Әлем әдебиеті

КЛОД МОНЕ НЕМЕСЕ ИМПРЕССИОНИЗМНІҢ КӨК ТУЫ

0

ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ

КЛОД МОНЕ

НЕМЕСЕ ИМПРЕССИОНИЗМНІҢ КӨК ТУЫ

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ кескіндемеші, график, публицист. Мәдениет қайраткері. 1965 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1982-1989 жылдары ҚазПИ-дің көркем-сурет графика факультетінде оқыған. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. «Мәдениетті қолдау жылы» эмблемасының авторы (2000 ж). Президенттік степендия иегері. 2006 жылы «Өнер» баспасынан «Жеңіс Кәкенұлы» атты альбом-жинағы жарық көрген.

* * *

 Әдетте, біз – қалалықтар, тіршіліктің қым-қуыт жүгірісімен зымырап жүріп, айнала көріністің әсерін бақылай, байқай бермейміз. Таң қалай атып еді, күн сәулесінің әуемен ағып барып үй қабырғасына шағылғанда қандай түсте еді, біраздан соң неге өзгеріп сала берді дейтін сұрақтарға тіпті бас қатырмайтынымыз анық. Әлдебіреу сізді тоқтатып: «Әлгінде ғана аспанның әнебір шеті жұмсақ көгілдір түстен жібек күлгінге қарай ауысып еді, енді келіп тотияйындай көкпеңбек бола қалыпты ғой», – десе, оның ақыл есінің дұрыстығына күмән келтіретініңіз де айдан анық.

Табиғаттың айнығыштығын, жарықтың айналаға әсерін, сәт сайын өзгеріп отыратын жарық пен көлеңкенің арпалысы, күн жылжи келе әлгінде ғана жарқырап тұрған әлдененің жарқыраған бүйірі солғын тартып, келесі бір қыры құлпырып, құбыла бастағанын кенебіне дереу түсіріп, осы үрдісті өзінің суретшілік ғұмырына өмір бақи азық еткен суретшілер жүрді арғы ғасырда. Қас пен көздің арасындағы құбылыстың, әсердің өзін ұстап қалуымен ғана бейнелеу тарихында өшпес ізін қалдырып кеткен бұл суретшілер импрессионизм өкілдері болатын. Өздеріне дейін тек ғимарат ішінде сурет салып, академиялық сурет канондарынан қия баспай отырған әріптестерінен жеріп, мольберттерін арқалап, аулаққа, табиғат аясына безіп кеткен импрессионистердің көш басында Оскар Клод Моне тұрды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

*