Әлем әдебиеті

ҚАЙҒЫ АЛАУЫ БАРАДЫ ӨРТЕП…

0

СҰЛ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Артюр РЕМБО

 

ҚАЙҒЫ АЛАУЫ БАРАДЫ ӨРТЕП…

 

(Жан Никола) Артюр РЕМБО (1854-1891) – XIX ғасырдағы француздың символист-ақыны.

Артюр Рембо шығармашылықпен небәрі үш-төрт-ақ жыл айналысқан. Бірақ сол қысқа мерзімнің өзінде жас ақын өз стилімен ерекшеленіп, француз әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосты. 1869 жылы ол өзінің «Югурта» поэмасы үшін алғашқы сыйлығын алды. Сонымен қатар 1870 жылдың қаңтарында «Ревю пур тус» журналының бетінде жарияланған «Жетімдердің жаңа жылға сыйлықтары» атты жыр жолдарын жазды. 1871 жылы ақын өзінің өмірлік, эстетикалық бағдарламасын паш еткен «Көріпкелдің хаттарын» жарыққа шығарды. Маусым айында «Жеті жасарлық ақындар», «Шіркеудегі қайыршылар», «Ұрланған жүрек» сынды соңғы шығармаларын жазады.

1873 жыл – Артюр Рембо шығармашылығының ақырғы жылы. Ол өлеңнен бас тартып, Шарль Бодлердің тәжірибесінің негізінде танымалдылық пен мойындаушылыққа негіз болған поэтикалық проза – «Тозақтағы ғұмыр» мен «Нұрлануды» өмірге әкелді.

 

ЖЕТІМДЕРДІҢ ЖАҢА ЖЫЛҒА СЫЙЛЫҚТАРЫ

І

Бөлме күңгірт қоймалжың,

Қара қанат түн кірген,

Екі бала бөлмеде сыбырлайды мұңды үнмен.

 

Бозғылт перде артынан көрінеді бастары,

Еңселерін езеді үрейлі елес басқалы.

 

Тырнағымен қаһарлы бүрген кезде сұр аспан,

Тоңған тәннің дірілі қорқынышқа ұласқан.

 

Жаураған құс сырттағы бір-біріне тығылған,

Мүлде айрылып тынғандай «ұшу» деген ұғымнан.

 

Барады өтіп Жаңа жыл нөкерімен тұманды,

Қарлы тонын сүйретіп,

Күледі өзі күмәнді.

Құс қанаты,

ағаштың бұтақтары жарқырап,

Ән салады Жаңа Жыл жылайды әрі қалтырап.

ІІ

Қос бөбекті тас түнек езгілейді сан батпан,

Шығармайды үн – дауысты аулағандай жан-жақтан.

 

Түршігеді естілсе – алтын әуен таң алды,

Шойын балға түрткендей шыныланған қамалды.

 

Бөлме – суық.

Түн шашын тарайды таң тарағы,

Жерде жатыр шашылып кілең киім қаралы.

 

Түн серпілді ұйтқыған таңның суық желінен,

Толтырады бөлмені жел өзінің демімен.

 

Жанарыңнан сауал боп тірілгенде ішкі үміт,

«Мына жерде кім жоқ?» – деп сұрарсыз сіз қыстығып.

 

Салтанатты мейірім шүпілдеген жанында,

Жоқ сияқты анасы бөбектердің маңында.

 

Кетті ме екен ұмытып қарбаласта кештегі,

Отты көсеп қоюды күл ішінен пештегі?

 

Үйді тастап баратып біржолата ертесін,

Бейбақ бөбектерінің қымтаса етті көрпесін?..

 

Қайда кетті анасы? –

Білмейді оны жуық маң.

Қос қозысын кетті ме қорғай алмай суықтан?

 

Қайран ана елесі!

Жылы еді ғой мамықтан,

Борап жатты жұпары кеше суық табыттан.

 

Тәтті түсті көріп кіл, аппақ нұрға боянған,

Бақыт еді-ау сәттері құшағында оянған.

 

Зұлымдықтың жасыны соққан кезде сорғалап,

Ұясының үстіне төсеуші еді ол қанат.

 

Сол қанаттың астында қос балапан шырлайтын,

Ұясының ұйтқысы шаттық жырын тыңдайтын.

Әттең!

Енді ұяда жылу да жоқ, мамық та,

Тоңып жатыр бөбектер таңылғандай табытқа.

 

Таң да үрейлі оларға.

Анасынан үзді үміт.

Тұл бөлмені кезіп жүр таңғы дүлей ызғырық

ІІІ 

Бұлар – жетім…

Енді-енді қандыңыз ба мән-жайға? –

Аналарын жер құшты.

Ал әкесі – шалғайда.

 

Кемпірге де күтуші

Бала бағу оңай ма?! –

Көбіне оның елесі көрінбейді маңайда.

 

Отырады егіліп, атқанда таң томсарып,

Ызғарлы үйдің ішінде күнді екеуі қарсы алып.

 

Өткен күнін ойлайды қабақтарын тас түйіп,

Естеліктер – ешқашан түгесілмес таспих.

 

Уәде еткен сыйлықтар шашушы еді нұр ғажап,

Тылсым тәтті сәулелі түс көретін түнде азат.

 

Әркім түсін көретін – не көргісі келсе егер,

Алтын қағаз оралған тәтті ұсынған қол шебер!

 

Ойыншықтар би билеп, мың бұралып айтады ән,

Жоқ боп кетіп біресе, жарқ ете қап қайтадан.

 

Ерте оянып азанда, айыққанда пәк тұман,

Әлі кетпей жатушы ед еріндегі тәтті дәм.

 

Мереке күн жеткенде жарқ-жұрқ етіп жанары,

Ата-ананың үстіне қақпай кіріп барады.

 

Ал бұларды ол жерде қарсы алатын сүйіспен,

Мас болатын жымиған жұпары бар иістен.

 

Мерекенің сылтауы емес еді аз бақыт,

Тентектіктің ошағын жіберетін маздатып. 

ІV

Оһ, олардың сөздері тамаша еді-ау, тамаша! –

Құлпыратын сәт сайын үйдің іші жаңаша.

 

Пештегі от та гүл құсап жайнаушы еді уыста,

Көлеңкелер бір сәтке тығыла қап қуысқа.

 

Көлеңкелер биінен жалыны оттың шалқыр-ды,

Жиһаз беті елеске толушы еді сан түрлі.

 

Бір қызығы, кілті жоқ…

Иә, кілті жоқ шантақтың,

Көз ала алмай дәл содан, келді талай дәм татқың.

 

Кілттеулі есік ар жағы құпия бір ғалам боп,

Ашты қиял кірпігін сол тылсымға алаң боп.

 

Тесігінен құлыптың қараңғыны қақ жарып,

Естілетін бір гуіл, түнгі тылсым жанданып…

 

Ата-ананың бөлмесі қаңырап тұр ал, бүгін,

Жұтты түнек есікке жұққан сәуле қалдығын.

 

Енді, міне, пеш те жоқ,

Сүю де жоқ өртеніп,

Ата-анамен бірге өшіп қалды адыра еркелік.

 

Жаңа жылдың түні де қайғы болып басталмақ,

Қарсы алады егіліп, жанарлардан жас парлап.

 

Сыбырлайды екеуі пештің түбін мекендеп:

«Алыстағы анамыз қашан келер екен?» – деп…

V

Барады ұйықтап бөбектер түк қорғансыз пішінде,

Жылап жатқан сықылды олар тіпті түсінде.

 

Жүрегіңді бұл қайғы алады орап жалынша,

Түн ішінде өксіген бөбек үні шалынса.

 

Сәби шақтың, алайда періштесі емсек-ті,

Қос жетімге тәп-тәтті түстерді әкеп көрсетті.

 

Мүмкін емес бөлісу ол түстердің шаттығын,

Шалықтайды жымиып, шашып маңға пәктігін.

 

Қолдарымен жер тіреп, көтереді бастарын,

Шолады кеп көздері қызғылт жұмақ аспанын.

 

Кетіргендей тәтті түс көңілдегі қаяуын,

Шашу қылып ойнайды кемпірқосақ бояуын.

 

Пеште жалын лаулайды, көңілді бір ән салып,

Терезеден көк аспан үңіледі тамсанып.

 

Күн нұрына масайып күллі ғалам оянды,

Ыстық сүйіс қыздырған жер шапаққа боянды.

 

Үй жап-жарық…

Үрей жоқ.

Тұр қанатын жайып көк,

Қара киім жердегі кеткен бәрі ғайып боп.

 

Қойды үруін жыртқыш жел үй есігін тырналап,

Перизаттар жүргендей шекесіне гүл қадап.

 

Қос бөбектің шықты үні –

Қуанышты үн бал төккен…

Міне, ананың төсегі…

Не нәрсе онда жалт еткен?

 

Кереуеттің үстінен қоя берді күлімдеп,

Ақ күмістің жүзінде қызғылт сәуле дірілдеп.

 

Кіл зергерлік бұйымдар жарқырап тұр, жанып тұр,

Маржан қырын

Жұзақтың сәулесі өтті қарып бір.

 

Онда алтынға Аманат-Сөз жазыпты мүсіндеп:

Ең асыл сөз ойылған:

«БӘРІ АНАМЫЗ ҮШІН!» – деп. 

ҚАРҒАЛАР

Қаһарлы аяз мінгенде әбден желкеге,

Күллі ғалам басып алып құлағын,

Ауылдарда өшкенде үні дұғаның;

Ұлық Ием, бұл қайғылы өлкеге,

Мынау өлі кереңдікке тас тамған,

Қарғаларды жаудыртшы бір аспаннан.

 

Аумайсыңдар қатал үнді әскерден,

Ұяларын жел талаған қайғылы.

Жыртқыш, жойқын өзендермен әйгілі,

Бейіттегі айқыштармен жас көмген,

Түн тығылған ор үстімен өтіңдер,

Жетіңдер де әрмен тағы кетіңдер!

 

Өлісі үнсіз француздың өлкесін

Кезіңдерші қысыменен дүркіреп,

Қалғып кеткен санамызды сілкілеп,

Жанымызды жад алауы өртесін.

Жаулап алса сол үрейлі үн көкті,

Ұмыттырмас біздерге ұлы міндетті!

 

Бірақ мамыр құстарының сырлы үнін

Жібермеші өз қайғыңмен үркітіп –

Тұр оларды алаңдарда гүл күтіп.

Сен түрші тек меңіреулер түндігін:

Өткені – өлі, болашағын қайғы алған,

Тамырлары мылқаулыққа байланған.

ЕСТЕЛІК

Тұп-тұнық су бала шақтың көз жасындай тым кермек,

Әйелдердің ақ тәндері ұмтылады күнді аңсап.

Жалаулардың жібегіне торын сәуле құрған шақ,

Жасырынған жар астына қызды лала гүл көмбек.

 

Жыбырлап жүр періштелер –

Жо-жоқ… алтын ағыс па? –

Шөп ішінде жатыр оның ылғал қолы көз қарып,

Оған түк те етпейді әсер төніп келген қозғалып –

Үстіндегі көлеңке ме әлде түпсіз ғарыш па?!

ІІ

Көз алдында ылғал әйнек, сабын көбік бұрқаған,

Су шаяды бар төсекті алтын құсап бозамық,

Қыздың жасыл бөз көйлегі ерікті алып тозаңып,

Сәмбі талға қатты ұқсайды құстың әнін қымтаған.

 

Сарғыш қабақ көне ақшадай бедерлі екен.

Қызған қан.

Лала гүлдей ашылады жұбайыңның пәктігі,

Кешкі арайды дірілдетіп тұр бөлмеде тәтті үні,

Күңгірт айна шақырды оны батар күннен қызғанған.

ІІІ

Көрші орманның алаңқайы.

Жас әйел от тұтатты,

Қолында оның қолшатыр мен езілген гүл…

Пәк талғам.

Ал балалар шөпке отырып сафиянмен қапталған

Қолдарына ап оқып жатыр қасиетті кітапты.

 

Әттең, әлгі кетіп қалды…

Сәл қысты да қолынан.

Жол үстінде қош айтысқан періштедей елесі.

Төбе артынан көрінбейді…

Үрей буған денесі

Барады еріп әлгі суық қарайғанның соңынан

ІV

Сәуірдегі Ай, бұл киелі төсекке алтын құй бүгін,

Кім ұға алар қалың, таза қайғыларын шалғынның?..

Жағадағы иесіз қорған моласындай бал-күннің,

Оған бүгін жазғы кештер жүргізеді билігін.

 

Жел сыбдыры.

Жылайды үнсіз қорғандағы бөрене,

Сыбыс аулап тынып қалған сақшы-терек тынысы.

Сұп-сұр жазық, – еш елестің білінбейді сыбысы.

Ал шал болса етеді еңбек қайраңдағы кемеде.

V

Күлгін судың ойыншығын жасаймын деп қапылман,

Қолым қысқа,

тәнім әлсіз,

жылжымайды қайығым.

Сарғыш гүлді жұлудың да таба алмаймын лайығын –

Күл төгілген су түбінен көкпеңбек боп шақырған.

 

Тал қанаты кетті қозғап өрмекшінің шатырын,

Қамыс, құрақ жаншып кеткен көнді гүлдер тағдырға.

Таңар екен қатал тағдыр қай батпақ, қай балдырға

Қайығымды –

Су түбіне батып кеткен ақырын?..

* * *

О жүрегім – қан мен оттан төсегі,

Кісі өлтіру.

Иттей ырыл.

Есті аң-таң.

Жеті тозақ отын бүгін көседі,

Тәртіп пен заң шекарасы тас-талқан.

 

Кек қуамыз көзімізге қан ұйып,

Өлім! – Саған, биіктегі төрелер!

Үнің өшсін, заң мен билік, тарих! –

Қанмен, отпен сыбағаңды береді ел!

 

Кел, ақылым, қанға қақта жүзіңді,

Кек алауын жағып, бәрін үйтеміз.

Бар патшалық шекарасы бұзылды,

Жетер, әскер, тозды біздің жүйкеміз!

 

Атылғанда ашу, кектің тығыны,

Қиялшыл дос, біз жасаймыз өмірді.

Жақындаңдар, о қарғыстар ырылы,

Тыныштықтан гөрі осы көңілді.

 

Евроазия, Америка, – зыт әрі!

Кек маршына жұтылады шартарап.

Ауыл, қала! –

Барлығын түн жұтады,

Мұхиттарды жанартаулар өрті орап.

 

Біз бауырмыз!

Таныс-бейтаныс достарым,

Зәңгі-зұлыс, кәне, артымнан еріңдер!

Қайғы алауы барады өртеп…

Аспаным

Құлап келед…

Бізді орайды кебін-жер.

 

Жоқ ештеңе! Мен мұндамын.

Бұрынғыша… 

ҚАРАҚАТТЫҢ ӨЗЕНІ

Қарақаттың өзені түк түсінбей жылжиды,

Періштелер секілді қарғалар.

Кернейлерін үргілеп тартады кеп бір күйді,

Аққан өзен үніне жалғанар.

Самал желдің соңынан қалмай еріп сүңгиді,

Қарағайлар жүгірген – ол да бар.

 

Барлығы да ескірген құпияның соңынан,

Далақтайды, ереді дабырға.

Көне қамал, керең жар жолығады жолынан,

Ер-серінің елесі қабырда.

Айтады елес сыбырлап, қорқынышты торыған…

Ол күн бірақ малынған жалынға!

 

Жалғыз жаяу жүргінші сығаласын жарықтан,

От алсын бір сілкінген күйінен.

Құдай өзі қарғаға құдіретін дарытқан,

Жауынгері орманның – шүйіген –

Анау ашкөз шаруаны – қарғымайтын арықтан,

Қуу үшін үйренген үйінен.

 

ШӨЛДІҢ КҮЛКІСІ

1. АТА-БАБАЛАРМЕН ӘҢГІМЕ

Иә, біз сенің ата-бабаңбыз!

Қарашы:

Ерлікке толы жеңіл шараптың шарасы.

Дарыған оған жасыл шөптер мен

Толған айлардың парасы.

Күннің астында, шамасы,

Ішуден басқаны қаламайды адам санасы.

 

Мен. – Басымды жұтса, шіркін-ай, менің,

Жабайы өзендер жағасы!

 

Біз сенің ата-бабаңбыз!

Сұс-есім.

Су іздер болсаң, ол – ағаштарда

Қымтаған қабық мүшесін.

Қарашы: ол су – орларда,

Және маңайда –

Құлыптап қойған кісесін.

Су керек болса,

Біздерге қарай –

Көр-қоймаға онда түсесің,

Ал сүтті кейін ішесің.

 

Мен. – Барғым келеді сансыз отарлар

Қандырған жерге місесін!

 

Иә, біз сенің ата-бабаңбыз!

Ыдыстарында от күлген,

Барлығы да әзір:

Кофе де, шай да бөктірген.

– Қабірстаннан оралып тұрмыз шоқ гүлмен.

 

Мен. – Барлық қоқыс салғышты

Құрғатсам, шіркін!.. – деппін мен…

2. ӘРУАҚ

Мәңгіліктің Уиндинасы1, ұшқыр ең,

Тұңғиықты өлшеп,

салшы тіс-түрен.

Тулап жатқан толқындардың үстімен,

Афродита, ұш кілең.

 

Норвегия Агасфері, көзең – нұр,

Қар туралы айтып берші әңгіме.

Ертегіде қуғын көрген ежелгі ұл,

Мұхит жайлы шырқашы бір әнді де.

 

Мен. – Сусынға да – шыттай жаңа шишасы,

Шыныдағы гүлдерге де түк те жоқ!

Шөлдеткенде көне аңыздың қисасы,

Бар салмағын біздерге кеп жүктемек.

 

Бұл жабайы шөлдің кіндік әкесі –

Жырау тағы кептіреді аңқамды.

Жеті басты су-аждаһа сәт осы

Жылжып келіп кеміреді қаңқамды.

3. ДОСТАР

Жүр! – десе дос іркілмегем,

Шарап болып бүлкілдеген

Жағаны ұрған толқындар кеп,

Мас ормандар көркімді әрлеп,

Таудан төмен солқылдар кеп,

Басылмаған өртім бар деп.

 

Асығыңдар, бірадарлар,

Жасыл шарап, сыралар бар…

 

Мен. – Бұл көрініс, басы – мұзда,

Әлдеқайда асығуда, –

Тоқтамай ма қасымызға?!

Мас болудың мағынасын,

Ұқпадың-ау тағы, досым?..

 

Түсін сырын мастың, қарақ,

Шын мас болсам, аштым – қабақ.

Тоғандарда,

Жеркенішті

Көбіктердің астында қап;

Шірік ағаш арасында

Жатсам, шіркін, тасқын қамап!

4. МҮСӘПІР АРМАН

Бір жерлерде Ескі Қала

Күтіп тұр ма бәлкім, мені?

Шарап ішіп шалқыр ма еді!? –

Онда қарсы ап кешті дара,

Соғар ма ажал салқын демі.

 

Ақша бітсе жаныма аздап,

Қайғы қашып кіл кісәпір,

Оңға, солға жырды сапыр –

Жөнелер ме ем тағы маздап?

О жоқ!

Арман – тым мүсәпір.

 

Көп жоғалттым – бердім әлді,

Қайта ие боп атағыма,

Аттансам да сапарыма,

Кіре алмаспын енді мәңгі –

Жасыл Жыртқыш Жатағына.

5. ҚОРЫТЫНДЫ

Көгершіндер алаңда бүрсеңдеген,

Түнгі жыртқыш жерді іздер кірсем деген.

Қорада – мал,

Ақырғы көбелек те,

Барлығы да дәл бүгін тым шөлдеген.

 

Жан тапсыру қай жерде – маңызды емес,

Ішінде еру бұлт, гүлдің парыз демес.

Ормандарда – шашырап күн нұрымен

Сен жайында тарайды аңыз көмес…

ТАҢҒЫ ТӘТТІ ОЙЛАР 

Тәтті түс қандай жазғы таңдағы,

Ғашықтар гүлдей ашылған.

Кешкі тойлардың наз-жұпарлары

Күн шапағымен шашылған.

 

Алайда зәулім құрылыстардың

Көкке ұмтылады бастары.

Балташылардың ұлы құштарын

Паш қылып, жырға басты, әні!

 

Шөлдерге жазып бастай ма хатын,

Өтеді мұнда ай-күні.

Жерде жүр олар – тасқа айналатын

Шаһардың барлық байлығы.

 

Кетіп қал, Шолпан, осылар үшін,

Кете тұршы енді бір сәтке.

Өзің таңдаған ғашық әні үшін

Қонақтап қалсын нұр шөпке.

 

Шаруагерлердің патшайымысың,

Еңбекқорларды әлдендір!

Желпітіп желдің патсайы күшін,

Құйылсын бойға ән мен жыр!

 

ТӨЗІМ ТОЙЛАРЫ

1. МАМЫР КЕСТЕЛЕРІ

Жөке ағашы бұтағын бұрап есіп,

Қалды аңшының тұншыққан ұраны өшіп.

Үйір жыры – желдері даналықтың

Қарақаттың бүрінде тұрады есіп.

Тамырымда сақылдап қан күледі,

Сабақтарға өреді мәңгі мені,

Періште жүз көк – сұлу,

Қайнатқандай

Көксіл нұрға бозамық қына қосып.

Шығып барам бойдағы шыдам өшіп,

Жараласа жүрегім сәулесімен,

Көкке құлап, шөп болып шығам өсіп.

 

Жамандығым ісімді кер кетіріп,

Жалығудың бесігі тербетіліп,

Қайғылы жаз мінгізіп тұлпарына,

Кетіп барам болмысқа енді өкініп.

Жібер мені, Табиғат, жерге тығып,

Өлмеу үшін шопандар жербетілік.

 

Өтсін деймін шаршатып ай-күндерім,

Қоныс қылам аштық, шөл айдын көлін.

Тойындыр да ішіндір, мейлің, дедім,

Баяғыда тоқтаған бәйгім керім.

Ешкімге де күлмеймін, қызық емес,

Еркін болсын тек қана қайғым менің.

2. ЕҢ БИІК МҰНАРАНЫҢ ЖЫРЫ

Жастығым қайран – тойқұмар,

Тынымнан мүлде безіндім.

Ендігі еншім – қайғы-зар,

Құрбаны болдым сезімнің,

Махаббат билер ғаламды

Көрсек қой, шіркін, заманды.

 

Өзіме-өзім өкпелеп:

Қараңды батыр! – деп едім.

Алдағы күннен жоқ көмек,

Қуаныш күтпей келемін.

Оңашалықтың киесі –

Күмәнсіз қонған сый – осы!

 

Тағы да шыдам тілейін,

Жарылсын ерін шыт-шыт боп.

Азаптар менен үрейім

Көкке ұшып кетсін быт-шыт боп.

Қанша азап шекті, Тәңірім,

Қараңғы шөлде тамырым.

 

Иесіз анау даланы

Жуып еркіндік жұпары.

Арам шөптердің самалы

Еркіңді сенің жұтады.

Гүлдейді дала – нуымен,

Жағымсыз жәндік шуымен.

Жанымның барлық байлығын

Ысырап қылдым аяусыз.

Тоналды жүрек-айдыным, –

Бір бейне бар тек, қаяусыз. –

Тазалық Тәңірін жоқтаған

Дұғалар қайда жаттаған?

 

Жастығым қайран – тойқұмар,

Тынымнан мүлдем безіндім.

Ендігі еншім – қайғы-зар,

Құрбаны болдым сезімнің.

Махаббат билер ғаламды

Көрсек қой, шіркін, Заманды.

3. МӘҢГІЛІК

Оған сый осы бұйырған!

Қандай сый?

Ие: – Сәт осы –

Мәңгілік! –

Онда қиылған

Теңіз бен Күннің некесі!

 

Әруағым, саған шағынғам,

Күзетке тұрып байқа да,

Сөнген түнек пен

шағылған

Шапақтың сөзін қайтала.

 

Ықыласын барлық адамның,

Құштарын бүкіл ынтаның

Ысырып тастап

Ғаламның

Шығанына сен шырқадың.

 

Өйткені Ұлық Парыздың

Алауы бізді шарпып тұр.

Киесіне елтіп аңыздың,

Тиылған сөзден бар түпкір.

 

Жоқ тіпті үміт елесі,

Дұғалардан да түк қалмас.

Білім мен Сақтық сені осы

Азаптан бір сәт құтқармас.

 

Оған сый осы бұйырған!

Қандай сый?

Ие: – Сәт осы –

Мәңгілік! –

Онда қиылған

Теңіз бен Күннің некесі!

4. АЛТЫН ҒАСЫР

Тыныштық.

Мән, міне,

Періште үн. Пәк түн. Бау.

Мен жайлы әңгіме

Шықты сәл қатқылдау.

 

Сұрақтың шеті жоқ,

Күмән көп – дос айғақ.

Тұр бұған көкірек

Жынданып, масайрап.

 

Шық шаттық шыңына,

Салтанат – дарияң.

Шомылған нұрына,

Бұл сенің жанұяң!

 

Шаттық пен Жарықтың

Бастады ол әндерін.

Көрінді ол анық тым,

Жетті әнге дәрменім.

 

Шық шаттық шыңына,

Салтанат – дарияң.

Шомылған нұрына,

Бұл сенің жанұяң!.. т.с.с…

 

Тыныштық.

Енді әйгі

Періште үн тіл қатар, –

– Әңгіме ал мен жайлы, –

Естілед тым қатал.

 

Ән салды ол сәлден соң,

Үнде тұр күш барлық.

Немісше мәннен сол

Еседі құштарлық.

 

Күнәһар – жер беті,

Таңғалар не бар шын? –

Қайғының жендеті

Әрірек жоғалсын.

О Жарық Қамалы!

Қасиет басқарып,

Сан ғасыр сен әлі

Құрасың патшалық. т.с.с…

 

Киелі Үн!

Көңілімді

Бұзбасын кек, қаза.

Толтыршы өмірімді

Даңққа тап-таза!.. т.с.с…

ЖАС ЖҰП

Терезеде – көк кеңістік, перде – көк,

Сықап жиған сандық көп. Жоқ іште орын.

Қабырғада жүр әнеки өрмелеп,

Үй Елесі жалаңаштап тістерін.

 

Әрине бұл әруақтардың ермегі –

Бей-берекет ескі затқа ол құмар.

Африка перизаты

Төрдегі

Бұрыштарға ырымы бар тор құрар.

 

Кіндік шеше тұрса-дағы жақтырмай

Кіреді де, қалады ол тығылып.

Жұпсыз кірген жас жұбайға тап мұндай

Кім сыйлайды таңғаларлық жылылық.

 

Жас жұбайдың жұбы жоқта үнемі

Жынды қылып бітеді ылғи жел де оны.

Су пері де секіреді, күледі,

Желпіп ашып қуыстағы пердені.

 

Бал айының түні қандай!

Ұғысқан

Жымиысты жанарларда ай жанған.

Егеуқұйрық тісін қайрап бұрыштан

Мақсаттарға жеткізбейді ойға алған.

 

Тыныштыққа сықылданып оқ тиген,

Жарқ етпесе терезеден от нағыз, –

Вифлеем әруақтары ақ киген,

Көкшіл түсті сол әйнекте сақтаңыз!

АШТЫҚ МЕРЕКЕСІ

Анна, Анна, есек мінген аштығым

Шаршамайды, ұлытады қасқырын.

 

Асқазаным ұлып жатыр не біліп,

Келеді аштық сұр есегін тебініп.

Дың-дың еткен ішектердің аңсары

Көмір, темір, жартастарды кеміріп.

 

Кел, ұлы аштық!

Қайда қаһар ашуың?! –

Даламызға удың шашшы шашуын!

 

Жеңіз.

Тас біткенді уатылған таудағы,

Шіркеулердің ескі тасын баудағы.

 

Сұр жазықтың теріп жесең тастарын,

Май жегеннен кем болмайды аш қарын.

 

Сұр аштыққа, қара ауаға бөккен көк,

Жыртылады бөлшектерге көкпеңбек.

Мұның бірі асқазанға жеткен жоқ,

Бұдан асқан бақытсыздық өткен жоқ!

 

Жапырақтар пайда болды жылтырап,

Қоймаларға кірер деймін құлпын ап.

Мен даладан кете бардым гүл теріп,

Есімді алып барады исі бұрқырап.

 

Анна, Анна!

Есек мінген аштығым,

Келеді әлі.

Ұлытады қасқырын.

* * *

Тал астында қасқыр үні анайы,

Жейді қолға түскен құсты жабайы.

 

Қауырсынын тастады оның түкіріп,

Мен отырмын өзімді жеп бітіріп.

 

Жемістер тұр,

мені жұлып алса деп,

Жұтты өрмекші шегіргүлді қанша көк.

 

Басқадай бір ой жоқ менің басымда,

Сүлейменнің храмының қасында.

 

Назар салмай бұл ғаламның шуына

Қайнасам ғой, – гүлдер терлеп буыма.

 

Араласып темірдің тат – уына

Қосылсам ғой Кедронның суына!

* * *

Тыңдап көрші, қыршыным,

Жасыл қазық дүрсілін –

Бақидағы жандардың

Түнгі айқайын, күрсінін.

 

Ай сәулесі құйылған

Түнде әруақтар жиылған.

Нұр мен буға шағылып

Жарқ етеді қиырдан.

 

Жақындамай бау-баққа,

Әулиелер тау жақта

Киелі бір сусынын

Ішетіндей аулақта.

 

Бұл сыр ненің нышаны? –

Мереке емес, мысалы.

Мұңды түннің қысады –

Тылсым тұман құшағы.

 

Өңіңде әлде түсіңде

Тап боп тылсым пішінге,

Кездесесің олармен

Мұңды мұнар ішінде.

* * * 

О көненің сынығы –

Қамалдардың дүбірі.

Мінсіз кім бар жалғанда?

Уақыт қой шын ұлы.

 

О қамалдар ғұмыры,

О уақыт ұрығы!

 

Таптым сырын бақыттың,

Таптым тілін уақыттың.

Бәрі де оған тәуелді –

Өтеді одан татып мұң.

 

Ендеше ол гүл жарғанда

Жиыл бәрің орманға.

Галлдың2 кәрі қоразы

Бағзы әніне салғанда.

 

Енді жоқ еш тілегім:

Тастамайды Ол, білемін.

Қанатының астында

Мәңгі өмірім сүремін.

 

Тәнін көрдім ғажаптың,

Мәнін білдім азаптың.

Бар күш енді дәрменсіз,

Барлығынан азатпын.

 

Сөздің сырын тап, бірақ, –

Бұл шеңберден жат, жырақ

Самғап шығып барады ол,

Қанаттарын қаққылап.

 

О қамалдар ғұмыры,

О уақыт ұрығы! 

МАСҚАРА

Қайда барса, қанжар жүред ойында,

Ойлайды ылғи жарып тастау жайында.

Бар пиғылын бір-ақ ұрып өшірмей

Саған тыным жоқ екенін мойында.

 

(О, тағы да кесіп алып мұрынын,

Ерінін тіліп, жұлып алса тіл-үнін!

Есептесең, ішін жарып, шіркін-ай,

Түтелеп бір таптасаң ғой ұғымын!)

 

Сөйту керек!

Миын шашып найзамен,

Сүйектерін уатқан жөн қайламен.

Ішектерін ылақтырып алауға,

Желге шашып мүшелерін пайдалы ең!

Иә, сөйтпей, тыншымайды бұл бала,

Барлық істің кедергісі ол – зілғара.

Жалған айтып,

ылғи сатып сыртыңнан,

Тамағыңа былғай салад күлді ана.

 

Бұдан гөрі баққан артық аюды,

Бәрін былғап…

Білмейді еш тоюды.

Дегенменен,

ол өлгенде соңынан

Ұмытпашы дұға қылып қоюды.

МАС КЕМЕ

Ағыс бойлап жүзіп кеттім,

жүзбеске енді шарам бар ма,

Кідірмеймін көлденеңдеп жолды тосқан аралдарға.

Үндістер кеп шабуылдап,

бар теңізшім мәңгілікке

Шегеленіп қала барды боялған кіл бағандарға.

 

Ағылшынның мақтасы мен фламандтың қабы бар мың

Кемелерге назар бұрмай, желге желкен жанығанмын.

Төбелестер,

көп елестер естен шығып,

жүздім еркін,

Ағыстардың шақыруын біржолата қабыл алдым.

 

Толқындармен араласып,

еніп кетіп іштеріне

Сотанақтай мен талайдың бөгет болдым істеріне.

Айлағынан дауыл жұлған кемедегі жандардың да

Дәл осындай ретсіздік кірер еді – түстеріне!

 

Оянғанда – мың бір тілек:

бата берді күн күркіреп,

Тығын құсап емін-еркін билеп келем – бұлдыр тілек.

Адамдардың көз жастары толқындарды тулатқанда

Бағдаршамнан көз жазып қап,

мұңайтпайды тұлдыр түнек.

 

Сәби қандай құштарлықпен жейтін болса жентін жерік,

Жасыл суға қойдым мен де жан-тәнімнің еркін беріп.

Шараптардың дағын шайып,

құсықтардың қағын шайып,

Тұтқамды да жұлып алды ойнақтаған толқын келіп.

Содан бері мен мұхиттың жырлап келем шарасында,

Жарқыраған жұлдыздар мен Құс жолының арасында;

Аспан нілін қанбай піскен тұңғиықтар сабасында,

Ғарық болған ғарыптардың жасырынған санасында.

 

Шексіз көгіс кеңістіктің тұр әлемді басып мысы,

Күн ырғағы жүйелеген тереңдіктің тасып күші.

Саз аспабын, шарап зәрін мың орайтын қуатымен

Бұл арада бұғып жатыр Махаббаттың ашытқысы.

 

Аспанды да шатынаған,

тереңдікті қақыраған,

Құйынды да,

боранды да,

түнді білем аһылаған.

Көгершіндей күліп тұрған күннің нәзік жүзін көрдім,

Мен көргенді ешқашанда көрген емес ғафыл адам.

 

Көрдім:

Күннің сиқырынан жартастардың мас болғанын,

Көрдім:

Жердің сүйектерін балқытқанын аспандағы үн.

Ежелгі бір драманың актерлары сияқтанып

Толқындардың топталып кеп ауыздарын ашқандарын.

 

Қиялымда қарлы түнгі сүйіс сырын тіпті ұғынам,

Теңіз көзін көргім келді тереңдіктің жықпылынан.

Әнін ұқтым,

мәнін ұқтым қайталанбас ағыстардың,

Ақжонастың3 көрдім әнін көгілдірлік тұтқынынан.

 

Табын сиыр озанындай борандарға айлап ердім

Артық жүктен ада болған мендей кеме қайда көрдің?!

Паң мұхиттың кеудесінен басып Пәктік Періштесі,

Мұхит тыным тапқан кезде көкжиектен пайда болдым.

 

Мен өзімді ойға сыймас өлкелерге бағыттадым,

Кемпірқосақ жүгенінен айрылмайды талып қарым.

Су астының табындарын – келем көзбен бағып бәрін,

Тереңдіктен тауып алып көктің шексіз жарықтарын.

 

Су-құбыжық шірігенде – қорек алып настан құрақ,

Божитынын батпақтардың айтты маған тастар жылап.

Көрдім:

Өлі тыныштықтан – ұлы толқын қозғалысын,

Тұңғиыққа ағынымен жатқан шағын аспан құлап.

 

Күн сынабы жерге сіңіп,

жаққанда аспан шырақ-оттар,

Суын қара бояу көміп бара жатқан шығанақтар.

 

Онда ашулы бүргелердің талауына түсіп қалған

Ордалы алып жыландардың улы көзі сұғанақтар.

 

Сәбилерге көрсетер ме ем ән салатын балықтарды,

Нәзік, алтын балықтарды барар ма едім алып мәңгі…

Кенет менің қанатымды желпіп өтті бір сиқыр жел,

Көз жеткісіз бақ әлдилеп,

алтын көбік малып тәнді.

 

Аптап қақтап, қарлы суық төзімімді жоятын күн

Мені теңіз жаймен жылап тербететін: «Қой, ақылдым».

Еппен ғана ұсынатын түннің жұлдыз-гүлшоқтарын,

Ал мен ұқсап әйелдерге, қайта қалып қоятынмын.

 

Аралдардан қалам естіп құс даусының жаңғырығын,

Ұрысқанын,

сансыз сөзін,

тиеп келем саңғырығын.

Менің тозған құрсауымның көнеріңкі өрмектерін

Ұйығына сүйреп бара жатыр ұйқы – мәңгі жылым.

 

Қоңыр құлмақ – қоңыр түбіт орап алған дене мені

Тым тереңге шақырады бесігіне бөлегелі.

Менің қаңқам біржолата өз тұрағын тапқаннан соң,

Тұңғиықтан таппайды оны келер күннің кемелері.

 

Еркіндіктің кемесімін – тұман киіп, мұнар қонған,

Көкті сүзіп,

жарша бұзып,

айға кейде сыңар қонғам.

Барлық тәтті дүниедегі – күн қынасы, көкшіл шырыш

Менен басқа қай жерде бар – барлық ақын құмар болған?!

 

Сапарымды жалғастырам –

тереңінен қаптап еріп

Қара балық қуған шақта, маңдайды алыс жаққа беріп;

Шырқыраған сары шілденің аптабынан аспан оңып,

Жер мен көкті зау шұңқырда жатқан шақта отқа көміп.

 

Сусиырлар жатса үйленіп үйреншікті батпағында

Мен дірілдеп қорқып жүрем, жас тамшылап жақтауымда.

Мен мәңгілік жолаушымын, –

Европа сағындырды,

Тастарын да сағындым мен, көне жақтау қапталын да.

 

Жұлдыздардың шоғырында жүруде әлем құрылысы,

Шалынады – бақилықтар барған жердің құбылысы.

Түпсіз түндер қойынында жай ғана ұйықтап жатсың ба әлде,

Бар ғаламды гүлдендірер Болашақтың Ұлы Күші?

 

Алайда мен көп жыладым!

Күн шапағы тым зәһарлы,

Барлық жерде күн – көрсоқыр,

ай – үрейлі,

түн – қаһарлы.

Қабыртқамды қаңыратсын!

Жұтсын теңіз қапыда-ақ шын! –

Махаббаттан маспын бүгін! –

Мас қылады ол мың шаһарды.

 

Европа сағындырса, –

сияқтанып бөлек ғалам,

Теңізінің толқындары қажет емес! –

Не деп барам?..

Көктемеде сәбилер кеп жағасына жиналып ап

Қағаз кеме жүзгізетін шалшық суы керек маған!

 

Төзім бітті.

Тыңдау жоқтай енді мұхит дастанынан,

Пайда қуған кемелердің болам аулақ нас-торынан.

Өркөкірек жалаулардың тап боп ылғи үкіміне,

Енді өте алман тұтқындалған қайықтардың қастарынан.

МИШЕЛЬ МЕН КРИСТИНА 

Құрып кетсін, жағалаудан күн кетсе екен шағырмақ,

Жер бетінен жиып алып жоғалсын бар жарығын!

Кенет, барлық жолда, қырда көлеңкелер қалыңдап,

Сездім ірі тамшыларды, күн күркірі сарынын.

 

Ақ қозылар – жауынгері мамыражай заманның,

Арша, науа, сендер де қаш, көшті бастан құтты жыл.

Қаш, жайлаулар, шабындықтар, жақын қалды қаран күн,

Күн күркірі жайып жатыр дастарханын қып-қызыл.

 

Бала шопан, қартаң төбет, тығылыңдар шатқалға,

Жасындардан жоғары қаш – қалды адыра қотандар.

Келді уақыт, түнек пенен күкірт жауып жатқанда,

Етектегі кеуектерге тығылыңдар, отарлар.

 

О Тәңірім, алайда мен…

Кетем ұшып аспанға –

Мұз құрсаған, бұлт шарпыған сынды қызғылт тұскілем.

Менің жаным жердегі бар қараңғыдан қашқанда,

Өтеді ұшып шетсіз-шексіз өлкелердің үстімен.

 

Жабайылық тамырынан туған мың сан қасқырлар

Біздің Ұлы Европаны орап діни құйынмен;

Шыңғырысып бағзы көпір тұяқтардың астында, ал

Он сан Орда өтеді одан мұздай берен киінген.

 

Ал содан соң – ай сәулесі!

Маңның бәрі өлі құм,

Кілең күрең сарбаз толы қара аспанның астында.

Қарақшылар үрей шашып ойқастатса көлігін

Дүбірлі үні ұқсайды алыс, алапатты тасқынға.

 

Енді жарық көрер ме екем?

Қайда әйелім лаладай?

Күйеуі бар… Аяқ жақта ақ қозы бар – құрбандық…

Мишель және Кристина – һәм Христос!..

Обал-ай! –

Мамыражай заманадан біздер мәңгі тұл қалдық.

КӨЗ ЖАСЫ

Жайлау,

құстан,

шаруа әйелден шаршадым,

Нәзік орман саясында іштім мен.

Арасына тізе бүктім аршаның,

Сәскедегі бу көшеді үстімнен.

 

Мына құты қуантпайды бірақ та,

Мылқау бұта,

аспанды бұлт қусырған.

Не ішуші ем өз күркемнен жырақта? –

Тер шығарғыш жұттым алтын сусыннан.

 

Асхананың маңдайшасы секілді

Кірлеп кеттім.

Күн күркіреп кенеттен.

Қап-қара өлке.

Көлдер,

вокзал не түрлі,

Көк түн кешіп жүрмін қалай?

Не бетпен?

 

Ызғарлы жел көмді жерді мұзбенен,

Жатыр құмнан, ормандардан көшіп өң.

Пенделердей алтын, маржан іздеген

Тым көп ішіп кетпедім бе осы мен?

ДАУЫСТЫ ДЫБЫСТАР

А – қара, Е – ақ, И – қызыл, У – жасыл, О – көк…

Іздендім.

Дауысты дыбыс, туған күндеріңіз сіздердің.

 

Тағы да ашам…

А – түкті қара шыбындар ән салып,

Сасық төмпектің үстінде отыр тамсанып.

 

Е – ақ шатырлар мен мақтадай қарға оранған

Төбелер, тәждің жарқылы һәм тоңған гүлдер бораннан.

 

И – түкіріктің қаны, кек алған сәтте былш еткен,

Есірік күлкі, жынды ашу – жарақаттарға күл сепкен.

 

У – шырын теңіздің айлағы,

күннің астында қақталған,

Жайлаулар менен әжімдер сыры –

Жазық маңдайға тап салған.

Түн тыныштығы – алхимиямен сақталған.

 

О – алғашқы керней, – өткір де оғаш саңқылы,

Әлемдер,

Елдер

һәм періштелер,

қайтқан құстардың қаңқылы.

Омега – ақырғы һәріп,

соңғы күніміздің тамтығы, –

Көгілдір Сәуле және оның Жасыл көзінің жарқылы.

* * *

Құлағыңда сенің,

қызғылтым жұлдыз

жылап тұр ұрлап көз құртын,

Көкірегіңнің тұңғиығында

Гүл пайда болды қан күрең.

Иығыңа қазір,

Шексіздік келіп

түнетіп жатыр боз бұлтын,

Аяқ астыңда

қап-қара күйде

Еркек мерт болды алдымен. 

БРЮССЕЛЬ

ШІЛДЕ

РЕГЕНТ САЯБАҒЫ

Танимын бүкіл бекіністердің мұнараларын, тірегін,

Юпитер сарайының да тас бағандарын білемін.

Білемін Өзің екенін,

Сахарадан сәнін асырып,

Көкшіл бояуға орап қойған да мынау өлкенің реңін.

 

Самсаған шырша, раушан гүлі – күн сыбызғысы сиқырлы,

Мәңгілік мекен тауып бұл жерден, қаншама сырлы күй туды.

Жасырып қайтем жесірлер барын қамалған мұнда қапасқа…

Жұбатып бәрін жуады зарын сансыз құс үні қиқулы.

 

Тып-тыныш үйлер – шетсіз де шексіз құмарлықтардың тұрағы,

Көлеңелерде от махаббаттан өртенген сәкі тұрады.

Гүлзар ішінен Джульеттаның жартылай қараңғыланған,

Жайпақ балконын жазбай таниды байырғы көздер қырағы.

 

Ғажайып таулар жүрегіндегі аялдамадай келесі,

Жадың жаңғырып – қалқып шығады Генриеттаның елесі.

Кеңістіктерге сытылып кеткен,

түстері кілең көгілдір

Шайтанның шәлтік шәргілдіктері билеп жүр онда, өлесі…

 

Жасыл орындық үстінде анау гитарасы әлсіз күбірлеп,

Ирланд қызы жұмақ жайында ән айтып отыр күрілдеп.

Асхана жақта азаннан у-шу, азан да қазан боп жатыр,

Балалар шуы,

көне қапастың есігі тынбай дігірлеп.

 

Бегзада үйі терезесінен тарайды маңға жылу, мұң,

Көріп отырмын шағылып сәуле тараған уын ұлудың.

Қандай ғажайып!..

Оянып кетер,

тыныштықты үнсіз сақтайық,

Ұйқыға батқан жасыл аршаны аялап отыр сұлу күн.

 

Қозғалыс та жоқ гүлзарда мынау,

жасалмайды ешбір сауда да,

Комедия мен драмалардың тілсіз ойыны бауда ана.

Үлкенді-кіші сахналардың жиынын көзбен бақылап,

Мен осы жерде сенімен бірге келемін үнсіз тәубаға.

 

Шытынап кетпей тұрады қанша көгілдір ғалам шынысы?

Қураған гүлше жатпас па аяқта – өлі бишідей құнысып?

Өлшемсіз мынау кеңістіктегі шексіз сәулеге тығылып,

Жасай ма мәңгі гүлдің демі боп мына қаланың тынысы?

 

Қандай ғажайып!..

Мереке ғой бұл әні мен биі тынбаған,

Түннің ішінде перде жамылған пенделер анау мыңдаған.

Толқын мөлдірлігіне сенулері үшін – керек қой мұның барлығы,

Осының бәрі Өлеңге керек – Теңіз қарақшылары жырлаған.

Аударған Светқали НҰРЖАН

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.