Әлем әдебиеті

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Әубәкір НІЛІБАЕВ

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

Әубәкір НІЛІБАЕВ 1928 жылы 10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген.

Жиырмаға жуық жыр жинақтары шыққан: «Таңғы тыныс», «Болашақ осылай басталған», «Жыр жалау», «Қоңыр жел», «Алаулаған армандар», «Іңкәр жүрек», «Жер жүрегі», «Жиһан жиһазы», «Асыл адам», «Мың сөз» және тағы басқалар.

Эсхилдің «Бұғауланған Прометейін», Азия және Африка ақындарының өлеңдерін, Пәкістан ақыны Мұхаммад Икбалдың таңдамалы өлеңдері мен поэмаларын, Э.Потьенің, М.Лермонтовтың, Р.Тагордың, В.Маяковскийдің, Н.Забловскийдің, М.Светловтың өлеңдерін және «Махабхарата», «Ригведа», «Бхагавадгита», «Рамаяна» атты үнді эпостарын аударған.

Үндістан Республикасының Падма Шри сыйлығының лауреаты, Пәкістан Республикасының Икбал Академиясының «Икбалдың Алтын ескерткіші» сыйлығының иегері.

 * * *

 Біз, бүгінгі ХХІ ғасырдың адамдары, мынау аласапыран алып-қашпа дүниеге жаңа көзбен қарауға тиістіміз. Өйткені, біз күрт өзгерістер, күтпеген эксперименттер дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Уақыт қанша жүйрік болса да адам ой-қиялының, білім-ғылымының, ақыл-арманының уақыттан озып кетіп отырған тұстары да бар. Бұған дәлел ретінде адамның ғарышты меңгеруін айтсақ та жеткілікті болар. Сөйтіп, адам техникалық прогресті қолда ойнатып, дүйім дүниені дүбірге бөлеп, таңқалдырып отыр. Мұның үстіне, әлемге жар салып, ғаламдану деген идея ту көтеріп, ду көтеріп, адамзатты алаңдату үстінде. Ал осы шақта адам от басы, ошақ қасында қалып қоймай, дүр сілкініп, биікке, алысқа ұмтылуға тиіс. Мен мұны өзім жазушы болғандықтан әдебиет әлеміне қарата айтып отырмын. Ал шын ақын немесе шын жазушы болсаң, ең алдымен, сен кең көлемде, әлемдік масштабта ойлануың керек. Басқа ел қандай? Біз қандаймыз? Міне, осыдан барып, өз әдебиетіңмен қоса басқа әдебиетке де қызығушылық туады. Менің халқымда «Жақсының сөзі ортақ» деген мақал бар ғой. Өз басым осы мақалды жасымнан басшылыққа алдым. Басқа елдің ақын, жазушыларын қызыға оқыдым. Бала күнімде Абайдың Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты неге аударғаны жөнінде көп ойланатын едім… Абайды жаттаумен бірге Пушкиннің «Я помню чудное мгновение, передомной явилась ты» деген жолдарын жаттамау мүмкін болмады. Әлемдік философия классиктерінің бірі Әбунасыр Фараби жетпіс тілді жетік білген полиглот деген аңыз бар. Ол алдымен араб тілін, содан соң грек тілін меңгеріп, Платон мен Аристотельді араб тіліне аударғаны мені аса қызықтырды. Сөйтіп, менің ішкі дүнием аударма өнеріне қарай бұрылды да тұрды.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

*