты, тоғысты,

Көрдім және алтын аймақ қонысты,

Аполлонның жыршылары күн кешкен.

 

Ісім еді шықпай жүрген күнде естен –

Барып көру жұмбақ Гомер-өрісті,

Чапмен маған көмектесті, болысты,

Жүргем қалай бұл әлемді білместен.

 

Бақыттымын. Жұлдызшыдай шаттанам,

Қармағандай сәулелердің барлығын

Бұған дейін талай іздеп таппаған.

 

Кортес,30 бәлкім, төккен шығар нәр-нұрын,

Көк айдынның үстіндегі қаптаған

Шың-құздарын көрген кезде Андының.

  

МАҒАН ЛАВР ШОҒЫРЫН ЖОЛДАҒАН ЖАС СЫЛҚЫМҒА

 Оянған күн сергектенді, бұлқынды,

Қорқыныш та, сұрқай ой да жоғалды.

Жаным таза, жарық сәуле оралды,

Солғын бейнем лаврмен құлпырды.

 

Куәм – жұлдыз! Орындалса тілектер,

Күнмен бірге қарап тұрса құмарта,

Жапырақтан жасап берген гүлалқа –

Нәзік қолдар, шын тілектес жүректер!

 

«Таста», «лақтыр» – кім бұлай деп тасынды,

Мақсатымның шаршысын шарт түйемін,

Қай заманда кімдер мені басынды?

 

Өзіме мен өзім ғана иемін.

Тізе бүгіп, кішірейтем басымды,

Жомарт қолдың саусақтарын сүйемін.

 

ДОСТАРЫМДЫ ЕРТЕРЕК ТАСТАП БАРА ЖАТҚАНЫМДА

Ұсын маған ақ қағаз бен қаламды,

Періштедей ақ парақ бер нұр тұнар,

Жұлдыз-сәуле келсін көкке ұмтылар,

Пәк әлемге аттандырам санамды.

 

Думанымыз жан-жағына қаранды,

Арба зулап, жұлқынады жылқылар,

Алтын қанат, інжу тас тәж құлпырар,

Мың сан көзден алуан жарық таралды.

 

Зерделерді ғажап әуен тербеді!

Өлеңдерім, айнал сұлу дастанға,

Үнсіз қалсын, мейлі, думан жердегі.

 

Рух-үнім үзер енді кермені,

Өлеңдерім тірек болсын аспанға,

Жанданбасын жалғыз тамшы кермегі!

 

* * *

 Суық боран сай-саланы аралап,

Баурайдағы бұтақтарды жұлады;

Ал құс жолы көбейген соң сұрағы

Менің жүрер соқпағыма қарамақ.

 

Мейлі, бұл жел қуат қоссын шамалап,

Көк адырдың шулар кепкен құрағы,

Тоңған жұлдыз дір-дір қағып тұрады,

Жетер жерім тым алыстап барады-ақ.

 

Біздің тірлік той таппасын біліп ем,

Сезіп едім шаттық жыры жаумасын:

Мильтон ақын айтар емес дауға сын,

 

Мұң еседі Ликид-жыр31 үнінен,

Петрарка ертіп кепті Лаурасын –

Жан ұстамас жасыл жасау-гүлімен.

 

ІНІЛЕРІМЕ

 Билеп жатыр от-көмірдің жалыны

Шытыр ұшқын бері ұшып не әрі ұшып,

Үй жындары жүргендей-ақ табысып,

Бірлеседі бауырлардың жан-үні.

 

Отқа үңілдім, ұйқас келді, таныды,

Көз тесілер кітаптарға жабысып,

Данышпандық толғамдармен танысып,

Жанарларды аймалайды жарығы.

 

Туған күнің бүгін, міне, Том, сенің, –

Ұшар тірлік қанаттарын жайып кең,

Әлі қанша қысқартамыз жол шегін.

 

Бармақшымыз қайда өмір-қайықпен –

Ұлы Дауыс ұсынғанша өлшемін,

Кезіккенше келе жатқан ғайыппен.

 

ҰЙҚЫ МЕН ПОЭЗИЯ

Бұл неткен түн жиырмайтын аумағын:

Мен сәкімде қалғи алмай аунадым,

Неге бұлай – ештеңе де ұқпадым,

Ешқандай да мұң-уайым жұтпадым,

Шалдыққам жоқ ешқандай да сырқатқа…

Д.Чосер32

 Ауасынан нәзік жазғы даланың,

Бірқалыпты ызылынан араның –

Бал жинаған бұтақтарды аралап, –

Әлдеқайда сабырлы әуен тарады-ақ,

Көркемдігі раушаннан асып тұр –

Ну жынысқа кіріп кеткен қашып бір,

Салтанаты асқақ жасыл орманнан,

Үні нәрлі бұлбұл-әннен толғанған,

Корделийден жіті көрер көз берген,

Асып түсер ескі қиял сөздерден, –

Шіркін, Ұйқы! Бесігісің кірпіктің,

Досың – үміт, түнгі үрейді үркіттің!

Шын жүректен махаббатпен тербеткен,

Аймалаған ең аяулы дем-леппен

Саған еніп уыз болып тұнамыз,

Гүл мен талдың құмарпазы – мына біз.

Ұйқыдағы арулардың бұрымын

Таң сәулемен оятады нұр-үнің,

Хор әуені шын қосшылық түрге еніп,

Кірпіктерді жұбатады Күн келіп!

Сенен артық кім лайық жеңіске?

Сенен тәтті жоқ сусын да, жеміс те,

Мықты бар ма құз ағыстан-ұраннан,

Аққу әннен, темір тұяқ қыраннан?

Қалтыратар жарқ еткізіп үкімін,

Тынып қалар мезі қылған мұқым үн,

Әндей бейне найзағайдан жаралған,

Не сілкініс гуіліндей таралған,

Әлде нәзік жұпар сеуіп қысылар,

Ең бір тәтті естеліктер ұсынар.

Түсінбейміз қайдан келген бақ-көрік –

Дір етеміз ғажайыпқа тап болып.

Сан өзгертер ауадағы орынын

Періштелер қалықтатып хор үнін.

Лавр бұтақ желбірейді әрдайым,

Өлмес даңқтың жарқыратып маңдайын.

Мақтан дауыс қанат қағар жаңғыра,

Қону үшін тәж-тақтың кеп алдына,

Мадақтайды асқақ үнмен Құдайды,

Сосын шаттық құшағына құлайды.

 

Ал кімдерді күннің нұры жылытты,

Кім қарсы алды қорқып дауыл-бүлікті,

Кім байқады жүрек жиі ұрғанын

Сезіп Тәңір дәл қасында тұрғанын –

Маған еріп қуанышқа кенелді,

Таныс жайды баяндаймын мен енді.

 

Поэзия! Жырлаймын тек сені мен!

Шақырулар келмес аспан елінен,

Одан гөрі тізе бүгіп ақ таңда –

Таудан қоныс тапқан тізбек шатқалға,

Арнап саған мендік дұға-дәлелді,

Күткенім жөн сен жіберер сәлемді.

Поэзия! Тек өзіңсің ынтығым!

Аспаныңды армандайды мың түнім.

Аш пердеңді, менің дұға тілегім

Жетсін саған! Кеуде жарып жүрегім

Салсын, мейлі, қуанышқа бұғалық,

Мейлі, өлейін, – ұранымды құп алып

Балғын рух – неткен ғажап таң мына! –

Құрбандық боп барсын Фебтің алдына,

Сосын жаным даурығудан құтылсын,

Қуаныштың таза демін тұтынсын,

Келбетіңнен көзін бұрып қайғы-мұң,

Наяданың ұсынасың айдынын –

Ормандағы өзендердің құшағын,

Құмығып тек естілетін құс әнін –

Оятпайтын ұйқыдағы аруды,

Жүрек сонда жұтып сезім-дәруді,

Еріктен тыс өлең болып туады,

Таңғаламыз: бұл қай жақтың шуағы?

Каминдегі жалын лаулап билейді,

Қиялдарым ғажап елге сүйрейді,

Меандрдың33 айдынында жүземін,

Тау асамын, алқап гүлін үземін,

Аралаймын жұмбағы көп үңгірді,

Тыңдаймын да сылқым өзен-сыңғырды,

Жан дүнием ұйып тұрып қаламын,

Өлеңіме ұйқас етіп аламын,

Таңдап алам қасиетті нәр-нұрын

Адамдардың ұғынатын жан-ділін.

Ал әйтпесе бейбіт ғұмыр – тоятым:

Текетірес тіршілікті жоятын.

Асқақ рух қанат бітіп, жаңғырып,

Көкті жарып ұшып жүрсін мәңгілік.

 

Тоқта, ойлан! Өмір – мезет төлемі,

Бір жарқ етіп жанады да сөнеді,

Ұйқы деген – сорлы үндістің қайығы,

Иірімге батырады айыбы,

Қас қағым сәт ұстатпайды, қашады,

Өмір – гүлдің тез солатын шашағы;

Жұмбақ кітап, мың оқыдың байқап-ақ –

Тың әңгіме парақтасаң қайталап;

Ашылуға әзір тұрған перделер;

Тентек бала қайғысы жоқ зерделер –

Жыл бойына түрлі ойынды тауысып,

Бұтақтардан бұтақтарға ауысып,

Секіретін, құлдырайтын құйынша…

 

О, маған да, шіркін, он жас бұйырса,

Поэзия, болып сендей талапты,

Бірге игерсем жүрек ұғар сабақты,

Татып нәрін бұлағыңның талайғы,

Кезіп жүрсем әлеміңді арайлы.

Ал бастадым келген кезде жайнап таң

Флора мен Пан басқарған аймақтан,

Қой ірімшік, жеміс тұрды алдымда,

Сосын аздап қалғып жаттым шалғында,

Сирек талдың көлеңкесі бұйырып,

Нәзік нимфа қаһар төкпей, қиылып,

Сүйіспендік сезім сыйлап жан ғашық,

Біздің мәңгі махаббаттар жалғасып,

Бұрынғыша сыр айтысып, сөз дарып,

Күйбең тірлік хикаясын қозғадық.

Көк қанатпен желпіп өтті өзенің

Маңдайымды, өрекпіді өзегім,

Ал қасымда билеп жүрді тал, ағаш,

Көктем келді, көк нұр келді тарамас,

Төсек-шалғын жасыл от боп лаулады,

Асыл лебіз мені қайта баурады –

Лаврлар бадамгүлге бұғалық

Салған маңда біз де шаршап құладық,

Айқыш-ұйқыш араластық неше мың…

 

Мен басқаша қалай тірлік кешемін?

Иә! Сапарым – татар мұңым, күресім,

Адамзатқа тән тіршілік – үлесім.

Жұрт таңғалып, бұрып назар-күбірді,

Бұлт тербеткен көкжиекке үңілді.

Шабыс-қанат сән-арбаны тербеді,

Жал желпілдеп, тартып көшір делбені,

Батылданып, жауып үрей қақпасын,

Қыр беткейге бағыттады ат басын,

Қалың бұлттан шығып әбден шеткері,

Жерге қарай оқтай зулап беттеді.

Шатқалдарды жанай өтіп соңғы рет,

Емендердің шоғырына қонды кеп.

Сосын көшір құлақ тосты жүгіне

Алқаптар мен ағаштардың үніне,

Көз алдында елес болып тұр нұсқа:

Рахат та, зор қайғы да, қылмыс та.

Сыңғырлайды сезімдері елжіреп –

Бойжеткендер, бозбалалар ержүрек,

Мәз болады, ән салады, жылайды,

Қол сілтейді, әлде көмек сұрайды,

Зор қайғылы және сонша көңілді,

Әлдеқайдан жұмбақ әуен төгілді,

Қыз бұрымын тарқатады би қызып,

Аударылар, төңкерілер қилы жүк.

Мың сан бейне араласты, жұғысты,

Әркім жеке хикаяға кірісті.

Түсіп көшір арбасынан талайғы

Әрбірінің келбетіне қарайды,

Түсініксіз әңгімелер тыңдайды,

Мен баяндап отырмаймын мұндайды,

Бұрып кеттім назарымды өтпелі,

Тобыр-топтың көрсетері көп тегі!

Міне, жетті көп елестер. Қан-нұрын

Төгіп аспан алып кетті барлығын,

Бой көрсетті қолапайсыз нақтылық –

Лай судай Көзкөрмеске лақтырып

Рухымды. Мен, бірақ та құламан,

Күдік қашар, ес-түсіммен дін аман

Арба-нұрға көк аспанға самғаған

Жармасамын…

Және сосын таңғалам,

Бос елесті қалмақпын ба құшақтап,

Адам-тұқым кеткені ме ұсақтап?

Қайырымды үнің қайда, қиялым?

Сен едің ғой иесі дән-ұяның.

Білесің бе Зевске не жақпады –

Жүзін неге басқан әжім қатпары,

Айтушы ең ғой сөздеріңе сыр тұнып,

Қанаттарың қалғаны ма қырқылып?

Біздің жақ та арнап саған сый-тұрақ –

Жасап еді жарқыраған михраб,

Ал Музалар бізді сүйген шақтарда

Әуендері әлдилейтін ақ таңда,

Құшақтасып музыкамен ежелгі,

Аймалайтын келер-кетер кезеңді,

Жұмсап ылғи дүрсілдеген жүрегін

Бұл әлемнің сан сейілтті түнегін,

Биік таулар көкжиекте қалқыды,

Қыз-мейірімнің жан-үніне балқыды.

 

Өтті бәрі. Бұзып тәртіп қатарын,

Шақырдыңдар Аполлонның қаһарын,

Жабайылық ластап құдық-шегенді.

Көргенсіздік даналыққа теңелді,

Ойыншық ат құр тепсінді, бұлтарды,

Ұмыттыңдар Пегас пырақ-тұлпарды.

Көргендерің – ұсақ тірлік тар ғалам,

Дауыл соғып, асып мұхит арнадан

Дөңбекши ме? Өңмеңдей ме жағаға –

Сезбейсіңдер. Гүл тіріліп далада,

Жапырақтар мөлдір тамшы өпкенін –

Көрмейсіңдер. Қалықтап кеп көктем-үн

Барлық әлем кеткен кезде құлпырып,

Көзді жұмып, еріндерді жымқырып,

Ежіктеумен ережені құр сүлдер,

Есектерге мектеп ашып жүрсіңдер!

Шәкірттерің өнеге қып қалдырмақ

Өлеңдерін қуыс қурай даңғырлақ.

Иаков әке айтып кеткен бұларды –

Саны көп-ақ, сапасы жоқ құнарлы.

Өлермендер талант болып кеңеспек,

Бубен шіркін Лирамен теңеспек.

О, ұждансыз ұрпақ! Ал Феб қашанғы –

Пайдаланбақ күпір ойды жасанды,

Буалоның34 өсиетін кембағал?

О, ұлылар, есімдерін ел бағар,

Биіктегі шың-құздарда шайқалған,

Қыр-қыратта, көк өрісте жайқалған

Рухтарың аман-сау жүр. Бірақ та

Есімдерің лақтырылған жыраққа.

Темза үстінен ұштыңдар ма мұңайып?

Қандай ән бар тобыр жұртқа лайық?

Қайтіп, сірә, жыламауға болады?

Лаврлар бұл жақта тек солады.

Бейнелерің келмес жаққа кетті ме?

Оралып кеп жалғыз дарын тек, міне,

Көп ақынның болып дара тармағы

Жас ғұмырын жалын жырға арнады,

Сосын мәңгі қабір құшты, үзілді…

Солай болды! Сұрқай заман сүзілді,

Енді, міне, басқа күндер келгендей,

Бізді кімдер қолдап еді сендердей –

Жібердіңдер қайырымды нұр-таңды,

Әрбір тұстан әндер қайта шырқалды,

Аққу, міне, елемей қыс, қарды да,

Айдын-мұздың көк әйнегін жарды да,

Алып шықты әсем әуен… Тұңғиық

Тұрды бізге сырлы әуенді нұр құйып,

Мөлдір әуен… Айтасыз ба ырзалық?

Жә, жарайды! Расында бүр жарып

Сыңғырлады нәзік дыбыс – ем-елес,

Шынын айтсақ, еш үлгіден кем емес,

Тақырыбы қисынсыздау, бірақ та,

Полифемдер жеткендей боп мұратқа

Сүйіп қалды… Поэзия, алайда,

Жарық сәуле – қирамайтын шарайна,

Қас-қабақпен билік құрып тұрады,

Жайқалады жасыл шөбі – құрағы,

Сәл қалғиды, ұйқы дәмін талмайды,

Патшалықты мейіріммен жалғайды.

Ал қара күш музаларға жұп емес –

Періштені адастырған түн-елес,

Сүйетіні – көне қорым-қауымдар,

Ақ кебіндер, мейірімсіз дауылдар,

Тағылыққа аса құмар, қатал-ақ.

Поэзия – жұбаныш пен махаббат,

Алып келіп қасиетті тілекті,

Қия-шыңға жетелейді жүректі.

Мен бәрібір бақыттымын, себебі –

Желмен ойнап желбіреген желегі

Гүл әлемі жетті бұрын болмаған,

Құстар келді бұл маңайға қонбаған,

Ән салады, қанаттарын сермейді,

Гүлшанақты тұмсығымен тербейді,

Қане, арам тұқымдарды жоялық,

Дің сау қалсын! Бір кездері оянып –

Біздер жақта; орман кезген бұғылар

Дәмді шөп жеп, көлеңкеге тығылар,

Жас ғашық кеп әлдекімді аңдыған,

Шәкірт келіп іші пысып қалғыған

Жүрген кезде, іргелерден саулап ән

Тап болады нәзіктікке баураған,

Жайылады жасыл шалғын көк қатпар,

Ирелеңдеп жетелейді соқпақтар,

О, тәтті үміт! – кең ашылып құшағы,

Асқар көкке елес тағы ұшады,

Сонда ақындар королі боп саналар –

Кімнің сөзі ем-шипаға бара-бар.

Мен осыны тірі кезде көрем бе?

 

Асыл достар әлде мені сөгер ме:

Кеуде керер, әр сөзіне зорлық тән,

Дүрелеуге лайық деп сондықтан?

Қайтем енді? Көз көрмеске қашам ба?

Жоқ! Храмның бөлмесінен қашанда

Поэзия, табам саған пананы,

Егер өлсем, жолдастарым қаралы

Жерлер мені кәрі терек түбіне,

Бейітіме қарар гүлдер үңіле,

Құлпытаста тұрған сөзді жарқырай,

Қалың шөптер басып тұрар жартылай,

Жоғал, Уайым! Сені ойым жоқ тұтынар,

Көнбістіктен тек сол ғана құтылар –

Өлермен боп кім марапат күтпесе,

Мейлі, маған зор пысықтық бітпесе,

Мейлі, көрмей күйбең істің күнгейін,

Жүректерде не жатқанын білмейін,

Мейлі, мені адастырсын көк тұман,

Жалынан да сипатпасын от-бұлаң,

Мейлі, жұмбақ қылмыстар да пенделік

Жақындатпай, жүрсем де мен сенделіп,

Маған ғажап сыйлық-тағдыр тартылар:

Тас түнекте ой-сәулелер жарқырар.

Ең аяулы еркіндігім – сол менің,

Сол сәулелер – поэзия-өрнегім.

Ол – жап-жарық, шапағындай таңдардың,

Күн мен түндей сырласады, аңғарғын,

Өткір шуақ, шалғын қырға төрлеген,

Бейне крест мұнараға өрлеген.

Мен – адал дос. Асқақ іс бар асыл қай –

Пікіріңді паш етуден жасырмай.

Есалаң боп әлдеқайда беттеймін,

Түпсіздіктер жібермей қап, жетпеймін,

Орта жолда талма түскі леп-тұрақ

Қанатымды күйдіреді… Тек, бірақ

Мақсатымды ұмытпаймын… Жарайды!

Ақыл-есім тынышталып қарайды.

Маған тағдыр мығым жоспар бекітті!

О, мұхиттар! Кең жайылып кетіпті,

Толған арал… Санауға дем жетер ме?..

Дайын емен көктей ұшып өтерге! –

Мүмкін емес!…

Орындалмас ол бір іс,

Қарапайым ойлар келсін, сол дұрыс,

Барлығы да енсін бағзы қалпына,

Жүрегім де күйді тастап шалқыма

Бағыт алсын тазалыққа байырғы,

Туыстыққа, тілектерге қайырлы,

Құпиясын әлдилеген көңілге.

Бір бақытты сонет келсін өмірге –

Өз еркімен жарқ-жұрқ етіп жұтынып.

Қандай бақыт: бос күйбеңнен құтылып

Ұйқастармен шарлап жүру ғаламды,

Ал ерінсең – тастай салу қаламды,

Көне кітап парақтарын аралап,

Көңіліңді тойындырса қанағат.

О, қолымнан сырғып түсті қаламым,

Өрекпісе жүрек жырсыз қаламын,

Кептер болып әуен ұшып-қонады,

Жад-жаныма өшкен сурет толады,

Әлдеқашан алған олар төлемін.

Мен басқаша көріністер көремін:

Салт аттылар, ал құйғыды еркіндеп,

Жел үрлеген бұйра шаштар желпілдеп,

Саусақ-уыс қайырғанға көнбейді,

Енді көкке басқа сурет төрлейді:

От-арбасы емін-еркін есіліп,

Қарағанда Вакх соншама тесіліп,

Ариадна қызарады ұялып…

Жел келеді маған шабыт-сый алып,

Зер-дәптерді ашамын да аңсаған

Сан үлгіге тап боламын, тамсанам:

Аққулар жүр қамыстарды бойлап кіл,

Бұтақтарда шымшық-әуен ойнап тұр,

Көбелектер қалықтап жүр шалқып-ақ,

Раушангүл қызғылт нұры жарқырап

Қауыздарын желбіретер пәк түрмен,

Жырларыма, о, қаншама таптым мен –

Суреттерді ең ғажайып, ең керім!

Ұмытпасын Ұйқы, міне, келгенін –

Тәжім етіп сәнді гүлтаж. Расым –

Мұндай іске жетпес менің құлашым.

Жақсы өлеңдер – солар берген қосындым,

Міне, даусы келіп жетті досымның –

Өрекпімей, еппен қалғып қанат-бақ.

Мен отырмын еш жалықпай парақтап –

Өткен күнді үйінде, беу, ақынның

Тербетеді жан-құпия, лапыл-мұң,

Бағзы ақындар көне заман ғұрпымен

Жұбатады адал мәрмәр күлкімен.

Қабылдайды сөнбес бақыт-жарықты –

Болашаққа тапсырғандар даңқты!

Фавн-шөптер кірпішіне жармасып –

Храмдардың қирап қалған шаң басып,

Көз қадайды ынтықтықпен сүзіліп,

Нимфаларға бара жатқан тізіліп.

Ең сұлу қыз көкке қолын бір бұлғап,

Көңілдене күледі кеп сыңғырлап,

Тәтті әуенді һәм аялап, һәм сүйіп,

Фавндар35 да тыңдап қалар қалшиып,

Қонды бұлтқа жылу төгіп арай-нәр,

Енді, міне, басқа сурет, қарай қал:

Шомылады Диана қыз – таң гүлі,

Өбектейді нимфалардың барлығы,

Ақ жамылғы өрнек-сәнін жасырып,

Жатыр ванна жиегіне асылып,

Ал су аздап төгіледі шайқалып,

Дәл осылай көк мұхиттар, айталық,

Тербейтін-ді кемелерді, (таныс па?),

Балдырлар да бағынатын ағысқа,

Басқалардың ырғағына қосылмай,

Су-патшалық құрған билік осындай.

 

Көз алмайды Сафо36 шалғай көгалдан,

Маңдайдағы кірбіңдері жоғалған,

Құтылыпты уайымдардан тайғанақ –

Әсем жүзін жарық күлкі аймалап.

 

Альфредтің тым түсіңкі қабағы –

Демін жұтқан жалғыздықтың жаралы.

Костюшко37 да жадырауды ұмытқан –

Үркіп қарап үлесіне құмыққан.

 

Петрарка тастап тірлік дауларын,

Өң-көркіне тесіледі Лаураның,

Бақыттылар! – Ұсынады шат тұрақ

Поэзия қанаттарын қаққылап.

Поэзия көрер тігіп назарын

Теңіздер мен алқаптардың ажарын –

Ордасының өзгермелі өлшемін.

Ал мен сезем құйттай ғана бөлшегін.

Бірақ менің көргенімді сәл мұндай

Қуып шықты Ұйқы тұқым қалдырмай.

Өңімдегім – осы айтқандар, желпіндім,

Ұйқысыз түн өте шықты – серпілдім,

Қабылдаған адамдаймын дұрыс ем,

Жаңа жырлар жазуға мен кірісем,

Жаздым, міне. Бұл перзентім – табыс шын,

Ұсынамын, жұрттың бәрі таныссын.

Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ

1 Бұл жол «Оссиан поэмаларынан» алынған болуы керек. Оссиан – аңыз бойынша ІІІ ғасырда Ирландияда өмір сүрген теңдессіз батыр әрі ақын.

2 Лапландтар – саам халқының ескірген атауы.

3 Арно – Флоренция қаласын жарып ағып жатқан өзен.

4 Тоскандық – Тоскана өңірінің (Италия) тұрғыны.

5 Ақын қайтыс болған нағашы әжесі мисс Алиса Дженнингске арнаған деп есептеледі.

6 Томас Чаттертон (1752-1770) – ағылшын ақыны, романтизмнің алғашқы көрнекті өкілдерінің бірі.

7 «О, қуғынның құрбаны!» – Чаттертон Лондонға келіп, жоқшылыққа шыдай алмай, оның үстіне сол кезгі солақай сыншылардың (әсіресе, ағылшын премьер-министрінің баласы, сэр Гораций Уолполдың (1717-1797) түрткісін көтере алмай, күшән ерітіндісін (мышяк) ішіп қайтыс болған.

 8 «Жоқшылық пен тауқыметтің ұрпағы» – Чаттертон ежелгі қабір қазушылар әулетіне жататын отбасынан шыққан.

9 Хант Ли Джеймс Генри (1784-1859) – белгілі ағылшын журналисі және ақын, «Экзаминер» апталығының баспагері. Ханзада-регент, болашақ король Георг ІV-ні баспасөз бетінде қатты сынағаны үшін екі жыл түрмеде отырған.

10 Шекспирдің Гамлетінің сөзімен (ІІ сахна, І көрініс) тікелей ұқсастық байқалады.

11 1660 жылы 29 мамырда Англияда монархия жаңғыртылып, таққа Стюарттар әулеті келді; бұл күн жыл сайын Англияда Құдайға құлшылық ету мерекесі болып қалыптасты. 1815 жылы бұл дата Людвик ХVІІІ Англиядан қашуға мәжбүр болған Наполеонның «жүз күніне» тап келді. Сэр Генри Вейн (1613-1662), лорд Уильям Рассел (1639-1683), Олджернон Сидни (1662-1683) – Карл ІІ-нің билігі кезінде жазықсыздан өлім жазасына душар болғандар.

12 Ай

13  Тай Мэри (1772-1810) – ирландиялық ақын қыз.

14 1660 жылы 29 мамырда Англияда монархия жаңғыртылып, таққа Стюарттар әулеті келді; бұл күн жыл сайын Англияда Құдайға құлшылық ету мерекесі болып қалыптасты. 1815 жылы бұл дата Людвик ХVІІІ Англиядан қашуға мәжбүр болған Наполеонның «жүз күніне» тап келді. Сэр Генри Вейн (1613-1662), лорд Уильям Рассел (1639-1683), Олджернон Сидни (1662-1683) – Карл ІІ-нің билігі кезінде жазықсыздан өлім жазасына душар болғандар.

15 Бритомартис – Эдмунд Спенсердің «Ханшайым перизаттарының» біреуінің есімі. Эдмунд Спенсер (1552-1599 жылдар шамасы) – ағылшынның ұлы ақыны.

16 Оберон, Титания – Шекспирдің «Жазғы түндегі ұйқы» шығармасының кейіпкерлері.

17 Эрик – ақын, сыншы Дж. Мэтьюдің жанама аты.

18 Китстің інісі Джордждың болашақ зайыбы Джорджиана Аугуста Уайлиге арналған.

19 Калидор, Қызыл Крест Рыцары – Эдмунд Спенсердің «Ханшайым перизаттарынан» алынған кейіпкерлер, ғашықтарына қолдары жетпеген мұңлықтар.

20 Дж. Ф.Мэтью (1795-?) – 1817 жылғы жинағы шыққанға дейін Китстің жақын досы болған. Осы жырдағы Бомонт, Флетчер секілді ортақол ақын, ортақол сыншы болған.

21 «Лидий-жұрт әуені» – ежелгі грек музыкасы.

 22 Альфред – Ұлы Альфред – англосакстер королі (841-900), Англия бостандығының символы.

23 Вильгельм Телль (ХІV ғасыр) – Швейцарияның ұлттық батыры.

24 Уильям Уоллес (1270-1305 жылдар шамасы) – Шотландияның ұлттық батыры.

25 ФЕБ, АВРОРА, ДИАНА, НАЯДА – МИФОЛОГИЯЛЫҚ БЕЙНЕЛЕР.

26 Филип Сидни (1554-1586) – ағылшын ақыны.

27 Джон Мильтон (1608-1674) – ағылшын поэзиясының классигі.

28 Либертас – Ли Хантты Китс осылай атаған.

29 Джордж Чапмен (1599?-1634) – ірі ақын және драматург, Гесоидті, Ювеналды, Петрарканы аударған. Сондай-ақ Гомерді тамаша ағылшын тілімен қайта жырлап шыққан автор.

30 Эрнан Кортес (1485-1547) – Тынық мұхитқа дейін жеткен адам, бірақ бірінші болып бара алмаған.

31 «Мұң еседі Ликид-жыр үнінен» – «Ликид» элегиясын ақын Джон Мильтон досы Эдвард Кингтің қайтыс болуына арнаған.

 32 Эпиграф ХІV ғасырдағы белгісіз автор жазған, ал ХІХ ғасырда Джеффери Чосерге (1340?-1400) телінген «Гүл мен жапырақ» поэмасынан алынған.

33 Меандр – Кіші Азиядағы өзен.

34 Никола Буало (1636-1711) – француз ақыны және сыншы, Китс «өсиеті» деп оның «Поэтикалық өнер» деп аталатын, өлеңмен жазылған трактатын айтып отыр.

35 Флора, Пан, Нимфа, Зевс, Полифем, Вакх, Ариадна, Фавн, Дриада – мифологиялық бейнелер.

36Сафо – Платон «оныншы муза» деп атаған ұлы ақын қыз (б.з.д. 612 – б.з.д. 572 жылдар).

37 Тадеуш Костюшко (1746-1817) – поляктың саяси-әскери қайраткері, Солтүстік Американың азаттығы үшін соғысқа қатысушы (1775-1783), 1794 жылғы поляк көтерілісінің көсемі, ұлттық қарулы күштердің қолбасшысы.

Пікір қалдыру

*