Әлем әдебиеті

«ЭНКИДИАДА»

1

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Мұрат ӘУЕЗОВ

«ЭНКИДИАДА»

 Шумердің «Гилгамен» эпосы жайлы

Басыңдағы баспанаң ба мәңгілік?

Қышқа басқан тас таңбаң ба мәңгілік?

Бірге өскен бауырың ба мәңгілік?

Адамдарды бір-біріне айдап сап,

Қырқыстырған күндестік пе мәңгілік?

 Бұл жолдар әлемді топан су қаптаған кезде өмір сүрген аккадтықтардың Нұх пайғамбары Утнапиштидің монологынан алынды. Негізгі мәтіннен оңаша осы оқшау тұрысында да бұл сөздердің сыны еш бұзылмайтыны аңғарылады.

Көне «қалыпты» кері ысырып тастаған жыр әуенінен адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақыру іспетті ізгі тілектердің үні айқын естіліп тұр. Бұрынғы өмір сүру мазмұны тұтасымен топан судың аяусыз аранына жұтылып, пейілі адалдықтан аман қалған адам ретінде Құдайлар «қатарына» қабылданған Утнапиштидің өзі іспетті, сөздері де жаңа реңкке, мән мен мағынаға ие. Рас, өз қазанында, яғни, Гілгәмеш туралы эпоста, дәлірек айтқанда, Утнапиштидің монологына, олар біршама дәрменсіздеу, мұңлылау естіледі. Монолог «Сұм ажал ешкімді де аямайды» деп келетін жалпылама ой ауанымен басталады да, адамның қолында тұрған ештеңе жоқ екені, бәрі де Құдайлардың маңдайыңа не жазғанымен анықталатынына тоқталады. Ажал бәріне соңғы нүкте болмақ. Жауыздыққа да, мейірімге де, олардың өзара тартысына да. «Мәңгілік» ештеңе жоқ, өйткені, ештеңе мәңгілік болып жаратылмаған. Біз эпиграфқа таңдап алған сөздер Утнапишти монологының тұтқынында тұрғанда осы ойлардың дәлелі іспетті болып қала бермек. Толығырақ »

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Әубәкір НІЛІБАЕВ

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

Әубәкір НІЛІБАЕВ 1928 жылы 10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген.

Жиырмаға жуық жыр жинақтары шыққан: «Таңғы тыныс», «Болашақ осылай басталған», «Жыр жалау», «Қоңыр жел», «Алаулаған армандар», «Іңкәр жүрек», «Жер жүрегі», «Жиһан жиһазы», «Асыл адам», «Мың сөз» және тағы басқалар.

Эсхилдің «Бұғауланған Прометейін», Азия және Африка ақындарының өлеңдерін, Пәкістан ақыны Мұхаммад Икбалдың таңдамалы өлеңдері мен поэмаларын, Э.Потьенің, М.Лермонтовтың, Р.Тагордың, В.Маяковскийдің, Н.Забловскийдің, М.Светловтың өлеңдерін және «Махабхарата», «Ригведа», «Бхагавадгита», «Рамаяна» атты үнді эпостарын аударған.

Үндістан Республикасының Падма Шри сыйлығының лауреаты, Пәкістан Республикасының Икбал Академиясының «Икбалдың Алтын ескерткіші» сыйлығының иегері.

 * * *

 Біз, бүгінгі ХХІ ғасырдың адамдары, мынау аласапыран алып-қашпа дүниеге жаңа көзбен қарауға тиістіміз. Өйткені, біз күрт өзгерістер, күтпеген эксперименттер дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Уақыт қанша жүйрік болса да адам ой-қиялының, білім-ғылымының, ақыл-арманының уақыттан озып кетіп отырған тұстары да бар. Бұған дәлел ретінде адамның ғарышты меңгеруін айтсақ та жеткілікті болар. Сөйтіп, адам техникалық прогресті қолда ойнатып, дүйім дүниені дүбірге бөлеп, таңқалдырып отыр. Мұның үстіне, әлемге жар салып, ғаламдану деген идея ту көтеріп, ду көтеріп, адамзатты алаңдату үстінде. Ал осы шақта адам от басы, ошақ қасында қалып қоймай, дүр сілкініп, биікке, алысқа ұмтылуға тиіс. Мен мұны өзім жазушы болғандықтан әдебиет әлеміне қарата айтып отырмын. Ал шын ақын немесе шын жазушы болсаң, ең алдымен, сен кең көлемде, әлемдік масштабта ойлануың керек. Басқа ел қандай? Біз қандаймыз? Міне, осыдан барып, өз әдебиетіңмен қоса басқа әдебиетке де қызығушылық туады. Менің халқымда «Жақсының сөзі ортақ» деген мақал бар ғой. Өз басым осы мақалды жасымнан басшылыққа алдым. Басқа елдің ақын, жазушыларын қызыға оқыдым. Бала күнімде Абайдың Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты неге аударғаны жөнінде көп ойланатын едім… Абайды жаттаумен бірге Пушкиннің «Я помню чудное мгновение, передомной явилась ты» деген жолдарын жаттамау мүмкін болмады. Әлемдік философия классиктерінің бірі Әбунасыр Фараби жетпіс тілді жетік білген полиглот деген аңыз бар. Ол алдымен араб тілін, содан соң грек тілін меңгеріп, Платон мен Аристотельді араб тіліне аударғаны мені аса қызықтырды. Сөйтіп, менің ішкі дүнием аударма өнеріне қарай бұрылды да тұрды. Толығырақ »

Аврил ПАЙМЕН. Мен Тургеневті ағылшын тіліне қалай тәржімеледім

0

ТӘРЖІМЕ ТАРАЗЫСЫ       

  Аврил ПАЙМЕН

 

Мен Тургеневті ағылшын тіліне қалай тәржімеледім

 

       Паймен Аврил – белгілі ағылшын лингвисі, танымал тәржімеші, Тургеневтің шығармаларын ағылшын тіліне тәржімелеген әйел.

*** 

 

         Әрбір тәржімешінің негізгі міндеті үшеу: түпнұсқаның рухына адал болып қалу; туған тілінде көркемдігі жағынан қанағаттандырарлық тұтастық туғызу әрі осы тұтастықты арнайы даярлықтан өтпеген және тарихи-тұрмыстық мәнмәтіннен тыс тұрғыда пікір түзетін оқырманға бұл жайында жеткізу қамын жасау. Соңғы міндеттің, әсілінде, осы мақаланың авторы тәрізді әлемдік классиканы көп таралыммен шығаратын баспа үшін тәржіме жасайтындарға ерекше жауапкершілік жүктейтіні белгілі; осы орайда мен орыс тілінен ағылшын тіліне тәржімелеуді академиялық немесе көркемдік міндет түрінде емес, тек даярлығы жоқ оқырманды оған бейтаныс әлемге әдебиет арқылы, әрі осы әлем туындатқан әдебиет арқылы әкелудің тәсілі ретінде қарастырудың кейбір арнайы мәселелеріне тоқталғым келеді.

         Дегенмен, әуелі шағын ғана шегініс жасауым керек. Тегінде көркем тәржіме нағыз суреткердің шаруасы болуға тиіс. Қанатты сөздің қашанда қайырымы бары аян, бірақ сондай сөзді табудың заңы жоқ және болған емес. Бұл жерде орысшадан ағылшыншаға көркемдігі жоғары нағыз кәсіби тәржіме жасау бүгінігі күні балаң күйінде демей-ақ қоялық, десе де әлі мектеп жасынан аса қоймағаны да жасырын емес, сондықтан да маған «Тәржіме шеберлігі» жинағы редакциясының ұжымдық тәжірибе тұрғысынан алғанда әлі де есейе қоймаған біздің жалғыз-ілік тәржімешілердің барлығының алдынан жұмыс барысында шығатын кейбір проблемаларды талқылау мүмкіндігін беріп отырғаны өте-мөте маңызды. Толығырақ »

Герольд БЕЛЬГЕР.СЫРШЫЛДЫҚ ПЕН СЫРБАЗДЫҚ

0

ТӘРЖМЕ ТАРАЗЫСЫ 

 

Герольд БЕЛЬГЕР

 

СЫРШЫЛДЫҚ  ПЕН СЫРБАЗДЫҚ

 

(А.С. Пушкиннің “Гавриилиадасы” және

І. Жансүгіровтің

«Жебірейілнамасы» хақында)

  

            Солай болғаны да рас. Айтары не, бұған алып-қосарымыз да жоқ…. Әлбетте, мен Пушкинде “Гавриилиада” аталатын шығарманың бар екенін түрлі сыни-өмірбаяндық деректерден білуші едім, бірақ ұзақ жылдар бойы онымен етене танысудың сәті түспей жүрген… Мектепте де, институтта да ондай мүмкіндік болған жоқ… Бұрын-соңды қолыма түскен Пушкин басылымдарының ішінде бұл шығарма маған ұшыраспаған. Әлде бір құпия мен әлде бір әуестіктің қалың мұнарының арасында қала берді.

             Жоққа – шара жоқ. Менің тарапымнан да қайтсем тауып оқиын деген құмарлық иә құштарлық бола қойған жоқ… “Гавриилиаданы” институттан кейін Жамбыл облысының бір түкпіріндегі Байқадам ауылында жергілікті мектепте орыс тілі мен әдебиетінен оқытушы болып жүрген кезімде оқыдым. Бір үйде қонақта отырғанымызда орыстың ұлы ақынының көп қол тиіп көнерген көптомдық шығармалар жинағына кездейсоқ кезіккенім бар… Мол тартылған еттен кейін берілетін шәй келгенше қонақтар сонау алыс жылдардағы сіңісті әдетпен карта ойынына қызу кіріскен сәтте, бір бұрыштағы жайлы алашаға жайғасқан мен поэманы басынан аяғына дейін дегбірсізденіп бірден сіміріп салдым… Бойымды ақжарқын, асқақ қуаныш сезімі биледі.. Еріксізден ”Пай-пай, Пушкин” – дейтін сөзі есіме оралды. Махаббат машақаты жайында қалай есіле, еппен ойнақылана толғайды. Біздің уақытта, біздің ортада ерсілеу көрінер жәйттерді айту үшін, қандай сөз, қандай бейне, қандай теңеу таба білген.”Қиыннан қиыстырар ер данасы”  деген Абай сөзі ойға оралды. Биік діни сарынды, інжілдік өрімдерді әдептің шегінен қия баспай, әзілмен, зілсіз әжуамен, пендешілік құштарлықпен, осының бәрі-бәрін қалжыңға салғандай, қуақылана отырып, қалай ғана шебер, әрі қылаусыз қиыстырғаны қайран қалдырады. Толығырақ »

Ардақ ЮСУПОВА. ФРАНЦУЗ РОМАНТИЗМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ

1

ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРІ

Ардақ Юсупова,

өнертану кандидаты

 

ФРАНЦУЗ РОМАНТИЗМІНІҢ СУРЕТШІЛЕРІ         

 

          Францияның ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы өнерінде француз революциясы жеңіліс тапқаннан кейінгі кезеңде жаңа бағыт пайда болады. Қоғамды жайлаған күйкі тірлікке нариза дарашылдардың өнері дүниеге келеді. Олардың өнердегі мұраты – батыл жандарды, кесек тұлғаларды сомдау. Сондықтан да француз романтиктері өздерінің мұраттарын әлі өркениеттің шалығы тимеген өткен замандардан, адамдық қасиеттерді таразыға тартатын тосын жәйттерден (аң аулау көріністері, апатты сәттер, алыс беймәлім елдерге сапар, т. т.) іздейді. Жат та қас ортаға қарсы күреске шыққан қаһарманды тұлғаландыру, қаһарманның осы күресте азап шегуі мен опат болуы – романтизмнің өзекті тақырыбы. Мұның өзі тың шешімдер іздеуге бастап, сан алуан нақыштарды, сырбаз да сыршыл сезімнің бояуларын туғызады, тиісінше ықпал-әсері күшті көркемдік сілемдерді іздеуге жетелейді.

            Итальяндық өнер тарихшысы Лионелло Вентури өзінің «Жаңа заманның суретшілері» деген кітабында былай деп жазады: «Романтиктер кескіндемедегі сіреспе­лікке – серпінділікті, тұжыра айтуға – астарлы аңдатуды, шамадан тыс объектив­тілікке – шарқына ғана сай субъективтілікті, тығыздыққа – шексіздікті, заттарға – жарықтың жарасымын, қозғалыссыз қалған құдіреттілікке – тынымсыз құбылуды қарсы қояды. Толығырақ »

ШЕКСПИР ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРЖІМЕЛЕРІНЕ ЕСКЕРТПЕЛЕР

0

       

  Борис   ПАСТЕРНАК

 

ШЕКСПИР ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРЖІМЕЛЕРІНЕ ЕСКЕРТПЕЛЕР

 

               Борис Леонидович Пастернак (1890-1960), белгілі орыс жазушысы, ақын, тәржімеші, Нобель сыйлығының лауреаты (1958 ж). Көптеген шетел жазушыларының айтулы драматургиялық шығармаларын, атап айтқанда, Шекспирді, Бен Джонсонды, Клейсті, Гетені (Фауст), атақты ағылшын (Байрон, Шелли, Китс, Суинберн), неміс (Ганс Сакс, Гете, Гервег, Рильке, Бехер) ақындарын, француз Верленнің, поляк Верленнің, венгр Петефидің, испан Альбертидің, бірталай грузин ақындарының жырларын орыс тіліне аударған.   

Тәржіменің ортақ мақсаты

         Әр жылдары мен Шекспирдің бірталай шығармаларын тәржімелеген екенмін. Атап айтқанда, бұлар – «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Антоний мен Клеопатра», «Отелло», «Король Төртінші Генрих» (бірінші және екінші бөлімдері), «Макбет» және «Король Лир» драмалары. Театрлар мен оқырмандардың оңтайлы әрі оңай оқылатын тәржімелерге деген қажеті әрдайым жоғары болып келеді және мұндай керексінудің толастайтын түрі жоқ. Тәржіме жасаған әр адамның осынау қажеттілікті өтеуге басқаларға қарағанда, көбірек үлес қостым дейтін үмітпен өзін алдарқататыны және бар. Бұл ортақ пікірден менің де сырт қала алмағыным белгілі. Яғни көркем тәржіменің мәні мен міндеттеріне келгенде, менің көзқарастарым да онша оқшауланып тұрмаса керек. Көпшілікпен бірге мен де сөзбе-сөз дәлдігі мен нысанының сәйкестігі тәржіменің шынайы жақындығын қамтамасыз ете алмайды деген ойдамын. Бейне мен бейнеленген суреттің ұқсастығы секілді тәржіменің түпнұсқамен ұқсастығына тек қана тілдің тұшымдығы мен табиғилығы арқылы ғана жетуге болады. Төлтума жазушылар сияқты тәржімеші де өзінің әдеттегі қолданысына тән емес сөздігінен, әрі стильдендіруге әкеліп саятын әдеби жасандылықтан бойын аулақ салғаны жөн. Түпнұсқа тәрізді тәржіме де сөздердің жиынтығына айналмай, шынайы тіршілік тұрғысында әсер беруі керек. Толығырақ »

Н.Г.ЧЕРНЫШЕВСКИЙ. ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ АРИСТОТЕЛЬ ШЫҒАРМАСЫ

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

 

Н.Г.ЧЕРНЫШЕВСКИЙ

 

 ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ АРИСТОТЕЛЬ ШЫҒАРМАСЫ

 

 

Әдебиетте Ордынскийді көтеріп, оған алғыс айтудың керегі – оның ой толғауы етіп, Аристотельдің «Поэтикасын» таңдап алғандығы. Бұл кітап өткен ғасырдың соңына дейін барлық эстетика мәселесіне негіз болған бірінші жазылған көлемді трактат. Ордынскийдің мұны таңдап алуы орынды ма, жоқ па? Соған келейік. Осы күнгі адамдардың ішінде эстетикаға сұлық қарап, оны ғылым деп санамайтындар аз емес, олардың ойынша, эстетика ешбір мақсатқа жеткізбейтін керегі жоқ нәрсе. Оның идеясын ашуға бөгет болатын көбінесе оның күңгірттігі деп ойлайды. Бұл айтқан адамдардың ішінен әлі күнге біреу шығып Лагарпе туралы: «Бұл шын данышпан ғалым әдебиет тарихын зерттеуші еді. Өз заманының жазушыларын дұрыс бағалау туралы күрделі, ашық пікірде болмады» деген бір ауыз не күйінетін, не сүйінетін сөз әлі күнге естілмеді. Не болмаса Мерзляков туралы “бұл нәзік сезімді ашқан сыншының бірі еді. Бірақ бақытсыздыққа қарай ол тек орыстың ғана Лагарпесі болып, орыс әдебиетін сынауда пайдасынан зияны асты” деген бір ауыз күйінішті сөз айтылмады. Бүгінгі эстетиканы сүймейтін адамдардың көзқарасы осылай болғандықтан, біз бұл айтқан ғылымды олардан қорғап, жақтағымыз келмейді, бірақ сыншы мен әдебиет тарихын зерттеушілердің түпкі негізі бір, ашық болуы – бұл ең керек нәрсе.

 

Эстетика деген не нәрсе, бұл искусство, поэзия негіздерінің (принципінің) системі емес пе? Эстетика бір кезде қатты қуғынға ұшырап, әдебиет тарихының ол кезде мүлде ұмытылғанын біз жақсы білмейміз бе? Ол кездегі сынның түрі жиырма бес табақ қағазға: «өте жақсы», «орташа», «жаман» деп айтылатын, мақтау өлеңдердің строфасы туралы берілген тек құрғақ сын емес пе еді? Не сол «өте жақсы», «орташа» деп анықтаған строфалардың ішінде: «күшті жазылған», «дұрыс әліптемеген» сияқты тоғышар сындар сын емес пе еді? Бұл кез қай кез еді, бұл француздардың эстетиканы жек көруден бұрынғы кез емес пе еді? Эстетикаға бұл көзқарас 1830 жылдан былай қарай өзгеріп, біз эстетикаға содан бері ғана таныса бастадық. Эстетиканың бізге берген пайдасы «Воссюэттің ұлы ісі» туралы айтылған толғамдарды орысша басылған нашар кітаптан оқымайтын болдық. Толығырақ »

МАЖАР ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӨНІНДЕ

0

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ӘЛЕМ АЙНАСЫНДА

 

МАЖАР ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӨНІНДЕ

 

(XIX ғасыр)

1. Шамуель Брашшаи

 

Қазақ әдебиеті туралы алғашқы пікірлер XIX ғасырда қазақ жеріне аяқ басқан мажар саяxатшыларынан табылады. Әзірге белгілі ең алғашқы мажар ғалымының пікірі XIX ғасырдың бірінші жартысында 1835 жылы “Vasarnapi Ujsag” (Вашарнапи Уйшаг- Жексенбілік газет) газетінде басылған. Шамуель Брашшаи “Қырғыз-қазақтар” атты еңбегінде қазақтардың ақындық дарындылығы туралы былай дейді: “Қырғыздардың сан ғасырлық мәдениетінің бір көрінісі – ой тірлігі, қиялының күштілігі. Өлең-жыр және музыка – олардың сүйікті кәсібі. Бұған бір мысал мына өлең:

 

Қарды көрдің бе?

Сүйіктім еті одан ақ,

Қарға тамған қойдың қанын көрдің бе?

Сүйіктімнің беті одан қызыл. Толығырақ »

Мұхтар ӘУЕЗОВ. КӨРКЕМ АУДАРМА ЖАЙЫНДАҒЫ ОЙЛАР

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

    Мұхтар ӘУЕЗОВ

 

Көркем аударма  жайындағы ойлар

 

“Әуезовтың үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың, шіркін не арманы бар екен”.

Бежерон.

“Дворян ұясы” романының аудармасы туралы

 

Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің “Дворян ұясы” атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім. Біздің әдебиетімізді қай салада болса да байытып өсіруге көмекші болып келе жатқан істің бірі аудармалар екені мәлім. Біз поэзиялық, көркем прозалық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып алып жүрміз. Бірақ әлі күнге “көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады” деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аударушылық әрекеттеріміз табыстарымен, кемшіліктерімен де ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармалық еңбектеріміз көбейе түссе, солғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі.

Бірақ сондай байлаулы ойларды түю үшін жеке тәжірибелердің әрқайсысы өздерінің табыс жаңалығымен ортаға түсіп талқыға алынуы керек.

Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде қостым ба деген ізденулерім бар. “Дворян ұясы” романын бастырумен қатар сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан осы кіріспені әдейілеп жазып отырмын. Толығырақ »

Сәйділ ТАЛЖАНОВ. АУДАРМАНЫҢ АРНАУЛЫ ТАРИХЫНАН

0

 ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ   

 

Сәйділ Талжанов

 

Аударманың арнаулы тарихынан

 

           Сәйділ Омарұлы Талжанов (1906 – 1972) – әдебиет тарихын, әсіресе оның ішінде әдеби алмасулар мен ықпалдасулар тарихын ізерлей зерттеген зерделі ғалым. Тегінде Сәйділ ағамыздың зерттеулерінің көкжиегі барынша кең. Аударма тарихын тереңнен тарта зерделеген ғалым тілдік байланыстарды да барынша байыпты ой елегінен өткізеді. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің даму, жетілу мен өркендеу үдерісін оның көрнекті өкілдерінің шығармашылық ізденістерімен, түйсіну, пайымдау мен бейнелеу тәсілдерімен, мұндағы жаңашылдық көріністерімен тығыз байланыста қарастырады. Әрі әдебиеттердің өзара байланыстары, бір-біріне тигізген әсері мен ықпалы арнасында қарастырады.

            Ғалымның көрнекті шығармасы «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» еңбегінің жарық көргеніне де қырық жылға тарта уақыт өткен екен. Демек бүгінгі отыз бен қырықтың арасындағы азаматтардың, әдейі зерттеу нысаны ретінде іздестірген адам болмаса, бұл еңбекпен танысу мүмкіндігінің бола бермегені де шын. Сондықтан аударма тарихынан жүйелі мағлұматтар беретінін, әрі біздің басылымның бағыты мен бағдарына сәйкес келетінін ескеріп, осы кітаптан қысқа үзінді беруді жөн көрдік.

  (Мәтін ешбір өзгеріссіз, кітаптағы нұсқасына сәйкес жарияланып отыр) Толығырақ »