Әлем әдебиеті

БОЛМАҒАН ЖАЙТ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Всеволод ГАРШИН

 

БОЛМАҒАН ЖАЙТ

 

Орыс жазушысы, сыншы Всеволод ГАРШИННІҢ (1855 – 1888) көзі тірісінде-ақ орыс интеллигенттері арасында «гаршиндік пішімдегі адам» деген үғым кеңінен тараған болатын. Бұл ұғымды жазушы шығармаларын оқып барып түсінуге болады. Гаршин үшін адамның ішкі әлемінің сұлулығы мен сыртқы түр-келбетінің сұлулығы қашан да бір, ажыратылмас дүние. Әлем мен адамзат баласының олқылықтарына жаны ашу, қатты қайғыру, өзгенің мұңын өзінікіндей жоқтау – «гаршин типті адамның» басты белгілерінің бірі.

Гаршиннің мұрасы аса үлкен емес, дегенмен оның шығармалары тақырыптық және стильдік өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.

Гаршин әдебиетке аллегория жанрын қайта енгізді, бірақ оған жаңаша – лирикалық-философиялық новелла сипатын бере білді. Жазушының өзіндік қолтаңбасы назарларыңызға ұсынылып отырған «Болмаған жәйт» аллегориясынан айқын байқалады. Әңгіменің ирониялық немесе тіпті сатиралық финалының тағы бір мағынасы бар. Аллегорияның философиялық мазмұны (ал бұл қашан да Гаршин шығармашылығына тән нәрсе) оны бүгінгі күнгі әлеуметтік-саяси көзқарас тұрғысынан қайтадан оқып шығуға меңзейді, онымен шектелмейді де.

Гаршин кейіпкердің жаңа типін – қоғамдағы келеңсіз істер үшін жеке жауапкершілігін сезіне білген ары таза, жаны ақ, сезімтал адам тұлғасын дүниеге келтірді. Аталмыш кейіпкер кейін – XIX ғасырдың соңында демократияшыл орыс әдебиетінің негізгі кейіпкерлерінің біріне айналады.

 

* * *

Бұл маусымның мамыражай күндерінің бірінде болған оқиға-тын. Ауаның ыстықтығы реомюр бойынша 28 градусқа дейін көтеріліп, күн нағыз қызған шақ-ты. Ал бақ ішіндегі алаңқайда қалың шие ағаштары еш жел өткізбейтіндіктен, ыстық бұдан да бетер еді. Жан-жануарлардың бәрі ұйқыда-тын: тамаққа тойып алған адамдар түстен кейінгі жатар жер болса қисая кету ісіне кіріскен; құстар үнсіз, жәндік біткеннің көбісі аптап ыстықтан қашып, тығылып жатыр. Үй жануарлары жөнінде тіпті айтпаса да болады: ірілі-ұсақты мал жаппаның астында бой тасалап, жандары жай тапқандай; ит болса қамбаның астынан шұңқыр қазып алып, сонда паналапты. Байғұс көздерін анда-санда бір ашып, қызғылт тілін жарты аршынға дейін салақтата үзік-үзік дем алуда; ыстық бейшараны әбден титықтатқан, оның арагідік қатты есінейтіні соншалық – есінеген сайын әлсіз қыңсылайды да. Он үш «балапанын» соңына ерткен мегежін жағаға барып, қарамай шалшыққа жата қалыпты. Шалшық судан олардың пысылдаған, қорсылдаған талпақ танаулары, лайға малшынған сопақша арқалары мен дәу салпаң құлақтары ғана көрінеді. Тек тауықтар ғана ыстықтан қорықпай, ішінен бір түйір де дән табылмайтынын біле тұра, ас үй кіреберісіне қарсыдағы құрғақ жерді кішкентай аяқтарымен аршып, өздерінше уақыт өткізуге бейілденгендей; дегенмен де, әтешке оңай соқпай тұрған түрі бар, себебі – ол анда-санда есі ауысқандай, бар даусымен «қандай жан-жа-а-а-ал!» деп айқай салып жүр. Толығырақ »

ҚҰДАЙ ҮЙІ АЛДЫНДА

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Джебран Халиль ДЖЕБРАН

 

ҚҰДАЙ ҮЙІ АЛДЫНДА

 

Ливан-американдық философшы эссеист, романист, мистикалық ақын және суретші Джебран Халиль ДЖЕБРАННЫҢ (Джибранның) (1883-1931) шығармашылығы XX ғасырдағы араб әдебиеті мен философиялық ойының тарихында айрықша орын алады, басқаша айтқанда, философиялық бағыттағы араб романтизмінің негізі болып табылады. Оның жеке тұлғасы шын мәнінде Ливан символына айналды, оның даңқы бүкіл жер жүзіне тарады. Бүгінде оның шығармалары әлем тілдерінде көптеп басылуда, ол Батыста да, Шығыста да ең көп оқылатын араб жазушысы болып табылады, ал оның «Пайғамбар» атты шығармасы мыңдаған оқырман үшін қойын кітабы іспеттес. Сыншылар қауымы оның кітаптары мен шығармашылық жолын Блейк, Ницше, Юнг, Гете, Эмерсон сынды әйгілі тұлғалармен бір қатарға қояды.

Джебран ширек ғасыр бойы дерлік еңбек етті және оның шығармашылығы Ақиқат пен Сұлулық бірлігінің, Рух мәңгілігінің, оның шексіздігінің, тобыр тоғышарлығын артқа қалдырып, бостандыққа ұмтылудың жалпы идеяларымен нәрленген. Өз шығармаларында ол оқырман рухын азаттыққа, күнделікті күйбең тірлік тауқыметінен жоғары тұруға, әрдайым рухани құндылықтарды сақтауға шақырып, ұран тастап, ойға ой қосады.

 

* * *

 Махаббат деген не?

Адам санасындағы осы бір сырын ешкім аша алмаған мәңгілік құпия жайлы, барлық себеп-салдардың осы бір түп-төркіні туралы, осы бір құдіретті күш хақында кім маған жеткізе айтып берер екен?

Махаббат кірпігін шарпып өткен сәтте шырт ұйқысынан оянбайтын жан бар ма, уа, адамдар?

Жүрек қалаулысының шақырған үнін естіген мезетте туған үйін, ата-анасын тастап кете бермейтін жан бар ма екен, сірә?

Сүйіктісімен көрісу үшін теңіздер мен биік тауларды, ұшы-қиыры жоқ дала менен шөлейтті асып өтпейтін кім бар? Толығырақ »

ТАСҚАЛАУШЫНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Вашингтон ИРВИНГ

 

ТАСҚАЛАУШЫНЫҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

 

Вашингтон ИРВИНГ (1783-1859) – әлемге әйгілі Америка жазушысы. «Нью-Йорк тарихы», «Эскиздер кітабы», «Колумбаның серіктері», «Альгамбра» жинақтары оның есімін дүние жүзіне танытты.

 

* * *

Сонау бір кездерде Гранадада бір кедей тасқалаушы болған екен. Ол қасиетті күндерде, мейрамдарда, жексенбілерде, тіпті дүйсенбі күндері де жұмыс істемейді екен. Міне, осындай ізгіліктің ниетіне қарамастан, барған сайын кедейленген үстіне кедейлене беріпті. Өзінің көп адамнан тұратын отбасын әрең дегенде асыраған көрінеді. Бірде түн ішінде енді ғана ұйқы құшағына бата берген тұста есік қағылады. Ол есікті ашқанда, қарсы алдында тұрған әруақтай құп-қу священникті көреді.

– Тыңдашы, аяулы досым, – деді бейтаныс, – мен сенің мейлінше қайырымды хрестян және дұрыс адам екеніңді байқадым. Бүгін түнде жұмыс істегің келе ме?

– Аса қуанышпен, сеньор падре. Әсіресе лайықты төлемақы үшін.

– Бұл енді әдеттегі үйреншікті жай ғой, тек сенің көзіңді байлауға тура келеді. Толығырақ »

ЕЛЕС ТАРИХЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Марк ТВЕН

 

ЕЛЕС ТАРИХЫ

 

Марк ТВЕН – атақты американ жазушысы, сатирик. Оның «Жерден хат», «Адамның күнделігі», «№44, құпия бейтаныс», «Үш мың жыл микробтар арасында» атты шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

 

* * *

Бродвеяның тура орталығындағы абажадай ескі үйден пәтер алдым. Мен қоныстанғанша оның үстіңгі қабаттары ұзақ жылдар бойы бос тұрған екен. Сондықтан да болар, өрмекшінің торы мен шаң, жалғыздық пен үнсіздіктің ордасына айналған. Алғашқы кеште баспалдақпен көтерілген сәтте мен өзімді әлденеден мәңгілік мекен мазарлардың арсында аруақтардың тыныштығын бұзып жүргендей сезіндім.

Сол сәт өмірімде алғаш рет көңіліме қорқыныш ұялады. Ал баспалдақтың қара көлеңке бұрышына бұрылған тұста көзге түсе қоймаған өрмекшінің жабысқақ торы бет-ауызымды шырмап алды. Мен әлдебір елеспен кездескендей секем алып, селт еттім.

Ал өзім тұратын тұраққа жататын тұста мен өзімді біртүрлі жеңіл сезіндім. Есікті кілтпен жауып, мазарлық мұнарадан тасаландық. Каминде от лаулап жанып жатты. Толығырақ »

ТҮЗЕТУ КОЛОНИЯСЫНДА

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Франц КАФКА

 

ТҮЗЕТУ КОЛОНИЯСЫНДА

 

Франц КАФКА аса ірі неміс тілді австриялық жазушы. Бар болғаны қырық бір жыл ғана (1883-1924) өмір сүрген ол көптеген елдердің қаламгерлеріне айрықша ықпал еткен ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің классигі болып табылады. «Америка», «Процесс», «Қамал» романдарында және әңгіме-әпсаналарында буржуазиялық әлемдегі адамның әлсіздігін әсем де әсерлі суреттеген.

 

* * * 

– Мынау өзі ерекше порымдағы аппарат, – деді офицер ғалым-саяхатшыға, әрине, өзіне тамаша таныс аппаратты сүйсіне қарастырып жатып. Саяхатшы коменданттың әлдебір сарбазға нәшәндікті тыңдамағаны және тіл тигізгендігі үшін шығарылған үкімнің орындалысына қатысуды тек сыйлағандығынан қабыл алған сыңайлы көрінді. Әрі түзету колониясында алдағы ұрып-соғу жазасы да пәлендей ықылас туындата қоймаған сияқты. Қайткен күнде де, осында, мынау жан-жағынан жалаң қия беткейлермен қымталған шамалы да терең құмдақ алқапта офицер мен саяхатшыдан басқа тек екі адам ғана отырды: оның бірі – сотталған, топастау, шашы таралмаған және бет-ауызы қырылмаған кісі мен сотталғанның толарсағы мен мойынынан созылған шынжыршаларды қолдарынан шығармай отырған сарбаз еді. Бұл екі арада сотталғанның барлық бет-бейнесінде тек итке ғана тән бағыныштылық орын тепкендігі сондай – оны қия беткейлерге қыдырыстауға жіберуге болатын сияқты, тек сабаудың алдында ысқырып қалса болды, оның жетіп келетіндігі күмән туғызбайтын. Толығырақ »

НӨЛ-НӨЛ БҮТІН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Василий ШУКШИН

НӨЛ-НӨЛ БҮТІН

Колька Скалкин есептесейін деп совхоздың кеңсесіне келді. Кеше директор «осындай қауырт кезеңде…» деп ұрысқан болатын. «Сіздерде барлық уақыт қауырт кезең! Тек жалақы ғана сылбырт». Директор оның арызына «өз еркімен босатылсын» деп жазып берді. Еңбек кітапшасын алу ғана қалды.

Кольканың еңбек кітапшасын алуға келіп тұрған беті бұл.

Кітапшаны Синельников Вячеслав Михайлович деген семізше, беті жылтыраған, ақ қасты, ақ костюмді біреу беруге тиіс еді. Сырттан келген ол туралы Колька көкмылжыңның өзі деп естіген болатын. Толығырақ »

ҚОҢЫР КҮЗДЕ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Василий ШУКШИН

ҚОҢЫР КҮЗДЕ

әңгіме

Василий Макарович ШУКШИН (1929-1974) – көрнекті жазушы, белгілі кинорежиссер, актер. Алтай өлкесінің Сростки селенінде дүниеге келген. 1945-1947 жылдары Бийск автотехникумында оқыған, кейіннен әскери флотта қызмет еткен. 1953-1954 жылдары Василий Шукшин өзінің туған мекенінде тарих пәнінің мұғалімі және мектеп директоры қызметтерін атқарған. Алғашқы әңгімелері 1959 жылы басылып шықты. 1960 жылы ВГИК-тің режиссерлік факультетін бітіреді.

Ол өзінің еңбектері негізінде көптеген фильмдер түсіріп, бірқатар рөлдерде өзі ойнайды. Мәселен «Көл жағасында» фильмінде директор Черныхтың, «Қызыл жидек» фильмінде Егор Прокуддиннің образын сомдаған.

В. Шукшин – «Сіздің ұлыңыз бен бауырыңыз» драмасын қойған режиссер. Осы еңбегі үшін РСФСР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.

1974 жылы 2 қазанда дүние салды.

* * *

 Паромшы Филипп Тюрин радиодан соңғы ақпараттарды тыңдап болған соң да үстел басынан тұрып кете қоймай, тұқшиып біраз отырып қалды. Қабағын түйіп, үн-түнсіз ойға батқандай…

– Әй, бұлар қоймады-ау, – деді ызалы кейіпте.

– Кімді айтып отырсың тағы да?.. – деп еркек пішінді, серейген ұзын бойлы кемпірі гүжілдей үн қатты.

– Бомбылап жатыр! – Филипп радио жаққа қарап иек қағып қойды.

– Қай жақты жазған-ау?

– Вьетнамдықтарды да…

Кемпір күйеуінің бұл әуестігін онша жақтыра қоймайды, тіпті оның осы қылығы кейде жынын қоздырады. Осы бір саясат деген бәле үшін олардың кейде шындап ұрсып қалатын кездері де болады, бірақ қазір кемпірдің жанжалдасып жатуға мұршасы болмады, өйткені базарға асығыс жиналып жатқан-ды.

Филипп болса, түнерген күйі аспай-саспай жүріп қалыңдау киініп алды да, паромға қарай тартты. Толығырақ »

КҮЙЕУІН КҮТКЕН КЕЛІНШЕК

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Фрэнсис Скот ФИЦДЖЕРАЛЬД

КҮЙЕУІН КҮТКЕН КЕЛІНШЕК

әңгіме

Фрэнсис Скотт ФИЦДЖЕРАЛЬД (1896-1940) – ХХ ғасырдағы Америка әдебиетінің классигі. Оның 1925 жылы жарық көрген «Ұлы Гетсби» атты романы әлем оқырмандарының ыстық ықыласына бөленіп, сол кездегі америка әдебиетшілерінің тұтас бір толқынына игі әсерін тигізді. Ал 1934 жылы жарияланған «Тамылжыған түн» романы байлық пен жеңілтек жүрістің қызығына берілген таланттың там-тұмдап таусылуы хақында. Оның «Соңғы магнат» атты әлеуметтік-саяси романы аяқталмай қалған… Өйткені жазушының өмірі ерте үзілді.

* * *

 Әуелі біз көне замандардағы француз қамалдары туралы айтып отырдық, одан соң әңгіме бағыты Людвиг ХІ-ші алты жыл бойы кардинал Балюді тұтқындап ұстаған темір тор, тас зындандар сияқты нәрселерге қарай ауысты. Тас зындандарды мен өз көзіммен көргенмін, тереңдігі отыз-қырық фут келетін құп-құрғақ құдық тәрізді болады, тұтқынды соның түбіне түсіріп жібереді екен де, содан соң ол байғұсқа сол жерде көзі бозарып жатқаннан басқа еш қызық қалмайды екен. Әлгі қараңғы зынданның көңілімде қандай әсер қалдырғаны әліге дейін есімнен шықпайды, жалпы, оған таңданатындай да ештеңе жоқ, менің клаустрофобияға бейімділігім сонша – тіпті вагонның күпесіне кірсем де тынысым тарылып, өзімді қоярға жер таппаймын. Содан болар, қасымдағы дәрігер кісі осы бір әңгімені бастағанда іштей қуанып қалғаным рас, өйткені бұл оқиғаның алғашқыда анау бір тірідей көмілгендер туралы әңгімелерге ешқандай қатысы жоқ сияқты көрінген. Толығырақ »

СОПАҚША СУРЕТ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Эдгар Аллан ПО

СОПАҚША СУРЕТ

новелла

Эдгар Аллан ПО – Американың ұлы жазушысы, атақты ақын. Сондай-ақ редактор, сыншы және әдебиеттегі детективті-фантастикалық жанрдың негізін қалаушы.

Ақын ретінде оқырман қауымға «Тамерлан және басқа да өлеңдер» жинағымен танылды. Оның «Бөтелке ішінен табылған қолжазба» атты әңгімесі ең үздік новелла байқауынан жеңіп шыққаннан кейін «Оңтүстік әдебиет жаршысы» журналының редакторы болды. Сонымен қатар басқа да әдеби басылымдарды басқарды.

1838 жылы оның «Артур Гордон Пиманың басынан кешкендері туралы хикаяты» мен 1840 жылы «Гротескілдер мен арабескалар» екі томдық кітабы жарыққа шығып оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.

Өмірінің соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, сәттілік пен сәтсіздіктер алма-кезек келіп, оның айналасында өсек-аян көбейіп кетеді. Сөйтіп жүріп бірде оны ессіз күйінде тауып алады. Эдгар Поны Балтиморға алып келгенімен, 1849 жылы 7 қазанда ауруханада көз жұмды.

 * * *

 Тұла бойымды буған безгектің түрі жаман. Мынау жабайы Аппениннің қойнауында тапқан-таянғанымыздың бәрі таусылып, жел ұшырып әкеткендей жер сипап қалдық. Құлазыған оқшау қамалдағы жалғыз серігім – қызметшімнің денемнен қан шығара қоярдай қауқары жоқ, әрі ол өзінен-өзі берекесі қашып, үрейі ұшып жүрген бір жан. Әрине, өзімнің де қандықол қарақшылармен айқасамын деп жүріп, көп қан жоғалтқаным тағы бар. Басқа бір жақтан көмек шақырып кел деп айтуға және жүрегім дауаламайды. Кенет темекімен бірге ағаш жәшіктің ішінде ораулы жатқан бір шөкім апиын есіме түсті. Константинопольде жүрген кезімде мен темекіге апиын қосып тартатын әдет тапқанмын. Педро жәшікті әкелді. Ішін ақтарып қарап, іздегенімді таптым. Алайда өзіме қажетті мөлшерін бөліп алар тұста ойланып қалдым. Темекімен бірге шеккен кезде жеңілдеу болатын. Әдетте мен трубкамды жартылай темекімен, жартылай апиынмен толтырып, екеуін араластырып тартатынмын. Кейде сол қойыртпақты түгел тартып тауыссам да түк әсер етпейтін. Ал кейде екі-үш сорғанда-ақ миым айналып, есімнен тана бастайтынмын да, бұдан сақтанбаса болмас дейтін ой келетін. Әрине, апиынның мөлшеріндегі аз ғана өзгерістің өзі көп нәрсені ұмыттырып жіберетіні рас-ты. Бірақ қазіргі жағдай мүлде басқаша еді. Бұрын мен ешқашан да апиынды ішіме қабылдап көрген емеспін. Ал лауданум мен морфийді қабылдаған кездерім болған. Егер олар қолымда болса, еш ойланбас ем. Бірақ таза апиынның маған әлі бейтаныс екені анық. Педроның да менен артық біліп бара жатқаны шамалы, сондықтан да мынау қиын сұрақтың шешімін қалай табарымды білмей тосылдым. Толығырақ »

НАПОЛЕОННЫҢ ҰЛЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Шарль ЛОРАН

НАПОЛЕОННЫҢ ҰЛЫ

роман

Шетел әдебиетіне аса мол үлес қосқан француз әдебиеті екендігі көзіқарақты оқырман қауымға белігілі. Көркем әдебиеттің даму үдерісіне француз қаламгерлері айрықша үлес қосты. Солардың қатарында Шарль ЛОРАН да бар. Ол француз әдебиетінде тарихи роман жанрын одан әрі байыта түсті. Тарихи тұлғалардың бірі – Наполеон Бонопарттың дәуіріндегі оқиғаларды өз шығармаларында пайымды да парасатты, сергек оймен және ұшқыр тілмен ұғымды түрде суреттеді.

Шарль Лоранның тарихи проза саласындағы аса құнды романдарының қатарына «Наполеонның тыңшысы», «Наполеонның ұлы» атты романдары жатады. Романдарының тілі оқуға жеңіл, баяндалуы қызғылықты, кейіпкерлерінің іс-әрекеттері батылдығымен ерекшеленді.

«Наполеонның ұлы» романының желісі әлем тарихында елеулі тұлғаға айналған әскери қолбасшы Наполеон Бонопарттың ұлы жайлы тарихи-көркем, деректі оқиғаларға және терең психологизмге негізделіп, терең суреттелген.

Наполеон ұлының әке трагедиясынан кейінгі драмаға толы тағдыры оқырманды бей-жай қалдырмайды. Тарихи деректі-көркем шығарма тарихи тұлғаның, оның ұлының қиын да қыстау бір кезеңіне арналған.

 * * *

БІРІНШІ БӨЛІМ

 ҚҰПИЯ ҚҰЖАТТАР

 І

«АЛТЫН ҚАЙШЫЛАР»

 1830 жылы жиырма бесінші шілде күні кешкі сағат жетіде Милан қаласындағы Дель-Орсо көшесінде орналасқан, маңдайшасында «Алтын қайшылар» деп жазылған француздық ішкі киімдер сататын шағын дүкен іші жалт-жұлт еткен келушілерге және сәнқой кербездерге лық толған еді. Дүкен иесі, кәрі қыз Лолив ханым биік үстел жанында отырған-ды және өзінің төңірегіндегілердің бәріне де назар аудармағандай сыңайда кесте тоқумен шұғылданды, бірақ қолымен лезде белгі беріп, дегбірінен адасып, асып-сасқан сатушыларға әлдеқандай сатып алушыларға олардың қызметі қажет екендігін көрсетіп жатты. Оның жиен қызы Шарлотта мүсінін қолдан құйғандай, әп-әдемі, еті тірі, жап-жас, аққұба бойжеткен, барша тұтынушылардың көңілінен шығып және париждік жаңа сән үлгілері туралы барлық сауалдарға жауап беру үшін жаны жай таппай, аласұрумен болды. Толығырақ »