Әлем әдебиеті

ЛАМА КӨКЕМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Комментарии к записи ЛАМА КӨКЕМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ отключены

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 Дашдоржийн НАЦАГДОРЖ

ЛАМА КӨКЕМНІҢ КӨЗ ЖАСЫ

 

Дашдоржийн НАЦАГДОРЖМоңғолия жаңа заман әдебиетінің негізін қалаушы. 1906 жылы дүниеге келген. Алдымен Кеңестік Ресейде, кейін Батыс Германияда білім алған. А.С. Пушкин, Эдгар По сынды әлем классиктерін моңғол тіліне аударған. Сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге жабылған кездері болды. Өзінің қысқа ғұмырында артында бір томдық жинақ қана қалдырғанымен, шығармаларының мәнділігімен өз елінің ғана емес, Ресей, Үндістан, Германия оқымыстылары мен әдебиеттанушы ғалымдарын тамсандырған ұлы жазушы.

* * *

Он сегіз мың ғаламды жалған санап, түпсіз тұңғиық ойды ғана бағатын винай тәртібіне берік діндар Лодон қызыл мен сары аралас жамылғысын желбіретіп, ғибадатхананың төменгі ауласына түсе берген. Сол бетте оның қарсы алдынан нәпсіқұмарлықтың неше атасын асқан шеберлікпен жетік меңгерген, айлакер Иүй Бай-хуа аталып кеткен төмен етекті Цэрэнлхам ақ пен қараны алма-кезек жалтылдатып, батпақты көшені кесіп өте бере ұшыраса кетті. Иүй Бай-хуа еліртетін есірткісі түгесілгендіктен, қолындағы алтын сақинасымен ақша табуға шыққан беті еді. Күтпеген жерден Лодон гэвшінің (гэвш – ламаның дәрежесі. Ауд.) алдынан шықпасы бар ма? Ол өзі бір қойдан жуас діндар, көңілшек әрі жібі де бостау. Оны қалт жібермей байқаған жас келіншек сиқырлы амалға көшіп, ламаның алдына келіп, қиналған жанның кейпіне ене қалды: Толығырақ »

ТАУЛАР ҚҰЛАҒАНДА

1

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Шыңғыс АЙТМАТОВ

ТАУЛАР ҚҰЛАҒАНДА

Романнан үзінді

Шыңғыс АЙТМАТОВ (1928-2008) – аса көрнекті қырғыз жазушысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Ғылым Академиясының академигі. «Жәмила» (1958), «Алғашқы мұғалім» (1962), «Жер ана» (1965), «Қош бол, Гүлсары!» (1966), «Ақ кеме» (1970), «Боранды бекет» (1980), «Кассандра таңбасы» (1994) сынды роман-повестердің авторы. Жазушы әлем мәдениеті мен өнеріне, ғаламдық өркендеу мен бейбітшілікке қосқан үлесі үшін көптеген халықаралық сыйлықтармен марапатталған.

І

 Жолбарыс жуық арада бағыт-бағдарды таңдап анықтады, кішігірім өзен жағасындағы бұталар жанындағы дәу, домалақ тастар арасына жайғасты. Тырнақтарын ыңғайлады және икемделді, жасырына түсті. Мұнда су ішуге тауешкі – еліктер келуі керек еді, олардың саны жетеу болатын, олар тау баурайымен тізбектеле, ізбе-із, тәкаппарлана және сонымен бірге үрке бастарын көтеріп келе жатты. Жолбарыс болса құз жықпылдары арасынан олардан көз алмай аңдуда. Ендігіде күтумен тапжылмай, қатты да қалды.

Күн тас төбеде тұрды, жарқырап сәуле шашты, анда-санда көрінген ақшыл бұлттар Тянь-Шань жоталарының мұз басқан ұшар төбесін сипалай жөңкуде. Бәрі де тіс қаққан аңның ішкі түйсігі бойынша ойдағыдай еді. Аң аулаудың шешуші сәті жақындай түсті. Жалғыз ғана, Жолбарысты іштей біршама құлақ түргізген нәрсе, бұл дәу, домалақ тастар арасынан жасырынып бақылап жатқан қалпы өзінің тыныс алғанын анық естіді, ешқандай ап-анық дем ала алмады. Бұндай, әрине, болады, қатты жүгіргенде және шұғыл секіргенде немесе ұрғашы үшін өштескен шайқаста, ақырған және қырылдаған сәттің өрекпіген шулы тыныспен сапырылысқанында, жүндері түтілгенде, төңіректегінің бәрін де буындырып өлтіруге даяр кезде. Бірақ көңіл бөле, қадала қарауды және торуылдаған жермен толық, тұтас болуды қажет ететін, қозғалмаған қалпы күткен жағдайда, барлық назар сыртқары аударылғанда, мұндай тыныс алудың қажеті жоқ. Солай болғанда да, ол өзінің әрбір жеке демалысы мен демінің шығысын есітті. Мұндай жағдай онымен алғаш рет кезікті. Және де жүрегі бұрынғыға қарағанда бүгін анығырақ дүрсілдеді, құлағына дейін жаңғырды. Жалпы алғанда, соңғы кезеңде Жолбарыстың өмірінде көптеген нәрсе өзгерді. Өйткені, ол өткен қыстан бері тобы шеттеткен, бұралқы тірлік кешкен, долданған, жалғыз-ілікті, саяқ барыс. Мұндай болады, аяқ астынан кәрілік басталғанда. Бұған ежелден әзірленді. Оның ұрғашысын жаңа барыс, жастауы қағып әкеткенде ешкімге де бұрынғыдай қажеті болмай қалды. Айқас сұрапыл болды, бірақ бәсекелесті еңсере алмады. Кейінірек тағы да шайқасты, өлгенше ырылдасты, аянбады және де бөтен барысты қуа алмады. Сол қисық құлақты (оның бір құлағы тыртық еді, мүмкін, бұрынғы айқастардың белгісі болар) сирек кездесетін кекшіл, шаршап-шалдықпас, бір бет аң болып шықты, Жолбарыстың ұрғашысынан бір елі ұзамады, оған жақындай түсті, бейімделді, ойнақтады, айбат шекті. Және де бұның бәрі Жолбарыстың көз алдында өтті. Ең соңында Жолбарыстың таудағы жер сілкіну кезінде өлген алғашқы ұрғашысынан соң ұзақ уақыт бірге тұрып, екі рет күшіктеген ана барыс өз еркімен жаңа барыспен, қисық құлақпен кетті. Кеткенде қысылып-қымтырылмады, құйрығымен оңды-солды ойнақшытып, бірде қысып, бірде көкке шапшытып, кейде доға секілді орағытып жаңа серігіне бүйірін және иығын тигізе жылыстай берді. Кетті, көзін бірде-бір рет қақпай… Толығырақ »

ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ

Комментарии к записи ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ отключены

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Эрнест ХЕМИНГУЭЙ

ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ

әңгіме

Эрнест Миллер ХЕМИНГУЭЙ (1899-1961) – американың көрнекті жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты.

Хемингуэй соғыстың қатігездігі мен ауыр зардаптары суреттелген «Қош бол, қару!» атты романы арқылы бүкіл әлемге танылды. 1954 жылы «Шал мен теңіз» повесті үшін Нобель сыйлығын иеленеді.

Оның «Фиеста», «Біздің уақытымызда», «Әйелсіз еркектер», «Түстен кейінгі өлім», «Африканың жасыл қыраттары» және басқа да көптеген еңбектері бар.

* * *

Түстік әлеті. Олар ас-су шатырының жасыл түсті астарлы шалғайының астында түк болмағандай жайбарақат отырған.

– Сендер апельсин шырынын ішесіңдер ме, әлде лимонад па? – деп сұрады Макомбер.

– Маған коктейль, – деді Роберт Вилсон.

– Маған да коктейль, аздап ішемін, – деді Макомбердің әйелі.

– Шамалы тартып алу керек шығар, – деп қосыла кетті Макомбер, – үш үлес коктейль жасаңдаршы, – деді.

Бақыршы арақ дайындауға кірісті. Брезент мұздатқыш қаптан шөлмектерді алып шығып жатыр. Ескек жел өпкен, көлеңкелі шатырдағы қаптар самал желде шып-шып тершіп тұрған болатын. Толығырақ »

ТРИФОНЫЧ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Валентин ДМИТРИЕВ,

марий жазушысы

ТРИФОНЫЧ

Биылғы көктем жылдағыдан едәуір ерте шықты. Көкек айының соңы болса да көгілдір аспаннан жерге төгілген күн сәулесі көз аштырар емес. Кең даланы еркін көсіліп алып жатқан орман өзінің жаңа ғана бүршік ата бастаған жасыл жапырақтарымен ерекше сән беріп тұр.

Көктемнің мұндай ғажайып сәттерін поезд ішінде отырып вагон терезесінен тамашалаған қандай ғанибет. Көз алдыңнан бұйралы қайыңдар, жіңішке әрі тіп-тік, бейне бір шыраққа ұқсаған қарағайлар, шырша мен самырсындар көлбеңдеп өтіп жатады. Ал, ауадан туған жердің небір әсем жұпар иістері аңқиды. Таза ауаны жұтқан сайын бүкіл өне бойың бұлақтың мөлдір де салқын суын ішкендей сергіп сала береді. Ойлар сұңқардың самғауындай белгісіз шартарапқа толассыз кетіп жатыр дейсің бір. Мұндайда өзіңнің көңіліне жақын, жан жадырататын ең жақсы көретін әніңді айтқың келетіні бар. Толығырақ »

ТЫРТЫҒЫ БАР АДАМ

Комментарии к записи ТЫРТЫҒЫ БАР АДАМ отключены

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Сомерсет МОЭМ

ТЫРТЫҒЫ БАР АДАМ

Уильям Сомерсет МОЭМ (1874-1965) – көрнекті ағылшын жазушысы. 1874 жылы 25 қаңтарда Франциядағы британ елшілігінің заңгері отбасында дүниеге келеді. Он бір жасында ата-анасынан айрылып, Англиядағы туыстарының қолында тәрбиеленеді.

Алғашқы романы «Ламбеттік Лиза» медициналық мектепте оқып жүргенде жазылады. 1907 жылы «Леди Фредерик» пьесасы жарыққа шыққаннан кейін оның есімі көпшілікке кеңінен танымал бола бастайды. Оның «Эшенден, немесе Британдық агент», «Шеппи», «Театр», «Ұстара жүзі» және тағы да басқа көптеген еңбектері бар.

Белгілі жазушы 1965 жылы 15 желтоқсанда Ниццеде қайтыс болған.

* * *

 Мен оған ең алғаш назар аударғаным да дәл осы жарты ай пішініндес болып маңдайынан иегіне дейін созылған, қызыл тартқан білеудей тыртығына көзім түскендіктен еді. Бұл не қылыш соққысы, не снаряд бөлшегінен қалған жан түршігер жарақат ізі екені көрініп тұр. Не де болса бұл тыртық оның қарапайым да мейірімді, домалақ жүзінде біртүлі оғаш көрінетін. Бет әлпетінің өзі де оның мұндай алып денесімен бір түрлі үйлеспейтін. Ол орта бойдан жоғары мығым келген, білекті адам еді. Оның үстінен сол бір ескірген сұр костюмі мен хаки түстес жейдесі, басынан мыжылған самбреросы түспейтін. Үсті-басына жинақылық та артық болмас еді. Күн сайын коктейл уақытында ол гватемалдық «Палас-отелесіне» келетін де, бардың ортасын асықпай аралай жүріп, лотерей билетін сатумен айналысатын. Егер бұл оның күн көріс көзі болса, онда ол өте нашар тұрмыс кешетін болу керек, өйткені мен одан біреу-міреудің билет алғанын мүлде көрген емеспін; алайда, анда-санда біреулер оған ішімдік ұсынып тұратын. Ол ешқашан бас тартқан емес. Тыртығы бар адам үстелдер арасынан алыс жолдарға үйреніп қалған адамдай баппен ғана теңселе өтіп әрбірінің қасына тоқтап, сәл жымиып билеттерінің санын атайды, егер оған ешкім назар аудармаса, сол күлген күйі ары өте беретін. Ол үнемі қызу жүретін болу керек. Толығырақ »

Николай ГОГОЛЬ. ӨЛІ ЖАНДАР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Николай Васильевич Гоголь

 

ӨЛІ   ЖАНДАР 

Үзінді

 

Бірінші тарау

 

Губерниялық NN қаласы1 қонақүйінің қақпасына бойдақ жігіттер: отставкадағы подполковниктер, штабс-капитандар2, жүзге жуық шаруа жаны бар помещиктер, қысқасы, орта қолды мырзалар деп аталатындар мінетін күйме келіп кірді. Күймеде сүйек сыны келісті деуге де, келбетсіз деуге де келмейтін, семізден төмен, арықтан жоғары, қарт дейтін қарт емес, алайда қылшылдаған жас та емес бір мырза отырды. Оның қалаға келіп кіруі ешкімді дүрліктіре қойған жоқ және ерекше ештеңемен жалғаспады; тек қонақүйдің қарсысындағы шарапхананың қасында тұрған екі орыс мұжығы ғана күймедегі адамнан гөрі көлікке қатысты кейбір ескертпелер жасаған болды. «Доңғалағын қарашы! – деді біріншісі екіншісіне, – қалай ойлайсың, егер бірдеңе бола қалса, анау доңғалақ Мәскеуге жете ала ма әлде жете алмай ма?» – «Жете алады», – деп жауап берді екіншісі. «Ал Қазанға жете алмайды-ау деп ойлаймын? – «Қазанға жете алмас», – деп жауап берді серігі. Осымен әңгіме аяқталды. Айтпақшы, күйме қонақ үйге таяған кезде, үстіне кенеп матадан тіккен  тыртиған шолақ панталон, сәнді фрак, оның ішінен тапанша тәрізді3 қола түйреуішпен түйрей салған кеудешесі көрініп тұрған жас жігіт кездесті. Жігіт артына бұрылып күймеге қарады да, жел ұшырып әкете жаздаған картузын қолымен ұстаған күйі жөніне кете барды. Толығырақ »

Әкбар МӘЖИТҰЛЫ. БАЛБАЛ ТАС

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ 

 

ӘКБАР МӘЖИТҰЛЫ

 

БАЛБАЛ ТАС

Әңгіме

 

          Әкбар  МӘЖИТҰЛЫ Қазіргі қытай еліндегі аса көрнекті қаламгерлердің бірі. Ұлты – қазақ. 1954 жылы ҚХР Шынжаң өлкесіне қарасты Қорғас ауданында туған. Шығармаларын қытай тілінде жазады. Бүгінге дейін «Қайран, он бестегі Халида», «Ақсақ құлан», «Көк көгершіндер», «Әйелдің абдырасындағы тізім», «Мұхаммед» тәрізді көптеген прозалық кітаптарымен қоса, қазақ тілінен аударған «Абайдың қара сөздері», ұйғыр тілінен аударған «Он екі мұқам» қатарлы еңбектері жарық көрген. Шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылған. ҚХР мемлекеттік сыйлығының және көптеген шет елдердің әдеби сыйлықтарының иегері. Қазір ҚХР жазушылар одағының басқарма мүшесі, ҚХР Жазушылар одағы мемлекеттік баспа корпорациясының вице-президенті. ҚХР жазушылар одағының органы «Жазушы» журналының бас редакторы. ҚХР мемлекеттік саяси кеңесінің мүшесі.

           2009 жылы күзде «Таңдамалы шығармалары» (төрт томдық) қытай тілінде жарық көріп, ҚХР Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен Пекин қаласында тұсаукесері өтті.

 

***

 

         Күнес өзені тоқтау су секілді, аққан-ақпағаны білінбейді. Ал Шапқы өзенінің ағыны қатты, қашан көрсең арқырап, жартастарға шапшып, ақ көбігін аспанға атып жатады.

        Шапқы өзеннің басында, тау бөктеріндегі екі өзеннің түйіліскен тұсында бағзыдан қалған бір балбал тас судың ағысына тесіле қарап үнсіз тұр.

           Балбал тастың тұрған жері өзен жағасынан бір жарым метр шамасында ғана… Толығырақ »

Чинагийн ГАЛСАН. МОМАҚАН ЖІГІТТІҢ ІЗІМЕН

0

Чинагийн ГАЛСАН

 

МОМАҚАН ЖІГІТТІҢ ІЗІМЕН

 

              Еуропа мәдениетіне сіңірген елеулі еңбегі үшін өнер адамдарына берілетін Треббиа сыйлығының иегері, әлемге танымал қаламгер Чинагийн Галсан – шығармаларын неміс, монғол тілдерінде жазатын жазушы. Ұлты тува азамат қазақ тілін де жетік біледі. Туған жері Монғолияның Баян-Өлгий аймағы.  Қазақтардың ортасында өскендіктен әрі өз ана тілінің (түркі-тува) қазақшаға тым жақындығы Галсанмен жүздескен әр қазақтың оны өзінің қандас бауыры іспетті танып, жақын тартатындығына шүбәсіз сенуге болады.

           Жазушының алғашқы кітабы 1981 жылы Берлинде неміс тілінде жарық көрген. Неміс оқырмандарын лезде баурап алған кітап дүкен сөрелерінен «қаны жерге тамбай» сатылып кеткеннен кейін мерзімді баспасөз беттерінде жағымды да әсерлі пікірлер толассыз жарияланып, ауыздан түспеген. Әдебиет сыншысы Клаус Умихен «Галсанның «Найзағайлы жылдар оқиғасы» атты кітабының көркем тілі мен терең ойы көңілді баурап алады» – деп, «Нойес Дойчланд» газетіне жазса, Батыс Германияның «Нидерзаксен» басылымында Е.А. Толле: «өзге тілді әрі мәдениеті де басқа әлемге тиесілі жазушының неміс тілін он жылдың ішінде жетік меңгеріп алып, мынандай ғажап шығарма жазғаны мені шынымен таң қалдырды» – деген пікірін жариялатқан.  Сондай-ақ, «Зексише Цайтунг», «Нойе Дойче литератур», «Зоннтаг», «Тюрингер Ландесцайтунг» секілді көптеген газет-журналдар Чинагийн Галсанның неміс тіліндегі тырнақалды кітабы жайында тамсана жазып, таңдай қағысқан. Бәрінің пікірі шынайы өмір шындығын қысқа да нұсқа, дәлме-дәл суреттейтін жазушы шеберлігін мо­йындауға келгенде бір жерден шыққан.

 

* * *

 

           Қаңтар айының соңы. Қалада шыңылтыр аяз. Таңертең, кешке автобус күтіп тұрғанда сарышұнақ аяздың бетті шымшып-шымшып алғандай қарып өтуі ауылда өскен адамға ертеректегі қытымыр қыстарды еріксіз еске түсіреді. Бұрынғы қыстың қазіргіден де суық болғанын ғылым әлі дәлелдей қойған жоқ. Тіпті жоққа шығармаса игі. Солтүстік полюстің мұзы қалыңдай түскен, бір ғасыр бұрын көкмайса болған жерді жайпап барады дейді. Жарайды, ғылымға сену керек. Толығырақ »

Фрэнсис СКОТТ. БІРІНШІ МАМЫР

0

 

Фрэнсис СКОТТ

 

БІРІНШІ МАМЫР         

 

          Фрэнсис Скотт Кей Фицджеральд (1896-1940) – XX ғасырдағы әлемдік әдебиеттің классигі саналатын американдық жазушы.

         1896 жылы Миннисота штатының Сент-Пол қаласында дүнеге келген, шыққан тегі жағынан ирландық. 1913 жылы Принстонда оқуға түсіп,  бірақ оқуын одан әрі жалғастырмай, әскер қатарына өз еркімен жазылады. 1919 жылы әскер қатарынан босатылғаннан кейін біраз уақыт жарнама агенті болып жұмыс істеп жүреді, әйтсе де көп ұзамай әдеби шығармашылықпен әуестеніп, әдебиет майданында бірден танымал бола бастайды. 1924 жылы Еуропаға келіп, Парижде Гертруд Стайнның әдеби үйірмесіне қосылады. Еуропада жүріп «Ұлы Гэтсби» романын жазады. 1937 жылы Америкаға қайтарында Голливудта сценарий жазумен де айналысады.

         Алғашқы шығармаларымен-ақ шынайы реалист екенін көрсетті. Шынайылықты жанына жақын қабылдауы биік адамгершілік сезімімен ұштасып жатады. Фицджеральд үшін өмір бойы өнердің шыңы – Достоевский болып қала берді. Әсіресе жазушының «Ағайынды Карамазовтар» романын ерекше бағалаған.

 

* * *

 

         Соғыс жеңіспен аяқталып, ұлы жеңімпаз қалада салтанатты кермелер тартылып, ақ, қызыл, алқызыл жас гүлдер шашылып жатыр. Көктемнің осы ұзақ күндерінде майданнан оралған бөлімдер бас көшелермен сап түзеп өтуде, барабан дүрсілдеп, мыс керней ойнауда, ал саудагерлер мен кеңсе қызметкерлері есеп кітаптары мен кикілжіңдерін ысырып қойып, қуқыл тартқан жүздерін өтіп бара жатқан батальондарға бұрған. Толығырақ »

Жюль ВЕРН. ПАТША ШАБАРМАНЫ

0

     

Жюль ВЕРН

 

ПАТША ШАБАРМАНЫ

 

          Жюль ВЕРН (18281905) – француз географы, көрнекті жазушы, оның шығармалары ғылыми фантастиканың қалыптасуына зор ықпал етті. Француз Географиялық қоғамының мүшесі болған. Ол – жетпіске жуық романның, жиырмадан астам хикаяттар мен әңгімелердің, отыздан аса пьесаның, сонымен қатар бірнеше ғылыми зерттеу еңбектердің авторы. Жюль Верннің «Жер ортасына саяхат», «Капитан Гранттың балалары», «Құпия арал», «Он бес жасар капитан» және басқа да көптеген романдары әлем жұртшылығына әйгілі.

         Атақты жазушының «Патша шабарманы» атты романының бас қаһарманы – патша тыңшысы Михаил Строгов болғанымен, онда халқымыздың Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты оқиғалар суреттеліп, қазақ жеріне қатысты жай-жапсарлар баяндалатындықтан, біз бүгін осы шығармадан үзінді жариялап отырмыз.  

 ***

БIРIНШI БӨЛIМ

 

МӘСКЕУДЕН ҮРКIТКЕ ДЕЙIН

 

I тарау

 

ҮЛКЕН КРЕМЛЬ САРАЙЫНДАҒЫ САУЫҚ КЕШI

 

– Сiздiң императорлық мәртебеңiзге жаңа жеделхат келiп түстi.

– Қайдан?

– Том қаласынан.

– Томның арғы жағындағылармен телеграф байланысы бар ма?

– Кешеден берi байланыс үзiлiп қалды.

– Жаңадан шұғыл хабар келетiн болса, маған жедел түрде  жеткiзетiн болыңыз.

– Құп болады,  мәртебелi тақсыр! – деп тақ ете қалды генерал Кисов. Толығырақ »