ЗЕРДЕЛЕУ. ЗЕРТТЕУ. КӨЗҚАРАС

Абдурауф ФИТРАТ
ШАҒАТАЙ ӘДЕБИЕТІ
Абдурауф ФИТРАТ (Абдурахимуғли) – өзбек халқының біртуар тұлғасы. 1886 жылы Бұхара қаласында дүниеге келген. Ол әуелі молдадан ескіше сауат ашып, кейін атақты «Мир Араб» медресесінде білімін жетілдірді. Бұл тұста Исмайыл Гаспыралы реформасы Бұхараға да жетіп еді. Бұхара оқығандары жәдитшілдікті түсіну үшін Бақшасарай мен Стамбұл қалаларына арнайы адамдарын жіберіп, білім жүйесіндегі тәжірибелерін үйренді. Жастарды осы бағытта тәрбиелеу үшін «Тарбияи атфол» жасырын ұйымы құрылды. Осы ұйым бастамасымен ол 1909-1913 жылдар аралығында Стамбұлда тәлім алды. Жас ақын жәдитшілдік көзқараспен есейіп жетілді. Фитраттың Түркістан әдебиеті тарихындағы маңызы зор қызметінің бірі – 1918 жылы «Чиғатой гурунги» (Шағатай бәсі) ұйымын құруы еді. Бұл туралы алаштанушы-профессор Д. Қамзабекұлы: «Шағатай бәсi» – пiкiрталасты көздеген, ақыл-ойдың қайнауын тiлеген ұйым. Мұнда бәс шындық пен ақиқатқа тiгiлсе керек. Жеңген жан ғылым мен ағарудың абыройына бөленедi, көзi ашылған елдiң есiнде қалады. Түркi халықтарының тағдыры талқыға түскен кезеңде жұмыс жасаған «Шағатай бәсi» Түркiстан руханиятының қанжығасына олжа байлады. А. Фитрат пен аталған ұйымның iзденiсi бiраз адамға ой салды, бiраз жанды қателiктен құтқарды. Сөйтiп, Ташкенттiң рухани ауа райына игi ықпал еттi»,– деп жазады («Алаш және әдебиет», Астана, 2002 жыл).
Өзбек әдебиеті тарихын дәуірлеу үлгісін алғаш ұсынған Фитраттың «Шағатай әдебиеті» мақаласы 1929 жылы «Қызыл қалам» жинағының екінші кітабында жарыққа шықты.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 08-02-2012
ТӘРЖІМЕ ТАРАЗЫСЫ
Әйгерім ӘЛІМЖАНОВА
ҰЛЫЛАР ҮНДЕСТІГІ
Ақын – қасиетті, киелі ұғым. Ақын уақыт шындығын, өмірдің ақиқатын танытуға, тамыршыдай дәл басып көрсетуге Тәңірдің бізге жіберген елшісі іспеттес. Алайда әр ақынның сезімді поэзияға өзек етуінде эстетикалық әдіс-тәсілдері түрліше. Сондықтан мұндай жағдайда талант талғамы биік болуға тиіс. Демек, өлеңнің эстетикалық-эмоциялық әсері күшті болуы үшін ақын образ арқылы ойлайды. Мұның өзі алып ақындарымыздың көркем тіл айшықтарындағы стильдік өнер ерекшелігін танытады. Ал ұлы ақындардың бірінің шығармасы екіншісінің жүрегіне жақын болып, аударма туындылар дүние келіп жатса, бұл олардың шығармашылық үндестігін танытатындай.
М.Ю. Лермонтов шығармаларын қазақ тіліне аударуда көптеген зиялы қауымның еңбегі ерекше, дегенмен ол аудармалардың барлығына бірдей көңіл бөлініп, ғылыми тұрғыдан жете зерттелмей отырғаны белгілі болып отыр.
М.Ю. Лермонтов поэзиясының алуан халықтың жыр мәдениетіне тигізген әсері шексіз. Оның өршіл романтикасы Байрон, Пушкин дәстүрінен кейін поэзияға ерекше айбар беретін асқақ құздай болып көрінеді, өлең дүниесінде тек поэзиялық әлем қасиетімен ғана емес, Лермонтов өзінің ұшқыр ой-қиялымен, заман және адам туралы терең тебіренісімен өзінен кейінгі атақты ақындарға орасан зор ықпалын тигізеді. Бұл тарапта шығыста, әсіресе мұсылман әлемінде Лермонтовтың асыл мұрасын терең таныған, ақындығына берік ден қойған, орыстың дана ақынын өзіне ұстаз тұтқан кемеңгерлердің бірі – ұлы Абай. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-10-2011
СЫНТАЛҚЫ
А. СТРУГАЦКИЙ
АКУТАВАНЫҢ ҮШ ЖАҢАЛЫҒЫ
Әдебиет тарихында тағдыр жазуымен өзіне берілген аз ғана ғұмыр ішінде соңына талай ұрпақ жата жастанып оқыр мол мұра қалдырған жазушылар аз емес. Солардың бірі – жапон жазушысы Акутагава РЮНЕСКЭ (1892-1927). Әлем әдебиеті оны новелла жазудың теңдессіз шеберлерінің бірі санайды.
Әдебиетте өзіндік дүниетанымы, көркемдік әдіс-тәсілдері, эстетикалық тұғырнамасы, төл тақырыбы болмаған жазушылар із қалдыра алмақ емес. Ал Акутагавада осылардың бәрі де бар болып шықты.
Қазір Акутагава ашқан тәсілдер әлем әдебиетінде кең қолданыс тапқан. Бұл тәсілдер әдебиет қана емес, киноматографияның да үлесіне айналғалы біраз болып қалды. Жапон киносы патриархтарының бірі Акиро Куросаваның «Қанға былғанған тақ» атты фильмі соның бір айғағы. Бір қарағанда фильм орта ғасырлардағы жапон өмірінен сыр шертетін секілді. Фильмнің негізінде кімнің, қай халықтың туындысы жатқандығын білмейтіндерге солай да көрінеді. Ал әлем әдебиетінен хабары бар жан фильм өзегінде атақты Шекспирдің «Макбеті» және осы пьесаға мұрындық болған шотланд ертегісі жатқандығын бірден аңғарған болар еді. Жапон өмірі туралы сыр шертетін шотланд ертегісі. Ал мұндай метаморфозалар Акутагава шығармашылығында жетіп артылады. Рас, Акутагава шығармашылығының бастауында сан ғасырлық тарихы бар жапон жазба әдебиеті жатқандығы жасырын емес. Осы ыңғайдан алғанда, бәріміздің аузымыздың суы құрып тамсана беретін Кафканың атақты «Құбылуының» («Превращение») өзі де көне жапон әфсаналарының жадағай көшірмесіндей болып көрініп қалатыны бар. Осындай құнарлы топырақта пайда болған әдебиеттің осал болмасы да белгілі. Оған бүгінгі жапон әдебиеті куә.
Төменде сол әдебиеттің белді өкілдерінің бірі – Акутагава Рюнескэ шығармашылығына байланысты жазылған орыс сыншысы А. Стругацкийдің «Акутагава Рюнескэнің үш жаңалығы» атты мақаласын ықшамдап жариялап отырмыз.
І
«Бүгінді байырғының көзімен зер
салып тануға болады»
Уэди АКИНАРИ
«Кондзяку моногатариде» («Бағзы кездер хикаялары»), он бірінші ғасырдың аяғында хатқа түсірілген әдеби ескерткіште баю мақсатында ауылын тастап астанаға келіп, Расемон қақпасының қарауыл – мұнарасында шарасыздықтан қайыршы кемпірді тонайтын ұры жайлы қысқа ғана әңгіме бар. Акутагаваның арқасында (жапон кинематографиясының да үлесі бар) бүгінгі күні осы Расемон атауы жер шарындағы әрбір мәдениетті адамға белгілі. Ал бәрі де жиырма төрт жасар студенттің әдебиеттегі өз тақырыбы жайлы ұзақ ойлануларынан кейін басталған еді. Асылы, ол ойлана келе мынадай ұйғарымға келген болса керек: «Менің тақырыбым адам рухының, адам психологиясының шексіз әлемі болуға тиіс. Әдебиет өнер болуға тиісті. Олай болса, мен де әдебиетті қарабайырлық, ақиқат өмірді жалаңаштап көрсету деп түсінетіндерге қарсымын. Олардың даңғыраларын қағып, ұлы мәртебелі өнердің мазасын алуына жол бермеуім керек. Бұл күресте шеберлік қана көмектесе алмақ. Ондай болса, менің ұстанар әдіс-тәсілдерім қандай болмақ?» Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 13-09-2011
ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР
Ромен РОЛЛАН
ТОЛСТОЙДЫҢ ӨМІРІ
(Соңы. Басы өткен санда)
Ромен РОЛЛАН – Францияның ұлы жазушысы. Ол шығармашылық жолын драматургиядан бастап үлкен табыстарға жетті.
Алайда жазушының атағын әлемге әйгілі еткен шығармасы он кітаптан тұратын «Жан-Кристоф» романы еді. Ромен Ролланға «Жан-Кристоф» романы үшін 1915 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді.
Ромен Роллан тек шығарма жазумен ғана емес, сонымен қатар әлемге әйгілі тұлғалардың өмірін зерттеумен де айналысты. Жазушының «Бетховеннің өмірі», «Толстойдың өмірі», «Микеланджелоның өмірі», «Рамакришнаның өмірі» секілді кітаптары кемеңгер тұлғалардың ғұмырын жан-жақты терең зерттеуімен айрықшаланады. Жазушының «Сенім трагедиясы», «Әулие Людовик» секілді тырнақалды пьесалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
* * *
1882 жылдың қысын Толстой Мәскеуде өткізіп (отбасылық міндетіне мойынсынып, ол онда үй-ішіндегілердің соңынан барды)1 жалпыхалықтық санаққа қатысады. Тұңғыш рет ол үлкен қалалардағы халықтың қайыршылығын көзімен көреді. Алған әсері жан түршігерлік еді. Өмірінде алғаш рет өркениеттің бітеу жарасын тапқан күннің кешінде ол өзінің досына көргендерінің бәрін баяндап беріп айтып тұрып, әлдекімдерге «айғайлап, жылап, қайта-қайта жұдырығын түйеді».
«Мен оны өзім де байқамай, көзім жасқа толып, айғайлап, жолдасыма қарай қайта-қайта қолымды сермеппін».2
Ол қайтадан бірнеше айлар бойы ауыр күйзеліске батып кетті. Толстая ханым 1882 жылдың 3 наурызында оған былай деп хат жазады: Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 25-08-2011
ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР
Корней ЧУКОВСКИЙ
СТИЛЬ
Бұл мақала көрнекті әдебиет тарихшысы, сыншы, филолог, тәржіме теоретигі Корней Иванович Чуковскийдің (шын аты – Николай Иванович Корнейчуков; 1882-1969) «Мәртебелі өнер» кітабының осылай аталатын тарауынан ықшамдалып алынып отыр. Ол көптеген көрнекті ағылшын, американ жазушыларының таңдаулы туындыларын орыс тілінде сөйлеткен үлкен тәржімеші. Оның тәржіме саласын ұйымдастыруға, дамыту мен өркендетуге сіңірген еңбегі зор. Бұл үзінді оның «Высокое искусство. Принципы художественного перевода» кітабынан («Авалонъ» баспасы, Санкт-Петербург, 2008) алынып отыр.
* * *
Мәселе мынада: тәржімешінің сөздігі қаншама бай болғанымен, ол тәржімеленіп отырған мәтінге қызмет етпесе, оның қажеті шамалы.
Тәржімешінің синонимдерді терген кезде, оларды жүйе-желісіз жинай бермегені жөн. Оларды стиліне қарай орны-орнына бөліп қойғаны орынды, өйткені әр сөздің орайлас келетін стилі бар. Себебі – бірі сезімдік-әсершілдік, енді бірі көтеріңкі салтанатты, келесісі әзіл-оспақты ойнақы, кейінгі бірі қатқыл іскерлік стильде болуы ықтимал. Мысалға умереть етістігін алайық. Умер деудің жөні бір басқа да, отошел в вечность, скончался деген басқаша, енді опочил, немесе заснул навеки немесе заснул непробудным сном, айталық, отправился к праотцам, преставился дегеннің реңкі өзгешелеу, ендеше издох, околел, скапутился, загнулся, отдал концы, окочурился, дал дуба, сыграл в ящик және т.т. жөні мүлде бөлек.Академик Щерба тілді мынадай төрт стилистік қатпарға бөлген екен: Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-06-2011
ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР
Ромен РОЛЛАН
ТОЛСТОЙДЫҢ ӨМІРІ
Ромен РОЛЛАН – Францияның ұлы жазушысы. Қаламгердің атағын әлемге әйгілі еткен шығармасы он кітаптан тұратын «ЖанКристоф» романы еді. Ромен Ролланға «Жан-Кристоф» романы үшін 1915 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді.
Ромен Роллан тек шығарма жазумен ғана емес, сонымен қатар әлемге әйгілі тұлғалардың өмірін зерттеумен де айналысты. Жазушының «Бетховеннің өмірі», «Толстойдың өмірі», «Микеланджелоның өмірі», «Рамакришнаның өмірі» секілді кітаптары кемеңгер тұлғалардың ғұмырын жан-жақты терең зерттеуімен айрықшаланады. Атақты суреткер шығармашылық жолын драматургиядан бастап үлкен табыстарға жетті. Жазушының «Сенім трагедиясы», «Әулие Людовик» секілді тырнақалды пьесалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
* * *
Толстой – орыстың ұлы жаны – осыдан жүз жыл бұрын жарқыраған сәулесі менің ұрпағымның жастығын арайландырып жіберді. Сөніп бара жатқан жүзжылдықтың қапырық ымыртында Темірқазық жұлдызымызға айналды; жас жүрегіміз оған талпынып саусағын жайды; ол біздің тірегіміз-тұғын. Біреулердің сүйікті суреткерден гөрі сырласы болған немесе оны еуропалық өнер шеберлерінің ішіндегі ең жақын, тіпті жалғыз, нағыз досы санағандармен қатар, мұндайлар Францияда өте көп, мен де оның қасиетті есімінің лайықты бағасын беріп, махаббатым мен ризашылығымның құрметін білдіргім келеді.
Мен ешқашан да оны түсіну үшін шығармаларын оқыған күндерімді ұмыта алмаймын. Бұл 1886 жылы болды. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-06-2011
ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС
Әмір ЖАЛБАҒАЙ
Толқын РАМАЗАН
ЖЫР ПЕРІШТЕСІ
Ли Байдың аты аталса, «жыр періштесі», «шарап жыры», «романтик», «айбынды» анықтауыштарының оқырмандар ойына оралары айдан анық. Ал нағыз Ли Бай біздің межемізден қаншалықты қашықта? Дәстүрлі баяндауларда Ли Бай ашық, жайдары, реал ортадан аттап өтіп, еркін самғаған ақын. Төрелер мен тоғышар-лардың қақпақылы мен келекесі оның бейнесіне көлеңке түсіре алған жоқ, қайта жыр дүлдүлінің таңғажайып өміріне онан әрмен тылсымдық реңк берді.
Ли Байдың туған жері туралы зерттеулер жүргізген қаламгерлердің тұспалдары ежелден бір жерге тоғысып, нақты тиянақ таппаған еді. Солардың ішінде өкілдік сипаттысы екеу. Оның бірі – Сычуан өлкесін-дегі Жяңиұ қаласы, енді бірі – Орта Азиядағы Суяп қаласы. Қазір қаламгерлер түгел дерлік Ли Байдың туған жері Суяп қаласы, бұл қала қазір Қытай шекарасының ішінде емес, Қырғызстан Республикасының астанасы – Бішкектің шығысындағы Тоқмақ қаласының маңында, қазір сол жерде Суяп қаласының көне жұрты бар деген ортақ тоқтамға келді.
Ли Бай 701 жылы осы Суяп қаласында түрік отбасында дүниеге келеді. Әкесі мен шешесі ұлына Тайбай деп, ал Тайбайдан кейін туылған қызына Толғанай деп ат қояды. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-06-2011
Ардақ ЮСУПОВА,
өнертану кандидаты
МОҢҒОЛ ҰЛТТЫҚ «МОҢҒОЛ ЗУРАҒ» КЕСКІНДЕМЕСІ
Моңғол ұлттық «Моңғол зурағ» кескіндемесінің дәстүрлері тастағы таңбалардан бастау алады, бұл бір кезде моңғолдың жалпақ жазирасын мекендеген көшпенді халықтар, соның ішінде арғыда ғұндар, бертінде түркі тайпалары да қалдырған сілем. Киізден жасалған бұйымдардың ғажайып үлгілері ортаазиялық «мақұлыхат үлгісінің» тікелей жалғасы секілді. Ғалымдардың куәлігіне сайсақ, мұнда түркілердің жерлеу ғұрыптарының ізі де көрініс береді. Олар ағаштан өрілген қабырдың қабырғаларына қайтқан адамның көзі тірісінде жасаған жауынгерлік ерліктерінің көріністерін бейнелейтін болған.
Моңғолияға біздің заманымыздың І-ІІІ ғасырларында Жібек жолы арқылы Будда діні енеді. Сол арқылы Моңғолияның көркем мәдениетінің дамуына VІІІ-ХІ ғасырлардағы ұйғыр және ортаазиялық кескіндеме мектептері әсер етеді. Әсіресе портрет пен пейзаж жанрлары, тарихи тақырыптарға арналған қабырғалық кескіндеме өнері өркендеген ежелгі кидандардың Дай-ляо мемлекетінің өзіндік мәдениетінің ықпал еткенін айту керек. Осылайша моңғол топырағында әр кезеңдерде өмір сүрген өзіндік қайталанбас мәдениеті бар ежелгі және ортағасырлық мемлекеттер қалдырған бай көркемдік мұраның моңғол кескіндемесінің бет-бітімін қалыптастырғаны даусыз. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-04-2011
Ардақ ЮСУПОВА
өнертану кандидаты
АМЕРИКА КЕСКІНДЕМЕСІ
(ХХ ғасырға дейін)
ХХ ғасырға дейінгі Америка кескіндемесі көпшілікке кеңінен таныс емес. Оның көптеген себептері бар. Бүгінгі күнге жеткен алғашқы американ кескіндемелері ХVІ ғасырға жатады. Олар зерттеу экспедициясы мүшелерінің салған суреттері. Алғашқы кәсіби суретшілер ХVІІІ ғасырда пайда бола бастады, оның өзінде тек портреттер арқылы ғана табыс тапты. Бұл жанр ХІХ ғасырдың басына дейін америка кескіндемесіне үстемдік етіп келді.
ХVІІ ғасырдың екінші жартысында алғашқы портреттер майлы бояумен салына бастады. Бұл кезеңде қоныс аударушылардың тұрмыс-тіршілігі тұрақталып, өнерге деген қызығушылық арта бастады. 1730 жылдар шамасында шығыс жағалаудағы қалаларда Генриетта Джонстон, Юстус Энгльхардт Кюн, Густав Хесселиус, Джон Уотсон, Питер Пелэм және Джон Смайберт секілді суретшілер бой көрсете бастады.
Соңғы екеуінің кескіндемелері әйгілі американ суретшісі Джон Синглтон Коплидің (1738-1815) шығармашылығына ерекше ықпал етті. Бенджамин Уэст (1738-1820) тарихи кескіндемеші ретінде танымал болды. Копли де, Уэст те Лондонға көшіп барып, сонда тұрақтап қалды. Уэст 1792 жылы Британия Корольдік өнер академиясының президенті сэр Джошуа Рейнолдстың орнын басады. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-02-2011
ТӘРЖІМЕ ТАРАЗЫСЫ
Әйгерім ӘЛІМЖАНОВА
«ШИЛЬОН ТҰТҚЫНЫ» ҚАЛАЙ АУДАРЫЛҒАН?
Әдебиеттің даму процесі мен халықтың рухани өмірінде көрнекті рөл атқарып келе жатқан негізгі жанрдың бірі – поэма.
Поэма – оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарма. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді. Ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады. Көлемі жағынан шағын келеді. Әдебиет тарихындағы синергетикалық жанрға жататын поэма туралы сөз еткенде жалпы әдеби процестің құрамындағы өзекті мәселелердің бір саласына тереңдеп бару керек сияқты. Өйткені тарихи тұрғыдан алып қарағанда қазақ поэмасының жанр ретіндегі сипаты бұдан сан ғасырлар бұрын белгілі болды десек те, ол XIX ғасырдың екінші жартысынан бергі дәуірде ғана қалыптасты. Демек, қазақтың жаңа әдебиетінің басы болған Абай шығармашылығы осы дәуір әдебиетінде рухани өзгерістердің айғағы, жемісі болды. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Зерттеу | Жарияланған күні: 20-02-2011