Әлем әдебиеті

АМЕРИКА КЕСКІНДЕМЕСІ

0

Ардақ ЮСУПОВА

өнертану кандидаты

АМЕРИКА КЕСКІНДЕМЕСІ

(ХХ ғасырға дейін)

ХХ ғасырға дейінгі Америка кескіндемесі көпшілікке кеңінен таныс емес. Оның көптеген себептері бар. Бүгінгі күнге жеткен алғашқы американ кескіндемелері ХVІ ғасырға жатады. Олар зерттеу экспедициясы мүшелерінің салған суреттері. Алғашқы кәсіби суретшілер ХVІІІ ғасырда пайда бола бастады, оның өзінде тек портреттер арқылы ғана табыс тапты. Бұл жанр ХІХ ғасырдың басына дейін америка кескіндемесіне үстемдік етіп келді.

ХVІІ ғасырдың екінші жартысында алғашқы портреттер майлы бояумен салына бастады. Бұл кезеңде қоныс аударушылардың тұрмыс-тіршілігі тұрақталып, өнерге деген қызығушылық арта бастады. 1730 жылдар шамасында шығыс жағалаудағы қалаларда Генриетта Джонстон, Юстус Энгльхардт Кюн, Густав Хесселиус, Джон Уотсон, Питер Пелэм және Джон Смайберт секілді суретшілер бой көрсете бастады.

Соңғы екеуінің кескіндемелері әйгілі американ суретшісі Джон Синглтон Коплидің (1738-1815) шығармашылығына ерекше ықпал етті. Бенджамин Уэст (1738-1820) тарихи кескіндемеші ретінде танымал болды. Копли де, Уэст те Лондонға көшіп барып, сонда тұрақтап қалды. Уэст 1792 жылы Британия Корольдік өнер академиясының президенті сэр Джошуа Рейнолдстың орнын басады.

[rkey]Ал портретші Джилберт Стюарт (1755-1828) Лондон мен Дублинде өнерін ұштап, 1792 жылы Америкаға қайта оралады. Көп өтпей-ақ портрет жанрының білікті маманына айналады. Стюарт Американың барлық саяси және қоғам қайраткерлерінің портретін салып шыққан. Коплидің стилімен салыстырғанда оның еңбектері еркін, эскиздік мәнерде айшықталған.

Бенджамин Уэсттің лондондық шеберханасында көптеген американдық суретшілер тәлім алды; олардың қатарында Чарльз Уилсон Пил (1741-1827) мен Сэмюэл Ф.Б.Морзені (1791-1872) атауға болады. Көбіне телеграф өнертапқышы ретінде танымал Морзе бірнеше портрет пен американ кескіндемесінің ең үздігі атанған «Лувр галереясын» салған. Бұл еңбекте 37 картинаның айнымас миниатюрасы аса дәлдікпен бейнеленген.

Романтизмге бой алдырған алғашқы американ суретшілерінің қатарында Вашингтон Олстонды (1779-1843) атауға болады; Еуропадағы ұзақ мерзімдік саяхаттары барысында теңіз дауылдарын, поэтикалық итальян көріністері мен нәзік сезімдік портреттер салған.

ХІХ ғасырдың басында студенттерді кәсіби дайындайтын алғашқы американдық сурет академиялары ашылды, олар: Филадельфиядағы Пенсильвания сурет академиясы (1805) және С.Р.Морзе тұңғыш президенті болған Нью-Йорктегі Ұлттық сурет академиясы (1825). 1820-1830 жылдары Джон Трамбалл (1756-1843) мен Джон Вандерлин (1775-1852) америка тарихы сюжетінен үлкен композициялар салды, олар Вашингтондағы Капитолий қабырғаларына ілінген.

1830 жылдары америка кескіндемесінде пейзаж жанры басымдыққа ие болды. Томас Коул (1801-1848) солтүстіктің (Нью-Йорк штаты) адам аяғы тимеген тұмса табиғатын бейнеледі. Американ суретшілерінің ішінде Лонг-Айлендтегі фермерлер өмірін суреттеген Уильям Сидни Маунт (1807-1868) пен картиналарын Миссури жағалауындағы балықшылар мен провинциялық қалалардағы сайлауларға арнаған Джордж Калеб Бинхэм (1811-1879) ерекше танымал болды.

1860 жылдары мөлдір өзенді, орман мен биік шыңдары, көз тартар құз-жартастарды ғажап бейнелеген Альберт Бирштадттың (1830-1902) суреттері көпшіліктің ерекше ықыласына бөленеді.

Азамат соғысынан кейін кескіндеме өнерін Европада оқып-үйрену кеңінен етек алды. Америкамен салыстырғанда Дюссельдорфта, Мюнхенде, әсіресе Парижде терең іргелі білім алуға болатын. Джеймс Макнил Уистлер (1834-1903), Мэри Кассат (1845-1926) және Джон Сингер Сарджент (1856-1925) Парижде оқып, Франция мен Англияда еңбек еткен. Уистлер француз импрессионистеріне біртабан жақын болды; өз картиналарында түстер сәйкестігіне, композицияның бейнелілігіне баса назар аударды. Мэри Кассат 1879 және 1886 жылдар аралығында Эдгар Дегтің шақыруы бойынша импрессионистік көрмелерге қатысып тұрған. Ал Сарджент бұрынғы және қазіргі заманның әйгілі адамдарының портретін салған.

ХІХ ғасырдың соңында өнердің импрессионистік стиліне қарсы бағыттағы Уильям Майкл Харнетт (1848-1892), Джон Фридерик Пето (1854-1907) және Джон Хэберл (1856-1933) секілді реалист-суретшілер иллюзионистік натюрморттар салуды қолға алады.[rkey]

Пікір қалдыру

*