Ардақ ЮСУПОВА
Неміс Дәуірлеу дәуірінің кескіндемешілері
Германиядағы 15-16 ғасырлардағы Дәуірлеу кезеңінің өнері — қала мәдениеті дамуының төл жемісі, осы уақытта реализм қағидаттары, жаңа мұраттар орныға бастайды. Солтүстіктегі Дәуірлеу дәуірінің басталуы, әдетте Мартин Лютер Кингтің Тәуретті неміс тіліне аударуымен байланыста қарастырылады, мұның өзі неміс әдеби тілінің дамуына жол ашады, әрі оның басқа тілдерге аударылуына да себепші болады. Сол уақыттағы Германияның қалыптасуында терең әлеуметтік сілкіністер – Реформация, теңдікті және адам табиғатының біртұтастығын уағыздайтын лютерандықтың енуі мен Шаруалар соғысы шешуші рөл атқарады.
Антика мәдениетінің ықпалы жанама ғана, тіпті елеусіз дерлік, ал ортағасырлық дәстүрлер ұзақ сақталып келеді, сондықтан да сол уақыттағы Германия өнері негізінен діни сарында болады, оған заттың тұрпатын өз қалпында бейнелеу тән, сонымен бірге майбояулы кескіндемемен қатар көркемдеу өнерінің басқа саласы – гравюра дами бастайды.
Немістің Дәуірлеу заманы бірқатар көрнекті кескіндемешілер мен графиктерді дүниеге әкелді, олар – Альбрехт Дюрер, Үлкен Ханс Гольбейн, Үлкен және Кіші Карнахтар, Альбрехт Альтдорфер және басқалары. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-06-2007
Ардақ ЮСУПОВА
КӨНЕ ҚЫТАЙДЫҢ ТАБИҒАТЫ, ҚҰСТАРЫ МЕН ГҮЛДЕРІ
Көне Қытайдың өнерін кезеңдерге бөлу б. э. д. 2-ші мыңжылдықтан бастап б. э. 3-ші ғасырға дейінгі мифтік «бес император» – Ся, Шань-Инь, Чжоу, Цинь және Хань әулеттері дәуірі сияқты бірін-бірі алмастырған әулеттердің басқару уақыттарымен етене байланысты. Ертеректегі көне кескіндеме үлгілері тұрмыстың бұйымдарды, айталық, айнаның сыртын әшекейлеуден және т.с.с., сондай-ақ аталастар мінажатханаларының қабырғаларын өрнектеуден көрінеді. 4 – 6 ғасырларда суреттер тік және көлденең сымбалдар нысанына ұласады.
Қытай кескіндемесі шығармаларының түрімен ғана емес, сондай-ақ орындау үрдісімен де ерекшеленеді. Көзіміз үйренген бәрін көлегейлеп алатын «қою» майлы бояулы еуропалық тәсілдерге қарағанда, қытай кескіндемесі сия мен минералдық бояулардың бозғылттығы мен ашықтығын қалайды, жұқа жібек кездемелерге түсірілген суреттер құснихаттық жазбалармен әдіптейді. Кескіндеменің біздің уақытымызға дейін жеткен ең бір ежелгі үлгілері Гу Кай-чжи суретшінің (344 – 406ж.) сымбалдары – адам сезімдерін бейнелейтін сюжеттер («Ло өзенінің перизаты» және т. б.).
Тан кезеңінде кескіндеме құснихатпен біргеөнердің ең елеулі түрі саналып, Қытай кескіндемесінің өзіне тән барлық ерекшеліктері дәл осы кезеңде қалыптасады. Кескіндеме жанрларға бөліне бастайды. Табиғатты бейнелеу басты тақырыпқа айналады. Бұл уақыттың озық суретшілері – Ван Вэй, Ли Сы-Сюнь мен Ли Чжан-Дао. Ван Вэй аса дарынды суретші ғана емес, өз заманының аса ұлы ақыны ретінде даңққа бөленеді. Кейіннен оның суреттері ғажайып жыр тәрізді, ал жырлары ғажайып сурет тәрізді деп айтылып жүреді. Сыршыл Ван Вэйге қарағанда, Ли Сы-сюнь мен Ли Чжан-дао қанық боялар қолданып, суреттерін нәзік алтан жолақпен әдіптейді. Олар пайдаланған әдіс соңынан «гун би», «ықтиятты қылқалам» атағына ие болады. Сол кезеңдегі портреттік кескіндемеде санаттағылар мен хас арулар өмірінің көріністерін бейнелеген Чжоу Фанның атағы шығады. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-05-2007
АУДАРМА ӨНЕРІНІҢ ҚЫРЛАРЫ
Дәуірбек ДҮЙСЕБАЕВ
«Абай жолы» парсы тілінде
М.ӘУЕЗОВТІҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАН-ЭПОПЕЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕР ЖӨНІ СӨЗ БОЛҒАН ТҰСТАРДЫҢ ПАРСЫ АУДАРМАСЫНДА БЕРІЛУІ
Мемлекетіміз бүгінгі таңда түрлі халықтар арасындағы әдеби-мәдени байланыс пен дамудың дәнекері болып табылатын аудармаға, соның мәселелеріне үлкен мән беруде. 2004-2006 жылдары мәдениетті өркендетуге арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, соның бір саласы бойынша әдебиетіміздің асыл жауһарларын өзге тілдерге аударып, әлемге жарқыратып таныстыру және жаһанның озық ойлы әдеби, философиялық, ғылыми еңбектерін қазақ тіліне аудару бағытындағы істер жандана түсуде. Осы орайда аудармалардың кемшін тұстарын саралап, озық тәжірибелерінен үлгі алу еліміз бен өзге халықтар әдебиеті мен мәдениеті арасындағы байланыстарды нығайтуға, өркендетуге айтарлықтай септігін тигізері сөзсіз екенін ескерсек, көркем аударма туралы ғылыми зерттеулер зәрулігііне көз жетеді.
Қазақ жұрты мен Иран халқының арасындағы әдеби байланыс тарихтың терең қойнауынан тамыр тартады. Екі елдің әдеби қатынастарының негізгі өзегі болып келген нәзирагөйлік дәстүр мен көркем аударманың маңызды қырларын зерттеу салмақты тақырып болып қала бермек. Қазақ-Иран арасындағы әдеби, тілдік қатынастарды зерттеген С. Талжанов, Л. Рүстемов, Ө. Күмісбаев, И. Жеменей, т.б. ғалымдардың елеулі еңбектері белгілі. Осы екі ел әдебиеттерінің бүгінгі байланысын жаңа тұрғыдан зерделеп, бұлардың келешектегі даму бағыты қайда бет түзеуі керек, не мәселелерге басты назар аудару қажет деген маңыздылықты анықтауда тағы да көркем аударма мәселелерін зерттеу көкейкестілігі алдан шығады. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-05-2007
Тұрсынхан ЗӘКЕН
ҚЫТАЙ МӘДЕНИЕТІНІҢ МӘЙЕГІ
Ұлы даланың шығыс шеті
Қытай қорғанын алыстан орағытып, сары даланың сонау бір бұлдыраң, тұңғиық шетінде жасап жатқан көп халықты ата-бабаларымыз тым ертеден білетін. Дүйім дүниеге мәшһүр сол ұлы қорғанды әйгілі «Қиссасұл әнбиеде» «Ескендер сефилі» деп атайды. Онда айтылуынша оны шығыстағы көп халық — нәжүт-мәжүттерден сақтану әрі оларды бері жібермеу үшін Ескендір Зұлқарнайын салдырған. Ол халқтың қауіптілігі, олардан үнемі сақтықта болу, сол үшін ішкі береке-бірлігін мықты сақтау туралы түрік қағандары да өз өсиеттерін мәңгі тастарға жазып кеткен болатын. Тарихтың бәзбір тұстарында түріктер ит арқасы қияндағы межелі жерге ат үстінде ойқастап жеткенше, «нәжүт-мәжүттер» де неше мың шақырым жолды артқа тастап, жаяу-жалпы келіп қоятын. Алысып-жұлысып бірде бұлар, бірде олар жеңетін. Бірақ олар өзінің көптігімен ғана емес бірбеткей ұйымшылдығымен, қажырлығымен, әрі жанпида, сірілігімен көзге түсетін. Сондай сан-сапалақ соғыстар кезінде қытай жұртынан қолға тұтқындар да түсетін. Ол тұтқындар бірде ғұндардың, бірде түріктердің, енді бірде қырғилардың қоластында — солардың малын бағып, отын жаға жүріп, ту темірқазық жақтан Кіндік жазықты аңсап тұратын. Әрі көшпенділер бұлар мүлде жерсініп, біздің тәрбиеге кіріп кетті деп бойын кеңге салғанша ит көзі түтін танымас болып жүре беретін. Күндердің күнінде орай пісіп жетілгенде, немесе қытай жасағы көкжиектен шаң бергенде бұл тұтқындар жау жаққа өтіп кететін. Тіпті, тұтқынға түсіп үйлі-баранды болғандары араға жиырма, отыз жыл салып, әбден ай-күн, әлеті толғанда аттың тілін буып жаратып, бір түнде зытып беретін. Бара сала көшпенділер туралы, олардың жаз жайлауы мен қыс қыстауы, мал-жаны, ат-көлік, аламаны жайлы ең сенімді хабарлар беретін. Ондай жансыздар патша ағзамның алдынан ең бағалы сыйлықтар алып, лауазымды орындарға тағайындалатын. Кейбіреуі тіпті, әскер басы дәрежесіне дейін көтеріліп, қыр далаға қайталай қол төңкеретін. Түрлі рулық, қауымдық белгілеріне қарай көшпелі ұлыстардың ішкі бөлігіне іріткі салып, бір-бірімен қырқыстырып қоятын. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-05-2007