Әлем әдебиеті

ТҮЗЕТУ КОЛОНИЯСЫНДА

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Франц КАФКА

 

ТҮЗЕТУ КОЛОНИЯСЫНДА

 

Франц КАФКА аса ірі неміс тілді австриялық жазушы. Бар болғаны қырық бір жыл ғана (1883-1924) өмір сүрген ол көптеген елдердің қаламгерлеріне айрықша ықпал еткен ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің классигі болып табылады. «Америка», «Процесс», «Қамал» романдарында және әңгіме-әпсаналарында буржуазиялық әлемдегі адамның әлсіздігін әсем де әсерлі суреттеген.

 

* * * 

– Мынау өзі ерекше порымдағы аппарат, – деді офицер ғалым-саяхатшыға, әрине, өзіне тамаша таныс аппаратты сүйсіне қарастырып жатып. Саяхатшы коменданттың әлдебір сарбазға нәшәндікті тыңдамағаны және тіл тигізгендігі үшін шығарылған үкімнің орындалысына қатысуды тек сыйлағандығынан қабыл алған сыңайлы көрінді. Әрі түзету колониясында алдағы ұрып-соғу жазасы да пәлендей ықылас туындата қоймаған сияқты. Қайткен күнде де, осында, мынау жан-жағынан жалаң қия беткейлермен қымталған шамалы да терең құмдақ алқапта офицер мен саяхатшыдан басқа тек екі адам ғана отырды: оның бірі – сотталған, топастау, шашы таралмаған және бет-ауызы қырылмаған кісі мен сотталғанның толарсағы мен мойынынан созылған шынжыршаларды қолдарынан шығармай отырған сарбаз еді. Бұл екі арада сотталғанның барлық бет-бейнесінде тек итке ғана тән бағыныштылық орын тепкендігі сондай – оны қия беткейлерге қыдырыстауға жіберуге болатын сияқты, тек сабаудың алдында ысқырып қалса болды, оның жетіп келетіндігі күмән туғызбайтын.

Саяхатшы аппаратқа ықылас білдірмей сотталғанның соңынан құр немқұрайды еріп отырумен ғана болса, ал офицер соңғы әзірліктерін жасап біресе аппарат астындағы шұңқырға түссе, біресе мәшиненің жоғарғы жақтарын көру үшін сатымен сан рет көтерілді. Бұл жұмыстарды әлдебір механикке тапсыра салуға да болушы еді, бірақ офицер бұл шаруаны тек өзі ғана аса жоғары ынтызарлықпен атқарып отырды – әлде ол осынау аппаратты ерекше бағалағаны немесе бұл міндетті әрқилы себептермен басқа ешкімге сеніп тапсыруға болмайтындығы көрінді.

– Міне, бәрі бітті! – деп айғай салды ол ақыры, сөйтті де, басқыштан түсті. Ол аса қатты шаршаған еді, ауызын кеңінен ашып тыныстап тұрды, ал мундирінің жағасы астынан әйелдердің екі бет орамалы көрінді.

– Мына мундирлер, шамасы, тропиктер үшін тым ауыр шығар, – деді саяхатшы, офицер күткендей, аппарат жайлы анықтап білудің орнына.

– Әрине, – деді офицер, сөйтті де, майлайтын маймен былғанған қолдарын әзірленген қауға шелекшеге жуа бастады, – бірақ бұл Отанның белгісі, ал біз болсақ, Отанымызды жоғалтқымыз келмейді. Ал сіз мына аппаратқа көз салыңызшы, – деп қосты ол бірден және орамалмен қолын сүрте бастап, аппаратты нұсқады. – Бұған дейін қолмен жұмыс істеуге тиісті болатынбыз, ал қазір аппарат енді тек өз алдына істейтін болады.

Саяхатшы басын изеді де, офицер нұсқаған жаққа қарады. Ол өзін әрқилы кездейсоқтықтан сақтандырғысы келді де, былай деді:

– Әрине, баз-базда қилы ақаулықтар болып қалады, бірақ бүгін шындығында оларға килікпеспіз деп үміттенемін, дегенмен оларға дәйім әзір тұрған жөн болады. Өйткені аппарат үздіксіз он екі сағат жұмыс істеуге тиіс. Бірақ егер ақаулықтар шамалы ғана шыққандай болса, олар табан астында жойылады… Тізе бүгіп отырғыңыз келмей ме? – деп сұрады ол ақыры, сөйтіп, тоқымалы орындықтардың арасынан біреуін суырып алып, оны саяхатшыға ұсынды; ол бас тарта алмады.

Енді, қазаншұңқырдың жиегінде отырып, ол солай қарай шала-шарпы көз тастады. Қазаншұңқыр онша терең емес-ті. Оның бір жағында үйінді топырақ жатса, екінші жағында аппарат тұрды.

– Сізге комендант ендігі бұл аппараттың құрылымын түсіндірді ме, оны білмедім, – деді офицер.

Саяхатшы белгісіз мағынада қолын сілтеді; офицерге енді өзі түсініктемелер бере бастайтын болғандықтан, бұдан артық ештеңе де талап етілмеді.

– Мына аппарат, – деді ол, сөйтті де, өзі кейін сүйенген шатунды түрткіледі, – біздің бұрынғы коменданттың ойлап тапқаны. Мен оған ең алғашқы тәжірибелерінен бастап, олары аяқталғанға дейін көмектесіп отырдым. Бірақ бұл ойлап табудағы ерен еңбек тек соның ғана еншісінде. Сіз біздің бұрынғы комендантымыз жайлы естіп пе едіңіз? Жоқ па? Егер мен осынау барлық түзету колониясының құрылымы – оның атқарған ісі десем, асыра айтқандық болмайды. Біз – оның достары – марқұмның өлім сағатында бұл колонияның құрылымы бірегей болатындығы соншалық – одан кейін келетін адамның басында жаңадай мың жоспар пісіп тұрса да, тым бері болғанда бірнеше жылдар бойына орныққан ескі тәртіпті өзгерте алмайтынын білдік. Сөйтіп, біздің болжамымыз жүзеге асты, жаңа комендантқа бұл ахуалды мойындауға тура келді. Сіздің біздің бұрынғы комендантты білмегеніңіз өкінішті-ақ!.. Алайда, – офицер өзін-өзі үзіп тастады, – мен мылжыңдап кеттім, – ал біздің аппарат ол, міне, сіздің алдыңызда тұр. Өзіңіз көріп тұрғандай, ол үш бөліктен тұрады. Бірте-бірте бұл бөлшектердің әрқайсысы айтарлықтай оңай атауға ие болды. Төменгі жағын – жатақ, жоғарғы жағын – таңбалаушы, ал мына ілініп тұрған ортаңғы жағын тырма деп атадық.

– Тырма дейсіз бе? – деп сұрады саяхатшы.

Ол онша ықтиятты тыңдап тұрған жоқ-ты, осынау көлеңкесіз аңғарда күн тым шақырайып қайнап кетті де, жинақталу қиынға соқты. Шеруде киетін эполеттер мен аксельбанттар ауырлатқан мундир киіп алған офицер оны таңдандыра түсті. Оның үстіне жұлқына түсініктеме бергені аздай, сомынды ара-арасында кілтпен тартып қойып отырды. Сарбаз да саяхатшы болған жағдайға көндіккен сыңайлы хал кешті. Сотталғанның шынжырын екі қолының білезік сүйегіне орап алған ол, бір қолын винтовкаға сүйеген күйі басын төмен салып жайбарақат қалыпта түрегеп тұрды. Саяхатшыны бұл таңғалдырған жоқ, өйткені офицер французша сөйлеп отырды, ал француз тілін, әрине, не сарбаз, не сотталушы түсінбейтін. Бірақ бір ғажабы – сотталған кісі қайткенмен де офицердің түсініктемелерін қадағалауға тырысты. Ол ұйқымен алысқан табандылығымен өз назарын осы сәтте офицер меңзеген жаққа бағыттаумен болды, ал енді, саяхатшы өз сауалымен офицерді үзіп тастағанда, сотталушы да офицер тәрізді саяхатшыға көз тастады.

– Иә, тырма дейміз, – деді офицер. – Осы атау икемдірек келеді. Тістері тырманікіндей орналасқан, және өзі де тырма сияқты бір орында күрделірек қимылдайды. Айтқандайын, сіз оны қазір түсінесіз. Мына жерге – жатаққа, сотталған адамды жатқызады…

Мен әуелі аппаратты суреттеймін, тек сонсоң ғана рәсімнің өзіне кірісемін. Сізге оны байқастау сонда оңайға түседі. Оның үстіне таңбалаушыдағы бір тістегеріш өте жұмырланыпты, содан ба, ол айналғанда қатты шықырлайды, тіпті сөйлесу мүмкін емес. Бір өкініштісі, қосалқы бөлшектерді табу өте қиынға түседі… Сонымен, бұл – мен айтқандай жатақ. Ол тұтастай мақтаның қабатымен жабылған, оның атқарар міндетін көп ұзамай білетін боласыз. Бұл мақтаға сотталған адамды етпетінен жатқызады, әрине жалаңаш күйде, мыналар – оны аяғынан, қолдарынан және мойынынан байлайтын қайыс белдіктер. Мына жерде – жатақтың бас жағына, мен айтқандай, әуелі қылмыскердің беті келетін тұста шағын ғана доғаның киіз тілі бар – оны сотталған кісінің тура аузына түсуі үшін жылдам реттеп отыруға болады. Осынау «тілдің» арқасында сотталушы не айқайлай алмайды, не өзінің тілін тістей де алмайды. Қылмыскер амалсыздан осы киізді аузына алады, әйтпесе мойын белдік оның омыртқа сүйектерін үзіп жібереді.

– Мынау мақта ма? – деп сұрады да, саяхатшы алға қарай еңкейді.

– Иә, әрине, – деді офицер күлімсіреп. – Өзіңіз сипалап көріңіз. – Ол саяхатшының қолын алды да, оны жатақтың бойымен жүргізді. – Бұл мақта ерекше түрде препаратталған, сондықтан оны айырып тану қиынға соғады; мен оның қажеттілігі жайлы әлі айтатын боламын.

Саяхатшы енді аппаратпен шамалы айналыса бастады; көздерін күннен қорғаштап, ол аппаратқа төменнен жоғары қарай қарады. Бұл өзі ауқымды ғимарат еді. Жатақ пен таңбалаушының аудандары бірдей еді де, екеуі екі қара жәшікке ұқсап тұрды. Таңбалаушы жатақтан екі метрдей жоғары бекітіліп және онымен бұрыштарынан төрт жез қарнақпен қосылыпты, олары күннің көзінде тура сәулеленіпті. Жәшіктердің арасында болат арқанда тырма ілініпті.

Офицер саяхатшының бұрынғы селқостығын тіпті байқамаған сыңайлы еді, бірақ оның есесіне онда енді оянған ықыласқа жедел жауап қайырды, ол тіпті саяхатшы бәрін де асықпай және кедергісіз көруі үшін өзінің түсініктемелерін де тежеді. Сотталған кісі саяхатшыға ұқсағысы келіп тұрды; тек қолымен көздерін көлегейлей алмайтындықтан, ол қорғанбаған жанарымен жоғары қарап жыпылықтап отырды.

– Сонымен сотталған адам жатыр, – деді саяхатшы, сөйтті де, креслоға далия жатып, аяғын аяғына тастады.

– Иә, – деді офицер, сөйтіп, фуражкасын шамалы кері итерді де, алақанымен бетін сипақтатты. – Ал енді тыңдаңыз! Жатақта да және таңбалаушыда да бас-басына электр батареясы бар, жатақтағы жатақтың өзі үшін, ал таңбалаушыдағы тырма үшін. Сотталған адам байланысымен, жатақ қозғалысқа кіреді. Ол бір мезгілде, көлденең және тік бағыттарда, жеңіл де жылдам дірілдеп тұрады. Сіз, әрине, мұндай аппараттарды емдеу мекемелерінде көрдіңіз ғой, тек біздің жатақтағы барлық қозғалыстар дәлме-дәл есептелген: олар жатақтың қозғалыстарымен қатаң сәйкестендірілуі тиіс. Өйткені, сайып келгенде, үкімді орындау тырмаға жүктелген ғой.

– Ал үкім қандай? – деп сұрады саяхатшы.

– Сіз мұны да білмейсіз бе? – деп таңғала сауал қойды офицер еріндерін тістелеп. – Ғафу етіңіз, егер менің түсініктемелерім тиіп-қаштылау болса, мені кешіруіңізді өтінемін. Бұрын әдетте түсініктемелерді комендант беретін, бірақ жаңа комендант өзін бұл құрметті міндеттен құтқарды, бірақ мұндай жоғары дәрежелі мейманды, – саяхатшы қос қолымен бұл құрметтен бас тартқысы келіп еді, бірақ офицер өз дегенінен қайтпады, – мұндай жоғары дәрежелі мейманды біздің үкімнің порымымен неге таныстырмайды, бұл өзі енді кіргізілген жаңалық, ал ол… – оның тіліне қарғыс үйіріліп тұрды, бірақ ол өзін-өзі билеп алды да, былай деді: – Мені бұл турасында ескерткен жоқ, мен кінәлі емеспін. Негізі мен өзгелерден гөрі біздің үкімдердің мәнісін жатық түсіндіре аламын, өйткені мына жерде, – ол өзінің кеуде қалтасын қағып-қағып қойды, – мен бұрынғы коменданттың қолымен жасалған тиісті сызбаларды салып жүремін.

– Коменданттың өз қолымен? – саяхатшы тағы сауал қойды. – Сонда қалай, ол бір өзінде бәрін біріктіріп, сарбаз да, судья да, конструктор да, химик те, сызбашы да өзі болған ба?

– Тура солай, – деді офицер басын шұлғып.

Ол өз қолдарына ыждаһаттылықпен қарады; олар өзіне сызбаларға жақындайтындай тым таза көрінбеді, сондықтан ол шылапшынға жақындап келді де, тағы да ықтияттап жуды.

Сонсоң ол қалтасынан былғары күмәзнек алып шығып, былай деді:

– Біздің үкім онша қатаң емес. Тырмамен сотталғанның денесіне оның бұзған өсиет-парызы жазылады. Мәселен, мынаның денесіне, – офицер сотталғанды мегзеді, – «Өз бастығыңды сыйла!» деп жазылатын болады.

Саяхатшы сотталған адамға жедеғабыл көз тастады; офицер оны нұсқаған кезде ол басын тұқыртып, тым болмаса бірдеңе түсініп қалу үшін құлағын барынша түрген сияқты көрінді. Бірақ оның жымқырылған қалың еріндерінің қозғалыстары түк түсінбегендігін көрсетіп тұрды. Саяхатшы көп жағдаятты сұрағысы келді, бірақ сотталушының кейпін көрген соң, тек:

– Ол үкімді біле ме өзі? – деумен ғана шектелді.

– Жоқ, – деді офицер, сонсоң түсініктемелерін жалғастыруға әзірленіп еді, бірақ саяхатшы оны үзіп жіберді:

– Ол өзіне шығарылған үкімнің өзін білмей ме?

– Жоқ, – деді офицер, содан саяхатшыдан қойған сауалын одан әрі негіздеуді талап еткендей бір сәтке іркіліп қалды да, былай деді: – Оған үкім жариялап жатудан мән болмас еді. Өйткені ол оны өз денесімен сезінеді ғой.

Саяхатшы ендігі үнсіз қалғысы келіп еді, кенет сотталғанның назарын өзіне бағыттағанын сезінді; ол саяхатшының суреттерден жөн-жосықты мақұлдайтынын сұрап тұрғандай еді. Сондықтан саяхатшы, креслода ендігі шалқая бермек болса, тағы да еңкейіп, сауал қойды:

– Бірақ ол өзінің жалпы сотталғанын – тым болмаса осыны біле ме?

– Жоқ, ол мұны да білмейді, – деді офицер, сөйтті де, саяхатшыға тап бір одан таңғаларлық жаңалықтарды күткен сыңайлы күлімсіреді.

– Солай ма? – деді де, саяхатшы қолымен маңдайын сипап өтті. – Бірақ мұндай жағдайда ол өзінің қорғанғысы келген талпынысына қалай қарағандықтарыңызды әлі білмей ме?

– Оның қорғанатындай мүмкіндігі болған жоқ, – деді де, офицер саяхатшыны бұл жағдаяттарды баяндаумен абыржытқысы келмегендей, өзімен-өзі сөйлескендей сыңай танытты.

– Бірақ оның, әрине, қорғанарлықтай мүмкіндігі болуға тиісті емес пе еді? – деді саяхатшы орнынан тұрып.

Офицер өзіне ұзақ уақыт түсініктемелер беруге тура келетіндігінен шошып кетті; ол саяхатшыға жақындап келді де, оны қолтықтап алды; екінші қолымен сотталғанды нұсқады, ол да қазір назардың өзіне ауғанын аңғарып, оның үстіне сарбаз да шынжырды керді – бойын түзеді.

– Жағдай былай, – деді офицер. – Мен мұнда – колонияда, судьяның да міндеттерін атқарамын. Жастығыма қарамастан осылай. Мен бұрынғы комендантқа да әділқазылық жасауға көмектескен болатынмын, сондықтан бұл аппаратты кімнен де болса жақсы білемін. Үкім шығарғанда мен «Айыптылық қашан да күмән туғызбайды» деген қағиданы ұстанамын. Өзге соттар бұл қағиданы ұстана алмайды, өйткені олар алқалы соттар және өздерінен жоғарырақ соттық инстанцияларға бағынышты. Бізде бәрі өзгеше, беріден алсақ та, бұрынғы коменданттың тұсында солай болған. Жаңа сот, рас, менің шаруаларыма араласқысы келеді, бірақ мен осы уақытқа дейін оның бұл талаптарының бетін кері қайырып отырдым, енді ілгергі уақытта да солай болатын шығар деп үміттенемін… Сіз менің осы жағдаятты түсіндіргенімді қаладыңыз; несі бар, ол да өзгелердей қарапайым дүние. Бүгін таңертең бір капитан өзіне қосшы ретінде қойылған және оның есігінің сыртында ұйықтауға міндетті адам қызмет үстінде ұйықтап қалғанын баяндады. Мәселе мынада: ол сағат сайын оянып, сағат сыңғырымен тұрып, капитан есігінің алдында мәлімет жасап тұруы керек. Бұл әрине аса қиын міндет емес, бірақ қажет міндет, өйткені офицерді күзетіп және оған қызмет етіп тұратын қосшы әрдайым әзір болуы қажет. Кеше түнде капитан қосшының өз міндетін орындайтын-орындамайтынын тексергісі келіпті. Тура түнгі сағат екіде офицер есікті ашып, қосшының қол-аяғын бауырына жинап алып жайбарақат ұйықтап жатқанын көреді. Капитан шыбықты алады да, оны бетінен осып жібереді. Орнынан тұрып кешірім сұраудың орнына қосшы өз мырзасын аяғынан бас салып, шайқалақтатып «таста шыбығыңды, әйтпесе өлтіремін!..» деп айғайлай бастайды. Міне, сізге істің мәнісі керек болса. Осыдан бір сағат бұрын капитан маған келді, мен оның түсініктерін жазып алдым да, ізінше үкім шығардым. Сонсоң қосшыны шынжырға құрсаулап тастауға бұйырдым. Бәрі де оп-оңай жүзеге асты. Ал егер мен қосшыны шақыртып алып және одан жауап ала бастасам, онда тек шатысар едім. Ол өтірік соға бастар еді, ал егер мен бұл өтірікті әшкерелесем, ол оны жаңасымен айырбастар еді және әрі қарай сол сарында кете берер еді. Ал қазір ол менің қолымда, мен оны босатпаймын… Енді қалай, бәрі түсінікті ме? Бірақ уақыт дегеніңіз өтіп барады, ұрып-соғу жазасын бастай беруге болушы еді, ал мен болсам сізге аппараттың құрылымын әлі түсіндірген жоқпын.

Ол саяхатшыны креслоға тағы да күштеп отырғызып, аппаратқа жақындап келіп, сөзін жалғастырды:

– Көріп тұрғаныңыздай, тырма адам денесінің порымына сәйкес келеді; міне, кеудеге арналған тырма, ал мына тырма аяқтарға арналған. Басқа тек мына бір кескіш лайықталған. Сізге түсінікті ме?

Ол қандай да болмасын ықтиятты түсініктемелерге әзір екендігін сездірген сыңайда саяхатшының алдында ізетпен иілді.

Саяхатшы қабағын түйіп тырмаға қарап тұрды. Мұндағы сот істері жөніндегі ақпараттар оны қанағаттандырмады. Десе дағы ол өзіне нығарлай түсіндіріп жатты: қалай дегенмен де бұл – түзету колониясы, демек, мұнда ерекше шаралар қажет және де әскери тәртіпті қатаң сақтауға тура келеді. Мұның үстіне ол жаңа комендантқа едәуір үміт артып еді. Ол өзінің барша баяулығына қарамастан, жаңаша сот ісін енгізуге талаптанғаны көрініп тұрды, тек оны ақылы кемшіндеу офицер ұғатын көрінбеді. Өз ойлары қуалаған саяхатшы сауал қойды:

– Комендант жазалау кезінде қатысып отыра ма?

– Бұл жағы маған нақты айқын емес, – деді, мынадай оқыс сұрақтан сасып қалған офицер және жылы шырайлылық оның жүзінен ізінше жоғалып кетті. – Міне, сондықтан да біздің асыққанымыз жөн. Маған өте өкінішті, бірақ түсініктер беруді де қысқартуға тура келеді. Алайда ертең, аппаратты тазалаған кезде (қатты ластанушылық – оның бірден-бір олқылығы) мен қалған жайды түсіндіре алар едім. Сонымен, мен қазір ең қажетті жағдаятпен шектелемін… Сотталған адам жатақта жатқанда, жатақ тербелмелі қозғалысқа келтіріледі де, сотталушының денесіне тырма түсіріледі. Ол автоматты түрде оның тістері денеге әзер тиетіндей болып реттеледі; реттеу аяқталған сәтте-ақ бұл арқан керіледі де, қарнақ штанга сияқты қайыспайтын болады. Бәрі де осы жерде басталады. Аңғармаған адам біздің ұрып-соғу жазаларымыздан ешқандай сыртқарғы айырмашылықты байқай алмайды. Тырма бірқалыпты жұмыс істеп тұрған сияқты көрінеді. Ол дірілдеп тұрып өз тістерімен денені піскілейді, ал ол өз ретінде жатақтың арқасында діріл қағады. Кез келген адам үкімнің орындалысын тексеретіндей болуы үшін, тырма шыныдан жасалды. Тістердің бекіткіштері шамалы техникалық қиындықтар туындатты, бірақ көптеген тәжірибелерден кейін ақыры тістерді бекітудің орайы келді. Біз еңбегімізді аяғанымыз жоқ, енді міне, әр адамға денеге жазбаның қалай салынатындығы шыны арқылы көрініп тұр. Жақындап келгіңіз және тістерді көргіңіз келмей ме?

Саяхатшы орнынан баяу тұрды, аппаратқа жақындап келді де, тырманың үстінен еңкейді.

– Сіз, – деді офицер, – әрқилы орналасқан тістердің екі түрін көріп тұрсыз. Әрбір ұзын тістің қасында қысқасы да бар. Ұзыны жазады, ал қысқасы қанды жуып, жазудың анықтылығын сақтау үшін суды жіберіп тұрады. Қанды су науашықтармен басты науаға, ал одан соң суағар құбырмен шұңқырға жіберіледі.

Офицер саусағымен судың жүретін жолын көрсетті. Ол ауқымды көрнектілік үшін қиядағы суағардың ағысын екі алақанымен уыстағанда саяхатшы басын көтеріп, қолдарымен қарманып креслоға қарай шегіне берген еді. Осы кезде зәресі кеткен ол өзі сияқты офицердің тырманы жақыннан көруге шақырғанына сотталушының да ере жүргенін көрді. Ұйықтап қалған сарбазды шынжырымен сүйретіп, ол да шынының үстінен еңкейді. Оның да қазір мына мырзалар қарастырып жатқан нәрсені сенімсіз сыңайда іздестіргені байқалып тұрды. Оның бұл заттың не екенін түсініктемесіз таба алмайтындығы да аңғарылды. Ол жанарын шыныға қайта-қайта жүгірте берді. Саяхатшы оны қуып жібергісі келді, өйткені оның істегені жазаға лайықты сияқты көрінді. Бірақ офицер бір қолымен саяхатшыны ұстап тұрып, екіншісімен үйінді топырақтың бір уысын сарбазға шашып жіберді. Сарбаз сілкініп қалып, жанарын көтерді, сотталушының не істеуге батылы барғанын көрді де, өкшесімен жер таянып, оны кейін қарай жұлқып қалғанда, ол бірден құлап түсті, ал сонсоң төменнен жоғары қарай оның шынжырларын салдырлатып, ту-талақай болып жатқанын аңдаумен болды.

– Оны аяғынан тұрғыз! – деп айғайлады офицер, сотталғанның саяхатшыны тым алаңдатқанын байқастап.

Тырманың үстінен еңкейген саяхатшы оған тіпті қараған да жоқ, тек қана сотталушының не күйге ұшырарын күтті.

– Оған ықтиятпен қара! – деп айғайлады офицер тағы да. Аппаратты айналып өтіп, ол өзі сотталушыны қолтығынан алды да, оның аяқтары ажыраң тұрса да, сарбаздың көмегімен оны тік тұрғызды.

– Ал енді маған бәрі де белгілі, – деді саяхатшы, офицер оған оралғанда.

– Ең бастысынан өзгесі, – деді анау, сөйтті де, саяхатшыны шынтағынан қысып, жоғары нұсқады: – Ана жерде, белгі қоюшыда, тістегершік жүйесі бар, ал ол тырманың қозғалысын реттейді, бұл жүйе соттың үкімімен күн ілгері ескерілген сызбаға сәйкес орнықтырылады. Мен әлі бұрынғы коменданттың сызбаларын пайдаланамын. Міне, олар, – ол әмиянынан бірнеше парақша алып шықты. – Бір өкініштісі, мен оларды сіздің қолыңызға бере алмаймын, өйткені олар – менің басты құндылығым. Отырыңыз, мен оларды осы жерден көрсетемін, сөйтіп, сізге бәрі де жақсы көрінетін болады.

Ол бірінші парақшаны көрсетті. Саяхатшы мақтарлыққа әлдене айтуға қуанар еді, бірақ оның алдында сызықтардың шытырмандығы бас айналдырарлықтай жиілігі соншалық – қағаздан тіпті ештеңе айырып болу мүмкін емес болды.

– Оқыңыз, – деді офицер.

– Оқи алатын емеспін, – деді саяхатшы.

– Бірақ мұнда анық жазылған ғой, – деді офицер.

– Жазылуы өте мәнерлі, – деді саяхатшы сырғақтап, – бірақ мен ештеңе ажырата алмай тұрмын.

– Солай, – деді офицер, сөйтті де мырс етіп, әмиянын жасырып қойды, – бұл – оқушыларға арналған жазу емес. Ұзақ уақыт көз сүзіп оқу керек. Түптің түбінде сіз де түсініп шығар едіңіз. Әрине, бұл әріптер жадағай бола алмайды; олар бірден емес орта есеппен он екі сағаттан кейін өлтіруі қажет; есеп бойынша күрт өзгерер уақыты – алтыншы сағат. Сондықтан сөздің өз мәнісіндегі жазу көптеген әшекейлермен әрленуі керек; жазу өз тарапынан денені тек жіңішке жолақтармен белінен орайды; қалған жер болса әшекейлерге арналған. Сіз енді тырманың және барлық ақпараттың жұмысын бағалай аласыз ба?.. Қарасаңызшы енді!

Ол басқышқа секіріп мінді, әлдебір доңғалақты қозғалақтатты, «Абайлаңыз, аулақтау тұра тұрыңыз!» – деп төмен қарай айғайлады, содан соң бәрі де қозғалысқа кірді. Тап бір осынау қырсықты доңғалақтан саяхатшының алдында өзін ыңғайсыз сезінгендей болған офицер асығыс төмен түсті де, аппараттың жұмысын төменнен байқастау үшін әрекет жасады. Өзі ғана байқаған және бір ақаулық болды; ол тағы көтерілді, екі қолымен белгі қоюшының ішіне қарай ойысты, сонсоң баспалдақты пайдаланбай, жылдамдық үшін, штанганың бойымен сырғып түсіп, мына у-шудың ішінен естілерліктей талап жасап, саяхатшының құлағына айғайлай бастады:

– Сізге мәшиненің іс-қимылы түсінікті ме? Тырма жаза бастайды; ол арқаға алғашқы түйреліп салынған белгіні аяқтасымен мақтаның қабаты баяу айналып тырмаға жаңа орын беру үшін денені жайлап бүйіріне ауыстырады. Бұл екі арада қанталап жазылған тұстар мақтаға сорғытылады, ол ерекше түрде препарация жасалғандықтан, сол сәтте қанды тоқтатады, жазбаны жаңадан тереңдету үшін денені даярлайды. Тырманың жиегіндегі мына кішкентай тістер денені әрі қарай жараға жабысып қалған мақтаға домалатқанда, оны шұңқыршаға лақтырып жібереді, сонсоң тырма тағы да іс-әрекетке кіріседі. Ол осылайша он екі сағаттың барысында барған сайын тереңдетіп жаза береді. Алғашқы алты сағатта сотталушы бұрынғыдай дерлік тірлік жасайды, ол тек ауырғаннан зардап шегеді. Екі сағат өткеннен кейін ауыздағы киізді суырып алады, өйткені қылмыскердің ендігі айғайларлықтай күші таза қалмайды. Міне, мына табаққа – электрмен жылындыратын бас жағындағы ыдысқа жылы күріш ботқадан салады, оны сотталушының ықыласы болса жалап ала алады. Бұл мүмкіндікті ешкім де аяқасты етпейді. Менің зердемде ондай жағдаят болған емес, ал менің тәжірибем айтарлықтай ауқымды. Тек алтыншы сағат дегенде ғана сотталушының тағамға деген тәбеті соқпай қалады. Ондайда мен әдетте мына жерде тізерлеп отырамын да, осынау құбылыстың артына байқастаймын. Ол ботқаның соңғы түйірін сирек жұтады: аузында шамалы айналдырады да, шұңқырға түкіріп жібереді. Ондайда еңкейіп қалуға тура келеді, әйтпесе ол менің бетімді былғауы кәдік. Бірақ қылмыскер таңғы алты болмай жатып қалай тыныш табады десеңізші! Тіпті не мақұлық дегендердің өздері де ойларын сергітеді. Бұл жағдаят көздердің айналасынан басталады және осы жерден тарайды. Осынау көріністің қызықтыратындығы соншалық – тіпті тырманың астына онымен қатар өзің де жатуға құлшынасың. Нәйәті пәлендей артық ештеңе бола қоймайды, тек сотталушы жазуды ажырата бастайды, ол әлденеге құлақ түргендей назарын шоғырландырады. Сіз жазбаны көзбен таратудың өзі қиын екенін көрдіңіз; ал біздегі сотталушы оны өзінің жараларымен-ақ таратып тастайды. Әрине, бұл өте ауқымды жұмыс, сондықтан оны аяқтауға аттай алты сағат қажет болады. Ал содан тырма оны тұтастай тесіп өтеді де, шұңқырға лақтырады, ол онда қанды су мен мақтаға былш ете түседі. Сот осымен аяқталады, содан біз – сарбаз бен мен, денені көміп тастаймыз.

Құлағын офицерге түріп және қолдарын шалбарының қалталарына сұғып, саяхатшы мәшиненің жұмысын аңдап отырды. Сотталушы да сөйтті, тек ол ештеңе түсінген жоқ. Ол әнтек еңкейіп, дірілдеген тістерге қараумен болды, сарбаз офицердің белгі беруі бойынша оның арт жағынан пышақпен көйлегі мен шалбарын тіліп жібергенде олар жерге жалп ете түсті; сотталушы өзінің жалаңаштығын жасырмаққа түсіп бара жатқан киімін ұстап қалмаққа ұмтылып еді, бірақ сарбаз оны шамалы көтеріп, жалба-жұлбаларын сілкіп-сілкіп жіберді. Офицер мәшиненің бабын келтірді, сөйтіп, орын ала бастаған тыныштықта сотталушыны тырманың астына жатқызды. Шынжырлар алынды, олардың орнына белбеулер бекітілді; ә дегенде бұл сотталушы үшін жеңілдік тәрізді көрінді. Содан тырма тағы да шамалы төмен түсті, өйткені бұл адам өте жүдеубас еді. Тістер сотталушыға тигенде оның денесі дір ете қалды; сарбаз оның оң қолымен әбігерленіп жатқандықтан, бұл қайда екенін қарамастан сол қолын созды; бірақ бұл нағыз саяхатшы тұрған бағыт болатын. Офицер қабағының астынан өзі үстірт таныстырған жазалаудың саяхатшыға қаншалықты әсер ететіндігін оның бет-бейнесінен анықтағысы келгендей дәйім қарағыштаумен болды.

Білезікке арналған белбеу үзіліп кетті, шамасы сарбаз оны тым қатты тартқан болуы керек. Сарбаз офицерге көмектесуді өтініп, оған сол үзікті көрсетті. Офицер сарбазға келіп, бет-бейнесімен бұрылып саяхатшыға былай деді:

– Мәшине өте күрделі, қашанда бірдеңесі үзіліп немесе сынып қалуы мүмкін, бірақ бұл жағдаят жалпылай баға бергенде адастырмауы қажет. Айтқандайын, белбеуді бірден айырбастауға болады – мен шынжырды пайдаланамын; рас, оң қолдың дірілі дәл бұрынғыдай нәзік бола алмайды.

Шынжырды бекітіп жатып, ол және қосты:

– Мәшинені игеруге деген қаржы бұл күнде шектеулі түрде босатылады. Бұрынғы коменданттың тұсында мен осы мақсатқа арнайы бөлінген соманы еркін жұмсай алатынмын. Мұнда сан қилы қосалқы бөлшектер сақталатын қойма бар-ды. Жасырары жоқ, мен оларды оңды-солды жұмсайтынмын. Ал жаңа комендант қит етсе бұрынғы тәртіпті өзгертуге ілік іздеумен жүреді. Енді мәшинені ұстауға босатылатын ақшаға сол иелік етеді, ал мен болсам жаңа бау алу үшін де оған үзілгенін дәлелдеме ретінде көрсетуге тиістімін. Ал тың бау тек он күннен кейін ғана түседі және оның бер жағында қайткенде де сапасыз болады. Ал мен баусыз мәшинені қалай игеруім керек, оған ешкімнің де ештеңесі де кетпейді.

Саяхатшы ойланып тұрды: бөгделердің шаруасына батыл араласу қашан да қауіпті. Ол не бұл колонияның тұрғыны, не ол бағынышты елдің тұрғыны емес болатын. Ол бұл жазалауға кінә тақса, әйтпесе әрі кеткенде оны болдырмай тастады дегенше, сен шетелдіксің, сондықтан үніңді өшір дер еді. Ол бұған ешқандай қарсы пәтуа айта алмас еді, қайта ол бұл жағдайда өзіне-өзі таңғалатындығын қоса алар еді, себебі – ол өзге елдердегі сот жүйесін өзгерту үшін емес, тек бар болғаны танымдық мақсатпен ғана араласып жүр ғой. Бірақ мұндағы жағдаят қызығарлықтай болатын. Сот өндірісі мен жазалаудың жан түршігерлік, адамгершіліктен айдалада жатқандығы еш күмән туғызбай-ақ көзге ұрып тұр. Саяхатшыны ешкім де өз қамын ғана ойлайды деп пәткәрда ете алмас еді: сотталушы оның не танысы, не отандасы, әрі толайымен жан ашитындай пенде емес-ті. Ал саяхатшының жоғары мекемелер берген кепілдемелері бар-тын, олар мұнда өте жоғары инабатпен қарсы алынды, ал оның мына жазалауды көруге шақырылғанының өзі одан осы жердегі әділ сот жүйесі жайлы пікірін тосқан іспеттес еді. Мұның жөні келіңкіреп тұрды – саяхатшының көзі жеткендей, қазіргі комендант мұндай сот өндірісінің жақтаушысы емес-тін әрі офицерге тап бір дұшпанындай қарайтын.

Саяхатшы осы кезде зығырданы қайнаған офицердің айғайын естіді. Ол ақыры киіз доғаның тілін сотталушының аузына күштеп тығындады, анау кенет келген құсыққа ие бола алмай, көзін жұмып, қалшылдап кетті. Офицер оның басын шұңқырға қарай бұрғысы келіп асығыс жоғары қарай жұлқыды, бірақ ендігі кеш еді – құсық пен нәжіс мәшиненің ішіне қарай ақты.

– Бәріне де кінәлі комендант! – деп айғайлады офицер қарнақ темірлерді ызалана жұлқылап. – Мәшинені тап бір шошқа қорадай ластайды.

Ол дірілдеген қолдарымен саяхатшыға не болғанын көрсетті.

– Мен бірнеше сағат бойына комендантқа жазалаудан бір күн бұрын тамақ беруді тоқтату керек деп нығарлап айттым ғой. Бірақ жаңа, баяу бағыттың жақтастары өзгеше пікірді ұстанады. Сотталушыны алып кетердің алдында комендатурадағы қатындар оны тәтті атаулымен тығындап тастайды. Ол бар ғұмырында шіріген балық қана жеп келіп еді, енді тәтті жеуі керек. Жарайды, мұның бәрі де ештеңе емес, мен мұның бәріне де көнер едім, бірақ мен коменданттан үш ай бойына үздіксіз сұрап келген жаңа киізді алуға не жолы болмайды?! Өлердің алдында ең кемінде жүз адам сорып, тістелеп тастаған бұл киізді ауызға қалайша жиренішсіз алуға болады?!

Сотталушы басын жайғастырды – оның түрі өте бейбіт күйде еді; сарбаз мәшинені оның көйлегімен тазалап жатты. Офицер саяхатшыға жақындап келді, ал ол, әлденеден сезіктенгендей бір қадамға шегінді, бірақ офицер оны қолынан ұстап алды да, сол маңайға қарай икемдеді.

– Менің сізге құпия түрде бірер ауыз сөз айтқым келеді, сіз мұрсат бересіз бе? – деді ол.

– Сіздің қатысуға орайы келіп отырған мына әділ соттың және мына жазалау жүйесінің бұл күнде біздің колонияда ашық қолдайтын жақтастары ендігі қалған жоқ. Мен олардың жалғыз қорғаушысымын және бір мезгілде ескі коменданттың бірден-бір жанашырымын. Осынау сот өндірісін одан әрі жетілдіруді мен енді тіпті ойламаймын да, менің бар күш-жігерім бұрыннан қалғанды сақтауға ғана жұмсалады. Бұрынғы коменданттың кезінде колония оның жақтастарына толы болатын; ескі коменданттағы болған сендірушілік күші менде де біршама бар, бірақ мен оның билігіне жақындай да алмаймын; сондықтан оның жақтастары жан бағуда, олар көп, тек бәрі де үнсіз. Егер сіз бүгін, қаза күні, кофеханаға кірсеңіз, тек қана екіұшты ишара тұспалдарды ғана естуіңіз кәдік. Олардың барлығы да бұрынғы коменданттың жақтастары, бірақ қазіргі коменданттың қасында және оның қазірдегі көзқарастарынан олардан бәрібір ешқандай пәтуа жоқ. Міне, мен сондықтан сізден сұрап тұрмын: не жолы осынау комендант пен оның қатындарының қырсығынан бүкіл өмірдің нәтижесі іспеттес мына ғажайып нәрсе, – ол мәшинені нұсқады, – жойылып кетуге тиісті? Бұған жол беруге бола ма өзі? Тіпті сіз шетелдік болсаңыз да, әрі біздің аралға бірнеше күнге ғана келсеңіз де! Ал уақытты текке кетіруге болмайды, менің сот билігіме қарсы әлденеше әрекеттер қарастырылып жатыр: комендатурада қилы кеңестер өткізілуде, бірақ оларға мені шақырмайды, тіпті сіздің мына келісіңіз көрсетінді ғана шара сияқты, өздері қорқады, мына жалпы жағдай үшін сөйтеді де, әуелі сізді, шетелдікті жібереді… Ал бұрынғы кезде жазалау шаралары қалай жүзеге асырылатын еді десеңізші! Өлім жазасы болатын күннің қарсаңында барлық алқаптарды қаптаған жұрт кернеп тұратын; елдің бәрі тек мынадай ғаламат көрініс үшін ғана келетін, таңсәріден комендант өз бикештерімен пайда болатын, фанфар барабандар лагерьді оятатын, мен барлығы әзір болды деп баянат жасайтынмын, жиналғандардың түгелі – жоғарғы шенеуніктерден ешкімнің қалуға құқығы жоқ болатын – мәшинені айнала, алқа-қотан отырысатын. Мына шамалы бума орындықтар – сол кезеңнің шоқтай ғана бір көрінісі. Тазартылған мәшине жарқ-жұрқ етіп тұратын, мен әрбір жазалау үшін жаңа қосалқы бөлшектер алып қоятынмын. Жүздеген адамдардың көз алдында – көрермендер сонау қырлауыттарда аяқтарының ұштарында тіп-тік боп тұратын – комендант өз қолымен сотталушыны тырманың астына жатқызатын. Бүгін жай сарбаздың істеп жатқаны ол кезде менің, сот төрағасының құрметті міндеті болатын. Содан жазалау басталатын! Ешқандай мәшиненің жұмысында ешбір іркіліс болған емес. Кейбіреулер мәшинеге мүлде көз тастамайтын, бар болғаны көздерін жұмып алып құмда жататын; қазір әділеттілік билік құратындығын бәрі де білетұғын. Тыныштықта тек қана сотталушының киіз тұншықтырған ыңқылы ғана естілетін. Бұл күнде мәшине енді сотталушының киіз басып тастай алмайтындай ыңырсуды шығара алмайды, ал ол кезде жазатын тістер қазір қолдануға болмайтын күйдіргіш сұйықты шығаратын. Ал сонсоң алтыншы сағат туындайтын! Жақын жерден қарап тұрғылары келетіндердің баршасының өтініштерін қанағаттандыру мүмкін болмайтын. Комендант ақылға салып алдымен балаларды өткізуге жарлық ететін; менің өз жағдайыма орай, әрине, мәшиненің өзіне әрдайым өтіп отыруға мүмкіндігім болды; мен әр қолыма бір-бір баладан ұстап, ана жерде жиі тізерлеп отыратынмын. Біз азап шеккен бет-бейнеден үміт сәулесін қалай ұстаушы едік, біз осынау ақыры қол жеткен, ендігі жоғалып бара жатқан сәулеленуге дидарымызды қалай тосушы едік? Бұл қандай заман еді десеңізші, досым!

Офицер өзінің алдында кім тұрғанын таза ұмытқан сыңайлы: ол саяхатшыны құшақтады да, оның төсіне басын төседі. Саяхатшы қатты абдырап қалды, ол шыдамсызданып офицерден сыртқары қарап тұрды. Сарбаз мәшинені тазалап бітірді де, қаңылтыр ыдыстан тегешке тағы да шамалы күріш ботқасын сілкіп түсірді. Енді айтарлықтай қалпына келгендей болған сотталушы тілімен ботқаға қарай созыла бастады. Сарбаз оны ара-арасында әрі итермелеумен болды, шамасы ботқа кейінірек уақытқа арналған болуға керек, бірақ, әрине, сарбаздың өзінің кір қолдары ботқаға сүңгітіп оны аш сотталушының көз алдында жеуі де тәртіпті бұзу еді.

Офицер өзін жедел жинақтап алды.

– Менің сізді мүлде мазалағым келмеп еді, – деді ол оған, – мен бүгінде ол уақытты түсіну қиын екенін білемін. Жалпы мәшине жұмыс істейді және өзі үшін сөйлейді. Ол осынау алқапта жалғыз тұрса да өзі үшін сөйлейді. Және ең аяғында дене шұңқыр маңайында бұрынғы кездерден айырмасы, қаптаған шыбын іспеттес жүздеген адамдар жабысып тұрмаса да, шұңқырға әлдеқандай ақыл жетпестей тербелмелі қисық сызық бойынша ұшады. Ондайда бізге шұңқырды әлді таяныш тұтқалармен қоршауға тура келеді, бұл күнде олар әлдеқашан жұлынып қалған.

Саяхатшы офицерден бет бейнесін жасыру үшін жан-жағына мақсатсыз алақтаумен болды. Офицер ол алқапта қаншалықты бос екенін қарап отыр деп шешті; сондықтан ол оны қолынан қапсырып ұстап алды да, оның көзқарасын ұстап алу үшін маңайында айналақтап, сауал қойды:

– Сіз мына масқараны көріп тұрсыз ба?

Бірақ саяхатшы үнсіз қалды. Офицер оны мазалауды кенет доғарды, аяқтарын талтайтып, қолдарымен бүйірлерін таянып, ол бір сәтке жерге қимылсыз қарады. Сонсоң ол саяхатшыға жігерлі күлімсіреп былай деді:

– Кеше, комендант сізді шақырғанда, мен сізге тақау жерде тұрдым. Мен бұл шақыруды естідім. Мен комендантты білемін. Мен оның сізді неге шақырып отырғандығын бірден түсіндім; ол маған қарсы шығуға жетерліктей қуатты болса да, оған әлі бата алмайды, бірақ сіздің мен жайлы пікіріңізді алып қойғысы, қадірлі шетелдіктің пайымын білгісі келеді. Оның есебі нақпа-нақ: сіз біздің арамызда екінші күн ғанасыз, сіз бұрынғы комендантты және оның ойлау нұсқасын білмегенсіз, сіз еуропалық дәстүрлермен тұмшаланғансыз, бәлкім, сіз жалпы өлім жазасына, оның ішінде үкімді мынадай механикалық түрде орындауға қағидалы түрде қарсы шығарсыз; ақырында сіз өлімнің көпшіліксіз, кембағал күйде, ендігі шамалы тоза бастаған мәшинеде жүзеге асырылатынын көріп отырсыз. Сонда осының бәрін қоса алғанда (комендант осылай ойлайды) сіз менің іс-қимылдарымды қоштамайды деп үміттенуге мүмкіндік бермей ме? Ал егер сіз оларды қоштамасаңыз, онда сіз (мен әлі комендант сияқты пайымдаймын) бұл жайында үнсіз қалмайсыз, өйткені сіз, әрине, өзіңіздің бай тәжірибеңізге сүйенесіз ғой. Рас, сіз әрқилы халықтардың өздеріне тән әдет-ғұрыптарын білесіз және оқымысты санатында ой қорытасыз, сондықтан сіз, бәлкім, мұндай іс-әрекеттерге тап өз еліңіздегідей шешімді пікір айта қоймайтын шығарсыз. Бірақ комендантқа мұның да қажеті жоқ. Оқыста айтылып қалған одағайлау сөздің өзі жетіп жатыр. Ол сөз сіздің сенімдеріңізге сәйкес келуге тиісті емес, ол оның тілек-ықыласына сыртқарғы түрде жауап берсе болғаны. Ол сізден қулық тәсілмен сұрағыштай бастайды, мен бұған сенімдімін. Ал оның қатындары алқа-қотан отыра қалысып, құлақтарын түре қалады; сіз, мәселен «бізде сот өндірісі өзгеше», немесе «бізде айыпталушыдан әуелі жауап алады, тек сонсоң ғана оған үкім шығарады», әйтпесе «бізде өлім жазасынан да өзге жазалар бар», яки «бізде азаптау шаралары тек орта ғасырларда ғана орын алған» деуіңіз кәдік. Мұның барлығы да сізге орынды болып келеді – менің іс-әрекеттеріме тиіспейтін кінәсіз ескертпелер ғана. Бірақ комендант оларды қалай қабылдайды? Мен ендігі біздің коменданттың орындықты оқыс итеріп тастап, балконға асығып бара жатқанын көріп отырмын, мен ендігі оның бикештерінің соңынан ұмтылып бара жатқанын көріп отырмын, мен ендігі оның дауысын естіп отырмын – бикештері бұл дауысты күннің күркірі деп атайды – және оның «барлық елдердегі соттар құрылымын қарастыруға өкілеттік алған Батыстың ұлы ғалымы әлгінде ғана біздің көне өсиеттік тәртібіміз ғаламат рақымсыз деп мәлімдеді. Ондай тұлғаның осындай тұжырымдамасынан кейін мен, әрине, мұндай тәртіппен бітісе алмаймын. Сонымен мен осыдан бастап бұйырамын…» дегенін де естіп отырмын. Және әрі қарай кете береді. Сіздің киліккіңіз келеді, оның сізге таңғанын айтқан жоқсыз, сіз менің тәсілімді адамгершіліктен ада деп атадыңыз, қайта, сіздің терең сеніміңізге қарағанда, бұл деген адамгершілікті және адамға ең лайықты тәсіл, сіз мына техникаға ғажап қалғансыз, бірақ кеш болып кетті – сіз тіпті әйелдер толып отырған балконға да шыға алмайсыз, сіздің айғайлағыңыз келеді, бірақ әйелдің қолы сіздің ауызыңызды жауып тұр, ал мені мен коменданттың ісінің күлі көкке ұшты.

Саяхатшы күлкісін тыйды: ол сондай ауыр деген міндет байқаса, өте жеңіл екен ғой. Ол жалтара жауап берді:

– Сіз менің алған әсерімді асыра сілтеңкіреп отырсыз, комендант менің ұсыным хатымды оқыған болатын, менің сот құрылымының білгірі емес екендігім оған белгілі. Егер мен өз пікірімді білдірген болсам, ол кез келген өзге адамның пікірінен, тым болмағанда осы колонияда өте жан-жақты құқықтарды иемденіп жатқан коменданттың құқықтарынан кем емес пікір болып шығар еді. Егер оның осы жүйе туралы пікірі шындығында сізге анық болатын болып көрінсе, онда мен бұл жүйенің менің көмегімсіз-ақ шаруасы бітті ме деп қорқамын.

Офицер осыны түсінді ме? Жоқ, ол әлі түсінген жоқ-ты. Ол басын бұлғақтатты, сотталушы мен сарбазға жылдам көз тастады, ал олар дір ете қалып, күріштен аулақ кетті, ал анау оның бет-жүзіне емес, әлдеқайда пенжекке қарап, бұрынғыдан тыныштау түрде сөз бастады:

– Сіз комендантты білмейсіз, сіз оған және біздің бәрімізге де – мені кешіргейсіз – қайсыбір дәрежеге дейін елпілдек ақ көңілмен қарайсыз; сіздің алған әсеріңізді бағаламау қиын. Сіздің жазалауға жеке қатысатыныңызды білгенде мен бақытты болдым ғой. Коменданттың ниетіне қарағанда, бұл бұйрық маған соққы беруге тиісті еді, ал мен оны өзімнің пайдама асырамын. Менің түсініктерім тұсында сізді не жалған сыбырлаулар, не жиренішті көз тастаулар алаңдатқан жоқ, ал оларды халық көп жиналған жерде аттап кету мүмкін емес. Сіз болсаңыз мәшинені көрдіңіз және өлім жазасын бақылауға жинақталасыз. Сіздің пікіріңіз, әрине, ендігі қалыптасты; егер сізді әлі де болса әлдеқандай күдіктенулер мазаласа, онда оларды өлім жазасының көрінісі жойып жібереді. Міне, сондықтан да мен сізге өтінішпен жүгінемін: маған комендантты еңсеріп жеңіп шығуға қол ұшын беріңіз!

Саяхатшы оған әрі созуға мүмкіндік бермей, киіп кетті.

– Бұл менің қолымнан қалай келмек?! – деп айғайлап жіберді ол. – Мұныңыз мүмкін емес қой. Мен сізге зиян келтіре алмайтыным сияқты, пайда да тигізе алмаймын.

– Жоқ, қолыңыздан келеді, – деді офицер. Саяхатшы офицердің жұдырығын түйе бастағанын аңғарып қорқып кетті. – Қолыңыздан келеді, – деді ол одан әрмен нығарлап. – Менде қапылысқа ұшыратпайтын жоспар бар. Мен оның жеткілікті болатынын білемін. Сіз өзіңіздің әсеріңіз жеткіліксіз деп пайымдайсыз. Бірақ сіздікі жөн екен деп келіскен күннің өзінде де бұл тәртіпті сақтау үшін кез келген, тіпті жеткіліксіз ықпалды шараларды да қолданып көруге болады ғой? Менің жоспарымды тыңдап алыңызшы… Оның табыспен жүзеге асуы үшін ең алдымен сіздің біздің колонияда осындағы сот өндірісі жайлы пікіріңізді шама келгенше іркіле білдіргеніңіз қажет. Егер сізден тікелей сұрамаса, қайткенде де пікіріңізді айтпаңыз; сіз қысқа да бағытсыз сөйлеуге тиістісіз – сізге бұл жайында пікір айту қиын екенін, егер ашық сөйлейтіндей болсаңыз, онда қарғыс жаудыра жөнелуге әзір екендігіңізді жұрт көрсін. Мен сіздің қалай болғанда да жалған сөйлеуіңізді талап етпеймін, сіз тек қысқа да нұсқа: «Иә, мен үкімнің орындалғанын көрдім» немесе «Иә, мен барлық түсіндірмелерді тыңдадым» деп жауап қайтаруыңыз керек. Міне, осы ғана, артық ештеңе де емес. Сіздің сөздеріңіздегі іліктер коменданттікінен өзгеше болса да, ренішке деген сылтаулар жеткілікті болуы қажет. Ол мұны, әрине, мүлде өзгеше пайымдап, өзінше түсінеді. Менің жоспарым да осындай жағдаятқа негізделген. Ертең комендатурада коменданттың төрағалығымен басқарманың барлық жоғарғы шенеуніктерінің қатысуымен үлкен кеңес болып өтеді. Комендант, әрине, мұндай отырыстарды спектакльге айналдыру үшін қулыққа басады. Тіпті көрермендер әрдайым толтырып тұратын галерея да салыпты. Менің ондай жерлерде тура құсқым келсе де, мұндай кеңестерге қатысуыма тура келеді, тіпті мәжбүрмін. Сізді, әрине, бұл кеңеске шақырады, ал егер сіз өзіңізді менің жоспарыма сәйкес ұстайтын болсаңыз, онда бұл шақыру тіпті нағыз өктем өтінішке айналады. Егер сізді қандайда бір түсініксіз себептермен шақырмайтын болса, онда сізге шақыруды талап етуге тура келеді; онда ондай шақыруды алатындығыңызға күмәнданбауыңызға болады. Сөйтіп, сіз ертең коменданттық ложада отыратын боласыз. Комендант ара-арасында сіздің отырғандығыңызға көз жеткізу үшін жоғарыға қараумен болады. Тек толып жатқан мәнсіз де күлкілі, әдетте тыңдаушыларға ғана есептелген болмашы мәселелерді талқылаған соң, олар кемежайдағы құрылыс жұмыстары, сонсоң әңгіме біздің сот құрылымына да ауысады. Егер комендант бұл әңгімені өзі бастамаса, әйтпесе оны тезірек қозғамаса, онда оның басталуын мен қолға аламын. Мен тұрамын да, бүгінгі өлім жазасы жайлы хабарлама жасаймын. Қысқа ғана, тек осы хабарлама ғана. Рас, онда мұндай хабарламалар жасау әдетке айналмаған, бірақ мен сөйтсе дағы жасаймын. Комендант әдеттегідей мені сүйкімді жымиысымен шығарып салады, бұл жерде ол, әрине, оңтайлы жағдаятты қалай да бос жібермейді. «Әлгінде ғана, – деп бастайды ол осылайша, немесе осыған ұқсас қалыпта, – біз жүзеге асырылған өлім жазасы жайлы хабарлама тыңдадық. Бұған мен өз тұсымнан бұл жазаға өзінің келуімен біздің колонияға ғаламат ілтипат көрсеткен ұлы ғалымның қатысуын қосып айтайын деп едім. Сондай-ақ бүгінгі біздің мәжілісіміз оның қатысуына орай ересен маңыздылыққа ие болып отыр. Енді, міне, бізге бұрынғы әдет бойынша жасалған өлім жазасы және оның алдындағы соттың талқылауы туралы қандай пікірде екендігін сұрап көрсек қайтеді?» Бәрі, әрине, қолдап қол соғады, әсіресе мен елдің бәрінен қаттырақ қол шапалақтаймын. Комендант сізге басын иеді де, былай дейді: «Ондай болған жағдайда мен барлық қатысушылардың атынан мына сауалды қоямын». Осы сәтте сіз тосқауылға жақындап келесіз. Қолдарыңызды барша жұртқа көрінетіндей етіп, былайша қоясыз, әйтпесе бикештер оларды бас салып ұстап алады да, сіздің саусақтарыңызбен ойнай бастайды…

Міне, ақыры сіздің айтқаныңыз келді. Мен осы сәтке дейінгі қалған сағаттардың қауырттылығын қалай көтеріп алып шығатындығымды білмеймін. Өзіңізді сөйлеген кезіңізде ештеңемен шектемеңіз, бар дауысыңызбен ақиқатты айтыңыз, тосқауылдың үстінен еңкейіңіз де «иә, иә» деп айғайлаңыз, өз пікіріңізді, өзіңіздің комендантқа деген нақты пікіріңізді бетіне айтыңыз. Бірақ, бәлкім, сіз мұны қажет етпейтін шығарсыз, бұл сіздің мінезіңізге үстірт шығар, бәлкім сіздер жақта мұндай жағдаяттарда өздерін басқаша ұстайтын шығар? Бұл да жөн, бұл да мүлде жеткілікті, тіпті тұрмай қойыңыз, болғаны бірер ғана сөз айтыңыз, оларды тек төмен отырған шенеуніктер ғана еститіндей етіп айтыңыз, осының өзі жетіп жатыр; сіз көрермендердің жоқтығы жайлы мүлде айтпауға тиістісіз; сыңғырлайтын дөңгелек, үзілген белдік және құсқыңды келтіретін киіз жайлы таза айтпауыңыз қажет, жоқ, қалғанының бәрін мен өз еншіме аламын және сеніңіз егер менің дауысым оны залдан қуып шықпаса, ол оны тізе бүктіреді де, мойындауға мәжбүр етеді: бұрынғы комендант, мен сенің алдыңда табынамын… Міне, менің жоспарым, сіз оны маған жүзеге асыруға көмектескіңіз келмей ме? Әрине, сөйткіңіз келеді, оның үстіне сіз мұны істеуге міндеттісіз!

Офицер саяхатшыны қос қолынан алды да, ауыр демалған күйі оның жүзіне қарады. Соңғы сөздерді айғайлап айтқандығы сондай – тіпті сарбаз пен сотталушы да елеңдесіп, құлақтарын тіге қалысты: олар ештеңе түсінбесе де, дәмге ұмтылуды доғарып, саяхатшыға көз тігіп, шайнаңдаумен болды.

Ол беруге тиісті жауап саяхатшы үшін әу бастан-ақ айқын болатын; ол қазір толғанатындай емес, ғұмырында көпті көрген-ді; ол негізінде адал адам-ды және қорқуды білмейтін. Сөйтсе дағы ол сарбаз бен сотталушыны көргенде бір сәтке кібіртіктеді. Бірақ ең соңында ол айтуға тиістісін айтты:

– Жоқ, – деді.

Офицер оған қарауын тоқтатпай, көздерін жыпылықтатты.

– Сізге түсіндіру қажет пе? – деп сұрады саяхатшы.

Офицер үнсіз басын изеді.

– Мен мұндай сот тәртібінің қарсыласымын, – деді саяхатшы. – Сіз маған сенім көрсеткенге дейіннің өзінде – ал мен, әрине, сіздің сеніміңізді қалай болғанда да теріс пайдаланбаймын – мен осынау тәртіпке қарсы шығуға құқылымын ба және менің араласуым зәредей болса да, табысқа себі тие ме деп ойладым. Мен бәрінен бұрын кімге жүгінуге тиістімін – ол жағы маған айқын болды: әрине, комендантқа. Сіз мұны одан әрі айқындай түстіңіз, бірақ маған шешім жасап бекінуіме әсер еткен жоқсыз, қайта сіздің сенімділігіңіз мені адастыра алмаса да, өте толқытады.

Офицер үнсіз қалды, мәшинеге бұрылды да, жез қарнақ темірдің біреуін сипалақтады, сөйтіп, басын кегжитіп, бәрі бабында ма дегендей жоғарыға, белгі қоюшыға көз тастады. Сарбаз бен сотталушы бұл екі арада достасып кеткендей сыңай білдірді: сотталушы белбеулерден қиналып жатса да, сарбазға белгілер жасады, сарбаз оған еңкейді, сотталушы сарбазға әлденені сыбырлады, ал сарбаз оған жауап орнына басын шұлғыды.

Саяхатшы офицерге тақап келді де, былай деді:

– Сіз әлі менің не істемек болып жатқандығымды білмейсіз. Мен комендантқа бұл жердегі сот өндірісі жайлы өз пікірімді айтамын, бірақ оны кеңес үстінде емес, көзбе-көз өзіне айтамын; оның үстіне мен мұнда әлдебір мәжілістерге қатысу үшін ұзақ қаларым жоқ; мен ертең ерте қайтамын, әйтпесе ең болмағанда кемеге отырамын.

Офицер осының бәрін естімегендей сыңай танытты.

– Демек, біздің сот өндірісіміз сізге ұнамады, – деді ол өзіне-өзі сөйлегендей қалыпта, және бөбектің аусарына күлген қария тәрізді күлкісіне өз ойларын жасырып. – Онда, олай болса, уақыттың болғаны ғой, – деді ол ақыры, сөйтіп, кенет саяхатшыға қарады: сұрғылт көздерінде әлдебір ояныс, әлдебір шақырыс ойнап тұрды.

– Ненің уақыты? – деп саяхатшы мазасыздана сауал қойды, бірақ жауап ала алмады.

– Сен боссың, – деді офицер сотталушыға өз тілінде. Анау ә дегенде сенбей қалды. – Иә, боссың дедім ғой, – деді офицер.

Сотталушының бет-бейнесі алғаш рет кәдімгідей жанданған рең көрсетті. Мынасы рас па? Офицердің шұғыл өтер тәлкегі емес пе? Бәлкім, жат жерлік жолаушы оған рақымшылық жасауды алып берген шығар? Не болып жатыр өзі? Осы сауалдардың барлығы да оның бет-бейнесінде жазулы тұрғандай көрінді. Бірақ ұзаққа емес. Не болғанда да, шынында да, азат болғысы келді, содан тырма мүмкіндік бергенше жұлқына бастады.

– Сен белбеулерді үзесің! – деп айғайлады офицер. – Тыныш жат! Оларды біз ағытамыз.

Сөйтті де, сарбазға белгі беріп, ол онымен бірге жұмысқа кірісті. Сотталушы жан-жағына қарап күлімдеп жатты: біресе сол жаққа – офицерге, біресе оң жаққа – сарбазға қарағыштады, бірақ саяхатшыны да ұмытқан жоқ.

– Алып шық оны! – деп бұйырды офицер сарбазға.

Тырманың тым тақау тұрғандығынан сақтану қажет еді. Сотталушы шыдамсызданғандықтан арқасын бірнеше жерден жеңіл жаралап алды. Бірақ ол енді офицердің назарын аударуды қойды. Анау саяхатшыға жақындап келді де, тағы да өзінің былғары әмиянын суырып алып, оны ақтара бастады, ақыры іздеген қағазын тауып алды да, оны саяхатшыға көрсетті.

– Оқыңыз, – деді ол.

– Оқи алмаймын, – деді саяхатшы, – мен сізге мұны оқи алмаймын деп айттым ғой.

– Ықтияттап үңіліңіз, – деді офицер, сөйтті де, онымен бірге оқуы үшін саяхатшының қасына барып тұрды.

Онда бұдан да қайран болмағанда, ол жоғары биіктікте, еш жағдайда да бір жапырақ қағазға қол тигізуге болмайтындай қағаздың үстіне әріптерді шынтағымен суреттеді, сөйтіп, саяхатшыға оқуды осындай амалмен жеңілдеткісі келді. Саяхатшы да өз тарапынан офицерге ләззат әкелуге барынша тырмысып бақты, тек онысынан ештеңе де шықпады. Сонда офицер жазбаны әріптермен тарата бастады, ал сонсоң оны жинақтап оқыды.

– Мұнда «Әділ бол!» деп жазылған, – деді ол, – сіз мұны енді оқи алатын шығарсыз? – деді ол.

Саяхатшының қағаздың үстіне төмен еңкейгендігі соншалықты – тіпті офицер анау қағазға тиісе ме деп қорқып, одан қағазды аулақ алып кетті; саяхатшы бұдан әрі ештеңе демесе де, оның әлгі жазғанды оқи алмайтындығы айқын еді.

– Мұнда «Әділ бол!» деп жазылған, – деді ол, – сіз мұны енді оқи алатын шығарсыз? – деді офицер тағы да.

– Солай шығар, – деді саяхатшы, – мен тура осылай жазылғанына сенемін.

– Ал жарайды, – деді офицер, тым болмаса шамалы разы болғандай сыңай танытты. Сөйтті де, қолындағы қағазбен басқышпен көтерілді; асқан сақтықпен қағазды белгі қоюшыға қойды да, орнынан тұрды, ол тісті дөңгелектік берілісті толайым қайта құра бастаған сияқты көрінді; бұл өзі өте көп еңбекті қажет ететін ауыр жұмыс еді, тістегершіктердің арасында, шамасы, өте кішкентайлары да болған сияқты, өйткені офицердің дөңгелектер жүйесін әсте әспеттеп қарағандығы сондай – ара-арасында оның басы белгі қоюшының ішінде жоғалып қалып отырғандай болды.

Саяхатшы төменнен бұл жұмысты тынымсыз барлап отырды, оның мойыны ауырып, ұйып қалды, аспаннан төнген күннен көздері әбден талды. Сарбаз бен сотталушы тек бір-бірімен ғана айналысты. Сотталушының шұңқырда жатқан көйлегі мен шалбарын сарбаз ол жерден найзаның ұшымен іліп алды. Көйлек ғаламат былғаныш болатын және сотталушы оны су құйған қауғаға жуғандай болған. Ол шалбары мен көйлегін киген кезде екеуі де – сарбаз да, сотталушы да қарқылдап күліп жіберді, өйткені киім арт жағынан ұзына бойына тілініп тасталған-ды. Сотталушы сарбаздың көңілін көтеруді өзінің міндеті деп санаған болуы керек – оның алдында әлгі көйлекпен айналақтай бастады, ал сарбаз сақылдап күліп тізелерін соққылады. Бірақ мырзалары отырғандықтан, олар өздерінің сезімдерін әлі де болса іркіп отырды.

Ақыры өз жұмысын атқарып, офицер тағы да күлімсіреп әрбір майда-шүйдені қарап өтті, бұған дейін ашық тұрған белгі қоюшының капотын тарс еткізіп жапты да, шұңқырға, сонсоң сотталушыға қарады, оның одан өз киімін алғанына мағұрланғандық білдірді, сонсоң қолын жумаққа қауғаға келді, мұндағы былғанышты кешігіп болса да байқады, енді оған қол жууға жағдайы келмейтініне қынжылды, ақыры оларды құмға көмді де (былайша айырбастау оның көңілінен шықпай тұрды, бірақ басқа еш шара жоқ еді), сонсоң орнынан тұрып өзінің мундирін ағыта бастады. Осы кезде оған бәрінен бұрын алдында жағаның ар жағына жасырған екі әйел орамалы қолына ілікті.

– Міне, сенің орамалдарың, – деді ол, оларды сотталғанға лақтыра тастап. Ал саяхатшыға түсіндірген сыңайда: – Бикештерінің сыйлықтары ғой, – деді.

Өзінің мундирді көпе-көрінеу асығыстықпен шешкендігіне қарамастан, ол тыр жалаңаш шешінді, әрі киімінің әрбір затына өте ұқыптылықпен қарады; мундирдегі күміс аксельбанттарды ол ерекше бипаздап саусақтарымен жазды, ал сүйектердің бірін сілкіп түзетті. Бірақ мұнысы оның өз асай-мұсайларын бірден шұңқырға лақтырып жатқандығымен қабыса қоймады. Онда қалған соңғы дүние иықтан асыра тастаған белбеудегі кездік еді. Ол кездікті қынабынан суырып алып сындырды, сонсоң бәрін бірге: кездіктің кесегін, қынапты және портупеяны күшпен шиыра лақтырғаны соншалық – тіпті олар шұңқырда зыңғырлап кетті.

Енді ол жалаңаш тұрды. Саяхатшы ернін тістелеумен болды, бірақ ештеңе деген жоқ. Ол алда не болатынын білсе де, офицердің еш шаруасына кедергі жасауға құқығы жоқ еді. Егер офицер қадірлеген сот тәртібі, шындығында, аяқталуға жақын болса – бәлкім бұл араласуды өзінің міндеті деп санаған саяхатшының килігуінен шығар – офицер қазір дұрыс істеп тұрды, ал оның орнында саяхатшы да тура сөйтер еді.

Сарбаз пен сотталушы дәнеңе де түсінбей тұрды, олар алдында офицерге тіпті қараған да жоқ: сотталушы оған орамалдарды қайтарғанына өте қуанып еді, бірақ оған ұзақ қуанудың орайы келмеді, өйткені сарбаз ширақ қозғалып, одан орамалдарды шұғыл жұлып алды. Сонда сотталған да өз тарапынан сарбаздың беліне жасырған орамалдарын жұлып алуға талаптанып еді, бірақ сарбаз қарсыласуға әзір тұрды. Олар осылайша жартылай қалжыңдасып және дауласумен болды. Тек офицер таза шешінгенде бұлар сақтана бастады. Сотталушыны әлдебір ұлы бұрылыстың болатындығын сезінуі қатты толғандырғандай көрінді. Онымен болған жағдаят енді офицердің басынан өтіп жатты. Енді ол, бәлкім, шаруаны аяғына дейін жеткізетін шығар. Бәлкім, мына шет жерлік солай бұйырған болар. Бұл, сайып келгенде, өш алу болды. Азапты аяғына дейін өткермей, ол аяғына дейін кегі алынған болды. Оның бет-бейнесінде дыбыссыз мысқыл пайда болды да, одан кейін кетпей қойды.

Ал бұл екі арада офицер мәшинеге бұрылды. Оның бұрын да мәшинені тамаша игергені айқын болса, енді қазір оның мәшинені қалай басқаратынына, мәшиненің мұны қалай тыңдайтынына тіпті таңғалуға болатын еді. Оның қолын тырмаға жақындатуы-ақ мұң екен, ол талап етілетін жағдайға келгенінше әлденеше рет көтерілді және түсті; ол жатақтың шетіне тиісіп еді, жатақ дірілдей бастады; киіз доғаның тілі ауыздың қарсы алдына келді, жалпы офицердің онсыз да іс-қимыл жасағысы келетіні көрініп тұрды, бірақ минуттік толқудан соң, ол өзін жеңіп, киізді аузына алды. Бәрі дайын тұрды, тек бүйірлерде белбеулер көрінді – бірақ олардың қажеті жоқ еді – офицерді байлау керек те емес еді. Бірақ сотталушы ілулі бауларды байқап қалды да, бекітілмеген баулардың астында жазалау жеткіліксіз болады деп есептеп, сарбазға басын ширақ сілкіп қалды, сөйтіп, олар мәшинеге олар офицерді байлап тастамаққа жүгіре жөнелді. Ол белгі қоюшыны қосып тұрған ажыратқышты итеру үшін бір аяғын созды; офицер жүгіріп келгендерді көріп, аяғын созуды тоқтатты да, өзін байлап тастауға мұрсатана берді. Бірақ оның қазір ажыратқышқа ендігі қолы жетпейтін еді; сарбаз да, сотталған да ажыратқышты таба алмас еді, ал саяхатшы болса саусағын да қимылдатқысы жоқ-ты. Бұл қажет те болмай қалды; баулар бекітілген бетте-ақ мәшине бірден жұмыс істей бастады: жатақ дірілдеп тұрды, тістер терінің бойымен жүргіштеп, тырма көтеріліп және төмен түсіп жатты. Саяхатшы бұған көз суарып болды, одан бұрын белгі қоюшыдағы бір тістегершіктің сыңғырлауға тиісті екендігін есіне түсірді. Бірақ бәрі де тыныш, ешқандай да шуыл естілген жоқ.

Осындай бапты жұмысына орай мәшине өзіне назар аудартуды мүлде қойды. Саяхатшы назарын сарбаз бен сотталушыға ойыстырды. Сотталушы ширақтау қимылдап жатты – оны мәшинедегі тетіктердің барлығы да алаңдатты, ол біресе еңкейді, біресе аяғының ұшына тұрды, сарбазға ылғи әлденені сұқ саусағымен нұсқап көрсетіп жатты. Саяхатшыға бұл жағымсыз тиді. Ол осында ә дегенде аяғына дейін қалуға жиналып еді, бірақ сарбаз бен сотталушыға қарап тұру, адам төзбейтін азапқа айналды.

– Үйлеріңе қайтыңдар, – деді ол оларға.

Сарбаз, бәлкім, сөйтер ме еді, бірақ сотталушы бұл бұйрықты тура жаза санатында қабылдады. Ол қолдарын айқастырып, оны осында қалдыруға жалбарына сұрады, ал саяхатшы қарсылық білдіргендей раймен басын шайқағанда, тіпті тізерлеп отыра қалды. Саяхатшы мұнда ешқандай бұйрықтар көмектеспейтіндігін түсінді, сондықтан сарбаз бен сотталушыны жай ғана қуып жіберуге оқталып, екеуіне жақындай берді. Осы сәтте ол жоғарыдан, белгі қоюшыдан әлденендей шуылды естіді. Ол жоғары қарады. Яғни, десе дағы тістегершіктің біреуін тұтып қалатын болғаны ғой? Бірақ бұл басқадай жағдаят еді. Белгі қоюшының капот қақпағы баяу көтерілді де, айқара ашылды. Бір тістегершіктің түстері көтеріліп көрінді, ал ізінше әлдебір ғаламат күш белгі қоюшыны қысқандай және бұл тістегершікке орын жетпегендей көрінді; тістегершік белгі қоюшының шетіне дейін домалап барды да, құлады, тік тұрған күйі домалап барып, құмға жайғасты. Алайда жоғарыда және біреуі көтеріле бастады, одан соң басқалары да сөйтті, әр жолы белгі қоюшы бос болуға тиісті сияқты көрінді, бірақ осы кезде жаңа, бұрынғыдан да көп тізбектер пайда болды, олар көтерілді, құлады, құммен домалап барып, құмға жатты. Осынау көріністен кейін сотталушы саяхатшының бұйрығы жайлы таза ұмытты, тістегершіктер оны қуанышқа бөледі, ол олардың әрқайсысын ұстап алғысы келіп, сарбаздан өзіне көмектесуін сұрады, бірақ әр жолы қорқынышпен қолын тартып алып отырды, өйткені оның артынан басқа дөңгелек асығып келе жатты, ал ол оны ең болмаса домалаған кезінде де үрейлендіретін еді.

Саяхатшы, қайта, өте сабырсызданды; мәшине шәт-шәлекейі шығатын сыңай танытты, оның бапты жүрісінің өзі кісі алдарлық еді, онда ол енді офицерге көмектесуі керек деген сезім пайда болды, өйткені ол өзіне-өзі қамқорлық жасай алмайтындай мүшкіл жағдайда еді. Бірақ өзінің бар назарын түсіп жатқан тістегершіктерге шоғырландырамын деп жүріп, мәшиненің қалған бөлшектерін қаперінен шығарып алды, сөйтіп ол қазір белгі қоюшыдан соңғы тістегершік түсіп қалғанда, оны бір соны, бірақ жағымсыз жағдаят тосып тұрды. Тырма жазуды доғарды, ол тек түйрелеумен болды және жатақ, дірілдеп тұрып денені бұрған жоқ, тек қана оны тістерге отырғызумен «айналысты». Саяхатшы киліккісі келді, тіпті мәшинені тоқтатуға да бел буғандай болды, бұл ендігі офицер ұсталып жатқан азаптау емес, бұл кәдуескі кісі өлтірудің өзі болатын. Ол қолын мәшинеге созды. Бірақ осы сәтте тырма өзіне қондырылған денемен бірге бұл жаққа қарай қозғалды, ал ол ондайды әдетте тек он екінші сағатта ғана жасайтын. Қан сумен араласпай жылға-жылғамен ақты, – суға арналған түтікшелер бұл жолы да істемей қалды. Міне, енді соңғысы да істемеді – дене ұзын инелерден бөлінбеді, ол қанға бөгіп, шұңқырдың үстінде ілігіп тұра берді. Тырма бұрынғы өзінің қалпына қайта оралуға сәл ғана қалды, бірақ оның жүктен босанбағанын байқағандай, шұңқырдың үстінде қала берді.

– Көмектессеңдерші! – деп айғай салды саяхатшы офицерді аяғынан ұстап алып сарбаз бен сотталушыға. Ол осы жағынан аяғына жатқысы келді, сонда ана екеуі өзге жағынан басына жатып, бәрі жабылып офицерді тістерден табан астында босатып алар еді. Бірақ ана екеуі тіпті жақындауға бата алмады: сотталушы таза сырт айналып кетті; саяхатшыға оларға жақындап келіп оларды күшпен жатақтың бас жағына тақалтуға тура келді. Осы кезде ол еркіне қарсы дерлік өліктің бет-бейнесін бағамдады. Ол тірі кезіндегідей дерлік еді, онда құтылудың уағда етілген еш белгілері жоқ болатын: бұл мәшинеден өзгелер алғанды офицер ала алмаған; еріндері қатты жымқырулы, көздері ашық және жанары сабырлы да сенімді, маңдайына ұзын темір кескішті үшкір жағы кіріпті.

Саяхатшы сарбазбен және сотталушымен колонияның алғашқы үйлеріне жақындап келгенде, сарбаз оның бірін нұсқады да:

– Міне, кофехана, – деді.

Бұл үйдің төменгі қабатында қабырғалары мен төбесі әбден ысталған үңгір іспеттес бөлме болатын. Ол көше жақтан айқара ашық тұратын. Кофехананың комендатураның аса үлкен ғимаратынан басқалары колонияның тозығы жеткен басқа үйлерінен өзгешелігі шамалы болса да, олар саяхатшыларға тарихи ғимараттардай әсер қалдыратын, содан ол баяғы заманның иісін, тіпті билігін сезіндіретін. Ол осынау үйге тақап келді, өзін осында алып келген шығарып салушылардың алдынан өтті, ондағы үстелшелерден асып барып, іштен ұрып тұрған салқын да борсыған ауасын кеудесін кере бір тартты.

– Қария осында жерленген, – деді сарбаз. – Дін қызметшісі оған зираттан орын беруге рұқсат етпеді. Біраз уақыт бойына ел оны қайда жерлерін білмеді, бірақ ең ақырында осы жерден топырақ бұйырды. Бұл жайында офицер сізге ештеңе айтпаған шығар, өйткені ол осы жағдайдан қатты қымсынып жүретін. Ол тіпті әлденеше рет қарияны мына көрден қазып алуға да оқталып жүрді, бірақ әр жолы оны қуып жіберетін.

– Ол бейіт қайда? – деп сұрады саяхатшы сарбазға сенбей.

Сарбаз бен сотталушы ол орынды бірден тапты да, созылған қолдарымен бейіт тұрған жерді нұсқады. Олар саяхатшыны бірнеше үстелдің басында келушілер отырған сыртқы қабырғаға қарай өткізді. Бұлар, шамасы, ірі денелері, жалт-жұлт еткен сақалдарына қарағанда кемежайдың жұмысшылары болу керек. Олардың бәрі де пенжексіз, жыртық көйлек киген кедей жұрт еді. Саяхатшы жақындаған кезде, кейбіреулері үрпиісіп орындарынан тұрды да, қабырғаға жабысып, бұған сүзіле қараумен болды.

– Бұл – шетелдік, – деген сыбыр естілді маңайдан, – оның бейітті көргісі келетін көрінеді.

Олар үстелшелердің біреуін әрі сырғытты – оның астынан шынында бейітке қойылатын тас көрінді. Ол оны үстелше жауып тұра алатындай жадағай ғана жай тас болатын. Онда өте ұсақ әріптермен жазылған сөздер көрінді. Оны оқу үшін саяхатшыға тізерлеуге тура келді. Ондағы жазу былай деп тұр еді: «Мұнда байырғы комендант жатыр. Қазір ол түгілі өз есімін атауға қорқатын оның жақтастары осынау қабірді қазды да, осы тасты қойды. Мынадай сәуегейлік болжам бар: белгілі бір жылдар өткеннен кейін комендант тіріледі де, өзінің жақтастарымен колонияны басып алуға осы үйден аттанады. Сеніңдер де тосыңдар!» Саяхатшы мұның бәрін оқып орнынан тұрғанда, ол өзінің айналасында адамдардың тұрғанын және олардың мына жағдаятқа кекете күліп тұрғанын аңғарды. Тап бір жазуды олар да бірге оқып, оны күлкілі деп тауып, оны өздерінің пікірлеріне қосылуға шақырғандай көрінді. Саяхатшы мұны байқамаған сыңай танытты да, оларға біраз тиын-тебен таратты. Қабірді үстелшемен жапқандарынша күтіп тұрды да, кемежайға бағыт алды.

Сарбаз бен сотталушы кофеханада өздерін бөгеп қалған таныстарын кездестірді. Бірақ, шамасы, олар бұлардан тез құтылған сыңайлы: ол қайықтарға апаратын ұзын сатының ортасына жетуі-ақ мұң екен, олар мұның соңынан жүгіріп келе жатты. Олар, шамасы, соңғы сәтте саяхатшыны өздерімен бірге қалуға мәжбүрлегілері келген сыңайлы көрінді. Саяхатшы төменде қайықшымен кемеге апарып салуы жайлы келісіп жатқанында, мына екеуі айғайлауға бата алмағандықтан, сатының үстімен үнсіз жүгірді. Бірақ олар төменге жеткенде, саяхатшы ендігі қайыққа орнықты да, қайықшы жағадан әрі кетті. Олар қайыққа секіріп мінуге де үлгеруші еді, бірақ саяхатшы қайықтың түбінен ауыр да түйілген арқанды көтеріп көрсетіп қорқытты, содан олар секіруден тайсақтап қалды.

Аударған Марал ХАСЕН

Пікір қалдыру

*