Әлем әдебиеті

ЕЛЕС ТАРИХЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Марк ТВЕН

 

ЕЛЕС ТАРИХЫ

 

Марк ТВЕН – атақты американ жазушысы, сатирик. Оның «Жерден хат», «Адамның күнделігі», «№44, құпия бейтаныс», «Үш мың жыл микробтар арасында» атты шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

 

* * *

Бродвеяның тура орталығындағы абажадай ескі үйден пәтер алдым. Мен қоныстанғанша оның үстіңгі қабаттары ұзақ жылдар бойы бос тұрған екен. Сондықтан да болар, өрмекшінің торы мен шаң, жалғыздық пен үнсіздіктің ордасына айналған. Алғашқы кеште баспалдақпен көтерілген сәтте мен өзімді әлденеден мәңгілік мекен мазарлардың арсында аруақтардың тыныштығын бұзып жүргендей сезіндім.

Сол сәт өмірімде алғаш рет көңіліме қорқыныш ұялады. Ал баспалдақтың қара көлеңке бұрышына бұрылған тұста көзге түсе қоймаған өрмекшінің жабысқақ торы бет-ауызымды шырмап алды. Мен әлдебір елеспен кездескендей секем алып, селт еттім.

Ал өзім тұратын тұраққа жататын тұста мен өзімді біртүрлі жеңіл сезіндім. Есікті кілтпен жауып, мазарлық мұнарадан тасаландық. Каминде от лаулап жанып жатты.

Сол сәт тыныштықты сезінген мен барлық жан-дүниеммен ерекше бір рахатқа бөлендім. Арада екі сағаттай уақыт өтті. Әлденеден менің есіме өткендерім орала бастады. Көз алдымда сол кезеңдердің суреті көлбеңдеп, өткен кезең тұманының арасынан жартылай естен шығып, ұмытыла бастаған бейнелердің бет әлпеттері елестеп, баяғыда өткен үндері, дауыстары, ара-тұра қазірде ешкім айтпайтын ән ырғағы естілді. Менің қысыр қиялым күңгірт тартып, тіпті тұмандана бастағандай еді. Сондықтан да болар, әйнек сыртында ұлыған, желдің үні жыр-жоқтаудай күңіренді. Ал әйнекті сабалай жауған жаңбыр біртүрлі ықылассыз, ұрлана тырсылдатып тұрғандай сезілді.

Көшедегі дыбыс бірте-бірте саябырсып басылған еді. Әлдеқайдан келіп тұрған жалғыз жүргіншінің аяғының дыбысы да сап болды. Толықтай мүлгіген меңіреу тыныштықты жүрек дүрсілі бұзып тұрғандай еді.

Кенет менің жамылған көрпем төмен қарай баяу сырғып бара жатты. Әлдекім оны аяғыма қарай тартып жатқандай еді. Мен тырс етіп дыбыс шығармақ түгілі орнымнан қозғала алмадым. Ал көрпем әлі де баяу сырғып бара жатыр еді. Әлден соң кеуде тұсым жаңалаштала бастады. Сол сәт мен оған барлық күш қуатымды сарқа тап беріп, оны басыма қарай тарта бастадым. Сонан соң тағы да тостым. Айнала төңірекке ынтыға құлақ түрдім. Тағы да тостым. Әлдене жұлына жұлқыды. Осы бірнеше секундқа созылған минут маған әлденеден мәңгілік сияқты көрінді. Мен зәре құтым қалмай дірілдеп, қалтырап жаттым. Көрпем болса сырғып барады. Күш-қуатымды жиып, өзіме қарай тарттым. Шамамның жеткенінше босатпауға тырыстым. Тіпті саусақтарымның ауырғанына да қарамастан, сығымдай ұстап жібермеуге бекінгенмін. Алайда оның көрпені жұлқи тартқаны соншалық – мен оны одан әрі ұстай алмадым. Үшінші рет ол аяғыма қарай сырғыды. Мен шарасыздықтан ыңырсыдым. Сол сәт ыңырсыған жауап естідім. Әлден соң мандайыма шып-шып етіп тер шыға кетті. Әйтеуір, бір жақсысы – шыбын жаным кеудемнен әзірге шығып кете қойған жоқ еді. Кенет әлдекімнің аяғын ауыр басқан Каданың дыбысы естілді.Тек әлден соң менің бағыма қарай әлгі дыбыс меннен алыстап бара жатты. Әлдекім есікке жақындады, шықты. Тіпті құлыпты ашпастан қара көлеңке дәлізбен қалтақтай жөнелді. Еден және арқалықтар сықырлап, сонан соң тағы да құлаққа ұрғантанадай тыныштық орнады.

Ал жүрегім орнына түсіп, толқуы басылған сәтте мен өзіме былай деген едім: «Бұл әдеттегі бастығырылу, түнгі бастығырылуы». Мен осы басымнан өткен оқиғаларды өзімді осының бәрі бар болғаны түнгі бастығырылу екендігіне сендіргенше ойланып толғанумен болдым. Тынышталған тұста өмір қуанышын қайта сезініп, тіпті күліп жібердім. Орнымнан тұрып, газ лампасын жақтым. Құлыптың да, есікті жапқан көлденең ағаштың да тіптен де қозғалмағанына көзім жетті. Енді мен трубкамды тұтатып, каминнің қасына келіп отырдым. Кенет қан қысымы жүзімді шарпып, тынысым тарылды. Қолымнан трубкам сусып түсіп бара жатты. Камин қасына әлдеқалай шашылған күлдегі менің жалаң аяғымның ізінің қасында соншалықты үлкен жаңа іздің пайда болуы менің ізім оған қарағанда баланың ізі десе болғандай. Яғни маған пілдің дүбірі тектен-тек елестемеген, мұнда, шынында да, әлдекім болған.

Өне-бойымды мендегең үрейлі қорқыныштан сал болып қалғандаймын. Жалма-жан жарықты сөндіріп, төсегіме жайғастым. Сағыздай созылған минуттар. Мен қараңғылыққа құлақ түрумен жатырмын. Әлдекім ауыр әлденені сүйреп келе жатқандай. Сықыр-сықыр… Жүйкені жер дыбыс. Сонан соң сүйреткенін еденге лақтырып жібергендей құлақты тұндыра гүрс етті. Іле әйнектің шынылары зың-зың етті. Есік біткен сарт-сұрт жабылып, әлдекімнің абайлап басқан аяқ дыбысы естілді. Әлдекім дәлізде баспалдақпен жоғары-төмен кезіп жүрді. Менің есігіме жақындай бере толқып, әрі кеткендей. Ара-тұра менің құлағыма бұғаудың сыңғырлаған дауысы айқын естіліп тұрғандай еді. Белгісіз біреу баспалдақпен ақырын көтеріліп келеді. Бұғау шылдырап оның әр қимылымен ілесе шығады. Аяқ дыбысымен қоштасып, салдыр-гүлдір етеді. Құлағыма құмыға шыққан үн мен жартылай тұншыққан айғайды, көзге көрінбейтін қанаттар суылып сезіп жатырмын. Менің тұрағым, міне, осылай шабуылға ұшырап, менің Құдайдан кейінгі жалғыздығым бұзылды.

Кереуетімнің қасынан жеңіл күрсініс, сыбыр-күбір естілді. Төбеде дәл менің бас жағымда үш дақ пайда болды. Қас қағым сәтте олар жұмсақ нұр шашып тұрды. Содан соң жылылау сұйық зат тура менің бетіме және жастығыма тамды. Тіпті қараңғы болса да мен мұның қан екенін ұғындым. Менің қарсы алдымдағы түсініксіз қуқыл тұман арасындағы жүдеу жүздер көкке ұмсынған қан-сөлсіз қолдар, іркел-тіркес ауада қалықтап, сол сәтінде жоқ болып жатты. Кенеттен бәрі: сыбыр да, дауыстар да, оншалықты анық емес дыбыстар да сап тыйылып, мүлгіген өлі тыныштық орнады.

Құлағымды тіге тың тыңдаумен болдым.

Сол сәт әлденеден каминдегі от алаулай көтерілсе, өлетінімді сезіндім. Қорқыныш құрсауында болсам да орнымнан ақырын тұра бастадым. Сол сәт әлдекімнің салқын да, дымқыл қолы бетіме жанасқан еді. Әлім құрып, құлап бара жаттым. Киімнің судырлаған үні естілді. Әлдекім есікке беттеді. Есікті ашпастан сыртқа шықты. Тағы да өлі тыныштық орнады. Шықпаған шыбын жанымды сүйретіп тұр. Мен әрең дегенде төсектен сырғып түстім. Менің қолдарым кәрі шалдың қолындай дірілдеп еді. Жарықты әрең дегенде жақтым. Сол әлдебір болмашы жеңілдік әкелгендей еді. Каминге жақындай отырып мен үлкен жалаң аяқтың таңбасына ой жүгірттім, көз алдым күңгірттене бастады. Газ жарығы күңгірттеніп сала берді. Қайтадан пілдің дүрсілдеткен дүбірін естідім. Ол жақындап келе жатты, күңгірт дәлізде оның дыбысы айқын және нық естіле бастады. Шамның жарығы барған сайын күңгірттене әлсірей берді. Ауыр адымдар тура есік алдында басылды. Көгілдір жарық жыпылықтап, барлық бөлмелер жарым-жартылай іңір қараңғылығына оранғандай еді. Есік бұрынғысынша жабық еді, кенет соққан жел менің шекемді жанай өтті. Сол сәт мен тура қарсы алдымнан қозғалып тұрған әлдебір тұманға оранған үлкен нәрсені аңғарған едім. Мен тірі бұлттан көзімді айыра алмадым. Солғын жарықты сәулелендіре ол біртіндеп белгілі кескінге ие болды. Қолдары, аяқтары денесі пайда болды. Ақыр соңында мұнар арасынан үлкен бейнеге көзім түсті. Тұманды жамылғысын сілкіп тастап, менің қарсы алдымда тыр жалаңаш бұлшық етті, тамаша Кардифтік алып тұрды.

Манадан санамды сансыратқан үрей сол сәт түріліп сала берген. Тіпті балалар да мейірбан алыптардың жауыздық жасамайтынын жақсы біледі. Менің тағы да рухым артты. Тіпті менің көңіл-күйіме орайлас газ шамы да жарқырай түсті. Қарсы алдымда тұрған ақ көңілді алыпты көргенде бірде-бір шетін жан дәл мендей қуанбас.

– Солай, бұл сенсің бе? – деп айқай салдым. Мен білесің бе, соңғы екі сағат бойы үрейден өліп қала жаздадым. Сенің келгенің қандай қуаныш десеңші. Тоқтай тұр, мұны айырма! Бірақ мен мұны өте кеш айтқан едім. Ол отыра бергенде орындық қас қағым сәтте үгіліп кетіп, еденге сылқ ете түсті.

– Тоқта сындырасың.

Тағы да кеш қалдым. Тағы да сатыр-күтір дыбыс шығып, тағы да бір орындық алғашқы беттегі бөлшектеріне бөлініп түсті.

– Сайтан алсын сені! Сен не істегеніңді білесің бе? Әлде барлық жиһазды сындырып тыңғың келе ме? Тасмалғұн бері кел.

Әттеген-ай, бәрі де кеш еді. Мен ауызымды ашып үлгергенше алып кереуетке отыра кетіп, оның да күл-паршасын шығарды.

– Тыңдашы, мұныңды қалай түсінуге бұйырасың, – деп ренжідім мен. – Бірінші менің пәтеріме бір шоғыр сүмелек қаңғыбастарды кезбелер мен керенауларды мені өлтіре үрейлендіру үшін баса көктетіп кіргізесің де, соңынан іле-шала сұрықсыз сұрқия кейіпте өзің келесің. Өркениетті қоғамда бұл сияқты жайларға тек театрларда жол беріледі. Оның өзінде сұмпайы бейнеде басқа жыныстық өкілі сайран салады. Ал сен моральдық шығынды қайтарудың орнына жиһазды сындырасың. Сен неге бұлай істедің? Бұл тек маған ғана емес, саған да зиян емес пе? Қарашы, өзінің крестіңді майыстырдың, барлық еденге сенің тас болып қатқан артыңның үгіндісі шашылып жатқаны анау, мына пәтер, мәрмәр шеберханасы сияқты. Ұялсаңшы! Сен кішкене бала емессің, ненің не екенін ұғатын уақытын жеткен жоқ па?

– Жарайды, енді олай істемейін. Менің де жағыдайымды түсін. Мен жүз жылдан астам уақыт тізе бүккен емеспін, – деді алып жазықты үнмен.

– Бейшара-ай, деп жұмсара сөйледім мен. Саған тіпті қатты кеткен сияқтымын. Сен, бәлкім, жетім боларсың? Еденге отыра ғой. Сенің салмағыңмен тек еденге ғана отыруға болады. Өйткені сен менің үстімнен үнемі төніп тұратын болсаң, бұл арада қандай әңгіме болмақ. Еденге отыр, ал мен кеңсенің биік орындығына отырайын, сонаң соң мылжыңдасамыз.

Дәу иығына қызыл көрпені жауып, басына қасқа тәріздес шылапшынды төңкеріп, менің трубкамды тартып, емін еркін еденге жайғасты. Мен Каминдегі отты қаузадым. Ал ол жылы лепке үлкен аяғының толарсағын жақындатты.

– Сенің аяқтарыңа не болған? Олар неге жарылып кеткен? – деп сұрадым мен.

– Иә, бұл қарғыс атқыр қалтырап, қақсаудың салдары ғой, – деп жауап берді алып.

– Мен тасқа айналып, Ньюэлла фермасының түбінде жатқанда қалтырап, қақсау өкшемнен желкеме дейінгі денемнің барлығында пайда болды. Әйтсе де мен бәрібір сол ферманы жақсы көрем. Ол тіпті менің әкемнің үйіндей. Ондағыдай тыныштықты мен басқа жерден ешқашан сезген емеспін.

Біз тағы да жарты сағаттай мылжыңдастық, кенет мен қонағымның түрінен шаршаулы екенін аңғарып, оған осы туралы айттым.

– Шаршаулы, – қайта сұрады ол. – Иә, мүмкін. Сен қайырымдылық таныттың. Мен зайыры саған жасырмай сырымды айтайын.

Мен сенің үйіңнің қарсы алдындағы мұражайда жатқан – тас болып қатқан – адамның рухымын. Мен – Кардиф алыбының елесімін. Маған менің бейшара денемді жерге бергенше тыныштық та тыным да болмайды. Мен өзімнің еркімді адамдарға қандай қарапайым жолмен орындата аламын? Мен дененің жанында пайда болатын адамдарды елеспен үрейлендіру қажет деп шештім. Содан бері мен түн сайын мұражайды кезіп жүрем. Басқа елестерді де көмекке шақырдым. Тек мен босқа тырысыппын: түнде мұражайға кім бас сұқпақ. Сол сәтте менің басыма басқа ой – мұражайдың алдындағы үйдегі адамдарды қорқыту – келді. Егер де мені ден қойып тыңдаса, бұл ойымнан іс шығады деп ойладым. Мұны мен менімен бірге мәңгілік қарғысқа сотталған аса қорқынышты елестер де бар еді. Түні бойы біз осы тыныш дәліздерде дірілдедік, өзіміздің соңымыздан бұғауларды сүйретіп, күңірене күрсініп, түнере сыбырластық, баспалдақтармен жоғары-төмен жөңкілдік, шынын айтқанда, менің күшім сарқыла бастады. Бүгін мен сенің әйнегіңдегі жарықты көріп қуандым, сөйтіп, іске өткен кезеңдердегідей қызу кірістім. Күйректікке салынуға дейін жеттім. Өтінемін, маған тым құрыса елес тектес үміт сыйлашы.

Мен шоқ басып алғандай орнымнан атып тұрып айғай салдым.

– Ту, сен қатты қателестің-ау, сорлы тас шемен әңгүдік, сенің барлық еңбегің текке кетті! Сен Гипс көшірменің қасында сүйеніп тұрдың. Шынайы Кардиф алыбы Албанда. Сен жүз шайтан және бір мыстан алғыр, өзіңнің не қалдығыңды жалған пәледен ажырата алмайсың ба?

Мен бұрын соңды дәл осылай ұяттан және қорлықтан жерге кіріп кетердей ұялған жанды көрген емеспін. Тас болған адам еденнен баяу көтеріліп.

– Айтшы, осы рас па? – деп сұрады.

Тура менің қарсы алдыңда тұрғанымдай.

Алып трубканы аузынан алып, камин тақтайына қойды. Бір минуттай бір шешімге келе алмай, басып кеудесіне қойып ойланып, ескі әдетінше шалбары болмаса да қолдарын қалталарына салған сияқты болып тұрды да, ақыр-соңында тіл қатты:

– Иә, мен бұрын мұндай ақымақтық жағдайға тап болған емеспін. Тас болған адам әлдекімдерді өзі ойлап тауып, енді ол азғын алаяқ өзінің елесін өзгеге бере бастады. Ұлым менің, егер де сенің жүрегіңді бейшара жалғыз басты елеске аяушылықтың құйттай тамшысы қалған болса, бұл оқиғаны ешкімге айта көрме. Маған өзімді есек ретінде сезінудің қаншалықты ауыр екенін ойлай гөр.

Мен оның баспалдақпен бос көшеге шыққанға дейінгі адымнан соңғы ұлы адымының дыбысын естідім. Мен ол байғұстың кеткеніне, одан да гөрі оның менің қызыл көрпем мен жуынатын шылапшынымды алып кеткеніне іштей қатты өкіндім.

*Нақтылы дерек: Алғашқы жалған (Кардиф алыбы) С.С.Б) басқа алаяқтар жасаған «Бірден-бір қиынайы Кардиф алыбы» Нью-Иоркте («басқа шынайы» алыптың айтып болмас ашу-ызасын туғызып) көрсетілген. Сол уақытта адамдар тобы Олбани қаласындағы мұражайға көруге жиналған. – М.Г.

Аударған Сүлеймен БАЯЗИТОВ

Сүлеймен БАЯЗИТОВ – жазушы, ақын, журналист, аудармашы. 1944 жылы Баянауыл ауданындағы Ж. Шанин ауылында дүниеге келген. «Жасыбай батыр», «Хан иегі», «Жаралы жердің жанары» атты өлең, проза жинақтарының авторы.

Қазірде Павлодар облысындағы Павлодар ауданына қарасты Красноармейка орта мектебінде қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы.

Пікір қалдыру

*