Әлем әдебиеті

ҚОШ БОЛ, МЕНІҢ ШАБЫТЫМ!..

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Уитмен УОЛТ

ҚОШ БОЛ МЕНІҢ ШАБЫТЫМ!..

Америка әдебиеті тарихындағы ұлы ақындардың бірі – Уитмен Уолт 1819 жылғы 31 мамырда Нью-Йорк штатындағы Хантингтон, Уэст-Хилсте қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әріп теруші, мұғалім болып жұмыс істеген. Азамат соғысы кезінде, яғни 1861-65 жылдары госпитальдарда санитар болған. 1846 жылы «Бруклин Игл» газетіне жетекшілік еткен. Жастайынан әңгіме, өлең жазумен айналысқан. 1855 жылы «Шөп жапырақтары» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Соғыс тақырыбына арналған «Барабан дабылы», «Осы көктемде үй ауласында жұпаргүл көктеген шақта» жинақтары 1865 жылы басылып шыққан. 1873 жылы сал ауруына шалдыққан Уитмен 1892 жылы Нью-Джерси штатындағы Камденде 73 жасында қайтыс болады.

Уолт Уитмен – әлем әдебиеті тарихындағы ерекше құбылыс. Бүкіл ғаламшар – оның өз үйі, өз Отаны, ал шығармаларының басты кейіпкері – сол ғаламшардың жалғыз билеушісі – еркін де азат, келешекке алшаңдай қадам басқан жасампаз Адам. Жаңашыл суреткер дәстүрлі поэтикалық өлшемдерді қабылдамай, шығармаларын негізінен ақ өлеңмен жазған, прозалық элементтерді де оңтайлы енгізген. Ол диалог жүйесін шебер қолданған, ал музыкалық ырғақтылық – жыр-толғауларының жаны, өзегі десек, артық болмас.

ЕГЕР МАҒАН БҰЙЫРТСА

 Егер маған бұйыртса, ең ұлы деген ақын-жыраулармен таласар ем,

Олар сияқты асқақ та, сарабдал тұлғаларды суреттер ем,

өз еркіммен Гекторды, Ахиллесті, Аяксты жырлаған ұрыс пен

жауынгерлік ақыны – Гомермен жарысар ем,

Немесе Шекспирге ұқсап, Гамлетті, Лирді, Отеллоны

дүниеге келтірер ем,

Теннисон сомдаған ару бейнелерін мен де сомдар ем,

Зерделігіммен, жыр жолдарыммен, ерекше сюжетіммен,

қаламгерлер ғанибеті –

ең үздік сортты ұйқастарыммен барша жұртты тамсандырар ем.

Осының бәрін, бәрін-бәрін, о, теңіз, саған қуана-қуана берер ем,

Маған тек бір ғана толқыныңның шолпылын берсең болды,

Өлеңімді деміңмен бір шарпып өтіп, өлеңімде сол иісті қалдырсаң.

Рұқсат алу

 Аударған Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ

Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ – 1951 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Ақтөбе педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Бірнеше жыр жинақтарының, мұнай-газ терминдерінің орысша-қазақша түсіндірме сөздігінің, саясат пен журналистика туралы «Білімдіден шыққан сөз» нақыл сөздер кітабының авторы.

Пікір қалдыру

*