ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР
Генрих МИТИН
ЖОЛМА-ЖОЛ ТӘРЖІМЕГЕ ЕСКЕРТКІШ
Ғылыми техникалық революция дәуірінен көп уақыт бұрын қалам тартқан Пушкин былай деп жазған екен: «Ғасыр өздігінен алға жылжиды делік, ғылымдар, философия мен азаматшылық жетіле және өзгере береді делік, – ал поэзия болса, бір орнында қала береді, ескірмек те емес, өзгермек те емес. Мақсаты да баяғы, құралдары да сол баяғы. Ендеше ежелгі астрономия, физика, медицина мен философия өкілдерінің пайымдары, еңбектері, ашқан жаңалықтары көнеріп, күн сайын дерлік жаңғырып жатады, тек қана нағыз ақындардың шығармалары сол баяғы соны, мәңгі жас күйінде сақталып қалуда. Поэтикалық туынды әлсіз, сәтсіз, қате болуы ықтимал, әлбетте бұған алға озып кеткен уақыт емес, сірә, өлең шығарушының дарыны кінәлі болса керек».
Ұлы ақынның айтқанының бәрімен бүгінгі күні біз жеңіл әрі оңай келісе саламыз деген де ойым жоқ. Өйткені біз бәрі де өзгереді, бәрі де ілгері жылжиды дейтін пікірге дағдыланып кеттік. Алайда ақын кәперіне алмаған, ойлап та жатпаған бір ғана мәселе оның пікірінің орынды екені қуаттап тұрған тәрізді. Мен бұл жерде жолмажолдықты1 меңзеп тұрмын. Ол – поэзия құралының бірі. Әлбетте, мен осы орайда кәдімгі қарапайым кәсіптің жемісі жайында емес, сайып келгенде, нағыз поэзиялық құбылыс ретінде қарастыруға татырлық тәржіме туралы айтып тұрмын.