СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
О, МАХАББАТ! МАХАБАТТА МҰҢ ҚАНДАЙ!
Мажар ақыны Шандор ПЕТЕФИ (1823-1849) – шын аты-жөні Александр Петрович, 1823 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген. Ол мажар халқының ұлы ақыны ғана емес, 1848-1849 жылдары Венгриядағы төңкеріс жетекшілерінің бірі, азаттық жолындағы күрескер болды.
Шандор Петефидің алғашқы кітабы 1844 жылы жарық көрді. Петефи шығармашылығына негізінен әдебиеттегі реализм бағыты тән болғанымен, ішінара ортағасырлық тарихқа назар аудару, романтизмнің жекелеген мотивтері де кездесті. Петефидің алғашқы өлеңдерінен аңғарылатын бұғауға, бодандыққа наразылық ең әуелі австриялық Габсбургтер деспотизміне бағытталған болатын. Ол демократиялық жаңаруды, тәуелсіздікті көксеген өлеңдерімен күрескерлік рухпен жігерленген мажар азаматының өр бейнесін сомдады («Корольдарға қарсы», «Жабайы гүл»).
Мажар халқының ұлы ақыны әрі ұлттық қаһарманы Шандор Петефи 1849 жылдың 31 шілдесінде майдан даласында мерт болады. Оның шығармашылығы мен қайраткерлігі венгерлер үшін үлкен мақтаныш. Шандор Петефидің ұлттық поэзияның негізін салудағы орнын орыстың ұлы ақыны Пушкинмен, украин ақыны Т. Шевченкомен, беларус ақыны Я. Купаламен, польша ақыны А. Мицкевичпен салыстыруға болады.
О, МАХАББАТ!
О, махаббат! Махаббатта мұң қандай!
Әрі түнек, әрі терең зындандай.
Содан бері аунап-аунап түнімен,
Шыңыраудың бір-ақ шықтым түбінен.
Аударған Қадыр МЫРЗА ӘЛІ